Жерді сатпайтын заң жобасы парламентте 7 сәуірде қаралады

Malim Админ

  • 03.04.2021

Жер мәселесі сөз болғанда өре түрегелмейтін қазақ жоқ. Өйткені, ел өседі, мал өседі, тек жер өспейді! Сол үшін де кез келген ұлттың жанды жері – жер. Жер шары жаралғалы бері оны мекен еткен адамзат баласы тоқымдай жер үшін жан алысып, жан берісіп, қаншама қанды соңыс жасады. Біздің ата-бабаларымыз да осы бір ұлан-ғайыр жерді ұрпаққа, бізге қалдырып кету үшін қаншама қан төкті, терін ағызды, басын бәйгеге тікті, ажалмен бетпе бет келді, сол жолда қаншама қыршын ажал құшты. Демек, Құдай бұйыртқан, бабалар қалдырған, бір басынан екінші басына дейін ұшқан құстың қанаты талатын алып Қазақстанның территориясы, оның әрбір тауы-тасы, бір кездері бүкіл әлемге астықты өлке ретінде аты шыққан шұрайлы жерді қорғау, келер ұрпаққа мұртын бұзбай аманат ету – біздің басты міндетіміз. Сол үшін де жер мәселесі жиі-жиі сөз болады, жиі-жиі елдің талқылауына ұсынылады. Жерді, оның ішінде ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану үшін оны жеке меншікке береміз бе, жоқ па деген мәселе тек белгілі бір комиссия көлемінде немесе министрлік деңгейінде ғана талқыланбай, бүкіл Қазақстан азаматтарының қатысуымен талқыланып жатқаны да көп нәрсені аңғартады,

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «жер шетелдіктерге сатылмайды» деп кесіп айтты. Ендігі мәселе, ол Қазақстан азаматтарына жеке меншікке берілу керек пе, жоқ па деген сұраққа тіреліп тұр. Әрине, көпшілік берілмесін дейді. Өйткені, үлкен-үлкен жерлерді иемденіп алып, не өзі пайдаланбай, не өзгенің пайдалануына мүмкіндік бермей, жамбасына басып алып жатуы – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану керек деген бастамаға қарама қайшы нәрсе. Сондықтан да бүкіл ел жердің мемлекет меншігінде болғанын мақұл көреді. Дегенмен, жерді өз деңгейінде пайдаланып, егін егіп, мал өсіріп, өзінің жеке кәсібі арқылы қаншама елді жұмыспен қамтып отырғанын ескерсек, қарсы тараптың да пікірін ескермей болмайды. Жер мәселесін ешқашан бір жақты қарауға болмайтыны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, былтырдан бері, бір жылдың ішіндепайдаланылмай бос жатқан миллиондаған гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылғанын ескерсек, ендігіде жерді құжат бойынша иемденіп алып, құр ұстап отыратындардың заманы өтті. Ендігі мәселе – сондай жерлердің ел игілігіне берілуі. Ол үшін, әрине, жаңа заң қабылданып, жермен, ауыл шаруашылығымен айналысам деген азаматтарға барынша мүмкіндік берудің жолын қарастыру.

Міне, осы мақсатта таяуда ғана жер реформасы бойынша комиссия құрылғаны белгілі. Алғашқы отырысының өзі үлкен пікірталаспен өткен комиссия жұмысы күн өткен сайын жанданып келе жатыр. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер реформасы жөніндегі комиссиясының екінші отырысы өтіп жатыр. Өткен аптадағы бірінші отырысқа қарағанда бұл отырыста байыпты талқылау кеңінен болғандай. Алғашқы отырыста бірыңғай медмаска тағынып келгендер жалпылама ұсыныс пен ел көңіліне қонатын сөз айтысып, жалпы жұрттың «ішкі қыжылын» шығаруға тырысқандай еді. Ал бүгін жер кодексіндегі кемшіліктер мен оны түзетудің жолдарын ұсынып жатыр. Мәселен, ауылшаруашылығы жерін ашық цифрлы байқауға шығару, жер пайына өтім төлеуге қожалық иесін мәжбүрлеу, елді-мекен маңындағы қоғамдық жайылым көлемін заңда белгілеу, жер беруші комиссия құзыретін көтеру, латифундистерден жерді қайтару және оны тұрғындарға әділ бөлу, жер құжаттарын рәсімдеуді бірыңғайлап және оны жеңілдету дегендей нақты ұсыныстар айтылды.

 

Отырыс тізгінін ұстаған вице-премьер, комиссия төрағасы Ералы Тоғжанов «айтылатын ұсыныстардың шеті мен шегі болмайды» деп сөз бастап, онысын былай аяқтады: өткенде құрылған жұмыс тобы әр ұсынысқа қатысты нақты шешімін білдіруі керек. Иә, ұсыныс пен пікір көп. Бірақ, әрқайсысына жауап беруіміз керек. Неге десеңіз, жұрт бізден жауап күтіп отыр».

Жоғарыда да айттық, жерге қатысты ұсыныстардың «шеті мен шегі болмайтыны» түсінікті. Өйткені, ежелден белгілі қағида – «жер тағдыры – ел тағдыры». Оған немқұрайлы қарау еңбектеген бала мен еңкейген қартқа, қарапайым ауыл тұрғыны мен елорданың төрінде отырған мемлекеттік қызметкерлер – барлық сатыдағы шенеуніктер үшін де үлкен олқылық болар еді. Комиссияның басты міндеті де – осы сансыз көп ұсыныстарды толықтай қарап, талқылау арқылы, ортақ шешім шығару.

Бір айта кетерлігі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, азаматтықты әлі алмаған қандастарға беруге толық тыйым салатын заң жобасы парламент қоржынына 12 наурызда түскен болатын. Қазіргі атқарылып жатқан шаруалар мен өтіп жатқан отырыстар сол заң жобасының негізін мықтап, шегендей түсу мақсатында іске асырылып жатыр.

Енді заң жобасының бірінші оқылымы мәжілісте 7 сәуірде өтпек.  Осындай саяси шешім қабылданып, нақты жұмыстар атқарылып жатса да премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, көпшілік арасында, әсіресе әлеуметтік желілерде әлі де жекелеген түсініспеушіліктер таралып жатыр екен. Олай болмас жөні де жоқ. Қашан да ел алдында ұпай жинап қалар сәтті науқанды күтіп жүретіндер үшін бұл кезең үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Сондықтан, комиссия мен жауапты органдар бұл тарапта елге түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуге міндетті.

«Жалған қауесетті әдейі таратушылар да жоқ емес. Сондықтан тағы бір нақтылап айтамын: жердің шетелдіктерге берілмейтіні жөнінде нақты шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам тарапынан көтеріліп отырған негізгі мәселелер бойынша түйінді шешімін айтып, нүктесін қойды. Қазіргі таңда комиссия алдында ауыл шаруашылығы саласындағы жер қатынастарын дамыту мәселесі бойынша ұсынымдар әзірлеу міндеті тұр. Енді осы мәселелерді жан-жақты ақылдасқанымыз дұрыс», - деді комиссия төрағасы Ералы Тоғжанов.

Иә, ақалдасу керек. Жан-жақты қарастыру керек. Алдағы уақытта қабылданатын кез келген шешім Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында атқарылатын ең мәнді, ең маңызды, ең жауапты жұмыс болмақ.

Байланысты жаналықтар

Ақтөбе облысының әкімі «Елбасына» 104 млн теңге жұмсамақ

23.08.2023

А. Орынбек М. Тайжанға қарсы. Р. Сәрсенбайұлы қолдап отыр

01.03.2023

Ажырасу. Мыңбай не сұрады, Тоғжанов не деді?

15.11.2021

Ералы Тоғжанов, ауылымызға кел!

19.04.2021

Дәулеткерей Кәпұлы: Жер мәселесі солқылдақтықты көтермейді

09.04.2021

Жер комиссиясы: Жерді пайдалану мен қорғауды енді министрлік қадағаламақ

03.04.2021
MalimBlocks
Ақтөбе облысының әкімі «Елбасына» 104 млн теңге жұмсамақ

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов 104 млн теңгеге «Елбасы медалін» шығармақ.

А. Орынбек М. Тайжанға қарсы. Р. Сәрсенбайұлы қолдап отыр

Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы, өзін заңгер санайтын Айгүл Орынбек сайлаудың үгіт-насихатының отына май құйып бергендей болды.

Ажырасу. Мыңбай не сұрады, Тоғжанов не деді?

Ералы Тоғжанов, ауылымызға кел!

Дәулеткерей Кәпұлы: Жер мәселесі солқылдақтықты көтермейді

Жер комиссиясы: Жерді пайдалану мен қорғауды енді министрлік қадағаламақ