Нәтиже жоқ
Барлығын көру
  • Саясат
  • Сараптама
  • Сұхбат
  • Білім және Ғылым
  • Әлеумет
  • Руханият
    • Ертегі
  • Абай-175
Malim.kz
Malim.kz
Нәтиже жоқ
Барлығын көру
Басты бет Slider

Дағдарыс орталығы. Бес баламмен үйден, күйеуімнен қашып шықтым

БҰҰ дерегінше, Қазақстанда жыл сайын 400 әйел тұрмыстық зорлық- зомбылықтың құрбаны болады. Демек, елдегі әрбір үшінші қылмыс әйелдерге қарсы жасалады.

Айшолпан КЕРІМ Авторы: Айшолпан КЕРІМ
18.02.2021
Дағдарыс орталығы. malim.kz

Дағдарыс орталығы. malim.kz

Share on FacebookShare on Twitter

Құпия мекен: Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған дағдарыс орталығынан репортаж

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер үшін елімізде арнайы дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Біз Алматыдағы осындай
мекемелердің біріне барып, орталық қызметкері мен онда тұрып жатқан әйелдермен сөйлесіп көрдік. Кейіпкерлердің қауіпсіздігі үшін есімдері
өзгертілді. Уақытша баспанада тұрып жатқан әйелдердің қауіпсіздігі үшін дағдарыс орталығы  мекен-жайын ғаламтордан таба алмайсыз. Бізді күзетші ер адам көшеде күтіп алып, бірнеше сұрақ қойғаннан кейін ғана биік қақпаның арғы бетіне өтуге рұқсат берді.

Дағдарыс орталығы. malim.kz
Дағдарыс орталығы. malim.kz
Дағдарыс орталығы. malim.kz
Дағдарыс орталығы. malim.kz

Ары қарай өтіп, үйге кірдік. Үшқабатты зәулім орталыққа елу адам сыяды. Балабақша сияқты – холдда ойыншықтың сан түрі, у-шу боп ойнап жатқан
бала көп.

Бізбен жарыса амандасқан балалардың бәрі бірге төменгі қабатқа түскі ас ішуге түсіп кетті. Аналар да сұхбат беруге бірден келісе қоймады. Кейбірі келгенімізді естіп, бөлмелерінен шықпады. Дағдарыс орталығы 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Төрт бөлмелі үйде елу адамға арналған төсек-орын бар. Қызметкерлер сөзінше, қазір орталық толы.

Орталыққа екінші рет түскен әйелдердің бірі – Дина

«Полицияға неше рет жүгінсем де, мұндай орталықтың барын айтқан емес» 

Осымен осы дағдарыс орталығы, осы жерге  екінші рет келіп тұрмын. Алғаш рет жазда күйеуіммен ұрысып қалған соң келдім. Қанша рет полиция қызметкерлеріне барсам да, мұндай орталықтың барын айтқан емес. «Иә, көмектесеміз» дейді де, жазылған арыз сол күйінде қалып кететін. Жаздыгүні қатты қиналып жүргенде, осы жер туралы ағамнан естідім.  Бірақ, бұл орталыққа орнығу бәрібір полиция арқылы жүзеге асады, олар арнайы қағаз толтыруы керек. Кейін тағы барып, «Қатты қиналып тұрмын, көмек керек, дағдарыс орталығына бару үшін сіздер іске араласу керек екенсіздер» деген соң ғана қимылдады.

Таң қалатыным, олар бізге көмектесе алатын осындай орталықтар бар екенін біле тұра, осы мәселені бірден шешуге тырысудың орнына, үндемей, жауып қоя салады.

Ақымақтығымнан, жалған үмітпен күйеуіме қайтып бардым. Үйленгенде жасым он алтыда еді, үш жыл бойы балалы бола алмай жүрдік. Қол көтеру мен қысым көрсету тұңғышымыз дүниеге келген соң басталды. Мен өте жас болғандықтан, ұрып-соғуына үнемі қызғаныш пен ішімдікке тәуелділігі себеп еді.  Өзінің табысы да жоқ, үйде жата беретін, оны өзіне айтса, тағы жұдырығын ала жүгіретін.

Ажырасуға арыз жазып қойдым. Дағдарыс орталығы бәрін тегін беріп жатыр, шығын жоқ, алты ай осында тұрып, ақша жинап алуға болады.  Бұл жерден шыққан соң, сол ақшамен амалдармын. Көпбалалы анамын, мемлекеттен тұрғын үй бойынша көмек болғанын қалар едім. Алайда, үй кезегіне тұру үшін үш жылдық қалалық тіркеуің болуы керек екен.

Неге екенін білмеймін, бірақ балалармен жалдамалы пәтер табу да қиын. Балалар құбыжық па, түсінбеймін? Балам бар десең, «Бере алмаймыз» деп, тұра қашады. Бала болған соң, ойнап жүріп, бірдеңені бүлдіріп қояды дейтін шығар. Кейін бәрін қалпына келтіріп, көшеміз ғой. Мемлекеттен үй болмайтыны анық, жалдап тұру да мүмкін емес, төрт баламен далада тұруымыз керек пе?..

… Балаға ондай әкеден не қайыр?

Қазір қыздарым жанымда, ұлым ағамның үйінде. Бір айға жуық ұлымыз әкесі мен әжесінің қолында болды. Сол кездері әкесі маған қарсы қоюға тырысқан болса керек, кейінірек «Әкеммен бірге тұрамын, сен жұмыс істемей, үйде отыруың керек» дейтін болды.

Неше рет кешірдім, соңғы рет осы дағдарыс орталығы -нан шыққан соң, екі ай бірге тұрдық. Екі ай торда отырған құстың күйін кештім. Сыртқа тек ұлыммен бірге шығаратын. Телефонымды үнемі тексерістен өткізетін. Қайта қосылуымыз мүмкін емес. Тіпті үш жасар кенже қызымның өзі «Әкеммен тұрғым келмейді. Ол сені пышақтайды ғой» дейді.

Дағдарыс орталығы. malim.kz
Дағдарыс орталығы. malim.kz

Ең өкініштісі, полиция қызметкерлері осындай отбасылық зорлық-зомбылықпен күресуге құлықсыз. «Осының бәрінен не пайда? Қазір арыз жазасыз, менің қолымнан келетіні – күйеуіңді он күнге отырғызамын. Бекерге жүгіргенше, кешіре сал. Балаларыңды әкесіз қалдырмағаның дұрыс қой» дейді. Балаларға ондай әкеден не қайыр?..

Қазір есімді жиып, өткенімізге қарап, сонша жыл осы қорлыққа төзіп келген өзімді аяймын. Біздің әйелдер қорқып, төзіп жүре береді. Өз басым ата-анасыз өскен соң, жалғыз қалудан қорыққан екенмін. Жолдасымнан басқа ешкім мені керек көрмейтіндей, өзімді оған тәуелді сезініп келіппін.

Сонша жыл бірге тұрған жолдасым қазір балаларға тәтті алып беруге жарамайды. Сотта балалар куәгер болды, жақындап, оларды құшақтауды, «Тәтті алып жеңдер» деп, қалтасына 500 теңге салуды білмеді. Тіпті кейін балам оған «Ой, әке, өте сараң екенсіз» деп хат жазып жіберіпті. Алимент жайлы бұйрықтың шыққанына да екі айдан асты, бір тиын берген жоқ.

Күн сайын әкесі анасына пышақ кезегенін көріп өскен қыздарым мен ұлым отбасыда ер адам әйелін үнемі ұрып тұру керек деп өсе ме деп қорқамын, олар тым кішкентай ғой, көргенін істейді.

Бұл жер жайлы әлеуметтік желілер мен полиция қызметкерлері арқылы білуге болады. Дегенмен ашық мәлімет әлі де болса аз. Орталықта жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкер Зульфия Умарованың сөзінше, әйелдер мұндай жағдай жасап, көмек көрсететін орталықтар бар екеніне сенбейді. «Ол әйелдердің психологиялық жағдайы ауыр болғаны соншалық, өмірлері өзгеруі мүмкін екеніне де сенуі қиын» – дейді Зульфия.

«Зардап шеккен әйелдерге орталықта маман көмегінен бөлек, қажеттінің бәрі – киім-кешектен гигиеналық заттарға дейін беріледі. Орталыққа түсетін әйелдердің көбі – көпбалалылар.

Орталық әр әйелге тек алты ай көмектесе алады. Осы уақыт ішінде психологиялық, құқықтық және әлеуметтік, мәдени, экономикалық көмек көрсетіледі.

Дағдарыс орталығы. malim.kz
Дағдарыс орталығы. malim.kz

«Инспектордан хабар келіп түскен соң, Алматы әл-ауқат басқармасына хат жолдап, үш күн ішінде жауап келеді. Одан кейін орталыққа келген әйелмен мекеме мекен-жайын айтпау, өзара конфликт тудырмау туралы келісімшартқа қол қойылады. Келген әйелдерден бірден телефондағы геолокация функциясын өшіру талап етіледі»

Маман сөзінше, құпиялылыққа қарамастан, орталыққа келіп, шу шығаратын ер адамдар бар екен. Көбіне анасымен келген балалары телефоннан айтып қоятын көрінеді.

«Ондай жағдай жиі болады. Бірде орталық тұрғынының нашақор күйеуі шегіп алған күйде келіп, шу шығарғаны бар. Тағы біреуі келіп сыртқа шыққан қызметкерлерге ақша беріп, әйелін шығарып беруді сұрапты. Ондай жағдайлар үшін инспекторлар мен күзет қызметі бар. Көріп тұрғаныңыздай, бұл – ерекше қорғалатын аймақ. Орналасқан жеріміз қарапайым аудан. Такси жүргізушілері бұл жерді балабақша деп ойлайды, біз солай айтамыз»

Төрт жылдық жұмыс барысында байқағанымыз, ер адамдар алғашқы жылдары теріс қылық көрсете қоймайды. Дағдарыс орталығы на келетін әйелдер он жылдан аса өмір сүрген жолдастары екінші баладан кейін ұрып-соға бастайтынын айтады. Неге бірден кетпей, бала туа бергенін сұрасақ, сол бала отбасыдағы жұмсартар деп жүре бергенін айтады»

Орталық жайлы көмекке мұқтаж әйелдер тәулік бойы жұмыс істейтін 150 нөміріне хабарласа алады. Мұнан бөлек, орталық полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істейді.

«Әйелдер осындай жағдайға тап болып, 102-ге қоңырау шалса, іс тіркеліп, күйеуімен тұрғысы келмейтінін айтса, инспекторлар бізге хабарласып, орталыққа әкеледі. Орталық 50 орынға арналған, қазір мұнда 32 бала мен 16 ана бар. Бала да тікелей зорлық-зомбылық куәсі болғандықтан, тікелей зардап шегуші ретінде тіркеледі. Мектеп жасындағы балалар үшін жақын жердегі мектеп пен орталық арасында арнайы меморандумға қол қойдық. Олар орын жоқ демей, орталыққа түскен кез-келген баланы қабылдайды. Балабақша жасындағы балалармен қиындау, әрине. Ол үшін арнайы кезекке тұру керек, ал жекелеген балабақшаға беру үшін бәрінде ақша бола бермейді»

Амина: «Бес баламен кімге керексің?» деп қорқытатын

Дағдарыс орталығына  келгеніме екі айға жуықтады. Желтоқсан айында бес баламмен үйден, күйеуімнен қашып шықтым. Психологтың көмегі керек екенін түсініп, Ғазиза Сапарғалиевна ақшам болмаған соң, тегін психологиялық көмек көрсетті. Ғазиза ханым әңгімемді тыңдап, бірден полицияға хабарласты. Қорқып, тіпті келгеніме өкіне бастадым. Маған көмектесе алатын бір орталыққа апаратынын айтып, бес баламен көлікке отырғызды. Менің үш қызым бар, көлікте келе жатып, құлдыққа сатып жібергелі жатыр деп те ойладым. Кейін орталыққа келіп, таң қалдым. Оның үстіне, осындай жағдайға түскенім бе деп қиналдым. Ішімнен кетіп қалсам ба дегенмен, қайда барарымды да білмеймін.

Кейін құжаттар толтырылып, орнығып алдық. Бәрін ұмытып, балаларға да уайымдамай, екі күн ұйықтаппын. Бірнеше күн тоқтамай жылай беріппін, не үшін екенін де түсіндіре алмадым – мұның бәрі неше жылдық психологиялық қиындықтың белгісі шығар. (көзіне жас алды)

Алғашқы жылдары жылына бір ұрып тұратын. Үйреніп кеткенім соншалық, оның өзі қалыпты болып кетіпті. Бала туған сайын, психологиялық қысым да көбейді. «Бес баламен кімге керексің?» деп, ұрып-соғу да жиілеп кетті: аптасына үш рет, көзім көгермеген күні болған емес. Ақша ұстап көрген емеспін, балалардың жәрдемақысын да өзі алып отыратын.

… Қызым «Мама, кетейікші» деп жылады

Басында төрт жасар ұлымды бір ай бойы бермей отырды. Орталықтың қызметкерлері, құқық қорғаушылары болып, екі кездесуден кейін қайтарып ала алдық. Оның басты қаруы – балалар еді. Мені аналық құқығымнан айыратынын айтып, қорқытатын. Мен де соған сеніп, жылайтынмын. Қазір түсінгенім – зорлық-зомбылыққа тап болған барлық әйелдің басты проблемасы – сауатсыздық. Үйде отырып, бала өсіріп, сауат ашуды бір шетке ысырып қоямыз.

Дағдарыс орталығы. malim.kz
Дағдарыс орталығы. malim.kz

Мүмкін, әлі де болса ол үйден кетпей, сол жауызбен «өмір сүре» берер ме едім. Бірақ соңғы кездері күйеуім үш қызымды сапқа тұрғызып, көз алдарында мені ұратынды шығарды. Алдарында еңіреп, кейде есімнен танып та жататынмын. Кейінірек қызым «Мама, кетейікші» деп жылады. Мұнан кейін ондай жауызбен бір шаңырақ астында қалудың еш мәні жоқ еді.

Қазір ажырасу бойынша сот істері жүріп жатыр. Ал алиментке үмітім де жоқ. Соңғы жылдары денсаулығы жоқ екенін айтып, үйде жатып қалды. Мейлі деп, тігінге икемім бар еді, үйде отырып перде тігуге көршілерден тапсырыс ала бастадым. Осылайша жолдасым мен балаларды асырап қоймай, үйімізді бітіріп алдық.  Ол үйдің рахатын да көрместен, қош айтыстық-ау. Одан бөлек, үй жолдасыма әкесінен қалған мұра екен. Мүлікке талас жасаған күннің өзінде, сот істері тым ұзақ, қазір оған уақыт та жоқ.

Дағдарыс орталығы түрлі көмек көрсетеді. Ең бастысы – психологтармен жұмыс. Бәрін кешірдім, тіпті күйеуіме деген өкпе-ренішті де ұмытып, бір жеңілдік сезіндім. Көптен бері алғаш рет айнаға қарап, боянып, таранып, кезінде тастап кетуге тура келген оқуымды жалғастыру үшін университетке өтініш жазуға шықтым. Қызығы, телефонымды ұмытып, орталыққа қайта келсем, «Bereke City»  қайырымдылық қорынан «Сіз үйлі болдыңыз» деген хат келіпті.  Он жыл бойы күйеуім рұқсат етпеген биік өкшелі аяқ киім киіп, балаларымның несібесі – жаңа үйімнің кілтін алуға бардым. Қызығы – қор орталықтан менің жағдайым туралы мәлімет алып, барлық қағаз мәселелерін шешіп қойыпты. Алдағы бейсенбі қоныс тойымыз болады. Бұл – бір ғажайып қой.

Басымыздан өткен ауыртпалықты айтып, кейін оқитын әйелдерге шерімді тарқатсам деймін. Менің үш қызымның да шашы ұзын, тек ортаншым дзюдоға қатысатындықтан, қысқартқан еді. Бір күні дүкеннен келсем, кіші қызым еңіреп жылап отыр. Қарасам, әкесі қолаң шашын құлақ тұсынан кесіп тастапты. Арғы бөлмеден жолдасым  «Она наказана!» деді. Өзінше жазалаған түрі екен.

Сол күні көршімнен тапсырыс алып, қалтама алдын-ала төлемді сала келген едім. Өмірі күйеуімнен сұрамай ақша жұмсап көрмеген мен сол кезде үндеместен қызымды алып, бірден сұлулық салонына кеттім. Қисық-қисық кесілген шашын түзетіп, бірдеңе істегендей болдық. Баланың есінде психологиялық травма қалмасын деп, өзім де шашымды қысқарттым. Бірақ іштей мұның көмектеспейтінін білемін, кейін есіне түсіп, жылайтын да шығар…  Мұндай псилогиялық мәселесі бар әке – баланың да соры.

Әйелдер қоғам көмектесуге мүдделі екенін, осындай орталықтар бар екенін білмейді. Алғаш полицияға 2010 жылы барғанмын. Ол кезде тек бір балам бар еді. Сол кезде осындай орталық бар екенін білсем, менің, баламның өмірі де мүлде басқаша болар еді. Қазір екі ай ішінде көзімнің, сауатымның ашылғаны соншалық, бұрынғы өміріме оралу ойымда да жоқ. Сауатым бар, барлық жараларымды емдедім – өзіме сенімділік пайда болды. Өз қадірімді түсінген соң біреудің таяқ астына алып, соққыға жығуына жол беруім екіталай.

2020 жылы орталыққа 101 әйел, 210 бала келіп түсіпті. Көктемгі карантин кезінде келушілер саны күрт өскен. Бірақ маман сөзінше, одан бері жағдай жақсармаған. Қазірдің өзінде орталықта зорлық-зомбылық құрбандарына орын бірден табыла қоймайды. Қазіргі таңда елде осындай 31 дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр.

Оқи отырыңыз:  ЮНИСЕФ: Қазақстанда бойжеткендердің тең жартысы зорлық көріп отыр

Tags: ана мен баладағдарыс орталығызорлық-зомбылықкөпбалалы аналаротбасындағы тұрмыстық зорлықтұрмыстық зорлық-зомбылықтұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған дағдарыс орталығы

Ұқсас жазбалар

Фото: Prosprots.kz

Мәдениет министрі орынбасарының не үшін ұсталғаны айтылды

Авторы: malim
26.02.2021
0

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсайбековтің ұсталғанын растады. Бұл туралы бүгін өткен брифигіде агенттіктің...

Солдан оңға қарай: Қазбек Бейсебаев, Айдос Сарым және Айдар Әлібаев

“Әділ сайлау өтсе, бірде-бір әкім орнында қалмайды”

Авторы: malim
26.02.2021
0

Бүгін ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында президент Тоқаев 2024 жылдан бастап аудан әкімдері тікелей сайланатынын мәлімдеді.  Сарапшылардың бірі бұл  бастама...

Ит ату – шенеунікке тиімді

Авторы: Айшолпан КЕРІМ
25.02.2021
0

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі  таныстырғанда осы мәселе басты...

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ағаш суғара алмайтын маңғыстаулық әкімнің қызметі өсті

27.06.2020

Өтірікті шындық жеңген күн

03.03.2020

«Әкімдіктің кесірінен екі күн қамауда отырдық»

06.05.2020

Коронавирус: Әкімдер пиармен айналысып кетті

18.03.2020
inform.kz

Пандемия кезінде еріктілердің рөлі артты

03.12.2020
  • Біз туралы
  • Жарнама
Байланыс: +7 702 109 72 25

© 2020 Malim.kz - Қоғамдық-саяси сайт! Туған күн тілек, құттықтау!

Нәтиже жоқ
Барлығын көру
  • Сараптама
  • Сұхбат
  • Білім және Ғылым
  • Әлеумет

© 2020 Malim.kz - Қоғамдық-саяси сайт! Туған күн тілек, құттықтау!