Мұрат Шаймаран. Апам менің өлген жоқ, келеді әлі!

Malim Админ

  • 11.02.2021

                                          Қоштасу

Маңдайыңа қолым бастым, сұп-суық...

Мола жақтың жолын бастым, сұп-суық...

Мен өзіңді іздеп қайта тапқанша,

Сағыныштан арылмаспын сұп-суық.

 

Мұнарланған айды көрдім, сұп-суық...

Тұманданған ойды көрдім, сұп-суық...

Еркесімін деп жүргенде Тәңірдің,

Тәні мұздай қайғы көрдім сұп-суық.

 

Асқақ біткен, оқшау өнген өмірден,

Жел мүжіген жалғыз жартас едім мен.

Өзің жайлы жазылатын көп өлең,

Енді менің көз жасыма көмілген.

 

Табытыңа боздап ерген балаңмын,

Қыр басынан тым қартайып оралдым...

Мен пәниді сүюші едім сен барда,

Бақиды да жат көрмейтін боп алдым.

 

Қар да түсті қабіріңе, сұп-суық...

Көктем келер тағы бүрлеп... сұп-суық...

Бір бұрқ етіп көзімдегі сөнді күн,

Бұл ғаламның жаны мүлде сұп-суық...

 

 

Апам менің өлген жоқ

Апам менің өлген жоқ, кеткен қырға,

Шомылам деп мөп-мөлдір көктем – нұрға.

Аз уақытқа төркіндеп қайтам деген,

Сергітем деп жанымды батқан мұңға.

 

Бейнет көрген жан еді көп тағдырдан,

Ажал аңдып талай сәт қақпан құрған.

Саршоқысын көріп бір қайтсын-ау деп,

Ер-тұрманын түгендеп аттандырғам.

 

Жете алмай-ақ кезінде көп аңсаған,

Сезінетін өзін бір жолаушы адам.

(Тұр орнында әлі де қол айнасы

қараймында ақ жүзін көрем содан)

 

Өткен күнін еске алып баяғыда,

Отыр екен түстеніп қай ауылда?

Туған жердің ауасы ем болар деп,

Алмай кеткен секілді таяғын да.

 

Өз орнында камзолы, кимешегі,

(Алам иіскеп жанымды билесе мұң)

Бәрін-бәрін қалдырған...

Сезген сірә,

Өз жұртында бір ғажап күй кешерін.

 

Ыстық-ыстық жұлдызын түн жаққанда,

Сағынышын ақтарар жырлап таңға,

Құрбылармен қыдырып жүрген шығар,

Ерентаудың бөктерін гүл жапқанда.

 

Бұлақтары, жолдары, әр жылғасы,

Туғандары, көнекөз бар құрдасы,

Жібермей-ақ жатыр ғой, әйтпегенде,

Алатауда мені анық қалдырмасы.

 

Апам менің өлген жоқ, келеді әлі,

Көктей өтіп сым торлы шекараны.

Мендей сәби адамды жылатуға,

Құдайдың да құлқы жоқ!

Орамалы

ағараңдап жан апам келеді әлі...

 

31. 01. 2021

 

Дауыс

(Баллада)

Апа! Сенің есіңде ме, сол бір ауыл, шілде айы,

Көзіңдей боп күлімдейтін көгімдегі күн дайым.

Ерентау деп аталатын асқақтаған ақ шыңдар,

Мұздықтардан басталатын буырқанған көп сулар...

 

Сол бір дәурен қандай ғажап ертегінің еліндей,

Көк шалғында жүзуші едік төбеміз бір көрінбей.

Уылжыған бүлдіргені ағып түсер шақтарда,

Бала біткен лап қоятын қарсыдағы қапталға.

 

Біздер үшін бұдан артық болмаушы еді той-думан,

Заманада шаруамыз жоқ зарлы-зарлы ой буған...

Бүлдіргенге бару деген сапардай-ақ тым қиын,

Алаң көңілің аңыратып шертетұғын бір күйін.

 

"Абайла, ұлым! Қауіпті ғой бұта-бүрген арасы,

Қу жалғыз-ай, басқалардан қала көрме адасып..!"

(О, құдірет, секемі көп сезім еді бұл қандай?

Ойынға емес, отқа мені аттандырып тұрғандай.)

 

Аңсарымыз ауған арман – шелек толы бүлдірген,

(Бүлдіргендей  тәтті шақтың тез өтерін кім білген?!)

Қамсыз дүрмек ішінде мен, есіңде ме, жан апам,

Жүрегіңнің бөлшегіндей бүлк-бүлк желіп баратам...

 

Таулы өлкенің аспаны да албырт, шамшыл болатын,

Күліп тұрып, кенеттен ол өксіп-өксіп алатын.

Жарқылдайтын жасын оқыс шыңға жанып қанжарын,

Сосын көктен төгілетін мөлдір-мөлдір маржаны...

 

Сол сәттен-ақ басталатын сендегі бар қорқыныш,

Жалын жалмап, өртке оранып кететіндей жалқы құс.

Пана таппай қабырғасы қарағайлы лашықтан,

Бозінгендей боздаушы едің ботасына асыққан.

 

Шумақ-шумақ жасыл шалма қыл мойныма жетердей,

Тулап-тулап әрбір тамшы селге айналып кетердей,

Күркіреген көктің үні үрейге үрей қосқандай,

Атымды атап шақырушы ең тағат қалмай, ес қалмай...

 

Сол дауысың кететұғын қияны өрлеп, шыңды асып,

Селт ететін тәкаппар құз жатқан ұйықтап мың ғасыр.

Қайталайтын дауысыңды, саған серік болғандай,

Секі жартас, сеңгір біткен мені танып алғандай...

 

"Апаң сені іздеп жатыр..." -деп шулайтын топ бала,

"Жылайды апаң... жылдам-жылдам үйіңе қайт, тоқтама!"

Жасыл нілді беткейлерді табаным бір кестелеп,

Саған қарай жүгіруші ем, қолымда тек – бос шелек...

 

"Осы ғана ұл тапқандай..." –  сөздің қызып шекесі,

Ауылдастар жүретұғын сені әзілдеп... кекесіп...

Ұятынан өртенгендей мынау сараң тіршілік,

"Қайтсын-ай..!" деп көрші кемпір күбірлейтін күрсініп.

 

Құшағына шақырғандай шалқары кең ұлылық,

Ұзақ-ұзақ тыныстаушы ем бауырыңа тығылып.

Жай тапқандай сенің марқа көңіліңмен санасып,

Ғалам жүзі шуақтанар, нөсер қырдан ары асып...

 

Ержеттім мен...

Есейдім мен...

Кеттің, Апа, сен де алыс...

Бірақ менің жүрегімде қасиетті сол дауыс.

Өзіңдей боп, таулардай боп сонау ескі жылдағы,

Атымды атап жаңғырады қазақтың бар шыңдары!

 

Күннің нұрлы күмбірінен дауысыңды танимын,

Жердің мұңды күбірінен дауысыңды танимын.

Мың дыбыстан сабылысқан

Дауысыңды танимын,

Мәңгі сөнбес сағыныштан дауысыңды танимын!

 

Қарт Боғданың боз басынан дауысыңды танимын,

Тырс-тырс тамған көз жасымнан дауысыңды танимын.

Ақжаулықты ана өтсе құжырамның тұсынан,

Дауысыңды танимын мен таяғының ұшынан!

 

...Сен шақырсаң оралушы ем, аңсап жылы әлемді,

Мен шақырсам келемісің...

Келемісің, сен енді?!

Апа-оу..!

05.02.2021

 

Аманат

О, Құдай! Бере көрші өзің жігер,

Бұлақтай қайнап жатқан көзімді көр!

Таяғын тықылдатып әр бөлмені

Елесі жан апамның кезіп жүрер.

 

Жымиған жаздай жарқын күлкісі бар,

Аумайды толған айдан түр-түсі дәл.

Қолына ұстағаны – күміс қалам

Мүмкін ол – о дүниенің мүлкі шығар?!

 

Қасыма таяғаны білінеді,

Сипайды маңдайымнан, үңіледі,

Жұмақтың жұпар шашқан лебіндей боп,

Бетімді шарпиды кеп жылы демі.

 

Тағдыры қақсадағы қанша бұлаң,

Сартап боп қалған өмір әр шағынан,

Нәп-нәзік алақаны сәуле шашып,

Ұстайды шылым сіңген саусағымнан.

 

Секілді шолжаң өскен тентек өрен,

Бір ғажап сиқыр күйге елте берем.

Сірә, мен тым ақымақ болармын-ау,

Адам тұрмақ, әруаққа еркелеген...

 

Лап етіп өксік шапшып өзегімнен,

Жанымның әр қылынан сөз өрілген.

Ең ұлы махаббатын бұл ғаламның,

Жатсам да ұйқылы-ояу сеземін мен.

 

Шәкірт ем жыр алдында тіл ұштаған,

Рухымен тәңірінің тыныстаған.

Киелі түннің әппақ жүрегіндей,

Апамның қолындағы күміс қалам.

 

...Таң атар, елес пен түс тамамдалар,

Мәңгілік мекеніне анам барар.

Жаһан мен Жаратқанның сырын бүгіп,

Үстінде үстелімнің қалам қалар.

06.02.2021

 

Апама хат

Баяғы сол Алматы, сол бір көше,

Еш сырын білмеймін мен, ел білмесе.

Көйлегі көлбеңдеген сыған әйел,

Ең соңғы тиынымды бердім кеше.

 

Көліктер кептеліскен... ағылысқан,

Патшамен қауым біткен әлі дұшпан.

Мешіттің мұнарасын паналап жүр,

Кептерлер қанаттары талып ұшқан.

 

Көк кірлі, көптен бері қар жаумаған,

Қара жел жалмауыздай жалмаңдаған.

Бос уәде, қансыз отан...

қамсыз халық,

Тек таңғы несібесін армандаған.

 

Немерең –  бұрымдары, тұлымдары,

Желбіреп шырқап жатыр ғұмырлы әнін.

Әкем бе?

Екі қолы қалт-қалт етіп

Шегеді,

Тастаған жоқ шылымды әлі.

 

Ал, мен бе?

Көрем ылғи түсімде мен,

Рухыңды тәңір өзі мүсіндеген.

Өзімше өзге жұртқа паңсынамын.

Бүк түсіп жатса-дағы ішімде өлең.

 

Түнгі аспан түңіліксіз – ояу, ашық,

Жұлдызын тым биікке қояды асып.

Төбемде жалғыз қайық – жартыкеш ай,

Қараймын қайта-қайта аяғансып.

 

Қайтесің, тірлік осы, амал қанша..?

Жетермін саған жолым тамамдалса.

Қазірше алқам-салқам күн кешермін,

Шираздық Хафиздер мен Омарларша...

 

Сен сүрген өмірдің бұл құрметіне,

Ешқашан күйремеуге бір бекінгем.

Сағынсам сені тауып алам, апа,

Күлімдеп тұрған нұрлы күн бетінен!

07.02.2021

Байланысты жаналықтар

Мұқағали жырлары неге өміршең?!

09.02.2024

Өзіңді елің сағынды, Фариза апа

25.12.2023

Осы жұрт Нұтфолланы біле ме екен?!

11.11.2023

Ақын Несіпбек Айтұлы өмірден озды

16.10.2023

Ақтаулық ақын «Өзенмұнайгазға» заңсыз жұмысқа тұрған

28.04.2023

Оразбек Сәрсенбаев. «Шаңғытбаев өлеңің нашар екен» деді

26.08.2022
MalimBlocks
Мұқағали жырлары неге өміршең?!

Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын-дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің

Өзіңді елің сағынды, Фариза апа

Шындықты сүйген жүрегі қай ортада да қақыратып шын сөйлететін

Осы жұрт Нұтфолланы біле ме екен?!

Нұтфолланың әкесі де 1936-1938 жылғы «халық жауларын» әшкерелеу қызыл науқанына ілінеді

Ақын Несіпбек Айтұлы өмірден озды

Қаламгер ауыр науқаспен арпалысып, көз жұмды

Ақтаулық ақын «Өзенмұнайгазға» заңсыз жұмысқа тұрған

Ол кезекте тұрған 9000 адамнан аттап өткен

Оразбек Сәрсенбаев. «Шаңғытбаев өлеңің нашар екен» деді

Қандай әділетсіздік?!  деп ойладым