“Азаттық” тілшісі Қазис Тоғызбаев өмірден өтті

Malim Админ

  • 28.02.2021

Бүгін Azattyq радиосының тілшісі Қазис Тоғызбаев өмірден өтті. Azattyq-тың жазуынша,  Қазис Тоғызбаев осыдан бес күн бұрын Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасынан шыққан. Тілші ауруханада коронавирустан емделген. Жұма күні халі нашарлаған Қазис Тоғызбаевты жедел жәрдем әкеткен. Бүгін дәрігерлер туған-туыстарына журналистің жүрегі тоқтап қалғанын хабарлаған.

72 жастағы Қазис Тоғызбаев тәуелсіз журналистиканың дамуына көп үлес қосты. Ол әскери қызметтен кейін журналистикаға бет бұрып, "Сөз", Азат" басылымдарында жұмыс істеген. Kub.info сайтында блог жүргізген.  2006 жылы Алматы түбінде полицейлер мен жергітікті тұрғындар қақтығысқан Шаңырақ шайқасынан хабар таратқан.

2007 жылдың қаңтарында журналист Қазақстандағы демократиялық құндылықтарды дамытуға қосқан үлесі үшін “Свобода” сыйлығымен марапатталған болатын. 2008 жылдың қыркүйегінен бастап Қазис Тоғызбаев Azattyq радиосында тілші болып жұмыс істеді.

Azattyq радиосында тілші қызметін атқарғанда Қазис Тоғызбаев көптеген митинг, саяси сот процестерінен хабар таратты. ,

2011 жылы Жаңаөзендегі қырғыннан кейін оқиға орнына барып, репортаждар  дайындады.

Malim редакциясы марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтады.