Ешкіден 42 түрлі өнім алып отыр

Malim Админ

  • 25.03.2021

«Есің кетсе ешкі жи» дегенді қазақ не үшін айтты екен? Сірә, тез көбейетіні үшін ғана емес болар. Саусаң сүт, кисең киім, жесең ет... Тек, жылы қора, тиісті күтім болса болды. Нәзіктеу болғанмен қатты бір аяз бен боранда болмаса, қысты күні де қар тебе беретін түлік. Көп жағдайда қоймен қосақтап бағып, қосарлап айта салатын бұл түлік заман ауысқан сайын өзінше бір шаруашылық, өзінше үлкен кәсіп көзі бола алатынын дәлелдеп келеді. Қазір осы ешкі сүтінің емдік қасиетін жиі айтатын болып жүрміз. Жасыратыны жоқ, сәбиін тойдыра алмаған аналар да ешкі сүтін жер түбінен болса да алдырып, баласын тойдырып отыр. Оның сыры – ешкі сүтінде ана сүтінде бар дәрумендердің көбі бар. Бала асқазанында тез қорытылады, оңай сіңеді. Одан бөлек, дәл қыс көзі қырауда болмаса да, күздің қара суығында ешкі жегенді жақсы көрген қазақ, қазір де ешкі етінен бас тарта қоймайды. Оның үстіне, соңғы кездері ешкінің шөпті талғап жейтінін, талмап жайылатынын, тау-тасқа өрмелеп жүріп, өзге түліктің аузына түсе бермейтін шөптерді жейтінін, сондықтан, оның етінде де дәрумен көп екені зерттелді. Міне, осының бәрі ешкіге деген сұранысты арттырып келеді.

Ешкі шаруашылығымен 2016 жылдан бері айналысып келе жатқан Ақмола облысындағы «Зеренді» асыл тұқымды мал шаруашылығы» ЖШС. Бұл «Зеренді» жай ешкі бақпайды, асыл тұқымды ешкі өсіреді. Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында құрылған. Қазақстандағы ең ірі ешкі фермасы. Нидерландыдан 300 бас заанен тұқымды ешкісі әкелінген, қазір көбейіп, мыңнан асқан. Шаруашылық қазіргі таңда 700 ешкі сауып отыр. Одан жылына 350 тонна сүт сауылып, өңделеді. Заманауи техникамен толықтай жабдықталған ферма ірімшік, сүзбе, йогурт, айран бастаған 42 түрлі өнім өндіріп отыр. Ешкі сүтінен 42 түрлі өнім алу дегеніңіз, былай қарағанда, ешкіге екінші сортты түлік ретінде қарайтын қазақтың түсіне де кірмеген болар. Дегенмен, кезінде қойды да сауған ел, ешкіден бұдан да көп өнім алмағанын қайдан білеміз...

Бұл шаруашылықта тазалыққа, гигиеналық талаптарға қатты мән беріледі. Ешкінің желіні әр сауылған кезде екі рет жуылады. Италиялық арнайы сауу құрылғылары алынған. Бұған және жем-шөп беру процедураларына ерекше мән беріледі. Өйткені, ешкінің сүтіне, өзіне, етіне деген сұраныс ел ішінде ғана емес, зор экспорттық сұранысқа ие. Шаруашылық иелері болашақта осы экспортқа шығуды көздейді. Және өз әлеуеттеріне әбден сенімді. Өніміңді тез өткізу үшін ішкі-сыртқы нарықты жіті зерттеп отыру маңызды дейді. Қазір шетелде гастрономия мен диетология саласында ешкі сүті жиі айтылатын болып жүр. Осының арқасында, шаруашылыққа тапсырыстар да түсе бастаған.

«Қандай өнімдерге басымдық берілетінін нарықтың өзі анықтайды. «Яғни, тұтынушылық сұраныс ұсынысқа әсер етеді, қай өнімге сұраныс жоғары сол өнімге басымдық береміз. Өнім желісіндегі ең қиын нәрсе-ірімшік. Біз жабдықтар сатып алған италиялық компанияның ірімшік жасауда жүздеген жылғы тәжірибесі бар, олардан біздің мамандар үйреніп келді. Әлі күнге дейін рецепт пен технология жетілдірілуде. Бұл процесс бір уақытта тоқтатылуы екіталай. Сіз өте жақсы ірімшік жасай аласыз, ол қымбатқа түседі, ал адамдар арзан өнімді сатып алуға тырысады. Ал ірімшік, егер ол сапалы және сүттен жасалған болса, арзан болмайды. Сондықтан, біз ең бірінші тұтынушының сұранысына жұмыс істеуге тарысамыз», - дейді шаруашылық басшысы Ермек Ұлықпанов.

Қазір шаруашылық өнімдерін алдымен Ақмола облысы мен елордаға жөнелтіп жатыр, одан артылғаны өзге өңірлерге таратылады. Кез келген кәсіпте ең басты сынақ алғашқы бес жыл десек, шаруашылық 2021 жылы толық қарқынмен жұмыс істейтін болып жоспарлаған. Ол межені бағындырған, ендігі меже ешкі санын 5 мыңға жеткізу. Одан ары ешкі шаруашылығы саласындағы жетекші шаруашылық ретінде болашақта елде ешкі өсірем деушілерге қолдау көрсетуді де ойға алып отыр.