Он сегіз миллионға қалай жеттік?

Malim Админ

  • 01.03.2021

Ұлттық статистика бюросының 2021 жылдың 1 қаңтардағы есебі бойынша, қазіргі таңда ел халқының саны – 18 млн 877,1 мың. Оның 59 пайызы қалалық жерде тұрса, 41 пайызы ауылды мекен етеді. Ал 0-17 жас аралығындағы балалар саны жалпы халықтың үштен бірі боп тұр. Айталық, 2011 жылы осы жас аралығындағы жеткіншектер қатары 4 млн 851 мың 538 болса, былтыр 6 млн 11 мың 156-ға жеткен.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Егемен Қазақстан" газеті жариялаған дерегіне жүгінсек, елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Ал 2020 жылы 425 625 бала өмірге келген. Осылайша, былтыр дүние есігін ашқан сәбилер осыдан 33 жыл бұрынғы рекордты жаңартты. Демограф-ғалым Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, әр отыз жылда бэби-бум көрсеткішінің жаңарып отыруы – қалыпты көрсеткіш. «Демографиялық ауысудың индустрияға дейінгі бірінші кезеңінде туу көрсеткіші де, өлім көрсеткіші де жоғары болды. Сондықтан халық санының өсуі баяу жылжыды. Ал екінші кезеңде медицина дамып, антибиотиктер жасалып, вакциналар шығарыла бастаған кезде өлім-жітім күрт азайып, туу көрсеткіші сол жоғары деңгейде қалды. Демографиялық статистикаға сырттан көшіп келушілер мен елден кеткендердің саны да әсеретеді. Мысалы, 1991 жылдың басында қазақстандықтар саны 16,4 млн болды, ал 2000 жылдың басында 14,9 млн адамға дейін кеміді. Бұл – кейбір этностардың тарихи Отанына оралуымен байланысты болған құбылыс. Алайда 2003 жылдан бастап, елімізде халық саны тұрақты көбейе бастады және бұл табиғи өсім есебінен болды» дейді ол.

Ал былтыр нәрестенің көптеп дүниеге келу себебін қоғам мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтан деп біледі. Үкіметтің ана мен баланы,
көпбалалы отбасын қолдауға арналған әлеуметтік көмектеріне көз жүгіртсек, бұл мақсатқа 2020 жылдың қаңтар мен желтоқсан айлары аралығында республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 635,3 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілген. Соның ішінде 430,7 мың адам бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыны алды. Оның жалпы сомасы - 52,3 млрд теңге. Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне ай сайын берілетін жәрдемақыны былтыр орта есеппен 120,9 мың адам алған. Жалпы сомасы – 31,7 млрд теңге.

Қазақстанда «Алтын алқа» мен «Күміс алқаны» иеленген немесе бұрын «Батыр ана» атанған және I,II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға да тағайындалған арнайы жәрдемақы бар. Былтыр мұндай көмек ақшаны 232,3 мың әйел алған. Мұндай қолдау түріне 49,1 млрд теңге жұмсалған. Бұған қоса, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасылар да назардан тыс қалған жоқ: ай сайынғы бұл жәрдемақы республика бойынша 428 290 мың отбасыға берілді, жалпы сомасы – 236,2 млрд теңге.

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған 89,5 мың адамға жалпы сомасы 49,6 млрд теңгені құрайтын әлеуметтік көмек көрсетілді. Ал 18 жастан асқан мүгедек баланың күтіміне берілетін ай сайынғы жәрдемақыны 14,5 мың адам алды, оларға жалпы көлемі 8 млрд теңге төленді.  Жұмыс істейтін аналарды қорғау мақсатында 2008 жылдан бері міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры қаражаты есебінен жүктілікке және бала тууға байланысты біржолғы төлем жүйесі енгізілгені белгілі. Министрліктің мәліметі бойынша, 2020 жылы бұл ақшалай көмекті 203,1 мың адам алған. Жаңадан босанған әйелдер де баласы бір жасқа толғанға дейін ай сайын жәрдемақы алады. Былтыр осы бағытта бөлінген қаржының жалпы көлемі 106,4 млрд теңгеге жетіп, әлеуметтік төлем 501,6 мың адамға берілген.

Үкімет биыл әлеуметтік төлемдерге бөлінген қаражат көлемін былтырғымен салыстырғанда 120 млрд теңгеге өсіріп отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары жөнінде өткен кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Биыл жөргекпұл көлемі, көпбалалы отбасылар мен аналарға берілетін ай сайынғы жәрдемақы да көбейді. Айталық, әйелдерге бірінші, екінші, үшінші баланы дүниеге әкелгені үшін берілетін біржолғы жәрдемақы – 38 АЕК немесе 110 846 теңге болды. Төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 183 771 теңге.