Дәурен Берікқажыұлы. Сендер ойнаған ойыннан әбден жалықтым...

Malim Админ

  • 26.01.2021

Гипнагогия

  «Твоя любовь была такой ошибкой...»

                                                   М.Цветаева

Сезім дегенің оттаған дүние екен деп,

Ертең-ақ өзің кетесің мүлде бөтен боп.

Сүйіп көрмеген сіңліңнің бәрі сүйкімді,

Биік көрініп күйіп көрмеген көкең көп.

 

Өзгемен алдап жалбырап қалған жаныңды,

Тапқандай тағы боласың қашқан бағыңды.

Ақылың құсап - ақыры байыз тапқаның,

Жақының құсап - ойлаған біреу қамыңды.

 

Ұмыт та болып көзіңнің жасы төгілген,

Жаралған жандай боласың жаны темірден.

Әлемжеліде дүркін де дүркін жариялап,

Суреттің бәрін бақытты болып көрінген.

 

Тұздықтап айтып естеліктерді өлген кей,

Жүресің әлі-ақ дүниеге қайта келгендей.

Сезім дегенің оттаған дүние екен деп,

Отырам мен де мазасыз бір түс көргендей.

 

***

Тиыны болмайтын ақырғы,

Үйлері қып-қызыл шатырлы -

Бәрі ақылды, бәрі ақылды.

 

Ешқашан тоңбайтын қолдары,

Бола да беретін жолдары -

Сол тағы...сол тағы...сол тағы!

 

Ақпанда аты да ақ, заты да ақ,

Бар шашын ағартқан жатып ап,

Мен - жалғыз ақымақ!

 

Парламент-шоу                                 

                                       «Кім жеңсе де, әйтеуір жеңілгені – Қазақстан...»

                                           Алтынбек Сәрсенбайұлы («Таңдау жасар сәт туды» кітабы, 175-бет)

 

Дәмеленіп патша берген үлестен,

Әруақтарды шығарамыз кіл естен.

Титтей шындық үшін қажет бүгінге

Иттей атып тастағанша күрескен.

 

Қалып кеткен сынды сыйда ақымыз,

Соңына дейін жетпейді бір дәтіміз.

Орден берсе жаман аттай осқырып,

Ода болып шығады тек датымыз.

 

Күні-түні шындық іздеп зарыққан,

Именбейтін болып алдық халықтан.

Иісалмас өңшең итке иіліп,

Жендеттерге жалпаңдадық жаныққан.

 

Сол атақтан өлгендей-ақ әкеміз,

Атақ алдық тарта алмайтын ат-өгіз.

Жылпылдауды саясат деп түсініп,

Қайраткерлік боп көрінді қатеміз.

 

Айхай, шіркін, ұялатын бірі жоқ,

Кесек турап, сөйлейді тек ірі боп.

Атып кеткен оспадарсыз осы елде

Жер боламын жүргеніме тірі боп!

______________________________

 

p.s.

Естелікте қалмасам да естің боп,

Мені сендей жақсы көрген ешкім жоқ!

Соның бәрін біліп тұрып, кещедей

Жүре бердім су кешкендей кештім де от.

 

Алды-артыңда аңыраған бала қап,

Сүйгенде де өрт боп сүйдің алапат.

Мойыныңа бір-ақ күнде ілініп

Әлемдегі ең ұятсыз бар атақ.

 

Құны кеткен сынды жеті атаңның,

Махаббат деп жүріп жынды атандың.

Сен күніге қылам дедің бақытты,

Мен түбіне жетем дедім зәһардың!

 

Кеуіп-семіп қалған кезде бар ындын,

Бәрін беріп бақтың маған барыңның.

Халімді ойлап ең опасыз ғасырда

Бес тиынға керегі жоқ арыңның.

 

Кіресілі-шығасылы әлі есім,

Сенен алдым сұм әлемнің бар өшін!

Қорғап мені жеткен сайын жаныңа,

Кеткен сайын қарғап әбден келесің...

(Қарғап жүріп мені сосын өлесің!)

 

Естелікте қалмасам да естің боп,

Сені мендей жақсы көрген ешкім жоқ!

...Аман болсын тек бейкүнә періштем,

Еске алатын жүз рет атың өшкір деп.

 

Fructus temporum*

Көрмеймісің бұл, шіркін, құдіретті,

Өз өмірім өзімді ығыр етті.

Көніп жүріп бәріне күмірә боп,

Сеніп жүріп бәріне ғұмыр өтті.

 

Өңшең қорды зор тұтып өле-өлгенше,

Төрлет дедік...

сол төрден сор өнгенше.

Кеше туған бала да елді алдап,

Теңселеді енді кеп кемеңгерше.

 

Дүн-дүниенің бүлдіріп болған бәрін -

Толған мырза билікте, толған ханым.

Одыраңбай өңшең бір опасыздан

Отыз жылда өсірдік орман қалың.

 

Айттың не, айтпадың не оны бірақ,

Селт етпейді сұр шаһар толы шырақ.

Оянғысы келмейді ұйқысынан

Тауқыметті бір тағдыр соңы сұрақ.

 

Тентіресем таппай бір тұрақ өңге,

Мен өлең деп қарадым мына әлемге.

Бірақ өмір өлең боп жарытпады,

Мен оны сүйемін деп жылағанмен.

 

Қиындатып құдайдың берген күнін,

Адам біткен ақшадан өлген бүгін.

Кіл кемеңгер тұратын мемлекетте

Қайыршының күніндей көрген күнім.

 

Өзін-өзі үйренген алдап әбден,

Ит сияқты үретін қолға көнген -

Өңшең зорға зымиян қор боп кетті

Тәуелсіздік зарығып зорға көрген.

 

Айта беріп қайтейін жан жарасың,

Ауық-ауық бармын деп алданасың.

Түгі қалмай қалса да, тірі жүрген

Тірмізік тағдырыңа таңғаласың.

 

*уақыттың жемісі (латын тілінде)

 

***

Азап жоқтай жаралған менен көне,

Өз-өзімнен күрсіне берем неге?

Өткен жылды ойлаған сайын қыртыс

Маңдайдағы береді тереңдене.

 

Қимасымның барлығын алып қойған,

Өксігім бар бұл жылда қалып қойған.

Тышқан жылы түсіндік екендігін

Өмір үшін күрестің анық майдан.

 

Күле де алмай, содан ба жүре де алмай,

Мазасыздау соғады жүрек, Алла-ай!

Тынбай жауған ақ қардай түні бойы

Көңіл, шіркін, кетті ғой бір ағармай.

 

Өкіндірген, өксіткен, өкпелеткен,

Өтсек дейді тезірек өткелектен.

Дүбір күткен түсінем дүйім жұртты...

Ғұмырды ойлап мен тұрмын текке өткен.

 

Астана. «Солнечный городок». Боқырау

Қанатымен ақ күміс арбап елді,

Қазан, шіркін, басталмай қар да келді.

Қарды көрсе бұрындар қуанатын

Күрсініп ап бір міскін "Алла" деді.

 

Бүгін тегі жаумаса болмайтындай,

Аппақ ұлпа төгілді қоймай, тынбай.

Қазан ұрмай, қар жаумай қалтаңдаған

Осы елді біреулер ойлайтындай.

 

Кебін киіп жапырақ жасыл өңді,

Көз алдымда көкөрім ғасыр өлді.

Күзді қойшы...

бәрінен қызды аяймын

Көрсетпейтін ешкімге жасын енді.

 

Кібісе жылғы катаклизм

Адамдай жүрген бекер де тегі бекерден,

Жанымды қояр жер таппай неге кетем мен?

Күн өткен сайын көтеріп жүру бір азап

Жүректі мынау бәріне, бәрі еті өлген.

 

Кірпікте дағы ерік жоқ тіпті қимылдар,

Қажыған көңіл ауырсынады пиғылды әр.

Түсініксіз барлық жүрісі менен тұрысы

Дауасыз күлген диуана сынды сиқым бар.

 

Себезгілеген сәулесін сезбес жарықтың,

Мен сірә осы жер бетінде жүрген тамұқпын.

Адам Атаның азып бір кеткен ұрпағы-ай,

Сендер ойнаған ойыннан әбден жалықтым.

 

Арақ ішеді менімен бірге қалып кім..??????

Байланысты жаналықтар

Мұқағали жырлары неге өміршең?!

09.02.2024

Алтайдың мөлдір тамшысы

14.10.2023

Украина ақындары: «Балаларымыздың шырылы – құмарларың ба қанбаған?»

03.03.2022

Ақындар жүрегіндегі Алматы

14.01.2022

Мұқағали минуттары

07.10.2021

Арон Атабек ауруханаға түсті

05.10.2021
MalimBlocks
Мұқағали жырлары неге өміршең?!

Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын-дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің

Алтайдың мөлдір тамшысы

Бақытжанның өлеңдерін оқысаңыз, жаныңыздың сәулесі өзіңізден шығып, айналаны да жылыта алады

Украина ақындары: «Балаларымыздың шырылы – құмарларың ба қанбаған?»

Көрнекті ақын  Александр Кабанов «Менің Украинамды жалғыз қалдырыңдар!» деп жалынды поэзиясымен жаһанға үн қатты.  Екі мағынасында да жүрегіңді осып түсетін тіркес!

Ақындар жүрегіндегі Алматы

Алматы – қазақтың жаралы жүрегі!  Желтоқсанның ызғарлы күндерінде жаураған қала отыз жылдан соң «қаңтар трагедиясын» бастан кешірді. Бәрі де суынған жүректің даты, елдің жан сөзі! Ал қазақтың жаралы жүрегін кім емдейді?!

Мұқағали минуттары

Арон Атабек ауруханаға түсті