Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті

Malim Админ

  • 17.02.2021

Қазақ телевизиясының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті

Бұл қаралы хабар Ұлттық арнаның фейсбуктегі ресми парақшасында шықты. "Бүгін таңертең 70 жасқа қараған шағында Қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті.

Нұртілеу Иманғалиұлы «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды.

Н.Иманғалиұлы 2006-2007 жылдары – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік Қоғамының Басқарма Төрағасы, одан кейінгі жылдары «Қазақстан РТРК» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. Соңында ізбасар шәкірттер тәрбиеледі.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұжымы Нұртілеу Иманғалиұлының жақындары мен туған-туыстарына қайығырып көңіл айтады. Бүгін Ұлттық арна эфирінен естелік хабарлар мен арнайы жобалар беріледі" делінген хабарламада.

Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы 1 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. 1977 жылы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып істеген. Коррупцияға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі. «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма Төрағасы қызметін атқарған. Н.Иманғалиұлы тележурналистикадан айнымаған тұлға. Ғұмырының телевизияға арнаған. Алғашқы хабарының бірі «Жадыңда ма, жолдас?!». Содан бері талайдың санасын қозғаған, саяси-әлеуметтік салмағымен, әсіресе шыншылдығымен телекөрерменнің есінде сақталған бағдарламалары: «Жас жігер», «Көзқарас», «Алтыбақан», «Айна», «Заң мен заман», «Ақиқат пен аңыз», «Дидар», «Жастар дауысы», «Арай», «Көкпар», «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Дін мен діл», «Арнайы репортаж», «Діңгек», «Қолтаңба» т.б. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кұрметті профессоры, Ақсу ауданының «Құрметті Азаматы».