Біздер, біздер ВИЧ жұқтырып алғанбыз...

Айшолпан КЕРІМ

  • 16.02.2021

ВИЧ-пен өмір сүру машақаты... Жыл сайын Қазақстанда ВИЧ-статусты екі мыңға жуық адам анықталады. «Спектрум» бағдарламасының 2019 жылға жасаған есебі бойынша, бүгінде елімізде 31 378 адам ВИЧ-инфекциясымен өмір сүреді. ВИЧ-ке шалдыққан адамдармен стигма, дискриминация, өмір мен өлім туралы сөйлесіп көрдік.

ВИЧ – адамның иммунитет тапшылығының вирусы. Ол ағзаға түскенде иммунитеттің түрлі ауруларға қарсы тұру қызметін әлсіретеді.

Абақтыда жатқанда ВИЧ келеді...

Кристина, Алматы қ.

Алғаш рет статусымды естігенде қатты таң қалмадым. Бірнеше рет абақтыда отырып шықтым, темір тордың ар жағына қайта қайта баруым – нашарқорлығым еді.  ВИЧ-статусымды да жазамды өтеп жүрген кезде білдім. Есірткіге тәуелділердің бәрі күндердің бір күнінде осы ауруға шалдығатынын, қалған уақытыңды ВИЧ-пен өмір сүруді іштей біледі. Әйел адам жүктілік белгілерін қалай білсе, абақтыда отырғандар ВИЧ симптомдарын соншалықты жақсы біледі.

2014 жылы тексеріске барып, нәтиже шыққан соң, дәрігер қайтадан қан тапсыру керек дегенде-ақ, ВИЧ жұқтырып алғанымды сездім. Жалғыз қорқынышым – қызым қалай қабылдайды екен деген уайым еді.

Жағдайымды бірінші досыма айттым. Ол да күліп, «Енді басқа не күтіп едің? 1997 жылдан бері есірткі қолданасың, қайта қол-аяғың сынып қалмағанына шүкір ет» деді. Алғашқы кезде білместіктен, адамдармен байланыстан қашқақтағаным рас. Бірақ ешқашан жасырған емеспін, оның үстіне қызым түсіністікпен қараған соң, мұны жасырудың керегі жоқ деп шештім.

Бір жағынан абақтыдан шығып, жұмысқа енді орналасып жатқанда қызметкерлердің «Сен өз еркіңмен жұмыстан кет, біздің бала-шағамыз бар, ауру жұқтырып алмайық» деген сөздері де қатты әсер етті. Әлі күнге бұлай дейтіндер көп, мен олармен төсектес болайын деп жатқан жоқпын ғой, ВИЧ басқаша қалай жұқсын?..

Осылайша, көп адам ВИЧ-ке шалдыққанын өмір бойы жасырып өтеді, айтпайды, тегін ем қабылдап, жазылуға болатынын білмей, өліп кетеді.

… ВИЧ-статусыңды жасыру былай тұрсын, бұл жайлы жарияға жар салып, жиірек айту керек

Бір күні абақтыдағы бақылаушылардың біріне ВИЧ-пен өмір сүруім жайлы сөз ортасы айтып қалсам, «Неге бірден айтпадың, сенімен бір кабинетте осынша уақыт отырдым ғой» деп қорқып кетті. Мен «Не айтып тұрсыз, сіздерге ВИЧ туралы арнайы дәрістер өткізілмей ме?» деп ұрысқан соң, әзілдедім деп құтыла салды. Осыдан кейін ВИЧ-статусыңды жасыру былай тұрсын, бұл жайлы жарияға жар салып, жиірек айту керек деген ойға келдім.

Бір құрбым онкология бөліміне сараптама тапсырып жүріп, ВИЧ-ке шалдыққанын естіп, қатты қиналды. ВИЧ онкология сияқты қорқынышты емес қой, ісік – химиядан екінші химияға дейін күн санап өмір сүресің деген сөз. Ал біздің жағдайымызда дәрілеріңді ішіп, қалыпты өміріңді жалғастыра бересің. Бір аптадан кейін дәрілер өміріңнің бір бөлігіне айналады, үйреніп кетесің – жасайтын бар амал осы.

ВИЧ болмаса, ешқашан ақ көйлек кимес те едім...

Мен үнемі «ВИЧ өмірімді қалай жақсартқанын білсеңіз ғой» деп қуана айтып жүремін. Мен үшін ВИЧ - нашақорлықтан арылуымның себебі болды. ВИЧ-пен өмір сүру маған бір тоқтау қойып, саналы өмір сүруге мүмкіндік берді. Бұл дертім болмаса, ешқашан тұрмыс құрып, ақ көйлек кимес те едім, мүмкін. Тек бір сәттік рахат үшін өмір сүріп, абақтыға кіріп-шығып өмірім жалғаса берер еді. Қазір ел қатарлы отбасым бар, салық төлеймін(күліп). Жолдасыммен жолықтырған да - осы ВИЧ-статусымыз, арнайы орталықта танысып, кейін жақсы араласып кеттік.

Қазіргі таңда «Реванш» қорында әлеуметтік қызметкер боп жұмыс істейміз.  Қорда ВИЧ-пен өмір сүретіндер мен абақтыдан шыққандармен жұмыс істеп, қоғамға сіңісіп, аяққа тұрып кетуіне көмектесеміз. Өз басымыздан өткен оқиға болғандықтан, әр адамның мәселесін өзіміздікіндей көреміз.

ВИЧ-ті кімнен жұқтырғанымды білмеймін

Назгүл (кейіпкердің қалауымен есімі өзгертілді), Алматы обл.

ВИЧ жұқтырғаным жайлы білгеніме көп уақыт бола қойған жоқ, бұл туралы тірі жанға айтпадым. Анам жақында жүрегіне ота жасатты, қыздарым өтпелі кезең жасында, өз дертімді айтып, олардың қиналғанын қаламадым, қорқытып алғым келмейді.

Бір жылға жуық денсаулығым мазалап жүрді, жатыр тұсымнан қан кете беретін болды. Басында мән бермедім, кейін тексеріліп, жатыр миомасы анықталды. Аяғым ауыр еді, кенет ұстама болып, үлкен мөлшерде қан кеткен соң, баланы алдыртып тастауға тура келді. Қалада жұмыс істеп жүріп, қалалық емханалардың біріне тексерілгем. Уақыт өте бет-аузым ісіп, жұмысқа жарамай кеттім,  миома өсіп кетті ме деп қорықтым. Оны жедел алу керек деді, ота құны - 400 000 теңге. Мұндай қаржым жоқ болған соң, порталға тіркеліп, жергілікті тіркелген ауылымдағы гинекологқа бардым. Ол порталға тіркелудің жыры тым бөлек, тек араға таныстар салып, жасай алдым.

Кейін зерттеулер тапсырып, нәтижесінде қан сараптамаларында қиындық бар екенін естідім: ВИЧ анықталды. Біраз уақыттан бері жыныстық қатынасқа түспеген соң, қалай, қашан жұқтырғанымды, әлі түсіне алар емеспін.

Дәрігерлер ВИЧ ағзада жылдап жүріп, тек кейін белгі беруі мүмкін екенін де айтты. Сол себепті қай қатынастан кейін, кімнен жұқтырғанымды анықтау мүмкін емес, ол адамдармен қазір араласпаймын. Менің статусым жайлы ауыл емханасындағы дәрігерден басқа ешкім білмейді. Заң жүзінде тұрмыста болғаныммен, күйеуіммен тоғыз жылдан бері бөлек тұрамыз. ВИЧ-пен өмір сүру жұмақ емес, ешкімнің хабары жоқ, бұл дерт –менің жеке өмірім. Қоғамға айтып-айтпау менің еркімде, мұны жұрт біліп, мені аяп, есіркей қарағанын қаламаймын. Оның үстіне, мұны жария еткен соң, қоғаммен бірлесе өмір сүру өте қиын. Бірде жеке емханаға тексеріске барғанда ВИЧ-анықтамамды көрген дәрігер қағаздарымды бетіме лақтырып жіберді. «Былтыр сен сияқты әйел келіп, артынша өліп кеткен. Сені емдей алмаймын» деді. Бұл біз бетпе-бет келетін жағдайлардың ең қарапайымы ғана.

Кейін қаладағы өзге емханаға барып, гинекологтың қабылдауында болдым. Бұған дейінгі дәрігердің әрекеті қатты әсер еткен болса керек, алдына керек «Мен енді өлуім керек пе? Мені ешкім емдемей ме?»  деп жылап жібердім. Кейін гинеколог маман түсіндіріп, арнайы ВИЧ-статустыларға көмек көрсететін ұйым жетекшісімен таныстырды. Борис осы ауру жайлы, онымен өмірін жалғастырып жүрген адамдар туралы айтып, бұл үшін мені ешкім шеттете алмайтынын түсіндірді. Кейін тіпті жатыр миомасын да тегін емдетіп алуыма көмектесті. Өкініштісі, соңғы тексерісте ВИЧ-дертім асқынып кеткенін білдік. Алматының іргесіндегі ауылда тұрамын. Алда ауылдағы мектептердің біріне мұғалім болып жұмысқа орналассам деген жоспарым бар еді. Тек алақандай ауыл біліп, бұл дертімді түсінбейді-ау, жұмысқа тұра алмай қаламын ба деп қорқамын. Қанша жерден өзіңнен өзгеге зияны жоқ ауру дегенмен, олай екенін әлі көбі біле бермейді, жұрт үрке-қорқа қарайды.

ВИЧ анықталған соң, тұрмыс құрдым

Любовь, Алматы қ. , Орталық Азиядағы ВИЧ-пен өмір сүретін адамдар қауымдастығының жоба менеджері

Қазірде осы дертке шалдыққандарға көмек көрсетемін. Бұл тақырыптың тым аз айтылуына себеп - қоғам сауатсыздығы, хабарсыздығы. Адамдардың көбі қорқып, ауруын жасырады, емделмейді. Жұртқа, тіпті дәрігерге ВИЧ-инфекция жайлы айтсам, қарым-қатынас өзгереді деген қорқыныш адамдарды тежейді. Ақпараттың аздығынан, білместіктен кей адамдар бір белгі сезсе де, тексерілмей, кейінге қалдырып жүре береді. Оның үстіне қоғамда ВИЧ-статустыларды шеттетін жағдайлар өте жиі кездесіп жатады. Қапшағай облыстық мүгедектер үйіндегі ер адамды ВИЧ-статусы үшін көшеге қуып шыққан еді. Екі күннен кейін ол адам суықтан қайтыс боп кетті. Оның үстіне көптеген жұмыс берушілер талапкерлерге ВИЧ-инфекция жоқ екенін дәлелдейтін анықтама сұрататын көрінеді.

Мұның бәрімен күрес ретінде стигма-дискриминация, шеттету жағдайларына тап болған ВИЧ-статустыларға жедел көмек көрсететін бөлек ақпараттық ресурс құрсақ деген жоспарымыз бар. Құқық қорғау мақсатында түрлі зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Бұл зерттеулердің бәрін ВИЧ-статустылар жасауда, бәрі өзіміз үшін.

… Күресуге мәжбүрмін

Өз басым ВИЧ-инфекциям жайлы 19 жасымда білдім. Бес жылға жуық “Неге мен?” деген сұраққа жауап іздедім. Он алты жылға жуық осы диагнозбен өмір сүріп келемін, бұл жайлы ашық айта беремін. Меніңше, ешкімнің мені шеттетуге құқы жоқ, мен уақытылы емімді қабылдап тұрамын. Бір күні жоғарыда келтірген қиын жағдай менің басыма да келетінін білгендіктен, мен күресуге мәжбүрмін. Бір жағынан тек осы диагнозым болғаны үшін, адами құқығым шектелетіне, өзіме тиесілі кез келген қызметті қолдана алмайтыныма қынжыламын. Қазір дені сау қыздың анасымын. Ағзамда ВИЧ анықталған соң, тұрмыс құрдым, балалы болдым. Өмірім аса өзгере қоймады, аяқ-қолым орнында, бұрынғыша қимылдай аламын. Иә, осындай диагнозым бар, ем қабылдап, денсаулығымды күтіп, ішкен-жегеніме назар аударуым керек шығар. Бірақ мұның бәрі кез-келген қарапайым адам үшін де маңызды, қарапайым өмір салты ғой. Бастысы, ВИЧ ағзада уақытылы анықталса, мұның емі бар екенін ұмытпаған дұрыс. ВИЧ-пен өмір сүру кәдімгі өмірдей екенін түсіну де керек.  Тегін ем қабылдап, бұл диагнозбен адам ұзақ әрі бақытты, еш кедергісіз өмір сүре бере алады. Сондықтан, қорқудың қажеті жоқ, бұл - өмірдің соңы емес.

ВИЧ-статусты уақытылы анықтап, дер кезінде ем қабылдау маңызды. Қауымдастық жасаған арнайы HIV-TEST қосымшасын сматрфоныңызға жүктеп алып, денсаулық жағдайыңыз бен ВИЧ жұқтыру ықтималдығын анықтай аласыз.

Оқи отырыңыз: Ресей вакцинасына Боранбаевтың қатысы қанша?