Бекшин мен "Сұңқар" дауы: Арзан ПТР дөкейлерге шығын ба?

Елнұр Бақытқызы

  • 11.03.2021

"Сұңқар" медицина орталығының бас директоры Қуаныш Керімқұлов Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің "Сұңқардың" коронавируске тексеретін ПТР тест алуға рұқсаты жоқ" деген уәжімен келіспейді.  Қуаныш Керімқұлов наурыздың 10-ы күні Ерлан Нұрпейісов, Мұрат Әбенов, Тоғжан Қожалиева бастаған қоғам белсенділері мен зертхана мамандарын "Сұңқар" орталығына шақырып, зертхананы аралатып, іші-сыртын түгел көрсетті. "Зертханаға кіріп-шығатын екі есік бар, есікте "биологиялық қауіп" деген жазу ілулі, залалсыздандыратын арнайы орын бар, зертхана барлық талапқа сай", - дейді Қ.Керімқұлов.

"Сұңқардың" бас директоры ПТР тестерге арнайы рұқсат керек емес, заң бойынша, бактериологиялық немесе клиникалық-диагностикалық лицензиясы бар компания ПТР тестермен жұмыс істей алады дейді. Бірақ қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бұл уәжбен келіспейді.  Алматының санитарлық-эпидемилогиялық бақылау департаменті ақпан айында "Сұңқар" медицина орталығын коронавирус инфекциясын анықтайтын ПТР тест алуға рұқсаты бар зертханалар тізіміне қоспай қойған.

Жандарбек Бекшин наурыздың 5-і күні өткен брифингіде "Сұңқар" медицина орталығының 1-4-топтардағы патогендермен жұмыс істеуге рұқсаты жоғын айтты. Сөйтіп, Бекшин  "Сұңқарды" тексеруге заң бойынша рұқсат сұратқанын, рұқсат алса тексеріспен баратынын жеткізді.

Malim.kz "Сұңқар" медицина орталығының бас директоры Қуаныш Керімқұловтан Бекшин мәлімдемесіне қатысты пікірі мен тексеріске қаншалықты дайын екенін сұрап білді.

– Қуаныш Жаңбырұлы, Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин сіз басқаратын "Сұңқар" медицина орталығының 1-4-топтардағы патогендермен жұмыс істеуге рұқсаты жоқ екенін айтып, тексеріс жіберетінін мәлімдеді. Сондай-ақ медициналық мекемелеріне "Сұңқардың" ПТР тестерін қабылдамауға нұсқау берілгенін жеткізді. "Сұңқар" зертханасының, расында да, қауіпті топтардағы патогендермен жұмыс істеуге рұқсаты жоқ па?

– Бұл жерде қос стандарт бар. ПТР тестпен жұмыс істеу үшін екі түрлі шешім бар. Егер ол инфекциялық ауруларды анықтайтын ПТР тест болса, онда бактериологиялық зертханаға немесе клиникалық-диагностикалық қызметке рұқсатың болуы керек. Ал ПТР зертхананың өзіне лицензия берілмейді. Өйткені "Рұқсаттар мен хабарламалар туралы" заңда тек бактериологиялық зертханаларға рұқсат алыну керектігі жазылған. Ал бұл заңның күші денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығынан жоғары екені белгілі.  Олай болса, ПТР тестерге лицензия берілмесе, бірде-бір ұйым заңда көрсетілмеген нәрсені талап етуге құқығы жоқ.

Қуаныш Керімқұлов қоғам белсенділеріне "Сұңқар" зертханаларын көрсетіп жүр

– Сонымен қатар Жандарбек Бекшин сіздерді тексеруге рұқсат сұрағанын, тиісті орган рұқсат етсе тексеріспен келетінін айтты.

– Иә, мен мәлімдеменің өзін естімедім. Бірақ ақпарат құралдарынан мәлімдемесін оқып білдім. Жандарбек Бекшиннің өзіне шығып, "бұлай дегеніңіз рас па, ондайды неге айтып жүрсіз?" деп сұрадым. Бұл жерде мынаны түсіну керек. Белгілі бір қызметке рұқсатты лицензия түрінде береді. Ал олар қызметкерлердің қауіпсіздігіне берілетін рұқсатты айтып отыр. Осыны шатастырмау керек. Халық осындай мәселелердің ара-жігін ажыратып жатпайтынын біліп тұрып, осындай айғай-шуды пайдаланып жатады. Әр зертхана арнайы тәртіптік комиссия рұқсатын алуы тиіс. Бұл белгілі бір ережені сақтауға арналған рұқсат деген сөз. Егер компания бұл ережелерді сақтап отырса және ол туралы хабарласа, онда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қажет деп тапса, келіп тексере алады. Ал санитарлық-эпидемиологиялық қызмет компанияға сенсе, онда тексермей-ақ жұмыс істеуге рұқсат ете алады. Бізге санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің қызметкерлері келіп, зертханаға тексеріс жүргізді ("Сұңқар" медициналық мекемесіне тиесілі "Биос" ЖШС 2-4 топтағы патогенді микроағзалар мен гельминттермен жұмыс істеуге 17 ақпанда рұқсат сұраған, СЭҚ зертхананы ақпанның 22-сі келіп тексерген - ред.). Тексеріс нәтижесінде СЭҚ денсаулық сақтау министрлігінің №684 бұйрығындағы баптарға сілтеп, 8 ескерту жазып кетті. Бұл – салмақты емес және шындыққа жанаспайтын ескертулер.  Ол ескертулердің бәріне негіздеп, тиісті жауап қайтардым. Зертхана талапқа толықтай сай екенін дәлелдеу үшін қоғам белсенділері мен зертхана сарапшысын шақыртып, түгел аралатып көрсеттім. Сарапшы зертхана талапқа сай деді. Біз бұл зертхананы ұзақ уқыт құрдық және ашпас бұрын мамандардан кеңес алдық.

– Зертхана талапқа сай десеңіз, әлгі мәлімдеме неге айтылды?

– Үнемі денсаулық сақтау министрлігінің ақылға қонымсыз шешімдеріне қарсы шығып жүрдім. Ол жақта жетекшілік етіп отырғандардың белгілі бір мүддесі, мүмкін, емханалары бар шығар. Тікелей олардікі болмаса да, белгілі бір пайда көріп отырған болуы мүмкін. Сондықтан нарыққа арзан және сапалы қызмет көрсететін біреу шыққанда, оған қарсы осындай ойын жүргізе бастайды. Олар белгілі бір компаниялардың мүддесін алға сүйреп, қолдап жатқан болуы мүмкін.

Жалпы, СЭС қоғам өкілдерімен бірге қаладағы 24 зертхананы аралап, тексеріп көрсінші, оның 90 пайызы жұмыс істемейтін болып шығуы ықтимал. Бұл жай зертханалар емес, оның артында ақша жатыр. Ал енді ПТР тестпен жұмыс істеп жүргендерден қанша ақша алып қойғанымды елестетіп көріңізші.

– Өзге зертханалар ПТР тестерді 11-18 мыңға сатып жатқанда, сіздерде тестің бағасы 8500 теңге шамасында болды. Кейін оны 6 мыңға түсірдіңіздер. Өзге зертханалармен салыстырғанда, ПТР бағасы неге төмен? Әлде сіздердегі ПТР тестердің реагенттері басқа ма?

– Біз қолданатын реагенттер жақсырақ. Біз нені таңдау керектігін жақсы білдік. Мәселе мынада: бізге негізгі қаржыны бизнеске салудың қажеті жоқ. Өйткені ол қаржы онсыз да алдағы он жылға салынып, бәрі есептеліп қойылды. Жаңадан ашылған компанияға кеткен шығынды тез арада, бір жылда жауып тастау керек. Ал бізде ондай шығындар он жылға есептеледі. Баға он есе арзан болғаны содан.

– Жазда індет өршіген уақытта "Сұңқар" медициналық орталығы мен Шаңырақтағы "Талант" ауруханасы "Красивые дети Казахстана" қайырылымдылық қорының қолдауымен індет жұқтырғандарды тегін емдеген. Сол уақытта да СЭС вирус жұқтырғандарды емдеуге рұқсат жоқтығын айтып, "Талант" ауруханасына айыппұл салған. Сол уақытта да СЭС "Сұңқардың" ПТР тест жасауға рұқсаты жоқтығы айтты емес пе?

– "Талант" ауруханасына желдеткіш болмағандықтан айыппұл салды. Сол уақытта бізге де тексеріс келген. Алайда бәрі дұрыс екенін көріп, күңкілдей бастады. "Егер қандай да бір ережелерді бұзсам, жазып беріңіздер, мен оған негіздеп жауап қайтарамын" дедім. Ештеңе жазбай, жөнімен кетті.

Жазда біздің аурухананың жұмысы тұралап қалды. Ал мемлекеттік ауруханаларда орын мүлде болмады. Қалтасы көтере алатындар емделді, ал ақшасы жетпейтіндер, мемлекеттен қолдау күткендер емделе алмай қалды. Медициналық қызметті ала алмай қалғандар үйлерінде қайтыс болып жатты. Бұған кім кінәлі? Осы саясатты жүргізгендер кінәлі. Егер "қайда емделсеңдер өздерің біліңдер, мемлекет емнің ақысын төлеп береді" десе, жекеменшік емханалар есігін айқара ашып, адамдарды емдер еді. Бізде болса, жазда жекеменшік ауруханалардың жартысы мүлде жұмыс істемеді.  Неге бұлай болды? Өйткені қоғамның бас қатырғысы келмейді, мемлекеттің шаруасымен ісі жоқ, әркім жеке басының қамын жеп жүр.  Шенеуніктерге шетелге шығуға, декларацияда жоқ мүлікті иеленуге тыйым салу керек. Міне, жемқорлық сонда төмендейді. Ал қазір жемқорлықтың екі инструменті бар. Олар: қос стандарт және протекционизм. Денсаулық сақтау жүйесіндегі жетекшілер жемқорлыққа қатысы жоқ деп кім айта алады? Олардың жемқорлыққа батқанын екі секундта дәлелдей аламын.

– Қалайша?

– Ол оп-оңай. Мемлекеттік сатып алуларды қараңыз да, сатып алынатын тауардың өзіндік құнымен салыстырыңыз. Мысалы, модульді инфекциялық ауруханаларға бірнеше миллиард доллар жұмсады. Былтыр наурызда аурухана салмай-ақ бұл ақшаны жекеменшік ауруханаларға бес жылға берсеңдер, ауруханалар науқастарды емдейді дегенмін.

Міндетті медициналық сақтандыруды ұсынғанда, мемлекет барша жұртты аурудан емдеп, сақтандырады делінді. Алайда іс жүзінде сақтандырмайтын болып шықты. Неге десеңіз, сақтандыру компаниясы өзін дефолттан қорғау үшін ақшаның он пайызын қайта сақтандыруға бағыттауы керек. Ал эпидемия – кез келген денсаулық сақтау жүйесі үшін дефолт. Егер мемлекет сақтандыру қорындағы ақшаны қайта сақтандыруға бағыттаса, пандемия кезінде мемлекет бір тиын да жұмсамас еді. Бірақ олай жасамады. Сонда мемлекетті кім тонаған болып шығады? Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының құрылтайшылары кімдер? Сол қордың директорлар кеңесінде кімдер отыр? Ол – денсаулық сақтау министрлігі.

– Жандарбек Бекшин сондай-ақ егер сіздер ПТР-ды заңсыз алып келсеңіздер, мемлекеттік кіріс комитеті департаменті оны тексеріп, бәлкім...

– Бизнесті тартып алмақ...

– Жоқ, заңсыз табысты анықтаса, сол табыс алынатынын айтты.

– Табыс, бизнес... Осыған дейінгі министрлер, бұрынғы министр де, бәрі осыны айтты. ПТР тесті клиникалық-диагностикалық немесе бактериолггиялық лицензияң болса, жасай беруге болады. Бізде ВИЧ-тен өзге вирустардың диагностикасына лицензия берілмейді. Бізде жалпы клиникалық лицензия бар. Бәрі осының ішінде деген сөз. Заң бойынша, рұқсат етуші органдар нормативті-құқықтық актілерде көрсетілмеген құжаттарды талап ете алмайды. Жоқ нәрсені сұраса, бұл рэкетпен тең.

– Жоғарыда бизнесті тартып алмақ деп қалдыңыз. Расында да, солай ойлайсыз ба?

– Иә, бизнесті тартып алудың түрлі жолы бар. Бизнесті тартып алу үшін оны өз атыңа жазып алу міндет емес. Оған қарсы өз бизнесіңді қойып, барынша кедергі келтіріп, жұмыс істеуге мүмкіндік бермей тұншықтыруға болады. ПТР-ге лицензия керек емес екенін Бекшин білмейді емес, біледі. Енді басқаша сөйлегеніне қарағанда, оған біреу қысым көрсеткен сияқты. Жалпы, Бекшинге  әкім, министр ықпал ете алады немесе өзі сондай шешім қабылдайды.

Редакциядан. Malim.kz "Сұңқар" медициналық орталығының бас директоры Қуаныш Керімқұловпен сұхбаттан соң Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшинге хабарласып, мәселенің мән-жайын білмек болды. "ПТР тест алу үшін клиникалық-диагностикалық немесе бактериологиялық лицензия болсаң жеткілікті ме, әлде басқа рұқсат керек пе?" деген сұрағымызға Жандарбек Бекшин: "Лицензия емес, 1-4-топтардағы патогендермен жұмыс істеуге тәртіптік комиссияның рұқсаты керек" деп қысқа қайырып, телефон тұтқасын қоя салды. Қосымша сұрақтар қою үшін қайтара хабарласқанымызбен, Жандарбек Мұхтарұлы телефон тұтқасын көтермей қойды. Алматы қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен оның басшысы Жандарбек Бекшин сұхбатта айтылған жайттарға жауап береміз десе, malim.kz олардың уәжін тыңдауға дайын.

 

Байланысты жаналықтар

Қазақстан «сары» аймаққа көшсе Үкімет қандай шара қабылдайды?  

01.07.2022

Маска режимі қайта оралуы мүмкін  

30.06.2022

Денсаулық сақтау министрі жаңа болжамын жариялады

12.01.2022

Бекшин зейнетке шықпақ

24.12.2021

Жақын күндері “омикрон” келеді деп күтіп отырмыз - Бабақұмаров

23.12.2021

Вакцина мен дақпырт: Сіз қайсысына сенесіз?

20.12.2021
MalimBlocks
Қазақстан «сары» аймаққа көшсе Үкімет қандай шара қабылдайды?  

Маусымның ортасынан бастап коронавирус жұқтырғандар саны  артқан

Маска режимі қайта оралуы мүмкін  

Ауру жұқтырғандар саны тәулігіне 100 адамға дейін жетіп отыр

Денсаулық сақтау министрі жаңа болжамын жариялады

Бекшин зейнетке шықпақ

Жақын күндері “омикрон” келеді деп күтіп отырмыз - Бабақұмаров

Вакцина мен дақпырт: Сіз қайсысына сенесіз?