Менің мылқау махаббатым, қалайсыз?..

Malim Админ

  • 11.03.2021

***

Мен сені жіберетін шығармын...

өзімнен...
Күндей бейнеңді көшіріп көзімнен
сәттерді ұмытып таппаған төзімге ем.
Сөйтетін шығармын...

Жаныңнан өтермін жай таныс адамдай
өтірік жымиып
тұрса да көзіңде мұң ұйып
көрмеген болармын әдейі...

Хәлімді бейдауа бұрынғы
жанымды арбаған үніңді
бәрін де ұмытам, көр де тұр
таршылық қылса да жер беті...

Тамыздың талықсып күзге орын бергені секілді
бір кезде олардың бізге орын бергелі секілді
кетуді жөн көрдім...
Бұл маған таныс хәл-

Бұрын да осылай өлгенмін!
Бара ғой...

***

Мен сені ойлап тапқам

Әдейі өлең үшін,
әдейі өлмеу үшін
бақыттың дерегі үшін,
бейуақ сөнбеу үшін.

Бір үміт жана ма деп...
Бәрінен жалыққанда,
Бір себеп бола ма деп...
Кішкене қалықтауға,

Айналған жыр құсына,
Қымбаттым қиялдағы.
Дәл осы «қылмысыма»
Ешқашан ұялмадым...

Мен сені ойлап тапқам...

***

Санаға бағынбайтын,
шындыққа жанаспайтын.
әлемнен табылмайтын,
тірі жан таласпайтын.

өзгеге сезілмейтін,
өзім де ұқпайтұғын,
ешқашан көз ілмейтін,
есімнен шықпайтұғын,

бар деуге келмейтұғын,
жоқ деуге болмайтұғын,
есті жан сенбейтұғын,
есімді арбайтұғын

ешкімге көрінбейтін,
жанынан жібермеген,
тіріде жерінбейтін,
жіпсіз-ақ шідерлеген

Бар жалғыз кейіпкерім...
Қайтесіз кім екенін?..
Өзім де танымаймын
Әйтеуір жыр етемін...

***
Сенесің бе?.. Көөп болды...

Жыламадым...
Тұңғиықта тыншыған тұма жаным.
тым биіктен үмітім құлағанын
аспан арлы кеудемнің асқақтығын
оспадарлау біреудің сынағанын
бәрін көрдім...
бәрібір жыламадым.

Сенесің бе?.. Көп болды...
Сағынбадым...
Шашып-төгіп жанымның лағылдарын
шағым қылып тауымның шағылғанын
көп ішінен талдырып жанарымды
біреуді іздеп бейуақ сабылмадым...

Сенесің бе?.. Көөп болды...
Адаспадым.
Күмәнмен де, күнәммен таласпадым.
Кей құрбының көңілі жарасқанын
Кей құрбының өтірік бал ашқанын
Күліп қана бойымнан аластадым.

Сенесің бе?.. Асқынды...
Мұңым, шерім,
Құлын жастық артына бұрылса еді...
Сенесің бе?.. Мен тағы толқу кештім
Көздеріңді көрдім де бүгін сенің...

***

Сен Түнсің ғой, аяулым, мұнар қабақ,
Туу алыстан тұнжырап тұрар қарап,
Талықсып кеп құлаған құшағыңа,
Қайран менің сезімім сыңар қанат.

Талпынғаным... өртіңе шарпылғаным,
Сосын...сосын... үзік дем...алқынған үн.
Күйдіргенсің сен солай,сүйдіргенсің,
Шашып,төгіп жаныңның жарқылдарын.

Сен солайша арбадың, еркін құсым,
Сенбеймін деп сендірген сертім құрсын...
Жүз дауасы болса да дүниеде
Жазылғысы келмейтін дертімбісің?..

Асқақтығым адыра, жылап келем,
Бүгін мені сен болып жылатты өлең.
Жалғыз қадам екен ғой, кімдер өзі
сор мен бақтың арасы жырақ деген.

Сен Түнсің ғой, аяулым, ғайып мекен,
Жанарымды жаңбыр боп шайып кетер.
Бағынғаным еркіңе ессіздік пе,
Шағылғаны айнамның айып па екен?..
Айтшыыы....

***
Қиял өртеп тұрғанымен, кейіпкері батылсыз,
Өлеңіме сене берме, ол да мендей ақылсыз.

Күйбең күндер бояп қойған көлеңкелеп, көлгір ғып,
Күлкімдегі жоқ баяғы риясыз мөлдірлік.

Тірлік қанша тартқанымен жігеріңе құм құйып,
Бәрін ұмытып кетесің ғой шақырғанда бір биік.

Саған қарай ұмтыламын қажытқанда санамды ой,
Сезімі жоқ күннің бәрі сағынышқа сараң ғой.

Жоқ қып мені жібереді мазалы кез, тоқмейіл,
Көшіп жүрсе қандай жақсы, кеудемдегі көп киік.

Мүлгіп жатқан медиенде құйын ойнап өткендей,
Жасынымен жасқандырып, тентек нөсер төккендей,

Саған ғашық болсам қайтед, қауіпсіз һәм күнәсіз,
кейіпкерім,
кезіккенде ылғи күліп тұрасыз.

Кейіпкерім, қайтем сені... бақытты һәм батылсыз,
Өлеңіме сене берме, ол да мендей ақылсыз...

***
Таңдайымнан тәтті уды тамызған шақ,
Тағатымнан үзеді тамыз моншақ.
Сіз айтатын сабырсыз ертегі мен
күз айтатын әдемі аңызды аңсап.

Сіз де жеріп бәрінен, мен де жеріп,
Сыбырына жүректің сенбеп едік.
Қарашыққа қамаған маржан сынды,
Тамыз, тамыз барады дөңгеленіп.

Тамыз, тамыз барады күзге ұмтылып,
Қимас сырға көрсекші біз де ынтығып.
Сіздің жанар тентектеу иірімі,
Біздің жанар сағыныш жүзген тұнық.

Жуықтауға дәрмен жоқ жырақтауға,
Ұмытуға дәрмен жоқ ұнатпауға.
Ешкім уәде берген жоқ алдамауға,
Ешкім уәде берген жоқ жылатпауға...

Жолаушыдай кешіккен кемесінен,
Жағалауда сап жүрміз неге сүрең?..
Бізсіз дағы ессіз ғой мына дүние,
Болайықшы ақылды келесі де...

Жарай ма?..

***

Көңіл неден күпті еді,
Есіркеген кімді кім?..
Талайыма біткені,
Тесік қоржын тірлігім.

Расы осы, расы,
Сенбегенің неткенің?..
Ессіз күнім қыр асып
Екіндіге беттедім.

Қолқаға у тұндырып,
Сайтанды да ұнатқам.
Мен біреуді жынды ғып,
Мені біреу жылатқан.

¬Қиялыңда тозатын,
Сол күндердің бәрі аңыз,
Жауапсыз хат жазатын,
Сүрме кірпік қара қыз.

Сауап атын шақырып,
Арқаладық обалды.
Адастық та аһ ұрып,
Алданбайтын боп алдық.

Көздерім ғой күлетін,
Айтпаңызшы сенем деп.
Өзім ғана білетін,

Ақиқатым өлеңде...

***

Менің мылқау махаббатым,
Қалайсыз?..
Қалай жүрсіз менсіз, мұңсыз, арайсыз.

Болмысыңды сүйген едім бөлек деп,
Ал сіз жақтан соғып өтті жел өкпек.

Біздің жайды жатыр дейсің кім біліп,
Ми қарыған бір сағыныш, мың күдік.

Жанарың-ай үмітсіз һәм шаршаған,
Жанарым-ай жылуыңды аңсаған.

Не күтемін енді сізден, жарығым,
Сыйлағаның шаттық емес, бәрі мұң.

Көздеріңді көрмесем ғой, көрмесем,
Басқа шуақ, басқа нұрға шөлдесем.

Сізді тастап кетсем сосын мәңгілік,
Бір бақытқа мас боп жүрсем әңгүдік.

Қызғаныштан ойнаса ғой қаныңда от,
Қайтем, сізбен енді арбасар әлім жоқ.

Ей, меңіреу махаббатым,
Қалайсыз?
Қалай жүрсіз жырсыз, күнсіз, арайсыз...

***

Қас-қағым сәтте оянып алған,
Ұялшақ түске боянып алған,
ессіздеу менің арманым...
Мен сенен қайтсем безер екенмін,
Алқынған күйді сезер екен кім?..
Ардағым...

Жан қызуыңды жалап кететін,
бар қызығыңды тонап кететін
күндерім менің бұлағай.
Көзіңде ұяң сыр түнеді ғой...
көрмеуім дағы мүмкін еді ғой...
Бұ қалай?!..

Жаңбырға тоңған жапырақ сынды,
жапырақ жауған атырап сынды,
сағыныш түстес тағдырым.
Не айтайын сізге
күліп тұрсыз ғой,
Көрмей-ақ сезіп, біліп тұрсыз ғой
барлығын...

Әлия Дәулетбаева,

Республикалық Махамбет сыйлығының лауреаты

Байланысты жаналықтар

Мешіт салатындардың ниеті түзу, бірақ мектеп салу маңыздырақ – Мемлекет басшысы

15.03.2024

Атыраудағы балабақшаның бірінде бала көзін жарақаттап алды

12.03.2024

Атырауда балаларын сатқан әйел 8 жылға сотталды

12.03.2024

Атырауда полицейлер мұз ойылып, суға түсіп кеткен әйелді құтқарды 

06.03.2024

Оралда автокөліктен 600-ге жуық киік мүйізі тәркіленді

29.02.2024

«АМӨЗ»-ден шыққан шу. Жусанбаевтың тентектігін кім тияды?

21.02.2024
MalimBlocks
Мешіт салатындардың ниеті түзу, бірақ мектеп салу маңыздырақ – Мемлекет басшысы

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты.

Атыраудағы балабақшаның бірінде бала көзін жарақаттап алды

Қазір екі жастағы бала хирургия бөлімшесінде емделіп жатыр.

Атырауда балаларын сатқан әйел 8 жылға сотталды

Атырауда полицейлер мұз ойылып, суға түсіп кеткен әйелді құтқарды 

Оқиға Құрманғазы ауданындағы Шарон өзенінде болған.

Оралда автокөліктен 600-ге жуық киік мүйізі тәркіленді

Автокөлік тізгінінде Атырау облысының тұрғыны болған.

«АМӨЗ»-ден шыққан шу. Жусанбаевтың тентектігін кім тияды?

Компания саясатына кереғар әрекет етіп,  коммерциялық құрылымдардан негізсіз артық табыс алуға мүдделі адамдардың наразылығына әкелді