Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерді талатып қойып қарап отыр

Елнұр Бақытқызы

  • 21.01.2021

Белсенді дәрігер, балалар невропатологы Қайырғали Көнеев Атырауда "шақалақты тоңазатқышқа салып өлтірді" деп айыпталған дәрігерлер ісінен денсаулық сақтау министрлігі тиісті сабақ алу орнына өзін барынша аулақ ұстауға тырысып отыр дейді. Қайырғали Көнеевтің айтуынша, жаңа туылған нәресте өліміне сотқа тартылған дәрігерлер ғана емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесі кінәлі.

–  Атырауда "шақалақты тоңазатқышқа салып өлтірді" деп айыпталған дәрігерлердің ісі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Десек те әлеуметтік желіде дәрігерлерді тым ұзақ мерзімге соттады деп сот шешімін сынап, әріптестерін ақтап жатқан дәрігерлер шықты. Қайсыбір дәрігерлер мұны "дәрігер қатесі" деп петицияға қол жинауға кіріспек. Сізді де сол петицияға қол қоюға шақырыпты. Жалпы, Атырау облыстық перзентханасының сотқа тартылған дәрігерлерін ақтауға бола ма?

[caption id="attachment_7535" align="alignleft" width="300"] Фото: Azattyq.org, Ринат Фазылбаев[/caption]

–  Бұл жерде ең алдымен осы оқиға неліктен болды деген сұраққа жауап берген жөн. Былай қарағанда, перзентхана ізгілікке, қуанышқа толы орын болуы тиіс. Ал онда жұмыс істейтін адамдар жақсы энергетикадан рухтанып, ашық, жайдары жүруі керек. Бірақ мына оқиға адамдар соншалықты қатыгез, мейірімсіз бола алатынын көрсетті. Статистиканы бұзбас үшін жаңа туған нәрестені өз қолымен өлтіру адамның басына сыймайтын дүние.

Екінші жағынан мұны дәрігерлердің қатесі деуге бола ма? Егер мен науқасқа қойған диагнозым дұрыс екеніне сеніп, соған сәйкес ем тағайындап, артынша диагнозды дұрыс қоймай, емді дұрыс тағайындамағанның салдарынан науқас көз жұмса, бұл – дәрігер қатесі. Бірақ Атыраудағы оқиғаны дәрігер қатесі деуге болмайды.  Бұл – адамды өлтіруге бағытталған әрекет, қасақана қылмыс. Сондықтан дәрігерлер қылмысқа сай келетін баппен сотталды.

Атырау дәрігерлерінің ісі біздің денсаулық сақтау жүйесінің былық-шылыққа батқанын әшкереледі.  Бұл іс денсаулық сақтау министрлігі, денсаулық сақтау департаменті процеске араласпай, жауапкершілікті аудара салатынын көрсетті.  Мысалы, министрліктің бұл оқиға неліктен болғанын жан-жақты талдап, мұндай оқиға енді қайталанбас үшін осындай шараларды қолға алдық дегенін көрмедім, ешқандай мәлімдеме естімедім. Алдағы уақытта оны қолға алуы екіталай.

Бұл жерде денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесінің үлкен қатесі жатыр. Бізде ақпараттық жүйе іске алғысыз. Дәрігерлерге "нәресте өлі туылды деп жүйеге енгіздің бе, оны өзгерту мүмкін емес" деп түсіндіреді. Неге ақпараттық жүйе осындай қарапайым нәрсені түзеуге, шешуге мүмкіндік бермейді? Ал, мәселен, мүгедектік алу үшін диагнозды қолмен жазуға тура келеді, оны ақпараттық жүйе жасай алмайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мүгедектікке іліну үшін дәрігерлерді аралап, ХХІ ғасырда бәрін қолмен жазып, толтыруға мәжбүр. Денсаулық сақтау жүйесінің ақпараттық жүйесі шикі, ешқандай сын көтермейді.

Шын мәнінде, жаңа туған нәрестені перзентхана дәрігерлері ғана емес, елдегі денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесі өлтірді. Штаттан тыс оқиға туындағандықтан, дәрігерлер  не істерін білмеді. Әрине, дәрігерлер ақпараттық жүйеге, басшылыққа, ықтимал салдарға қарайламай, тоңазатқыштан баланы алып шығып, оның өмірін құтқаруға тырысуы керек еді. Дәрігер өз міндетін аяғына дейін атқарып, нәрестені аман алып қалу үшін қолынан келгенін бәрін істеуі керек. Бірақ қатыгездіктен бе, әлде қылмысқа айналған салғырттықтан ба, не болмаса ары қарай не болады деп қорыққандықтан ба, баланы құтқармады.

Егер денсаулық сақтау министрлігі бұл оқиғадан сабақ алып, тиісті қорытынды жасамаса, мұның бәрі құр бекер, ары қарай да осыған ұқсас сұмдық оқиғалар қайталана бермек.

– Сіз бұл оқиғаға ақпараттық жүйе де кінәлі едіңіз. Сонда өлі болып жазылып кеткен нәресте тірі болып шықса, оны ақпараттық жүйеде қайта түзеуге болмай ма?

–  Жоқ, түзей алмайсың. Ол жүйеге өлі туылды деп енді ме, қайтадан түзеу мүмкін емес. Енгізілген мәліметтер түзетілмейді деген – жүйенің барып тұрған ақымақтығы.  Ал бірақ мүмкіндігі шектеулі жанды сергелдеңге салып, ары-бері жүгіртіп, қағаздарды қолмен толтыртады. Онда бізге мұндай ақпараттандыру, цифрландыру не керек?

–  Басқа дәрігерлер неліктен сотқа тартылған әріптестеріне араша түсіп жатыр?

–  Бұл жерде ұжымдық, цифрлық этика жатқан сияқты. Екінші жағынан жұмыс істеп жүрген әр дәрігер өзін осы дәрігерлердің орнына қояды. Асылы, Қазақстанда жұмыс істеп жүрген кез келген дәрігер қорғалмаған.  Кез келген сәтте кез келген дәрігер атыраулық дәрігерлердің кебін құшуы мүмкін. Бүгінде дәрігерлер құқығын қорғайтын ресурстар жоқ. Тәуелсіз кәсіподақ жоқ, тәуелсіз қоғамдық бірлестіктер жоқ. Бізде бар болғаны үш кәсіподақ бар, оның өзі үкімет қарамағында.  Дәрігерлер неге осал? Білімі таяз болғаннан емес. Шетел дәрігерлерімен салыстырсаң, елдегі дәрігерлердің білімі жетіп артылады. Технологиялар да жетеді. Бар гәп – бізде денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы  дұрыс жолға қойылмаған.

–   Кез келген дәрігер атыраулық дәрігерлердің кебін құшуы мүмкін дедіңіз. Бірақ дәрігер қатесі мен салғырттық деген екеуі екі бөлек дүние сияқты. Баяғыда бұрынғы денсаулық сақтау министрі, қазір өзі істі болып жатқан Елжан Біртанов дәрігер қатесін декриминализациялау мәселесін көтерген.

–   Иә, атыраулық дәрігерлердікі – таза қылмыс. Ол кездейсоқ емес, жоспарланған, қасақана қылмыс.

Оқи отырыңыздар: “Моргқа жыбырлаған баланы қалай апарасың?” (аудио)

–  Атырау дәрігерлерінің телефон әңгімесінен жанын түршігеді. Қоғам балаға дүние есігін ашуға көмектесуі тиіс дәрігерлердің еш шімірікпей сондай қатыгез әрекетке барғанынан тіксінді. Мұндай қатыгездіктің себебі не?

–   Расында да, бұл асқан қатыгездік. Бастапқыда жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басқа іспен тергеу жүргізіп, соның арқасында бұл іс ашылды. Ал жемқорлық бар жерде адамгершілік жоқ. Жемқорлық асқынған жерде мейірімге орын жоқ. Жемқорлыққа батқан адамға мейірім деген түсінік жат.

–  Денсаулық сақтау министрлігі бұл оқиғадан сабақ алып, тиісті қорытынды жасамады дедіңіз. Министрлік бұл жерде қандай реакция танытуы керек еді?

–  Денсаулық сақтау министрлігі ең алдымен қоғам алдында мәлімдеме жасап, "біз осындай жүйелі қателерді анықтадық, оны жойғымыз келеді" деуі керек еді. Атыраудағы оқиға перзентханадағы бір топ дәрігердің ғана емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің қатесі екенін қайталағым келеді.

Меніңше, денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесін ауыстыру керек. Бұрынғы ақпараттық жүйе қазіргімен салыстырғанда дұрыстау еді, ал қазіргісі мүлде іске алғысыз.

Екіншіден, дәрігер болу мен мейірімділік қатар жүретін қасиеттер. Қазір дәрігерліктен мейірім түсінігі алшақтап кетті. Дәрігерлер ортасына мейірім түсінігін егу керек. Үлкен адамгершілік, ізгі әрекеттер жасаған дәрігерлерді ынталандыру керек.

Меніңше, Атыраудағы оқиға дәрігерлерді соттау арқылы проблеманы шешуге болмайтынын көрсетеді. Бүкіл проблема ақпараттық жүйеден шықты, денсаулық сақтау министрлігі оны мойындап, мәлімдеме жасауы керек еді. Олай істеудің орнына министрлік үнсіз отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі мұндай оқиғалар бұдан былай қайталанбас үшін осындай оқиғалар кезінде дәрігерлер қалай әрекет ету керектігін түсіндіретін әдістемелік ұсыныстар, нұсқаулықтар шығаруы тиіс. Өйткені дәрігерлер өлімді қателесіп тіркейтін жағдай болып тұрады.  Бұл таңғалатын дүние емес. Тіпті АҚШ дәрігерлері кей кезде қателесіп адамды өлдіге санайды. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі өлдіге саналған адам тірі болып шықса не істеу керектігін көрсететін алгоритмді жазып шыққан жөн.

Қазіргі жүйеде өлді деп тіркелген адам шын мәнінде тірі болып шықса, оны ешкім құтқармайды. Меніңше, керісінше, егер адамды қателесіп өлдіге жатқызып, артынша дәрігер оның тірі екенін байқап, реанимация шараларын жасаса, тіпті оны құтқарып қалмаса да, соның өзіне ынталандырып, марапатқа ұсыну керек. Ал біздегі дәрігерлер мұндай әрекетке барсам қудаланамын деп, ондай науқастарға жақындауға қорқады. Керісінше құтқаруға тырысқан дәрігерді марапаттайық. Бәлкім, сонда дәрігерлер нәрестелерді ғана емес, ересектерді де ажалдан аман алып қалуға тырысады.

–   Сонда қазір дәрігерлер үшін Гиппократ антынан гөрі бюрократия маңызды ма?

–  Дәрігерлерге Гиппократ антынан гөрі бюрократия қатты әсер етеді. Гиппократ анты – аморфты түсінік. Ал бюрократия дәрігерлердің жалақысын алып қояды, қателессе айыппұл салады, яғни әсері көп. Мысалы, дәрігер айлығы асып кетсе 250 мың, ал орташа жалақы 150-170 мың. Енді өзі азғантай жалақы алатын дәрігер айлығының үштен бірінен немесе жартысынан айырылса, не болмақ? Дәрігер үшін бюрократия маңызды болатыны сондықтан. Әрине, дәрігерді айыппұл салып жазалау дұрыс емес.

–  Денсаулық сақтау министрлігі неліктен бұл оқиға жайлы мәлімдеме жасамады деп ойлайсыз?

–   Денсаулық сақтау министрлігі әлгі төрт дәрігерді қоғамға талатып қойып отыр. Бұл іске араласып, былғанғысы келмеді. Экс-министр кезінде кіріскісі келмеді, ал қазіргі министр "бұл мен министрлікке келмей тұрып жасалды" деп араласқысы келмеді. Әрине, бұлайша араласпай қою арқылы министрлік қателік жасады.

–  Әңгімеңізге рахмет!

Тыңдай отырыңыздар: "Моргқа жыбырлаған баланы қалай апарасың?" - атыраулық дәрігерлердің телефон әңгімесі

Сұхбатты көшіріп басуға болмайды.

 

 

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Kaspi.kz  Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрлігі  анықтама алу сервисін іске қосты

27.09.2022

Байқоңырда дәрігерлер жұмысқа шықпаймыз деп жатыр

14.09.2021

Цойдың орынбасары Назарбаевты неліктен Ресей дәрігерлері емдегенін айтты

08.07.2021

Біртанов пен Әбішевке қатысты тергеу амалдары аяқталды

08.07.2021
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Kaspi.kz  Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрлігі  анықтама алу сервисін іске қосты

Kaspi.kz Цифрландыру министрлігімен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жаңа сервисті іске қосты.

Байқоңырда дәрігерлер жұмысқа шықпаймыз деп жатыр

Дәрігерлер президенттен, премьер-министрден, денсаулық сақтау министрі мен облыс әкімінен араша сұрап жатыр.

Цойдың орынбасары Назарбаевты неліктен Ресей дәрігерлері емдегенін айтты

Біртанов пен Әбішевке қатысты тергеу амалдары аяқталды