Қуат Хамитов партия ашпақ

Олжас Қасым

  • 28.01.2021

Бүгін ғана алты айға бас бостандығынан шектелген аралас жекпе-жек файтері Қуат ХАМИТОВ партия ашпақшы. Бұл туралы Malim.kz сайтының тілшісі хабарлайды.

«Аппеляциялық шағым түсірмеймін. Сотың шешіміне қарсы келгім келмейді.Заңға бағынамын. Спортты қойған соң партия ашамын деп ойлағанмын. Алайда, спорттан гөрі халықтың тұрмысы маңызды. 60-70 жастағы қарттарымыз көше сыпырып жүргенде жүрегім ауырады. Халқымыздың әлеуметтік жағдайы түзелмесе, спорт кімге керек? Қазір билік партия ашуды жеңілдетті дейді ғой. Алты айдан кейін жаза мерзімім аяқталған соң, саяси ұйым ашуды қолға аламын. Аты «Единый Казахстан» деп аталатын болады. Мүше боламыз деген барлық қазақстандықтар үшін есігіміз ашық болады. Халықтың даусын мемлекет басшыларына жеткізгім келеді. Біз арабтар сияқты бай өмір сүруіміз керек», - деді Қуат Хамитов.

Қуат Хамитовтың үстінен қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігі бойынша іс қозғалған. Яғни «билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақырды» деген айып тағылған. Оған спортшының былтырғы жылдың қыркүйек айында жасаған мәлімдемесі негіз болған. Хамитов «дезинфекторлар халықты улап жатыр, әуеден жерге бір нәрсе шашып жүркен тікұшақтарды ату керек» деген еді.

Әйтсе де, спортшы өз іс-әрекетіне өкінбейді екен.

«Былтырғы жылдың жаз айында өлім көбейіп кетті ғой. Сондықтан да амалсыз айтуға тура келді. Ол сөзім үшін өкінбеймін», - деді спортшы.