Қуандық ТҮМЕНБАЙ. Сиырдың бөлмесі

Malim Админ

  • 09.04.2021

Сүтке тойып алған сәбидің көз жасы бір тыйылмады, сүлесапа күйде көзі ілініп кетті. Сүт болғанда қандай, бортиған емшектен саусақ тисе сорғалап шыққан жаңа сауған сүт. Алыстан арбаламайды, екі аттасаң екінші қабаттан төмен түсесің, тек кілт-кілт етіп қолға ұстаған тостағанды төгіп алмасаң болғаны. Көгілдір отқа бір қойып алып суытам дегенше, көп болса бес-ақ минут өтеді. Төрт емшекті тартып сауып, кішкентай бөтелкеге құйып, резеңке емізікті бүлк-бүлк сорған сәби бар дүниені ұмытып, топ-томпақ шиша бөтелкені қос алақанымен тас қып ұстап алады. Өмірге келген сәбидің бар  қызығы осы бөтелке. Енді рақатқа бөгіп ұйықтай ма десең, шар етіп шошып оянады. Көнбегесін дәлізге алып шығып еді, одан бетер шырылдап, денесін бүрге шағып алғандай шоршып кетті. Не істерін білмей екінші қабаттағы сауын сиыр тұрған бөлменің тұсына апарып еді, одан бетер шырылдап, аяқ-қолы ербеңдеп, қызыл есік жаққа қарап, сәби түйсік шалт мойын бұрғызып, жіңішке даусы жер жарды. Оған әукесі салбыраған сауын сиырдың мөңіреуі қосылды. Анасы не істерін білмей құндағын құшақтаған күйі тез төмен түсті.

Осы жаққа кіргісі келмейді. Бала апшысын қуырып жібергесін амалы таусылып, баспалдақпен жоғары көтеріліп еді. Сол сәт таңғы сүтін кішкентай адамға сарқып берген түкпіргі бөлмедегі ала сиыр «мө-ө-ө» деп тағы бір мөңірегенде, сәби түгіл, қырыққа таяп қалған әйелдің зәресі ұшып, баспалдақпен төмен қарай ытқып кетті. Кірпігі сәл айқаса бастаған сәби селк етіп, тағы да шырылға басты. Қорқып кеткен шешесі жүрек дүрсілін баса алмай, сәбимен қоса егілді. «Осыны неменеге әкелді екен? Әкесінің тірлігі ғой». «Балам жаңа сауылған сүт ішсін» деген орталық комитеттің ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің сөзі төменгілерге ақ қағазға басылған мөрдей болды. Алыс ауданнан қалаға алып келген сүт түсін өзгертіп, дәмін де, мәнін де жоғалтады екен. Емшектен шыққан жаңа сүт сәбиді кеселдің қай түрінен болсын сақтап, ауыра қалса құлан-таза айықтырады. Ауыл шаруашылығы міністірінің орынбасарына осыны мегзеп еді, ертеңіне-ақ: «Сізде, Құттыбек Ақжолович, жоғарыда бос тұрған бір бөлме бар емес пе? Соған сиыр кіргізіп берейік. Жемшөбін салып тұратын адам бөлеміз», – деді жағымпаз пейілін жасыра алмай. «Әйеліммен ақылдасайын», – деп сөзді шорт үзіп, телефон құлағын тастай салды. Әйеліне айтқанда, ол күліп жіберді.

– Сонда этажды үйде сиыр ұстаймыз ба? – деп, сүт шықпаған мысықтың басындай анарын сыртынан бір сипап қойды.

– Алик үшін бәрін істейміз, – деді күйеуі өз тірлігіне өзі риза болып.

– Иісі жаман шығар?

– Иіс жағынан қам жеме. Тек аузыңа абай бол. Ешкім естімесін.

Ертеңінде, Алматының қою қоңыр түнінде, қорабы жабық нән машина есік алдына келіп тоқтады, терісі ала-құла әулиеата тұқымдас, әукесі салбыраған нән сиырды тақтай басқыш қойып, жерге түсірді. Біреуі бас жібінен тартып, біреуі қос қолдап жамбасынан итерді. Сиыр тартыншақтап басын алып қашып, кегежектеп тұрып қап еді, «қазір бұны кіргіземіз» деп, мүйізге байлаған бұжыр арқанды дәу қара жігіт бос жібере салды. Сөйтіп, өзінен айнымай қалған ала бұзауды қораптан түсіріп, алға салып мойнындағы жіңішке жіптен сүйрелей тартқанда, ала сиыр соңынан еріп жүре берді. Бұзау бес тепкешекті сидам сирағымен ойнақтай басып жоғары шыққанда, ала сиыр көзін төмен салып әр тепкешекке табанын әрең тигізіп, бесінші тепкешекті басқанда алдында тұрған бұзауын бір иіскеп, денесін жиып алды. Дәу қара қызыл есікті ашты. Қызыл еденге жаңа орылған жоңышқа төселген, алдындағы астау-ақырға көк майса мен сүр иісі аңқыған мая пішен салыныпты. Тап-тар бөлме сиырдың көзіне бөлек әлем боп көрінді. Ақдала алқабы жақта тарпаң басып жүрген төрт аяқ кең дүниеден түнек тар дүниеге қалай кіргенін жануарға тән түйсікпен ажырата алмай мөлиіп тұр.

– Бұзауын емізіп алайық, – деді ешкінің асығындай шалт қимылды жұмысшы жігіт. – Соңғы рет емізуі ғой.

Ойнақтаған бұзау енесінің омырауына бас салып, төрт емшекті бүре тартып  солқ-солқ сорды. Сиыр да перзентіне берер соңғы дәмін аямай өн бойы босап, көзінен жас парлады. Бұзау ұзақ емді. Қарны тойса да, жолай қосылған құмарлық тәбетін ашып жіберді.

– Мынау бүгін қанын да сорып алар, жетер енді, – деп сиыр жетектеп келген дөң қара даусын шығарғанда, киіктің асығындай шалт жігіт бас жібін бірте-бірте қысқартып, бұзауды пәрменмен әрең тартып алды. Сөйтіп, қызыл есікті тарс жауып, сыртынан екі жерден төрт бұрап құлыптағанда сиырдың «мө-ө-ө» деген ащы даусы ауасы тар бөлмені айналып жүріп алды. Бірінші қабаттағы кірпігі енді ғана ілінген екі жасар сәби шар етіп шошып оянып, шыңғыра бастады. Содан бері бір тыным жоқ. Ең алғаш таңғы сүтті рақаттанып ішсе де, көкірегі көтеріліп-басылып жылаудан бір тыйылмады. Резеңке емізіктің ұшы шошайып, бес-алты бөтелке үстел үстінде тізіліп тұр. Таңертең және кешке дайын емшектен сорғалаған сүтті сауып әкеп, бөтелке-емізікпен баланы емізеді, қаймағы бетінде кілкілдеген таза сүтті ерлі-зайыпты екеуі сары май қосып ішіп, бір-біріне елжірей қарайды.

Кеше жатар қонаға ала сиыр жер жара мөңіреп, екіқабатты үй азан-қазан болды. Алдына ең таза бидай жемі, көк балауса, құнары күшті мая шөп салғанмен, өкірген дауыс тыйылмады. Үйден шыққан әлемтапырық дауыс жүргінші жолындағыларға да, көлік ішіндегілерге де естілді, бірақ адам тұратын үйден шыққан жануар даусын ешкім де ажырата алмады. Зиялылар мекенжайындағы алаңда бала ойнатқандар да жақыннан шыққан әулекі дыбысқа бір сәт елең етіп, құлақ түріп қойды.

– Бұзауын іздеп тұр. Ертең-ақ қояды. Қам жемеңіздер, – деді осында бөлінген жұмысшы жігіт дәлізде сәбиін жұбатқан анасына. – Қоймай қайда барады дейсіз...

Таза сүтті мейірі қанып ішкен бала үш күннен кейін беті жылтырап шыға келді. Түс ауа сәби ұйқыға кеткенде төбедегі сиыр мөңіреп, дүние азан-қазан күйге енетін болды. Шешесі мұрнына дәке-тұмылдырық байлап алды. Жоғарыдан шыққан жапаның иісі қалалық әйелдің көкірегін қауып,  тынысын тарылтып, жан дүниесін тырмалай берді. «Сірә, баланы да осы иіс ұйықтатпайтын  болар» деп, «ауыздан шыққан сөз – атылған оқ» боп,  қас пен көздің арасында кішкентай тұмылдырық дайын болды. Бала басын әрлі-берлі шайқап, «тарылған дүниеден құтқарыңдар»  дегендей, саусағымен дәке-тұмылдырықты түрткілеп мұрнынан ысырып тастады. Әсіресе таң ата сиыр жапасын шаруа жігіт сыртқа тасығанда, жас ана «бүйтіп қалада өмір сүргенше, көшіп кеткеніміз жақсы ғой» деп күйеуіне наз айтты. «Шыда, Алпамыс  ең болмаса  бір ай қолмен сауылған сүт ішсін, сосын ол мөңіреуіктің көзін құртамыз», – деді аспай-саспай.

Сәби бортиып, жұп-жұмсақ боп көтеріліп, сүтке тойған баланың кейпін беріп өсіп келе жатыр. Бұған ата-ана да мәз, медицина ережесінің сақталғанына күнара келіп, тексеріп кетіп жүрген балалар дәрігерінің де көңілі көтеріңкі. Тек түн жарымында шырт ұйқыдан шошып оянып, ешкімге көнбей ащы шырылға басады. Екіге толар-толмас сәби жоғары қарап, сұқ саусағын шошайтып беймаза күй кешетін болды. Ала сиыр болса жарық дүниеден ада, оның тұмсығына көнтері тұмылдырықты қаптап тастаған, содан бері өкірген даусы ешкімге естілмейді.

Бір күні емханаға барып, баланы толық тексеруден өткізіп келген жұбайы:

– Аликтің салмақ қосуы дұрыс. Қанының құрамы да таза. Қолмен сауылған сүт қатты әсер етіпті. Енді осыдан құтылайықшы. Иісі мені өлтіретін болды, – деп наз айтты.

– Бала дұрыс болса болды. Онда ала сиырмен қоштасамыз.

Тұп-тура бір айдан кейін тағы да әлгі екі жігіт қою түнді жамылып, ала сиырды екіқабатты үйден кері алып шықты. Екінші қабатқа кіргізу қалай қиын болса, шығару да оңай болмады. Тар болса да, бауыр басып қалған бөлмені көнбіс жануар қиып кете алмады, мүйізіне кендір арқан орап кері сүйрегенде, бұзауын соңғы рет емізген пұшпақтай жердің иісін қия алмай мөңіреп тұрып алды. Мүйізге ораған кендір арқанды кері тартып, жамбасынан жіңішке шыбықпен шып-шып еткізіп сүйрелеп төмен түсіріп, сәби жатқан бөлме тұсына келгенде солай қарай мойнын бұрып, «мө-ө-ө» деп мөңіреп тұрып алды. Жануар іштегі қаз-қатар тізілген бөтелкедегі жұғын боп қалған  сүт иісін сезді, өз тәнінің иісін қыш үйге қиып кете алмай жаны ышқынып төрттабандап, төңіректі азан-қазан қылды. Ол мөңірегенде сәби тағы да шар етіп еңіреп жіберді. «Кетіп бара жатып та баланы ұйқысынан оятты-ау, малғұн!» деп анасы қарғыс білдіргенмен, шаруашылық есептен шығарылған зеңгібаба тұқымы ең соңғы басқышқа табанын тигізді. Бауырынан аластаған бұзауы мен біреу үшін төрт емшектің сүтін сарқып берген тар қуысты қиып кете алмай, қазір-ақ алпауыт пышақтың алқымын орып түсерін сезгендей дөп-дөңгелек көз жанары шылқыған жасқа толып артына мойнын бұрды. Сонан соң санын сан, бұтын бұт қып турап тастайтын сәтті ол қара жерге табанын тигізгенде жануар түйсікпен сезіп, жаны қинала қатты бір буырқанды.

Сәби Алпамыс тәй-тәй басып алға талпынды. Аузына қараған әке-шеше үшін бұдан артық қызық жоқ. Басқышпен жоғары өрмелеп, ала сиыр тұрған есікке қайта-қайта келе беретін болды. Кішкентай алақанымен қарағай есікті сипалап сықылықтай күледі. Шешесінің тарс бекітулі есікке жолағысы келмейді, сол жақтан соққан әлемтапырық иіс әлі де қолқасын атып, жүрегін айнытып жүр. Күтуші қызға «сол жерге баланы жолатпа»  деп көзін аларта  қарап, сөгіс берді. Болмашы айлық үшін жүрген жас қыз қолды-аяққа тұрмаған Алпамысты ойбайлатып алып кеткенімен, кері бұлқынған бала бәрінің мазасын кетіріп, айналасын азан-қазан қылды.

Сиырды әкеткесін жұмысшы жігіт жапа түскен жерді тақырлап сыпырып, хош иісті дәрінің неше түрін септі. Бүрге өлтіретін дәрінің де шетелдік түрін пайдаланды. Бәрібір тілін салақтатып жем жалап, шөп жеген зеңгібаба жапасының жағымсыз иісі қалада өскендердің мұрнын тыржитып, құсқысын келтірді. Басқа жаққа көшейін десе, бұл орталық комитеттің меншігіндегі үй, көшу үшін де қызметтің мерзімі мен себеп-салдары болу керек. Оның үстіне баланың қылығы тәтті. Өздері тыжырынса да, сәби қалт-құлт етіп бес тепкешекті басып өтіп, кішкентай алақанымен тарс бекітілген қызыл есікті сипап тұрғанын көргенде әке-шешесі езулері ыржиып мәз болып, түнде бала шошып оянғанда сол қызыл есікті қиратып тастағысы келеді.

Алпамыс та күн санап өсіп,  тәтті қылығымен ата-анасын тамсандырып жүр. Зеректігінде шек жоқ. Түрлі-түсті кітапшаларды қолына ұстап ап, емпеңдеп барып қызыл есікке арқасын сүйеп, қара ала сиырдың қолмен салынған суретін сипалайды. Алғыр десе алғыр-ақ. Бірақ үш жасар бала түнде шошып оянып, шырылдап тұрып алғанда тірі адамның зәре-құты қалмайды. Анасы көнтақа боп қатып қалған омырауын аузына тақаса, бала сүт шықпаған емшектен басын алып қашып, шалқайып алып, сәби саусағын шошайтып төбені көрсетіп, ал кеп шыңғырсын. Дәрігердің айтуынша, асқазаны мен қан айналысында кінәрат жоқ. Үйге кіргеннен құлыптаулы қызыл есікті көрсете береді. Енді Алпамысты қорқақты емдейтін дәрігерге қаратудан басқа амал қалмады.

***

Құттыбек Ақжолұлы күздің қою қара түнінде есік алдында арлы-берлі жүрді де қойды. Үйге кіргісі жоқ, зәңкиген төрт бөлмеде жалғыз өзі. Жұбайы Орыншаның Алпамыспен бірге ауруханаға кеткеніне бүгін үшінші күн. «Қаны дұрыс, тек жүйкесіне бір нәрсе қатты әсер еткен, соны аластау үшін басқа жаққа қоныс аудару керек, сонда бала көз алдындағы елесті жоғалтып сабасына түседі» деп ақыл беріпті жүйке кеселін емдеуші дәрігер. «Алик үшін бәрін жасаймын, сиырды да сол үшін этажды үйге алып келіп, мөңіретіп қойған жоқпын ба? Үйде мін жоқ. Зиялының зиялысы ғана тұратын мекенжай осындай-ақ болар» деп, бір қимас қызғаныш ішін жалап өтіп, үй артындағы саябаққа шықты. Барлық бөлменің шамын жарқыратып жағып кеткен. Әйтпесе шамы өшіп қалған төбеден мөңіреген дауыс қайта-қайта естіле береді.

Бір күні шырт ұйқыдан шошып оянып, тұра сап бүкіл бөлменің шамын жағып, қолына ілінгенін үстіне іліп, тысқа атып шықты. Қараңғыда төрт бөлмеден төрт сиыр қарап тұрғандай көрінді. Сиыр тұрған жоғарыға қарауға зәресі ұшты. Көздері аларып, өңкие сүзілген қара ала сиыр мүйізімен іліп тастайтындай көрінді. Қорқыныш сезіммен жүріп күз күнінде далаға желең шығып еді, тұла бойы икемге келмей қалшылдап барады. «Сол байғұс жануар қою түнде келіп, қою түнде кетіп еді менің үйімнен. Мен де қою түнде өз үйімнен қашқақтап жүрмін». Кәсібі мал маманы, зоотехникалық-малдәрігерлік институтты тамамдаған, жер ортасына жақындап қалған жігіт әрнені ойлап, жапырағы түсіп қалған сидам ағаштарды аралап әрлі-берлі жүрді де қойды. Қыңыр қиял да тұла бойын жылыта алмады. «Осы зеңгібаба тұқымы – сиырдың киесі, пірі болады» дегенді бізге лекция оқыған профессор айтып еді. Лекциясын орысша аяқтап, әңгімесін қазақша жалғастырғанда орыстар шығып кетіп, қазақтар аузымызды ашып қалатынбыз. Соның бәрін ұмыттық қой». Құттыбек үйді айналып, дәл сиыр тұрған бөлменің тұсына келді. Терезесі тастай қараңғы, жануарды алып кеткелі есігі тарс бекітулі. «Осы бөлменің де шамын жағып қойсам ба екен? Бұның кілті де анау жұмысшы жігітте, әйтпесе Орынша біледі. Орыншаға сиырды айтсаң  безгегі ұстайды. Ауруханаға барсам ба екен? Жеті түнде келушілерді қабылдамайды ғой».

Айналасына үрейлене қарады. «Тәуелсіздік алғалы құрылым да өзгеріп, жұмыстың да жайы белгісіз боп қалды. Көп ұзамай бұл үйден де кетеміз. Үйде мін жоқ, районы қандай, бір аттасаң Көктөбе тиіп тұр» деп, қос қабат үйге көзін сата қарады. Таудың түнгі таза ауасы бойын мұздатып, қобалжыған көңілін тыншыта қоймады. «Не де болса сол есікті тартып көрейінші, бәлкім, ашылып кетер». Баспалдақпен иығы бүлкілдеп көтеріліп келе жатып тағы да ой құрсауында қалды. «Ауылға көшсек, зоотехниктік орын табылар. Сиыр болмаса да, қара қой қалған шығар. Алпамыс та кең даланы көріп, көңілі жайланар, бірақ...» деп оқыс артына бұрылды. «Бірақ Орыншаны көндіріп көр. «Қарауыл болсаң да, қаладан кетпейсің» деп еді әнеукүні осы тақырып сөз болғанда. Го-род-с-кая...» Емпеңдеп екінші қабатқа шыққанда әжептеуір ентігіп қалды. «Осы баспалдақпен сиыр қалай шықты екен?» Өмірі лифтіден түспеген ол ағаш баспалдақтың ең соңғы тепкешегіне алқынып жетті. Сыртын кір шалған қызыл есіктің тұтқасын тартқанда, «Мө-ө-ө!» деген үрейлі дауыс өзін кері итерді. Келген ізімен кейін қарай тұра қашты. Бір түнде екінші рет қою түннің құшағына қашып тығылды. Самаладай боп шам жанған өз үйіне өзі  кіре алмай, есік алдында айналып жүріп алды. Үйге кірсе қара ала сиыр мүйізімен бас салатын сияқты. Үстіне ілген спорттық костюмі лыпа боп бойын жылытар емес. Бір үрей тұла бойын билеп алған. «Алпамыс сияқты мен де қаралуым керек шығар...» Қос алақанын қолтығына тығып жылытып, «өз үйім ғой, кірейін» деп бұрыла бергенде, «Мө-ө-ө!» деп аңыраған дауыс тағы да құлағын жарып жіберді. Қараңғы мен жарықтың арасында қалып қойған зіңгіттей жігіт не істерін білмей қос алақанын қолтығынан алып, құлағын басты. Қашуға шамасы келмеді. Қара ала сиыр қабағын түйіп қарсы келе жатыр. «Сүзбейтін шығар. Мені сүзсе де, Алпамысқа тимейтін шығар. Бұзауының орнына емізді ғой...»

Қалш-қалш етіп әрең дегенде кері бұрылды. Қою түн тастай суық.

Байланысты жаналықтар

Қуат ҚИЫҚБАЙ. БІЗДІҢ КӨШЕДЕГІ КІСІ ӨЛІМІ

22.04.2021

Құлтөлеу МҰҚАШ. Күйеуқашқан

08.04.2021
MalimBlocks
Қуат ҚИЫҚБАЙ. БІЗДІҢ КӨШЕДЕГІ КІСІ ӨЛІМІ

Құлтөлеу МҰҚАШ. Күйеуқашқан