Қасым-Жомарт Тоқаев: Алматы – экономикамыздың басты қозғаушы күші

Malim Админ

  • 17.03.2021

Мемлекет басшысы Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, мегаполистің алдағы дамуы, шешілмеген мәселелері және әкімдік атқармаған кемшіліктерін талқыға салды. Онлайн форматта өткен жиынға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов, сондай-ақ, Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов және Алматы сәулетшілер одағының төрағасы Сергей Мартемьяновтар қатысып сөз сөйлеген. Ақ орда сайты жариялаған президент баяндамасын ықшамдап, назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

«Қазір Алматы – экономикамыздың басты қозғаушы күші. Сонымен бірге мұнда бизнес саласы жақсы дамыған» деген президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын жақсарту негізгі міндет екенін  және азаматтарды жұмыспен қамтып, табысын арттыру басты назарда болуы қажеттігін еске салыпты.

Мемлекет басшысының бағалауынша, 2020 жылы Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын болған. Бірақ, ол қарқын құбылмалы сипатта болуы әдбен мүмкін. Сондықтан, «босаңсуға болмайды».

Бизнеспен «кері байланыс» орнатуда қала әкімінің жанындағы Іскерлік кеңестің конструктивті жұмысын жандандырып, одан әрі даму үшін өсімнің жаңа бастауы – түрленген экономикаға ауысуды, бұл мәселеде инноваторлар, жастар мен бизнес арасындағы тиімді қарым-қатынасты бекітуге көңіл бөлген.

Краудфандинг, білім беру хабтары, бизнес-көмекшілермен арадағы арнайы инвестициялық кезеңдер сияқты технологиялар шетелде өздерін жақсы қырынан көрсетті. Жалпы әкімдіктерде жаңаша түрленген экономиканы дамыту жөнінде түсінік пен өзіндік көзқарас бар.  Алматы қаласының тәжірибесін өзге өңірлерде қолдану қажет. Біздің жеріміз таланттарға бай. Жас орындаушылар, шығармашылық өкілдері аймақтық қана емес, әлемдік деңгейде де мойындалып жатыр, – депті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бизнеске заңсыз араласуды, шектен шыққан бақылау-қадағалау немесе құқық қорғау қызметі кейпіндегі рейдерлік  пен бопсалауды доғару үшін өзінің тапсырмасымен осындай теріс іс-әрекеттерге қарсы заңнамалық шаралар топтамасы дайындалғанын мәлімдеді. Бұл құжаттар парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін аяқталмақ.

Сонымен қатар президент шетелдік инвестицияларды қорғау мәселесіне назар аударған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, инвесторлардың еліміздегі бизнестерін жайлы жүргізуі экономиканың табысты дамуына және азаматтардың әл-ауқатына ықпал етеді.

Инвесторлармен дұрыс қарым-қатынас мемлекеттік органдар үшін міндет болуға тиіс. Сондықтан құқық қорғау органдары мен басқа да өкілетті құрылымдарға инвесторлардың жұмысына негізсіз араласуға болмайтынын ескертемін, – деген мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, инновациялық салада Алматы қаласы көшбасшы болуы тиісті. Өйткені тнновациялық технологиялар паркі, жетекші жоғары оқу орындары және венчурлық капиталдың айтарлықтай бөлігі осы қалада шоғырланған.

Алматы мен Алматы облысы бірігіп туризмді дамыту мен жұмыссыздықты болдырмауға қатысты тапсырма берген Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік салаға ерекше назар аударған. Президент ерекше күтімге мұқтаж жандарды қолдауды және оларға барынша қолайлы орта қалыптастыруды  маңызды деген. Осы ретте мемлекет басшысы бұл бағытта қала әкімдігі мен жауапты құрылымдардың  жұмысын сынап өтті.  Сөйтіп, қала әкімдігіне мұқтаж жандарды оңалту жабдықтарымен қамтамасыз ету іс-шаралары жоспарын әзірлеуді, сондай-ақ, әлеуметтік және басқа да нысандарды тиісті стандартқа сәйкестендіруді тапсырды.

Президент әкімдікке мектептегі, балабақшадағы орын тапшылығын кезең-кезеңімен азайтудың жоспарын жасауға да тапсырма берді.

Былтыр екі-ақ жаңа мектеп бой көтерді. Бес мектептің жанынан қосымша ғимарат салынды. Орын саны бар-жоғы төрт мыңға көбейді. Сонымен бірге небәрі 670 орындық төрт балабақша ашылды. Екі миллион тұрғыны бар қала үшін мұның қай-қайсысы да жеткіліксіз, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың денсаулық сақтау саласындағы күрделі ахуалына кеңінен тоқталған.  Оның айтуынша, бұл саладағы көптеген көкейтесті мәселелер коронавируспен күрестің көлеңкесінде қалып қойып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполисті инфрақұрылымдық тұрғыдан дамыту мәселесіне де көтерген. Атап айтқанда қаланың Түрксіб және Жетісу аудандарындағы ескі үйлерді қайта жаңғырту қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар көгалдандыру, қаладағы тазалықты сақтау, құрылыс кезінде сейсмологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, таулы аумақтардан жер телімдерін беруге қатаң бақылау орнату мәселелері жайында да айтты.

Жалпы Алматыда жер тапшы екені белгілі. Бірақ Бас прокуратураның мәліметіне қарасақ, қалада 3,7 мыңнан астам гектар жер пайдаланылмай отыр. Оның бәрін толыққанды экономикалық айналымға енгізу қажет, – деді президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдікке қала құрылысының интерактивті картасын әзірлеуді ұсынды. Бұл, ең алдымен, осы саладағы жұмыстың мейлінше ашық болуы үшін қажет. Президент қоғамдық бақылаудың қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, құрылыс жүргізу үшін Қоғамдық кеңестің келісімі талап етілетін жерлер картада айқын белгіленуге тиіс.

Мемлекет басшысы Алматы үлкен айналма күре жолын қаланың орталығымен байланыстыратын жолдар туралы пікірін айтты.

2021 жылы Абай даңғылын ұзартуды аяқтау үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа екі миллиард теңге мөлшерінде қосымша қаржы керек екені анықталды. Барлық шығындарды бірден нақты жоспарлауға болмай ма? Әлде мұның басқа бір себептері бар ма? – депті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «Алтын Орда» базары жанындағы жол айрығының құрылысын сынаған.

Бұл – әсіресе, қала іргесіндегі елді мекен тұрғындары үшін ең өзекті мәселенің бірі. Мұны жұртшылық қала әкіміне талай рет айтқан. «Алматы – Бішкек» тас жолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуге тиіс болатын. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Асқар Ұзақбайұлы, Алматы және Алматы облысының әкімдерімен бірлесе отырып, «Райымбек – Алматы» учаскесінің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматы – Қазақстандағы ең үлкен қала ғана емес, еліміздегі агломерацияның ірі орталығы.Алматы қаласы мен Алматы облысының даму мәселесін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды деген мемлекет басшысы негізгі сапалы жұмыс орындары қалада жасақталатынын, бұл мерзімдік миграцияны ынталандырмай тұрмайтынына назар аударған. Және Үкіметке Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдерімен бірлесіп, агломерацияның көліктік моделін жасауға тапсырма жүктеген.

Сөзінің соңында президент Алматы әкіміне жүктелген міндеттер мен тапсырмалардың  дер кезінде әрі сапалы орындалуы президент әкімшілігінің бақылауында болатынын атап өткен.

 

Байланысты жаналықтар

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді

05.04.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

23.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

22.03.2024

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

20.03.2024

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

20.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

18.03.2024
MalimBlocks
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді

Екі ел басшылары өңірлік күн тәртібін талқылап, халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

Осы уақыт аралығында қандай маңызды шешім қабылданды?

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

Бұл туралы Ақорда хабарлады.