Алтынбек Сәрсенбайұлының сотында Рашид Түсіпбековтің берген жауабы

Malim Админ

  • 11.02.2021

Осыдан тұп-тура 15 жыл бұрын саясаткер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктері Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Бұл іске қатысты 2006 жылы Талдықорғанда және 2014 жылдың қаңтарында Қаскелеңде сот процесі өтті. Қаскелеңде Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қараған сот саясаткерді өлтіруге Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев тапсырыс берді деп Талдықорғандағы сотты терістегендей еді. Алайда бір аптада асығыс-үсігіс өте салған Қаскелеңдегі сот та бұл істің түбіне жетіп, шындықты аша алмады, сотқа қатысып жауап беруі тиіс адамдар сол бойы сотқа шақыртылмады.

Қаскелеңдегі сотта жәбірленуші тарап 2006 жылы бас прокурор қызметін атқарып, осы істі тергеуге қатысқандардың бірі Рашид Түсіпбековті сотқа шақыртып жауап алуды талап еткен. Бірақ судья Бейімбетов бұл талапты қанағаттандырмай, Рашид Түсіпбековтің 2012 жылдың 30 мамырында Астанада ҰҚК тергеушісіне куәгер ретінде берген жауабын оқып берді.

Р.Түсіпбеков өз жауаптарында көп нәрсенің есінде жоқ екенін алға тартса да, кейбір саяси жағдайдың өзіне мәлім екенін жасырмайды. Төмендегі жауапта Р.Түсіпбеков киллер Рустам Ибрагимовтен жауаптың қалай алынғанын баяндайды. Рашид Түсіпбековтің сотта оқылған сол жауаптарын айна-қатесіз келтіріп отырмыз.

 Рашид Түсіпбеков, бұрынғы бас прокурор:

"2006 жылдың ақпанында мен ҚР бас прокуроры болып қызмет еттім.

А.Сәрсенбаев пен оның күзетшісінің және жүргізушісінің мәйіттері табылғаннан кейін осы қылмыстық істі ашу мақсатында арнайы шұғыл тергеу тобы құрылды. ІІМ-нен жауапты қызметкер ретінде вице-министр Қ.Қасымов, ал прокуратураның жұмыстарын ұйымдастырушы ретінде бас прокурордың орынбасары Е.Мерзадинов бекітіліп, Алматы қаласына жіберілді.

Мен де Б.Мұхамеджановпен жұмыстың жүргізілуін қадағалау үшін Алматыға келдім. Сол жерде бастапқы нұсқаларға қатысты алғашқы тергеу ісінің жұмыстары жүргізілді. Күн сайын атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы жиналыс өткізілді. Мен және Б.Мұхамеджанов Алматы қаласының ІІД ғимаратында департамент басшысының бірінші орынбасары В.Бугаевтың кабинетінде болдық.

Жедел тергеу іс-шараларының барысында қылмыстық іске Ибрагимовтің қатысы бары анықталды. Қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысы А.Әубәкіров оны ІІД-не шақырып, ол сол жерде  ұсталған.

Ибрагимовпен алғашқы болып Қасымов пен Мерзадинов сөйлесті. Қасымов пен Мерзадинов Ибрагимовпен сөйлескендерін және ол өзінің қылмысқа қатысы жоғын айтып, бет бақтырмай отырғанын, сондай-ақ өзінің жоғарғы жақпен байланысы барын айтып, жұмыстан шығартамын деп қорқытқанын маған және Мұхамеджановқа баяндады.

Осыдан кейін мен кабинетті арнайы тыңдағыш құрылғымен жабдықтатып, Ибрагимовті менімен жеке сөйлесуге әкелуді бұйырдым. Алайда Ибрагимов ІІД ғимаратындағы менің кабинетіме келгенде сөйлесуден бас тартты. Осыған байланысты Ибрагимовпен сөйлесу мәселесін прокуратураның ғимаратында өткізуге шешім қабылдадым. Сонымен қатар Алматы қалалық прокуратурасындағы менің бөлмем полиция қызметкерлерінің көмегімен алдын ала дыбыстық жазба құралдарымен жабдықталды.

Ибрагимовті кабинетке алып келгенде жанымда Б.Мұхамеджанов болды. Әңгімелесу барысында Ибрагимов өзіне белгілі бір кепілдіктер берілсе, А.Сәрсенбаев пен оның адамдарын ұрлап әкетуге тапсырыс берген адамды көрсетуге уәде берді, бірақ қылмысқа қатысы жоғын айтумен болды. Сөйлесу кезінде Ибрагимов тыңдағыш құралдан қауіптенді ме, сыбырлап қана сөйледі. Содан кейін оның отбасының қауіпсіздігін сақтау және елден кедергісіз шығып кетуге кепілдік беру жөнінде хат дайындалды. Кепілдеме хатты нақты кімнің дайындағаны есімде жоқ, мүмкін, Мұхамеджанов па, Қасымов па немесе солардың бұйрығымен басқа біреу ме, есімде жоқ. "Кепілдеме хатқа", меніңше, Қ.Қасымов қол қойды ғой деймін. Бұл жағдайға аса мән бере қоймадым, өйткені бұл нәрсе Ибрагимовке шынайы тапсырыс берушіні айтқызу үшін жасалды.

Осы шаралар жасалып біткенде, Ибрагимов менің шақыртуымды күтіп, көрші бөлмеде отырғанда  тапсырыс берушінің суретін газеттен көргенін мәлімдеді.

Мен сол газетті әкелуді бұйырдым. Менің кабинетіме газетті кім әкелгені есімде жоқ, қазіргі кезде Ақмола облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінде жұмыс істейтін менің көмекшім Асылбек Дүйсенов болуы мүмкін. Ол үлкен газет болатын, аты есімде жоқ. Газеттің ішкі айқарма бетінде баспалдақпен түсіп келе жатқан ҚР президентінің суреті бар екен. Оның артқы жағында  Б.Өтемұратовтың, Т.Досмұхамедов және Е.Өтембаевтың бейнелері бар. Осы фотодағылардың әрқайсысын саусағыммен көрсетіп сұрай бастадым. Ең соңында Өтембаевты нұсқап көрсеткенімде, Ибрагимов қылмысқа тапсырыс беруші ретінде Өтембаевты меңзеп, басын изеді. Содан кейін Ибрагимов Өтембаев екеуін Алейсей Кекшаев таныстырғанын және өзара байланыстары туралы айтып берді. Ибрагимовтің айтуынша, олар Өтембаев екеуі бірлескен бизнес жобасына байланысты бірнеше рет кездескен. Біздің әңгімемізді тыңдап тұрған Б.Мұхамеджанов Е.Өтембаевпен қарым-қатынасы жақсы болғандықтан, оның А.Сәрсенбаевқа қастандық жасауға қатысы бар дегенге бастапқыда сенбеді. Әңгімелесу аяқталғанда біздердің сөздеріміздің жазбасын Мұхамеджанов өзімен алып кетті.

Өтембаевқа қатысты ақпараттың сұлбасы алынған соң, Ибрагимов Өтембаевтың көмекшісі Айдос Есполовқа телефон соғып, Өтембаевтың өзіне хабарласуын сұрады. Ибрагимов пен Өтембаевтың сөйлескендерін жазып алу мақсатында байланыс құралдарына техникалық қадағалау құрылғылары қойылды. Алайда Өтембаев телефонмен кері хабарласпады. Сондай-ақ Өтембаевтың ауруханада жатқаны мәлім болды. Мен өзім "Ұлттық ғылыми-медициналық орталық" АҚ-ның басшысы А.Байгенжинге хабарласып, Өтембаевтың ішімдіктің салдарынан ауруханада жатқанын білдім. Байгенжиннің айтуынша, ауруханаға түскен соң Өтембаевқа дәрігерлік көмек көрсетілген, алайда оның иіні түсіп, көңілсіз күйде жүргені және түні бойы ұйықтай алмай шығатыны туралы мәлімет алдым.

Байгенжиннің сөзінен кейін Өтембаевтың нашар көңіл-күйде жүргенінен қауіптеніп, ол өзіне-өзі қол салмасын деген оймен оның жеке бас қауіпсіздігін сақтау мақсатында Мұхамеджановқа полиция қызметкерлерін күзетшілікке жіберуді тапсырдым. Алайда Астана қаласының ІІД қызметкерлерінің мәлімдеуінше, Өтембаев ҚПК-нің 132-бабы бойынша ұсталып, уақытша тергеу абақтысына қамауға алынғанын білдім. Өтембаевтың жеке бас қауіпсіздігін қорғау туралы менің бұйрығым орындалмай, Өтембаевтың қамауға алынуы қалай деген сұрағымның жауабын Мұхамеджанов "үнсіз телефонға" сілтеп, Астана қалалық ІІД басшысы оны дұрыс түсінбегенін алға тартты.

Мұнан кейін мен Ибрагимовпен кездеспедім. Ол тергеушілерге процессуалды түсініктеме беруге жіберілді.

Қасымовтың маған айтқаны, Ибрагимов А.Сәрсенбаевқа жасалған қастандыққа қатыстылардың келесісі Рахат Әлиев болуы мүмкін дегенді айтқан-ды, бірақ бұл ақпараттың тексерілген-тексерілмегені маған беймәлім.

Ибрагимовпен жұмыс істеу барысында Қ.Кәрбозовтың Ибрагимовті Н.Дүтбаевқа екі рет апарғаны туралы жедел ақпарат түсті, бірақ бұл жедел деректер екенін айтып өткім келеді.

Сұрақ: Сіздің түсініктемеңізге сәйкес, Ибрагимовпен сөйлесу барысында оның отбасының қауіпсіздігі туралы кепілдік құжат берілгені айтылады. Сол құжатта Ибрагимовті ішкі істер органы қызметкерлерінің жасырып жабуы туралы айтылған ба? Мағынасына қарай бұл түрліше нәрселер.

Р.Түсіпбеков: Нақты ештеңе айта алмаймын, өйткені ол құжаттың процессуалды маңызы болмағандықтан және жедел тергеу амалдарының құралы болған соң аса мән бермедім.

Сұрақ: Е.Өтембаев аса танымал тұлға емес және газет пен БАҚ-та сирек көрінеді, соған қарамастан  айқарма бетінде Өтембаевтың суреті бар газеттің Ибрагимовтің Алматы қалалық прокуратурасында отырған кабинетте болғаны сіздің күмәніңізді тудырмады ма?

Р.Түсіпбеков: Иә, ол жағдайдың күмән тудырғаны рас. Сондай-ақ Мұхамеджанов екеумізге Өтембаевтың үлкен саясаттан алыс адам екені де белгілі еді. Өтембаевтың ішімдікке әуестігі бәріне мәлім, сондықтан оның Ибрагимовпен әңгімесі мас күйде айтылуы да мүмкін.

Прокуратура ғимаратында болғандардың әлдебір "ойынды ойнауы" мүмкін дегенге келсек, Мұхамеджанов пен Қасымов бірге әрекет жасады деу қисынсыз, өйткені олардың өздерінің арасында жасырын конфронтация бар еді. Олар жеке-жеке "өз ойындарын" ойнауы мүмкін. Өйткені Мұхамеджановтың Р.Әлиевтен қорқатыны және олардың өзара байланысы бары маған мәлім.

Сұрақ: Сіз Аман Мақашовты (Р.Әлиевтің бизнестегі серіктесі - ред.) танисыз ба?

Р.Түсіпбеков: Мақашовты бір іс-шара кезінде көргенім бар. Мені Мақашовпен таныстырған да Мұхамеджанов еді. Олардың өзара әлдебір байланысы бар болатын.

Сұрақ: Іс материалдарында Р.Әлиевтің аты-жөні бар ма еді?

Р.Түсіпбеков: Келтірілген нұсқаларды сараптай келе, мұның барлығын Р.Әлиев жасағанын, ал Өтембаев А.Сәрсенбаевпен жеке бас араздығы бар адам ретінде пайдаланылған деген нұсқа туралы айтылды. Ал Ибрагимов пен Р.Әлиевтің байланысы туралы куә боларлық ешбір деректер болмады.

Редакциядан: Бұрынғы бас прокурор Рашид Түсіпбеков 2015 жылдың тамызынан 2019 жылдың тамызына дейін сенат депутаты қызметін атқарған. Одан кейін қандай да бір қызметке барғаны жайлы мәлімет жоқ.  Бұрынғы ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов 2018 жылдың мамырынан бері Грузиядағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі.  Экс-президенттің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев 2015 жылдың ақпанында Австрия түрмесінде өлі күйінде табылды. Австрия билігі Әлиев өзіне-өзі қол жұмсап өлген деп мәлімдеген.

 

 

Байланысты жаналықтар

Алматыда Алтынбек Сәрсенбайұлына арналған ғылыми конференция өтті

06.10.2022

Өзгермейтін Конституция. Алтынбек жазған Ата заң

12.09.2022

Ресми: Сарыжаз мектебіне Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі берілді

07.09.2022

Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы жүлде шарттары

09.08.2022

Экс-министр Қасымовтың туыстары алдап кетті - Үй заңдастырудың әлегі

19.05.2022

Нұртай Әбіқаев қызметінен кетті

29.04.2022
MalimBlocks
Алматыда Алтынбек Сәрсенбайұлына арналған ғылыми конференция өтті

Биыл көрнекті саясаткер, оппозициялық қайраткер Алтынбек Сәрсенбайұлының туғанына 60 жыл.

Өзгермейтін Конституция. Алтынбек жазған Ата заң

Бүгін Алтынбек Сәрсенбайұлының туғанына 60 жыл

Ресми: Сарыжаз мектебіне Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі берілді

Мұндай ұсынысты осыдан біраз уақыт бұрын ауылдастары берген.

Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы жүлде шарттары

Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының туғанына 60 жыл

Экс-министр Қасымовтың туыстары алдап кетті - Үй заңдастырудың әлегі

Алматы қаласының тұрғыны Бибімәрия Қожанқызы бірнеше жылдан бері ағайынды Қасымовтарды сотқа беріп келеді. Себеп ағайынды шенеуніктер тұрғынның қаладағы жекеменшік үйін заңдастырып беруге уәде беріп, құжаттары мен қомақты сомада ақша алып, алдап кеткен. Malim.kz тілшісі мәселенің мәнін біліп, тұрғынмен тілдесті.

Нұртай Әбіқаев қызметінен кетті

«Отандастар қорына» жаңа басшысы тағайындалды