"Болашақ" бағдарламасы: Құжат тапсыру мен іріктеу онлайн форматта өтеді

Malim Админ

  • 19.03.2021

Биыл "Болашақ" халықаралық шәкіртақысына 28 жыл толады. Осы жылдардың ішінде "Болашақ" шәкіртақысы дамудың бірнеше үлкен кезеңін өткерді. Соңғы өзгерістер бойынша, Болашақ шәкіртақысына үміткерлерді іріктеу цифрландырылып, онлайн режимде өтетін болды.

Іріктеу конкурсына кімдер қатыса алатыны және қандай құжаттар қажет екені "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ның сайтында көрсетілген.  Былтырғы жылғы өзгеріс бойынша, "Болашақ" халықаралық шәкіртақысының магистратура бағдарламасына іріктеуге шетелдегі жоғары оқу орнынан шартсыз қабылдану жөнінде шақырту алғандар мен ауылды елдімекендерден шыққан үміткерлер қатыса алады. Ауылды елдімекендерде соңғы үш жыл тұрған және онда екі жыл жұмыс істеген үміткерлерге тіл курсынан өтуге мүмкіндік беріледі.  "Болашақ" бойынша докторантура мен резидентура бағдарламасында оқу үшін үміткерлердің қолында шетелдік ЖОО-дан шартсыз шақырту болуы тиіс. Ғылыми-педагогикалық, инженерлік-техникалық, денсаулық сақтау саласы мен мемлекеттік қызметкерлер "Болашақ" бойынша тағылымдамадан өте алады. Ол үшін тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымның шартсыз шақырту болуы шарт.

"Болашақ" бағдарламасына құжат тапсыру үкіметтің электронды порталы арқылы іске асады. "Жеке кабинетте" конкурсқа қатысуға өтініш білдіріп, құжат тапсырған әр үміткерге арнайы код беріледі. Конкурстық іріктеу кезінде үміткердің аты-жөні емес, осы код көрсетіледі. Барлық құжат тапсырылған соң, қызметті сұратқан азаматтың "жеке кабинетіне" қабылдаған өтініштің статусы мен мемлекеттік қызметтің көрсетілген күні мен уақыты туралы хабарлама келіп түседі.

Қызметті беруші – "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ қызмет алушының құжаттары тіркелген күннен бастап бір жұмыс күннің ішінде құжаттардың толық-толық еместігін тексереді.

Құжаттар толық болмаған жағдайда қызметті беруші өтінішті кері қайтарып, нендей құжаттардың толық болмағанын түсіндіреді. Құжаттар толық болған жағдайда өтініш берушіге конкурстық іріктеуге жіберілгені жайлы хабарлама келеді.

Бұл жүйе үміткерлер үшін өте ыңғайлы. Қазақстанның кез келген түкпірінде отырған үміткер уақыт құртпай-ақ құжаттарын онлайн тапсыра алады. Бір құжатты тіркеуді ұмытып кетсе, өтініші кері қайтарылған соң, оны толықтырып, қайта жібере алады.

Конкурстық іріктеуге өттіңіз деген хабарлама келген мезеттен бастап өтініш беруші үміткерге айналады. Үміткерлер үшін тағы бір жағымды жаңалық, конкурстық іріктеу де онлайн режимде өтеді. Үміткер үшін онлайн платформадағы жеке кабинетке бүкіл хабарламалар түседі.  Үміткер қай күні қандай іріктеу болатынын біле алады.

Конкурстық іріктеу бұрын алты турдан тұрса, қазір бірнеше турдан тұрады. Әрбір турдың алдында,  кемі бес күн үміткердің жеке кабинетіне хабарландыру келеді.

Конкурстың алғашқы турында кешенді тестілеу өтеді. Бұл тест вербальді және сан түріндегі ақпаратты аз уақыттың ішінде талдай алу қабілетін тексереді. Үміткердің шетелде оқуға психологиялық дайындығы,  ортаға бейімделе алуы, коммуникация жасай алу тәрізді жеке тұлғалық қарым-қабілеті анықталады. Бұл тест білімді тексермейтіндіктен, оған арнайы дайындықтың қажеті жоқ. Дегенмен осы тестегі тапсырмаларға ұқсас сұрақтарға жауап беріп, дайындалсаңыз болады.

Кешенді тест кезінде бір тест түрінен басқасынан өткенде алдын ала жоспарлы үзіліске шығуға болады, бірақ тест өтіп жатқан кезде үзіліс жасауға болмайды. Тест кезінде қалам, қағаз қолдануға рұқсат, бірақ смартфон, гаджет, калькулятор қолдануға тыйым салынады. Тест кезінде аудио және бейне жазба жүретіндіктен, браузерді жабуға тыйым салынған.

Ең бастысы, Тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен әңгімелесу де онлайн режимде өтеді. Үміткер сұхбат күні мен уақытын өз бетінше таңдай алады. Тәуелсіз сарапшылар комиссиясы үміткерлерге таңдаған мамандық бойынша біліктілік пен теориялық білімді тексеретін сұрақтар, дайындық деңгейі мен мамандықты дұрыс таңдағанын түсіндіру мен оны дәлелдей алу, базалық білім деңгейі тексеріледі.

Бұл үшін үміткер өзінің не себепті бұл мамандық пен оқу орны және оқитын елді таңдағанын негіздеп айтып беруге дайын болуы тиіс. Сондай-ақ мамандық бойынша сұрақтарға жауап беруге дайын болғаны жөн.

Осы екі тур: кешенді тестілеу мен Тәуелсіз сарапшылар комиссиямен сұхбат нәтижесі шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияға беріледі. Республикалық комиссия алдыңғы екі турдың нәтижесіне қарап, қандай үміткерлерге шәкіртақы берілетінін шешеді.

Осылайша, онлайн іріктеу бір жағынан пандемия кезінде аурудың алдын алуға септігін тигізетін, үміткерлерді індеттен қорғайтын шара. Үміткерлер құжат тапсыру мен іріктеуден өту үшін Нұр-Сұлтанға жол жүріп шығындалмайды. Екінші жағынан адам факторын барынша азайтып, конкурстың әділ, ашық және объективті өтуін қамтамасыз етеді. Құжаттарды онлайн тапсыру бюрократиялық процедураларды азайтып, барша үміткерге тең мүмкіндік тудырды. Оның үстіне іріктеудің бүкіл кезеңдері аудио және видеоға жазылатындықтан, үміткерлер смартфон, гаджет, шпор тәрізді дүниелерді қолдана алмайды. Қимыл-қозғалыс пен бұзушылықтың бәрі бірден видеода көрінеді. Әрі үміткер іріктеу жүріп жатқанда браузерде басқа парақшаны ашып, ақпарат іздей алмайды. Браузер жабылып қалған жағдайда үміткер автоматты түрде конкурстан шығарылып, нәтижесі жойылады.

Осы күнге дейін "Халықаралық бағдарламалар" АҚ 13976 адамға шәкіртақы тағайындады, 10 903 адам "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуды тәмамдап, елге оралды. Оның 7486-сы еңбек өтілімі бойынша міндеттемесін орындады, қалған еңбек өтілі бойынша 3289 адам міндеттемесін орындап жүр.  1042 адам – дәл қазір шетелде білім алып жүрген немесе оқуға орналасып жүрген стипендиаттар.

 

 

 

 

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

22.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

22.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

22.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады