Ұлттық спорт түрлері мектептен басталуға тиіс

Malim Админ

  • 10.03.2021

Бұрын ауыл-ауылдарда көкпар беретін, бірақ, соның көбі адыр-адырды, тау-тауды қуалап, ешқандай жүйесіз өтетін. Тіпті, ауыл ішіне кіріп кететін жағдайлар да болған. Бірақ, оның өзі ерекше қызық өтетін. Ауыл-ауыл болып, көкпарды өз жағына тартып, жеткізбей кетуге тырысатын. Қазір де жаз жайлауда отырған ел көкпарсыз отыра алмайды. Көрші отырған малшылар  күнде болмаса да ара-тұра бел жазып алады. Дегенмен, мұны бәрі бір бұқаралық деңгейде, мемлекеттік деңгейде деп айту қиын. Сондықтан да, соңғы жылдары енгізілген көкпардың жаңа ережесі бұл спортты халықаралық дәрежеде насихаттауға мүмкіндік берді.

Көкпар ғана емес, қазірде барлық ұлттық спорт түрлерін кең көлемде насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Қазақ барысынан» басталып, «Азия барысы», «Еуразия барысы», «Әлем барысы» турнирлеріне ұласқан қазақша күресті ерекше айта кету керек. Алдағы уақытта қазақ күресі олимпиада ойындарына енгізіліп қала ма деген арман да жоқ емес. Әрине, ол болашақтың үлесіндегі дүние. Елдің, ұлттың ерекшелігін танытатын ұлттық спорт түрлерін дамыту, алдымен, сол елдің рухын көтеруге жұмыс істейді. Сондықтан да ұлттық спорт түрлерін дамыту, оны заманға сай лайықтау, жаңа ережелер енгізу сияқты жұмыстар мемлекеттің, оның ішінде осы салаға жауапты мәдениет және спорт министрлігінің назарынан тыс қалмауға тиіс.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың бұйрығына сәйкес Ұлттық спорт түрлерінің тізбесі бекітілді. Жаңа бұйрық бойынша Аударыспақ, Асық ату, Бәйге, Жамбы ату, Жекпе-жек, Көкпар, Қазақ күресі, Құсбегілік, Тоғызқұмалақ ұлттық спорт түрлерінің тізбесіне еніп отыр.

Қазір аударыспақ бойынша да арнайы турнирлер жиі өтіп тұрады. Оның жеңімпаздары да елге кеңінен насихатталып жүр. Және бұл сайыстың ерекшелігі де жиі сөз болады. Аударыспақ – ат спортына жататындықтан, бұд спортта атқа мәне білудің маңызы зор. Мәселен, Шымкентте өткен аударыспақ сайысында екінші орын алған Жасұлан Жәлімбетов бұл сайыста спортшы үшін әрбір минут маңызды екенін айтады.

«Әркімнің өз әдісі бар. Мысалы, белден, білектен және аяқтан тарту әдістерін қолдана отырып, қарсыласыңды аттан аударып түсіруге назар аударылады. Сайыс барысында атпен секіріп ұруға, жалынан ұстауға тыйым салынған. Қолды, саусақты қайыруға және беттен ұруға болмайды. Екі қолдап ердің басынан ұстауға да рұқсат жоқ. Осы ережелерді естен шығармай, аттың үстінде күш сынасу – ерлікпен тең. Ойын кезінде ат тоқтамай айналып, икеміңе көне қалуы маңызды. Берілетін уақыт – 5 минут. Егер сол уақытта ештеңе шешілмесе, онда белдестіру болады», – дейді Жасұлан.

Міне, осындай спорт түрімен айналысу үшін спортшыға ең алдымен өзіне үйренген, арнайы жаттыққан белді ат керек. Сондықтан, мұнда тек білек қана емес, атбегілік, біліктілік мәселесі де сынға түседі. Көкпарда да солай. Ал енді, жүзден –жүйрік, мыңнан – тұлпар анықталатын бәйгенің жөні тіпті бөлек. Аламанға ат жаратпай отырған ауыл кемде кем. Десе де, оны да ас пен тойда ат жүгіртіп қойып, насихаттап жүрмін деуге болмайды. Арнайы бәйгелер, чемпионаттар өткізбей болмайды. Ал, асық атуды – жай ғана баланың ойыны деп емес, оған спорт ретінде қарау үлкен жетістік, тіпті, зор мәдениет деп бағалануы тиіс. Басқасы басқа, ұлттық спорт түрлерінің тізіміне асықтың кіруі – бұл тараптағы атқарылып жатқан жұмыстардың орасан екенін көрсетсе керек.

Ұлттық спорт түрлері тізбесіне енген тоғыз спорт түрі қазақта бар барлық ұлттық спорттың түрі емес. Бұл әзірге бекітілген тізім. Алдағы уақытта бұл тізім кеңейе түсуі мүмкін. Өйткені, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуы бойынша ұлттық спорттың 20-дан астам түрі бар. Солардың негізгілерін насихаттауды мықтап қолға алуға тиіспіз. Қалғаны өз кезегімен. Мәселен, осы аталған спорт түрлерінің ішінен кейбірін мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі жиі сөз болып жүр. Мәселен, министр осы желтоқсан айында ғана бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырсында:

«Ұлттық спорттың 20-дан астам түрі бар. Заң жобасы бойынша білім беру ұйымдарына ұлттық спорт түрлерін оқу бағдарламаларына міндетті компонент ретінде енгізу туралы жұмыс пысықталып жатыр. Осы орайда кезең-кезеңмен іске асыру қадамдары қарыстырылып отыр. Қазіргі кезде тиісті тектіктер ескеріліп, нормативтік-құқықтық актілер әзірленді. Сонымен қатар, аударыспақ, көкпар, жамбы ату, жекпе-жек сияқты ұлттық спорт түрлерінен оқушылар денсаулығына зақым келмейтін жаттығулары мен элементтерін енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бұл қадамдар кезең-кезеңмен іске асырылады», - деген.

Қазір мектеп бағдарламасына асық ату, тоғыз құмалақ, қазақ күресін енгізу жоспарланып отыр. Ал, болашақта бұл тізімнен қазақ үшін ұмыт бола бастаған жамбы ату сияқты спорт түрлері де енгізіліп жатса, нұр үстіне нұр.

Байланысты жаналықтар

Наурызнама онкүндігі: бүгін - Ұлттық спорт күні

19.03.2024

Неміс баласы Николай командалық көкпарға қатысқысы келеді

24.03.2023

Ұлттық спорт қауымдастығының Алқа отырысы өтті  

27.01.2023

Ұлттық спорттың оңалуы. 2022 жыл несімен есте қалды?

24.12.2022

Қысқы көкпар көріністері (фоторепортаж)

03.02.2021
MalimBlocks
Наурызнама онкүндігі: бүгін - Ұлттық спорт күні

Бұл күнді Астана мен Алматы халқы қалай тойлайды?

Неміс баласы Николай командалық көкпарға қатысқысы келеді

Николай Наурыз мейрамына орай тосын сый алды

Ұлттық спорт қауымдастығының Алқа отырысы өтті  

Қазақстанның көшпелі мәдениеті мен имиджін шетелде дамытуды  көздейтін жоспарлар бар

Ұлттық спорттың оңалуы. 2022 жыл несімен есте қалды?

Ұлттық спорт жанашырлары мен жанкүйерлері үшін биыл олжалы жыл болды деп айтуға болады.

Қысқы көкпар көріністері (фоторепортаж)