Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй

Malim Админ

  • 02.04.2021

Алматының аэропорт жақ шетіндегі қушиған, шолақ көшелерде – кілең ескі үйлер. Әрқайсысында бір-бір иттен бар. Ауладағы, көшедегі «жаңалықты» бірден хабарлайтын да солар. Әрине, тегі мен тәжірибесіне қарай жеткізу тәсілі әртүрлі.  Әсима әжейдің Тузигі де сондай амалдан құралақан емес.

Сол Тузик аяқастынан шәуілдеді де, тына қалды. Ә-ә, «құрдас» келе жатыр. Басқа біреу болса Тузик өршеленіп, жуық арада тоқтамайды. Көп жылдан бергі көршісі Нина Федоровнаны немерелері «баба Нина» десе, есіміне әкесінің атын қосақтап жатуды қиынсынатын Әсима әжей кейде «құрдас», кейде «Нійнішке» деп оңайлатып атайды. Оған құрбысы да мәз, қашан көрсе де, «құрдас, құрдас» деп жаны қалмай жүргені. Қазақшаға судай. Қолы тисе келіп-кетіп, шүйіркелесіп тұрады. «Сен біздің үйге келмейсің» деп наз артқанымен, ренжімейді, етжеңді денесіне қарамай, елгезек, үнемі бас сұғып, халін сұрайды.

Ішкі жағынан жабылатын сықырлауық ағаш қақпаның саңылауынан қолын сұғып, тиекті жылжытып ашуды көрсетіп қойған, өзі шығып әуреленбейді.

Басқаларға өршеленіп, жеп қоярдай аласұратын үшкір тұмсық, шақар ақ кәндек Тузик «бұ кім?» деп сұрағандай шәу-шәу еткенімен, «құрдасты» иісінен-ақ сезеді. «Тузик, бұл мен» деген таныс дауыстан майдай еріп, «ыҺ-ыһылап» қоя береді. Құлақтары елеңдеп, бір көтеріліп, бір басылып, құйрықтары бұлтың-бұлтың етіп арсалаңдап, қақпаның алдында ерсілі-қарсылы жүгіреді кеп. Соған қарап кімнің келгенін Әсима әжей көше жаққа қараған асүйдің терезесінен көріп-ақ біле қояды. Әне, Нина Федоровна көрінді. Қоңыр пәлтесі тізесін соғып, қалтасынан бірдеңе шығарды. Аузын ашып арсалаңдап, аяғына оратылған ақ кәндекті сипалап-сипалап алды:

– Ақылы бар өзінің, кә-кә, мә.

Тузик тыпыршып, бір орнында тұра алмай, шыркөбелек айналып әлек. Осы ит болмаса, әжейдің бір дүниесі жетпей тұрғандай көңілінен алаң кетпес еді.

Әне, есік бірқалыпты баппен жайлап ашылды. Тек Нина Федоровна ғана осылай ашады. Есікті жаны ашығандай баппен, жайлап ашқанынан-ақ осы үйді құрметтейтін адамның кіріп келе жатқанын іші сезетін әжей шай қоя бастайды. Бір-екі кесе ішкеннен кейін барлай қарап алған көршісі бүгін байсалды әңгімеге ойысты.

– Құрдас, қобалжыма. Бізбен бірге Ресейге көшсеңші. Бармайын десем, ұлым Коля қоятын емес. О жақтан тұратын үй де, жұмыс та тауып қойыпты. Екеуміз бірге тұрамыз. Балалар өздері бөлек. Былайғылар не деп оттаса да, өздері біледі.  – Нина Федоровна сақтана сөйледі. – Кіші немерең күйеуімен Ресейге көшіп кеткен деп ең ғой. Саған келіп тұруына оңай.

– Нійнішке, «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген. Тамағымды тойдырам деп, еріп кете берем бе?! Ата-бабамның, зайыбымның сүйегі жатқан жерді, өсіп-өнген мына елімді қалай қиып тастап кетемін? – деген әжей қабағын түйіп, басын шайқады.

– Ой, ой, кешір. Жүрегіңді ауыртайын деп ойлаған жоқпын. Қайтсе, жақсы болады деген далбаса ғой менікі, – Нина Федоровна қалбалақтап, орнынан тұрып кетті. Жабырқап қалған құрбысын бір құшақтады да, қайта отырды. – Сені мұнда қалай жападан жалғыз қалдырам?  Мазам кетіп жүр.

– «Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Жүдеп отырған жалғыз мен емес. Құдайдың басқа салғанын көрерміз.

– «Адам – өз өмірінің қожасы» деген рас па деймін. Баяғыда елуінші жылдары сонау Сібірден тың игереміз деп комсомолдық жолдамамен Целиноград облысына келемін деп ойладым ба? Құдайға шүкір, жаман болғанымыз жоқ. Тыңнан Алматыға келгенімізге де биыл...  – саусақтарын бүгіп санады, – биыл 1993 жыл ма, тұп-тура 32 жыл болыпты.

– Коляға ол жақтан табылғаны, әйтеуір, дұрыс жұмыс па?

– Иә, әрине. Ол мықты паркетші әрі балташы. Паркеттен «кілем» тоқиды. «Тез кел, жұмыс, заказ көп» деп асықтырып жатыр. Мен ғой, Қазақстанды қимай отырған. Қызым Германияға күйеуге тиіп кетті. Одан пайда жоқ. «Немерелеріммен осында қала берейін» десем, ұлым үзілді-кесілді қарсы. Енді, амал нешік, соның айтқанына көнеміз. Қазақстанға рақмет. Сәбет өкіметінің арқасында бақытты ғұмыр кештік. Енді қандай өмірге тап боламыз, білмеймін. Түсіңе де кірмейтін сұмдық болды бұл. Сәбет өкіметі құлайды деп кім ойлаған? Күні кеше ғана ғой, өзіміз құбыжық көретін капиталист, буржуазия дегендер жер астынан жік шыққандай демде пайда болып еді. Енді кеп сумаңдап,  қойқалаңдап жүр.

– Оу, Нійнишка-оу, оған бас қатырып қайтеміз? Біздің қолда не бар? Кәрі қойдың жасындай жасымыз қалғанда...

– Иә, Әсимішка, екеуден екеу отырып, мемлекеттің шаруасын шешіп тастайтынымызды білсе, бастықтар бізге келіп, «апа, ақылыңызды айтыңызшы» деп өтінер еді, – Нина Федоровна кеңкілдеп күлді.

– Иә, сұрар жамағаттан. Сұрамақ түгіл, есігінен сығалатпайды деп жатыр ғой барып көргендер. «Ел құлағы – елу» деген. Ондай сөздер маған да дүңкілдеп жетіп жатады.

– Әй, бірақ... – Нина Федоровна ренжіңкіреп, басынан асыра көтерген қос қолымен ауаны салып-салып қалды. – Не десең, о де. Капитализм дегенге еш келісе алмаймын. Адамды адамның қанауына жол берілсе, мыңдаған жылдар бойғы күрестен не шықты?

– Нійнішке, оның бәрі заңға байланысты. Жарайды, қойшы. Доғарайық бұл әңгімені. Онсыз да ауырыңқырап отырмын. Басым қатып кетті. Кешегі күннің бәрі бүгінгілерге ертек сияқты. Әттең, қу дүние-ай. Мен бір әке-шешеден он ағайынды едім. Жалғыз қалдым. Менен басқасының бәрі 1932 жылғы аштықта қырылды. Солардың өтеуі қайда? Неге сонша қорлады бізді?

– Мәссаға-ан, солай ма еді? – Нина Федоровна үркіп, алақанымен жүрек тұсын ұстады. – Аштық туралы талай естідік. Бірақ тура сен айтқандай сұмдық деп ойлаған жоқпын. Біздің Сібірде де аштық жайлаған. Бірақ өзендер мен ормандардан несібе теруге мүмкіндік бар еді.

– Ал бізде күн көріп отырған ауылдағы азын-аулақ малдан тігерге тұяқ қалдырмай, тартып алып кеткен соң, жұрт аштан қырыла бастады. Алматыға жетеміз, қайыр сұрасақ та, аштан өлмеспіз деп едік. Қайдан, жолда шешем екеумізден басқасының бәрі көз жұмды. Алматының шетіне іліккенде, шешем жан тапсырды. Ғабдулвалиев деген бұрынғы көпестің сауда үйінен екі жүз қадамдай жерде, қазіргі Жібек жолы көшесіндегі «Қызыл таң» деген дүкеннің төменгі жағында, есім кіресілі-шығасылы жатқан жерімнен бір жас жігіт көріп, үйіне әкеліп, әупіріммен аман қалдым.

– Бұған дейін қалай естімегем, неге айтпағансың?

– Айтуға қорықтық. Айтсаң, ұстап әкетеді деп, екі елі аузымызға төрт елі қақпақ қойылғанын өзің де жақсы білесің. Горбачев келіп, сексен бесінші жылдан бері қарай жариялылық деп, талай былық-шылықтың басын ашып жатқан жоқ па?

– Ол рас енді. Отызыншы жылдары Сібірде де солай болатын. Жазықсыз қаншама адамды алып кетті. Оралған ешқайсысы жоқ. Айтпақшы, сені құтқарған жаңағы жігіт аман қалды ма?

– Иә, ол менің күйеуім Жарас қой. Есімді жиып, өз-өзіме келген соң, сол жылы Жарастың етегінен ұстадым.

– Отыз сегізінші жылы «халық жауы» деп ұсталып, атылды деген Жарасың ба?

– Иә. Құдай көп көрді ме, ажал аузынан аман алып қалған асылымнан айырылдым, көзімнен қанды жас ақты. Тұла бойы тұңғышым отыз үшінші жылы дүниеге келді. Өткір, батыл жігіт болсын деп, әкесі Қанжар деп жаздырды атын. Екі жылдан кейін қызым Күләйді тудым. Ақыры, міне, екі немеремнен басқа ешкімім қалмады. Тағдырдың ісіне не шара...

– Кейінгі жағдайды білем ғой. Ұлдан да, қыздан да айырылу... Құдай басқа бермесін. Немерелерің бар, әлде де көрер жарығың бар, күдер үзуге болмайды.

– Қайтем енді? Бәрі солар үшін деймін дә. Бірақ балаларым өліп, өзім солардың артында сорлап қалам деп ойладым ба? – Әсима әжей кемсеңдеп, алақанымен бетін жапты. Нина Федоровна орындығын қасына тақап, кең  құшағына алды да, тез-тез орысша сөйлеп кетті:

– Не плачь, пожалуйста, не плачь. Прошу тебе...  Қайғы шөктіреді. Мына  шайдан ұрттап жіберші.

* **

Кейін институт бітірген Қанжар үйленді. Әжей келінінің сиқын көріп, іштей қарны ашса да, үндей алмады. Жалғыз ұлдың қалауы сол болса, не амал бар? Не қазақ, не орыс емес, әлденеше ұлттың қаны араласқан келін өзі де нақты қай ұлт екенін айта алмай, ыржалақтай береді. Аты да қазақша емес: Таися, мамандығы – бухгалтер. Тойдан кейін үйде бір-ақ апта тұрды да, «ақша табамыз» деп, екеуі қол ұстасып Камчатка жаққа кетті.

Үлкен немересі Света дүниеге келген соң, Алматыға оралды. Ол жүруге жарағаннан кейін қайта кетті. Араға үш жыл салып, 1967 жылы Мария туды да, «витамин жетпейді, жеміс, көкөніс керек» деп, Алматыға біржолата қайтты. Бірақ Қанжар әбден суыққа ұрыныпты. Дәрігерлер диагнозын туберкулез деп шошытты да, жанталаса емдеуге кірісті. Бірақ ажырасуға ден қойған Таися бет бақтырмады: «Қыздарыма жұқтырасың!» деп. Онымен салғыласуға құлқы жоқ, соттасуға шамасы жоқ дімкәс Қанжар орталықтағы үш бөлмелі пәтерді соларға тастап, шешесінің қолына келді. Қыздарынан тірідей айырылған жігіт науқастығына қарамай, араққа салынды. Қойдыра алмады. Жүрегі қан жыласа да, шыдап бақты. Сырты бүтін, іші түтін жылдар ұзаққа созылған ауыр сынақтың жалғасындай үнемі мүжіп әлсіретсе де, мұқалмай, ұрпақтарының есендігін тілеп, «бір аштықтың бір тоқтығы бар шығар» деп күдер үзбеді.

***

Сол күні үйде Күләй екеуі ғана еді. Ауаны күйдіріп, адамды қуырып жіберердей шыжыған шілде. Қанжар таң атар-атпастан өз суаты – сыраханаға бет алған. Күнде ертемен тұрып шай қоятын Күләйдің даусы шықпағанға «ауырып қалды ма?» деп алаңдап, қызы жататын оңаша бөлмеге бас сұқты. Расында, сырқаттанып қалыпты.

– Мама, кеудем ысып, басым ауырып жатыр. Кешір, саған шай да дайындай алмадым бүгін, – деді қызы қинала. Жасы қырықтан асса да, жеті жасар баладай кішкене Күләй шидей арық, құр сүйек. Әзер жылжитын қаңқа сияқты. Шодырайған омыртқасынан, құныстығынан қорынып, көшеге көп шықпай, ешкім жоқта ауланың ішінде ғана гүлдерге су құйып, алма бақтың ішін бүкірейіп аралап жүретін. Бүгінгі жатысы біртүрлі сұлық, онсыз да қысық көзі жұмулы, көзілдірігі қасындағы тумбочкада жатыр. Ернін тигізіп еді, маңдайы күйіп тұр.

– Ойбу, салқын тиіп қалған ба? Қазір дәрі берейін.

– Мама, әзірге керегі жоқ, дәрі жүрегімді айнытады. Біраз ұйықтайыншы. Онсыз да жазылармын. Түске дейін демалайын. Сосын көрерміз, – деді Күләй ауыр демалып.

– Жарайды, жаным. Ұйықтай ғой. – Есікті ақырын жауып, жайлап жылыстап шығып кетті. Жалғыз ішкен шайы шай болмады, жүрегі өрекпіп, не істеп, не қойғанын білмей, аулаға бір шығып, үйге бір кіріп, мазасы кетті.

Сағат түскі бір болды. Әлі тұрған жоқ. Қатты ұйықтап жатыр-ау, шамасы. Ұйқысы қанса кәдімгідей тынығып, әл жинап қалар. Сағат екі болды. Үйге кіріп-шығып жүріп тың тыңдайды. Тырс еткен дыбыс жоқ. Қарны ашты-ау. Түнімен жөнді ұйықтай алмай,  шаршады ма екен? Сағат үш. Қой, не де болса оятайын. Жүрек жалғап алсын.

Бөлменің есігін абайлап ашып еді, қызының көздері ашық жатыр. «Оянып алғансың ба?» деп айтуға оқтала бергенде, жүрегі су етті. Мұздай суық көздері қорқынышты бірдеңе көріп тұрғандай төбеге қарап қадалып қалған, кірпік қақпайды.

– Ой-ба-ай, құдай, құдай-ау, Күләйім-ау... – шешесі қызын құшақтап, боздап қоя берді.

Көздері жасқа шыланып, еңіреген шеше терең көлдің астына дік етіп түсіп, беймәлім, бұлыңғыр дүниенің ішіне кенет еніп кеткеніне шошынғандай, қолдарын мағынасыз ербеңдете берді. Буалдырланған әлемдегі жалғыз тиянақ – қызын іздегендей қарманғанымен, тірек таба алмай, қолдары ербең-ербең етіп, әлсіреген даусымен бірге қисайып барып құлады. Қанша жатқанын білмеді. Есін жиғанда күн кешкіріп қалыпты. Еңіреп жүріп есін жимасқа амалы қалмады. Жедел жәрдемге, Нина Федоровнаға телефон шалып үлгерді.

Удай мас Қанжар түннің бір уағында тәлтіректеп сүйретіліп жетті. «Аа-а, умерла? Жаль. Она мне, я ей никакой поддержки не могли оказать. Хотя, были взаимно обязанные. Очень жаль. – Басын шайқады. – Ну, что ж, придется похоронить», – деді де, өз төсегіне қисалаңдап барып, киімшең құлай кетті.

***

Алыстан шаршап келе жатқандай дауыс құмығып шықты. Қайталанғанда, қаттырақ естілді:

– Светадан хабар бар ма? – Нинаның даусы. Әсима әжей селт етіп, есін жиып алды:

– Таися келін маған ештеңе айтпайды, екі немеремді де бізге жолатпай, олар жатбауыр болып өсті. Қашан екенін ұмыттым, әйтеуір, бір келіп кеткені бар. Оқу бітіріп, жұмысқа тұрғаннан кейін ат ізін салмай қойды. Мүлдем. Италиядағы біреуге тиіпті деп ұзынқұлақтан естігенмін.

– Өкінішті, өкінішті...

– Қанжар туберкулезден жазылып, диабетпен ауырғанда ғой деймін, екі қызының бір жүздескені бар. Қанша дегенмен әкелері емес пе?! Содан қайтып қараларын көрсетпеді. Әкесінің жерлеуіне де келмеді.

– Қанжар қайтқалы біраз болды ғой... Жақсы жігіт еді.

– Одан бері үш жыл өтті. Биыл, міне, 1993 жылдың желтоқсаны. Ә, айтпақшы, әнеугүні Таися бір төбе көрсеткен шай-қантын әкеліп. Түлкі ғой, түлкі. Күлмең-күлмең етеді: «Ренжіп қалған шығарсыз. Бәрі сол сіздің немерелеріңіздің бақыты үшін, апашка. Олар бақытты болмаса, біз қалай бақытты болмақпыз? Олар қуанса, көңіліміз тоқ. Егер Қанжар жұқпалы ауруға шалдықпаса, алшақтамас едік. Сіздің немерелеріңіздің денсаулығы үшін амалсыздан іргемді аулақ салуға тура келді. Қазіргідей емес, ол кезде туберкулез деген жазылуы неғайбыл ауру екенін өзіңіз де білесіз ғой. Менікі «қыздарымыз ауырып қалмасын» деген жандалбаса. Айтпақшы, Мария Москвадан хабарласты. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», әжем үйді көзі тірісінде менің атыма аударып кетсе деген тілегімді жерге тастамайтын шығар» деп телефон соғып, сізге көп-көп сәлем айтты. Бір жағынан, халіңізді білейін деп, екінші жағынан, немерелеріңізге жаным ашығандықтан алдыңызға арнайы келдім», – деді.

– Зымыстан! – Нина Федоровна тістеніп орнынан тұрып кетті. – Сондай адамнан қалай жақсылық күтесің?! Сен түгіл, туған әкесіне көз қырын салмаған қыздардың барынан жоғы... – ашулана қолын сілтеп қалғанда, пәлтенің салбыраған жеңінің лебі желпіп өтті. – Шіріген жұмыртқа олар. Алматыға қолы жете алмай жүрген адам қаншама! Мыңдаған! Арасында өз туыстарың да бар шығар. Егер менімен бірге көшпей, осында қалам десең, үй үшін саған өле-өлгенше қарайтын бір қайырымды қызын қолыңа алып, соған мирас етпейсің бе? Одан басқа дұрыс жол көріп отырған жоқпын.

– Ой, Нійнішке, өз ұрпағым опа бермегенде, басқадан жақсылық күту қиын.

– Құрдас, мен сен үшін ғана алаңдап отырмын. Бұл көшеде екеумізден басқа қазақ пен қазағуар да, кемпір-шал да жоқ. Айналаңның бәрі қалың орыс. Сені жөнді танымайды. Мен кетсем, олардың саған қарайлауы, әй, қайдам. Туысың болса, қалай дегенмен, бүйрегі бұрар еді. Мен баламмен бірге көшіп кетсем, сен жалғызсырап қаласың ба деп қорқамын.

– Қайтем енді. Маңдайыма жазылғаны сол шығар. Айтпақшы... – Әжей шымқай жасыл панбарқыт көйлегінің жеңдерін кезек-кезек түріп, еті қашқан жалаңаш білектерін созды. – Мә, мынау күміс білезік шешемнен қалған. Саған менен естелік болсын. Мәскеуге барасың ба, Сібірге барасың ба – қайда жүрсең де, бізді – Қазақстанды еске алып жүрерсің. Қой деймін, бас тартпа. Бері әкелші білегіңді...

– Неужели, неужели все так неожиданно... так быстро... – Нина Федоровна толқып кетті. Көздері жасаурап, орнынан аса бір құрметпен тұрып, білезікті ала берді. – Неужели расстанемся? Ах, Совет өкіметі неге құлап қалды? Ары-бері көшіп әуре болмай, тып-тыныш шайымызды ішіп отыра беретін едік. Тыныштығымызды кім бұзды, білмеймін. Басшылар бізді – қарапайым елді неге ойламайды? Ойласа өстіп жылатып қояр ма еді? Россия қайда, біз қайда? Қаңғып, көшіп жүрген өмір өмір ме? – Құрбысын құшақтады. – Неужели больше не увидимся. Доживем ли до встречи... – Иығы селкілдеп, жылап қоя берді.

– Жылама, Нійнішке, сен менің көргенімді көрген жоқсың. Көрмей-ақ та қой. Менің көзімнен жас емес, қан аққанын сен білген жоқсың. Заман өзгерген соң ғана тіліміз шешілді. Тәуелсіз ел болдық деп жатырмыз, кім біледі, бұл баянды ма, жоқ па? Күндердің күнінде тағы бір дүрбелең, зауал келмесін деп тілейік одан да. Ұрпақтарымыз жыламасын. Артымызда қалатын ел аман болсын деп тілейік.  Сол елге құт әкелетін ақылды, мейірбан басшылар болсын деп тілейік. Басшының алаяқтығы халыққа жауыздықтан бетер екенін Сәбет өкіметі де, басқа мемлекеттер де көрсетіп, көзімізді жеткізді әбден. Кім біледі, бәлкім, мен қателесіп отырған шығармын. Олай дейін десем, шыққыр көзім көрді ғой, қисапсыз аштан өлгендерді. Оны қалай жасырамыз? Мүмкін емес.

– Жыламайын, құрдас, жыламайын. Кейде қарадай күйіп кетем, өз ішіндегі адамын бір-біріне айдап салатын, бірін біріне аттыратын мемлекет кімге керек деп.

– Ойла-ойлама, біздің қолда түк жоқ. Барған жеріңде бақытты болыңдар, Нійнішке.

Нина Федоровна шәлісін қымтанып, қинала түрегелді:

– Ал, жарайды, құрдас. Мен Ресейге алдымен бір барып келсем деймін. Дайындалып қойғанбыз, ертең ұлым екеуміз жолға шығамыз. Келген соң, өзіңмен дұрыстап қоштасамын. Қазір түріңнен көріп тұрмын, ыстығың көтеріліп ауырып отырсың. Пажалыста, жылы оранып жатшы, дәрің бар ма?

–Бәрі бар. Алаңдамай жолыңа дайындала бер. Бірдеңе болса телефон соғармын.

–Құдай сақтасын, абай бол, өзіңді-өзің сақта. Әлде де ойланып көрсейші. Мүмкін, бірге барармыз?

Әжей езу тартты:

– Ж-оо, Нійнішке, ол болмайтын әңгіме. Қазақтың бір жақсылығы, әлде бір кемшілігі – атажұртын ешқашан қимайтындығында.

– Шетелге қазақтар да көшіп жатыр ғой.

– Е, олар ақша іздегендер шығар. Ақшада Отан болушы ма еді?

Тузик өршелене үріп қоя берді. Екі кемпір бір-біріне қарады: «Келген кім?»

Алдымен қозғалған Нина Федоровна:

- Суық ұстап қалар, отыра бер. Мен барып келейін.

Қақпаны ашқанда, шашын сап-сары ғып бояп алған, төсі қайсы, қарны қайсы екенін ажырату қиын, тұтасып кеткен бір тегіс дөңбек омырауы ондатр тонды жыртып жіберердей керген, аққұба, жуан әйел көрінді:

– Здравствуйте, я к апашке.

«Сіз кім боласыз?» деген сұрақты көзінен оқыған әйел бірден жауап берді:

– Я ее сноха. Меня зовут Таися.

– Хорошо, хорошо. Добро пожаловать! Я – соседка, Нина Федоровна.

– Очень рада вас видеть.

Келіннің келгеніне әжей пәлендей қуана қоймаса да, зорлана жымиып, сыр білдірмеуге тырысты. Амандық-саулықтан кейін құрбысына бір, Таисяға бір қарап, не істерін білмей сасқалақтаған Нина Федоровна үйіне асыға бастады:

– Жарайды, құрдас. Мен барайын, хабарласам ғой.

– Жарайды, жолың болсын, – деді Әсима әжей сабырмен.

– О-о, қазақшаға судай екенсіз. Мен сізге орысша сөйлеппін... – Таися қысылғансып басын қисайтты. – Алаңдамаңыз. Апашка ауырып қалған сияқты ғой. Мен қарай тұрамын, – деді Таися тонын бұрыштағы киімілгішке іліп жатып.

Бекен Ыбырайым.

Жалғасы бар.

Байланысты жаналықтар

Жазушы Медеу Сәрсеке өмірден өтті

20.03.2024

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті

12.03.2024

Алтай симфониясын қарасөзбен жазған суреткер

28.09.2023

Жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт қайтыс болды

20.09.2023

Партия құрып, Сібірге айдалған жазушы өмірден өтті

03.02.2023

Гүлжан Амангелдіқызы: «Талант туған топырақтан ажырамауы керек»

20.04.2022
MalimBlocks
Жазушы Медеу Сәрсеке өмірден өтті

Қаныштанушы 88 жаста болатын.  

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті

Ол 4 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Алтай симфониясын қарасөзбен жазған суреткер

Айманына деген сағыныш, «перзент сүю» сылтауымен оны ренжіткені, оның соңы қайғылы қаза...

Жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт қайтыс болды

Қаламгер 74 жасында өмірден озды

Партия құрып, Сібірге айдалған жазушы өмірден өтті

Елін сүйген ерлер партиясын құрған

Гүлжан Амангелдіқызы: «Талант туған топырақтан ажырамауы керек»

Әңгімелерімнің басым бөлігі өзімнің басымнан кешкендерім, сезінгендерім