Манхэттенді басып алған қазақ байлары кімдер?

Елнұр Бақытқызы

  • 07.01.2021

Манхэттендегі аспанмен таласып көк тіреген зәулім үйлерден алып Нью-Йорк алақандай болып көрінеді. Нью-Йорктің қақ ортасындағы аса көрікті ауданда тұрғысы келетіндер атақты Empire State Building, Times Square мен орталық саябаққа жақынырақ жерден пәтер іздейді. Бірақ тұрақты табыс табатын, тіпті Манхэттендегі іскерлік орталықта бизнесі бар ауқатты американдықтардың Нью-Йорктің аса қымбат ауданынан пәтер алуды қалтасы көтере бермейді. Есесіне, авторитарлы елдерден шыққан олигархтар Нью-Йорк орталығындағы ең қымбат жылжымайтын мүлікке келгенде ақшасын аямайды.

The New York Times мәліметінше, Манхэттендегі жылжымайтын мүліктің жартысынан астамы шетелдіктерге тиесілі. Бірақ жеме-жемге келгенде, олардың шын иесінің ізіне түсіп, анықтау қиын. Өйткені шетелдік олигархтар мен бизнесмендер дүние-мүлікті өз атына емес, жалған компаниялардың атына тіркейді. Себебі АҚШ пен Батыс елдерінің көпшілігінде жылжымайтын мүлік пен бизнес компаниялардың иелері жайлы ақпарат ашық, кез келген адам іздеп таба алады. Қымбат пәтерді күмәнді ақшаға алғандар аты-жөндерін жасыруға тырысып, иелік етуге мүмкіндік беретін айналма жолдарды іздейтіні содан. Манхэттеннен ондаған миллион долларға жылжымайтын мүлік сатып алған қалталы қазақстандықтар кімдер екенін анықтау сол себепті қиын. Әйтпесе қазақстандық олигархтардың да Манхэтеннен бір емес, бірнеше пәтер сатып алуға шамасы жетеді, сатып алғандары да бар.

Дей тұрғанмен Нью-Йорктен бұрынырақта өз атына үй алған қазақ олигархтары баршылық. Олар "елде бизнесіміз болғандықтан жасыратынымыз жоқ" деді ме, әлде Нью-Йорктегі жылжымайтын мүлік реестрінен бізді кім іздер дейсің дегенге салып, сақтық шараларын ұмытты ма, оны енді өздерінен басқа ешкім білмейді. Malim.kz Манхэттеннің қақ ортасынан пәтер алған бірнеше қазақстандықтың есімін Нью-Йорктің жылжымайтын мүлік реестрінен тапты.

Сержан Жұмашевтің пәтері

Forbes Kazakhstan рейтингісі бойынша ең дәулетті 50 бизнесменнің тізіміне кіретін Сержан Жұмашевтің Манхеттендегі 58-көшеде 160 шаршы метрлік (1729 шаршы фут) пәтері бар. Нью-Йорк қаржы департаменті сайтындағы мәліметке қарағанда, Жұмашев бұл пәтерді 2010 жылы 3 миллион долларға сатып алған. Жылжымайтын мүлік агенттіктерінің мәліметіне сенсек, қазіргі кезде  бұл пәтердің құны 3,4 миллион доллар. Үйдің өзі 2001 жылы салынған.  Бұл пәтер үшін үй иесі жыл сайын 30 мың доллардан асатын салық төлейді. Мысалы, 2019 жылы 32 670 доллар көлемінде салық төленген.

Сержан Жұмашевтің пәтері осы үйде орналасқан

Құрылыс, девелопмент саласындағы бизнесмен, 54 жастағы Сержан Жұмашевтің байлығын Forbes Kazakhstan 143 миллион долларға бағалаған. Сержан Жұмашев Capital Partners девелоперлік компанияның мажоритарлы иесі. Қайрат Боранбаевпен бірге Essentai Mall сауда ойын-сауық орталығы және Essentai Towers бизнес орталығына иелік етеді. Сонымен қатар "Ренессанс Атырау" мен "Ренессанс Ақтау" қонақүйлері және French Bakery мейрамханалар желісінде үлесі бар.

Жұмашевтің Capital Partners компаниясының аты "Көкжайлау" тау-шаңғы курортының құрылысына қатысты дауда шыққан. Курорт құрылысын Capital Partners тобына кіретін "Көкжайлау" тау-шаңғы курорты" ЖШС салады деп жоспарланды. Capital Partners сонымен қатар Шымбұлақ курортына иелік етіп, басқарады.

Сержан Жұмашевтің есімі офшордағы компанияларға иелік ететіндерді әшкерелен "Панама құжаттарында" да аталған.  Сержан Жұмашев Британ Вергин аралдарының юрисдикциясындағы Capital Airwings Delta компаниясының бенефициары. Capital Airwings Delta компанисының акционері – Британ Виргин аралдарында тіркелген Stealth Finance LTD атты өзге офшор компаниясы. Сержан Жұмашев сондай-ақ Сейшель аралдарының юрисдикциясындағы Madison Equittes Trading компаниясының иесі. Бұл компанияның акционері  – Түркияда тіркелген The Bearer компаниясы.

Дәурен Жақсыбектің пәтері

Сержан Жұмашевтың пәтерінен таяқ тастам жерде, бір көшеден кейін 2 Columbus Avenue-де Әділбек Жақсыбектің ұлы Дәурен Жақсыбектің екі бөлмелі пәтері орналасқан. АҚШ-та екі бөлмелі пәтерде екі жатын бөлмеден бөлек, ас үй, қонақ үй мен жуынатын бөлме бар екенін білдіреді. Пәтердің жалпы аумағы – 118 шаршы метр (1,275 шаршы фут). Музейлер, бренд дүкендер мен орталық парк та қол созым жерде.

Нью-Йорк қаржы департаментінің регистрінде тіркелген құжатқа қарағанда, Д.Жақсыбеков фамилиясын Жақсыбекке ауыстырғандықтан, 2003 жылдың 19 қыркүйегінде бұл пәтерді өз атына қайта рәсімдеген.

Дәурен Жақсыбектің пәтері осы үйде орналасқан

Жылжымайтын мүлік агенттігінің сайтына қарағанда, мұндай пәтердің құны 2 миллион долларға жетеқабыл. Үй иесі жыл сайын 16-18 мың доллар көлемінде салық төлеп тұрады.

Нью-Йорк қаржы департаменті жылжымайтын мүлік реестрінде бұл пәтерге қатысты басқа құжат табылмағанына қарағанда, оған әлі де Әділбек Жақсыбек иелік етеді.

Пәтер терезесінен көрінетін Нью-Йорк

Пәтер жоспары

Дәурен Жақсыбек бұл пәтерді атына қайта тіркеп жүрген уақытта оның әкесі Әділбек Жақсыбеков мемлекеттік қызметте жүріп, индустрия және сауда министрі қызметін атқарған. Ал Д.Жақсыбек 2003 жылы Нью-Йорктегі RZB Finance LLC компаниясында жұмыс істеген. Д.Жақсыбек бұл пәтерді ертерек сатып алған болуы мүмкін. Ол 2002 жылы New York Университетін тәмамдады. Бұл уақытта Ә.Жақсыбеков Астана қаласының әкімі болған.

Манхэттендегі екі пәтерін сатты

Бизнесмен Нұржан Субханбердин Манхэттен ортасындағы көк тіреген әйгілі Time Warner Center ғимаратындағы екі зәулім пәтерін 2019 жылдың басында сатып жіберді. Әр пәтер 20,4 миллион долларға өтті. Пәтердің бірін Субханбердин 2004 жылы 8,65 миллион долларға сатып алған. Колумбус сёрклда орталық парк пен Линкольн алаңына тиіп тұрған бұл пәтердің аумағы 294 шаршы метр. Бизнесмен 2015 жылы сол пәтерге тиіп тұрған көрші апартаментті 7,25 миллион долларға сатып алды. Сөйтіп, екі пәтердің аумағы 440 шаршы метр немесе 4743 шаршы футқа жетті. Жылжымайтын мүлік агенттігінің сайтына қарағанда, пентхауста бес жатын бөлме, 6 ванна бөлмесі бар.

Нұржан Субханбердин әйгілі Time Warner Center-дегі екі пәтерін сатты

Субханбердин сатқан пәтерлер терезесінен Нью-Йорктің кешкілік көрінісі

Forbes Kazakhstan 2016 жылы Нұржан Субханбердиннің дәулетін 946 миллион долларға бағаланаған. 2015 және 2016 жылдары ол Қазкоммерцбанктегі  үлесін бизнесмен Кеңес Рақышевке сатып жіберген.

2017 жылы бизнесменнің есімі Paradise Papers немесе "Жұмақ аралдары" деген атпен тараған оффшор құжаттарында аталды. Paradise Papers мәліметтері бойынша, Нұржан Субханбердин Бермуд аралдарында тіркелген Meridian Capital Ltd. компаниясының акционері болып шыққан. 2011 жылы Meridian Capital Ltd. компаниясының 25 пайызы Субханбердинге тиесілі болған. Ал 2006 жылы компанияның 3 миллиард АҚШ доллар активтері болған.

Пәтерлерін сатқан Нұржан Субханбердин көптен бері көрінбей кетті, ел ішіндегі ең ықпалды немесе дәулетті бизнесмендердің тізіміне де ілінбей жүр. Тиыннан теңге жасап, пәтерін қымбатқа сатқан бизнесмен Еуропада тұрып жатыр деген ақпарат шыққан.

Әлбетте, Нью-Йорктен басқа дәулетті қазақтар да әлдеқашан үй алып қойған. Жылжымайтын мүлік реестерінен кейбір шенеуніктердің балаларын да табуға болады. Дегенмен жоғарыда айтылғандай, ішген-жегенімізді білмесін деп аты-жөнін жарияламау үшін жасырын компания немесе басқа біреудің атына тіркеген. Әйтпесе Англия, Швейцария мен Еуропаның басқа елдерінде байлықтары әшкере болғандардың АҚШ-та баспанасы жоқ дегенге кім сенеді?..

Мақаланы көшіріп басуға болмайды!

MalimBlocks
Алатаудың бөктерін офшорда жүрген кәсіпкер алыпты

Алатаудың бөктерін офшорда жүрген кәсіпкер алыпты

Дариға Назарбаева Лондондағы сарайын сотта ақтап алды