Мұхтар Мағауин. Әлемдегі ең сұлу

Malim Админ

  • 07.03.2020

Бүгінде қазақ қыздарына, қазақ әйеліне артық сөз көп айтылып жатыр. Тіпті,  қазақ қыздарын, қазақ қыз-келіншектерін "тауарға", "маркерге" теңеушілер де шықты. Иістеніп тұрған қоғам дауына ем болар, есі кеткендер елін табар деген үмітпен осыдан 11 жыл бұрын жазылған аса көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің қазақ әйеліне қатысты ой-толғамын жариялауды жөн көрдік. 

 

Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі.

Ежелгі епостағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым. Шежірелі тарихтағы Домалақ-ене мен Қыз-ене, Айша-бибі мен Абақ-ана. Таңбалы тарихтағы Қасым ханның аналары Жақсы-бике, Абайдың анасы Ұлжан, арыдағы, Алаштың тұлғасы болған тағы қаншама алыпты туғызған, есімдері сақталмаған әулие аналар, берідегі ел билеген Айғаным мен қол бастаған Бопай – қазақ әйелінің асқақ әрі нақты көрінісі. Сондай болдық. Күні кешеге дейін. Өзім көзбен көрген қазақ әйелінің ең үздік үлгісі, ең жарқын бейнесі –Үлкен Әжем еді (менде екі Әже болды). Бесіктен алып қаз тұрғызды, әлпештеп өсірді, мейір-шапағатын аямады, бір маған деген ықыласы жарым дүниені жылытуға жетер еді. Шынында да, маған ғана ана емес, қаншама жетімге пана болыпты, ізгілігі алыс-жақынға бірдей аңыз екен. Менің Әжем, сол кездегі басқа әжелер, басқа аналар… Әркім есіне түсірсін. Бәрі де ғажайып еді ғой. Өз Әжем, өз анам болғандықтан деп ойламаңыз, ақиқат шыны солай. Сіздің әжеңіз, сіздің анаңыз ең алдымен Қазақ еді. Қазақ әйелі. Бар жақсылық осы жалғыз сөздің аясына сияды.

Бүгінге келсек… Бүгінгі қазақ әйелінің бойынан өткендегі әжелерімізге тән асыл қасиеттердің бәрі бірдей табыла қоймайды. Бірақ, тақи-таза мақрұм емес. Бүгінгі қазақ әйелі - жалпы жұрт, ер-азаматтарымыз сияқты, ең алдымен отарлық заман перзенті. Отарлық сана, жат, үстем жұрттың жағмсыз мінездері, бөтен ғұрып, теріс ұғым, жаңсақ көзқарас олардың да бойын шырмаған. Бүкіл қауымға ортақ кінәрат. Әйел – ұлттың айнасы, сондықтан, айқынырақ көрінеді. Сонымен қатар, қазақ әйелінің ұлтымызға тән қайрат пен еңбек, қайсарлық пен шыдам, ізгілік пен жанашырлық сияқты абзал қасиеттерді көбірек сақтағанына көз жеткізіп отырмыз. Бұған жалғыз-ақ мысал, жабайы нарық қысып, жаппай жұмыссыздық жайлаған, ер-азаматтар сенделіп бос қалған, есеңгірегені – балаларының нандық ақшасын араққа салып, «еті тірілері» жаппай ұрлыққа бет қойған заманда әйелдеріміздің тұрмыстың барлық тауқыметін көтеріп, отбасын жалғыз өзі асырауға айналғаны. Жаугершілік, шапқын күндерінде де қазақ әйеліне мұншама ауыр салмақ түспеген еді. Ал, біздің ерлеріміз, балпылдап бос жүріп, сол әйелге кінә қойғысы келеді. Қазақ осы жолғы жұттан аман шықса, бұл – елдің, алдымен қазақ әйелінің арқасы болмақ.

Шаңырақтан тыс тілегі жоқ, бала-шағадан басқа мұраты жоқ қазақ әйелі бейнеттен құтылар, бет-әлпетін айқындар күн де көп күткізбес, соның жақсы жоралғысы – бүгінгі жас қыздарымыз.

Қазіргі қазақ қызы осы заманғы қым-қиғаш өмірдің барлық саласына еркін араласып, тұрмыста ғана емес, әлеуметтік орта, қоғамдық құрылым өрісінде де елеулі орын алмақ ыңғайын танытып отыр. Совет заманындағы "үшінші хатшы - әйел болсын", "әйел затынан бір-екі депутат" дәстүрі арқылы емес, еркектермен тепе-тең тартыс, баламалы бәйге нәтижесінде. Жаңа тұрпатты, әрқилы тұрпаттағы үлкенді-кішілі кез келген мекемеге барыңыз – компьютерде отырған қазақ қызын көресіз. Бір кездегі орыс тілі сияқты, тұрмыс-тіршілік үшін аса қажетті құралға айналған шет тілдерін де қыздарымыз алдымен игерді. Қолғанат, қызметкер ғана емес, өздері бастап кіріскен іскер қыздарымыз бар. Журналистикада, ғылым мен өнер саласында, мемлекеттік әртүрлі мекемелерде бой көрсетіп жүрген қыздарымыздың ой-санасы, қабілет-дәрежесі бұрынғыдан басқаша. Ең аяғы, оқу емес шоқу мұрат болған заманда білім жолынан айнымаған қауым - тағы да осы нәзік жыныс. Өзіміз үкілеп өсірген қыз балалар әзірше үлкен мәртебеге ілінген жоқ, жастары жетпей, үлгермей жатыр; бұлардың үлесі – алдағы ХХІ ғасырда.

Жаңа ғасыр, жаңа заманда қазақ ұлысының құт-берекесі, ошақ-ұйтқысы, абзал анасы болуға тиіс қыздарымыздың баба қанымен дарыған ақыл-парасаты, қажыр-қайраты, әдеп-мінезі туралы таң тамаша әңгіме - болашақ жазармандар үлесінде. Орайы келген соң ұшығын шығардық, әйтпесе біздің сөз - ақыл мен мінез турасында емес, Сұлулық турасында еді. Алдыңғы кезекте айтпасқа болмайды. Өйткені – әлемдегі әйел затының аруы – қазақ қызы.

Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі. Бірақ, осыны қазақтың өзі білеме екен? Білген. Абай заманында, Мағжан заманында. Тіпті біздің әке, ағаларымыздың тұсында. «Айттым сәлем қалам қас» кімге арналды, «желсіз түнде жарық ай» кіммен табыстырылып еді, «шолпысының сылдыры» жүректі жандырған кім, «қара шашы мойынға оралып», жан-дүниені еріткен кім - «жүзінен күн шұғыласы көрінген» қазақ аруы болатын.

"Қазақ қызы. Азиялық сұлулық". pinterest.com сайты.

Ал, қазір… Жаңа заман, жаңа салт, дәстүр, жаңаша бой түзеу, жаңаша киім үлгілері… Қазақ қызы бұрынғыдан да сұлу көрінеді маған. Бұл өзгеше жағдайға алғаш рет біздің әйел – алты баланың анасы, қаншама немеренің әжесі болып отырған біздің бәйбіше назар аударған еді, теледидар қарап отырып: «Қазіргі қыздар қандай әдемі! - деді. - Бәрі де сұлу». Өзінен өткен, ұрпағына жеткен. Қызғаныш емес, сүйініш. Мен де таңырқай қарап қалыппын. Кейінгі балаларға көз тоқтатпаған екем.

Сонымен көп ұзамай, Баянауылға жол түсті - жаңа ғана жұртымен қайта табысқан Жүсіпбек Аймауытовтың жүз жылдық тойы – тамыз, 1989. Табанымыз жерге тиген сәтте бізге – сыйлы қонақтарға гүл тапсырылды - бесетек торғын көйлек, оқалы қызыл камзол, үкілі бөрік киген жас қыздар. Еріндері алаулаған, көздері боталаған, жүздерінен нұр төгілген, үлбіреген өңшең сұлу. Бізге гүл тапсырған соң қымсына толқып, топтанып тұрғанда сүйсіне, тамашалай көз салдым, он бес пен он жеті аралығындағы уылжыған жас балалар, бәрі де пәк періште, мінсіз сұлу. Мен ешқашан да бір жерге осыншама арудың жиналғанын көрген жоқ едім. Заманында өзі де бізді естен тандырған, енді аналық байсал көріктегі бәйбішеме айтып келдім: сен дұрыс байқапсың, қазіргі қазақ қыздары сұлу, бірақ, Баянауыл қызы бәрінен де сұлу екен деп. Содан, уақыт оза келе, байқап қарасам, бар қазақтың қызы сұлу екен. Көшеде аңдайсың, әр қилы кездесулерге барасың, ел аралайсың, теледидардан көресің – қазақ қызының көркіне тіл жетпейді.

Мен тым көп болмаса да, біраз жер ақтап, біраз жұртты таныдым. Әйел сұлулығы – сирек құбылыс, әсіресе, Еуропада. Оның ішінде айрықша мақталған Францияда. Арулық қайда, көпшілігі ажарсыз. Тіпті, түгел сұлу екен дейікші. Бірақ бұл - бөтен сұлулық. Қазаққа жат. Сол жат үлгі, жалған үлгінің насихаты біздің өз сұлулығымызды мансұқ етуге алып келді. Сұлулық туралы ғасырлар бойы қалыптасқан шынайы, ұлттық таным-түсінік тәрік етілді. Қолымыздағы қазынаның бағасын танымадық, қадірін кетіріп, қасиетінен айырылуға тақадық. «Итке темір не керек» дегендей, біздің сұлулық туралы ұғымымыз ғана емес, ұлттық қазына төңірегіндегі барлық байыбымыз теріске айналды, қазаққа қатыстының бәрі жаман, жасық, орыс-орманға қатыстының бәрі асыл, артық болып шықты. Нәтижесінде ұлттың ұйтқысына іріткі түсті. Ер азамат жан серігін жат жұрттан іздей бастады. Сайтанның сары сапалағы сұлулықтың ғана емес, кісіліктің де үлгісі болып көрінуге айналды.

Араб, парсы әйелдерінің өзгеше көркі арғы замандардың өзінде аңыз болған. Сұлулық жыршысы, сырлы сезім күйшісі Хожа Хафиз сондай, ертегілік аруларды біле тұра: «Мен түріктің пәк сұлуын тәңіріме теңер ем, – Бетіндегі бір меңіне Самархан мен Бұхараны берер ем!» – дап елбірей шалқыған ғой. Сол ежелгі түріктің қара шаңырағы, тікелей ұрпағы – біз боламыз, сол сұлудың бүгінгі жалғасы – қазақ қызы болады.

Әлбетте сұлулық туралы ұғымның заманына, ортасына қарай, өзгермелі сыпаты бар. Бірақ, түбегейлі емес, сыртқы, қосалқы көрінісі, қосымша, үстеме реңі ғана. Мәселен, бір кездегі қос өрім ұзын шаш әртүрлі кесімдегі қысқа шашпен алмасты, қос етек, бес етек көйлектер күнделікті тұрмыста ұзынды-қысқалы басқа бір үлгілерге ауысты. Косметика жайы да сол сияқты. Ғашық Хафиз түрктің сұлуына: «Опа, далап, бояусыз-ақ арусың…» дегенмен, әйелдің көркін айқындай түсетін әр қилы амалдар барлық заманда да болған. Шығыста атаулы өсімдік нәрімен, кейбір жануарлар тәнінен алынып, өзгеше тәсілмен бабына келтірілген хош иісті жұпар, иісмайлар, әр қилы шөп-бұталардың сабақ, тамырынан тұндырылып алынған ақ опа, қызыл далап - күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылса, мұның бәрі базарлы қатынас заманында бізді арғы әжелеріміздің де көңіл-хошына жат болмаған, сонымен қатар, күні кешеге дейін бой жетер мезгілге тақаған қазақ қызы денесін ақ биенің сүтімен сылаған, бетін, омырауын осы, жаңа алынған жылы саумалмен жуатын болған, ақ жүзіне шырай қосу үшін еңлікгүлдің тамырынан тартылған қызыл нәрді пайдаланған; яғни, бүгінгі жетілген косметика – өткеннің жалғасы. Әрине, мұның бәрі үстеме сыпаттар ғана. Табиғи түр-тұлға өзгермейді, мәселе соны қалай қабылдап, қалай бағалауға байланысты.

Дәл осы жағы – сұлулықты бағалау, түйсіну – ұлттық таным, ұлттық ұғым, түсінікке тікелей қатысты. Әлбетте, адам баласына тән сұлулықтың ортақ үлгісі жоқ емес. Әйел сұлулығының өлшемі - нәзік үйлесім, табиғи жарасым, келісті әсемдік. Көк көз, сары шаш сұлуларда, бұйра бас, қап-қара сұлуларда болуы мүмкін, мүмкін емес, бар, көзбен көргенде еріксіз мойындайсыз, мойындап қана қоймайсыз, сұқтануыңыз хақ. Бірақ, бұл қазақи сұлулық емес, егер сіз шын қазақ болсаңыз, ең алдымен қазақи сұлулыққа табынуға тиіссіз. Көрікті болмаса да, келісті жар таңдасаңыз, ең алдымен ұлтымыздың үлгісін тануымыз керек. Ауытқулар, аралас неке барлық уақытта да болған, бірақ, халық қасиетін, ұлт ұлағатын сақтауы үшін мұндай айнулар бөлшек, немесе бірнеше пайыздан аспауға тиіс. Ұлттың болашағын таза қазақы отбасы шешеді. Ендеше ең алдымен қазақ әйелін пір тұтайық, ең алдымен қазақ әйелінің сұлулығын танып, бағалай білейік.

Қазақ қызы – бидай өңді, дөңгелек жүзді. Қара көз. Қара шаш. Қыр мұрын. Қалам қас. Оймақ ауыз…

Әлбетте бұл ортақ бір пішін. Бажайласақ, реңдік өзгешеліктер бір шама. Аққұба болады, қараторы болады, ақсары болады, бірақ, шикіл сары емес, шабдар емес. Пісте мұрын болады, тәмпіш мұрын болады, құсмұрын да, кездеседі, бірақ қоңқақ емес, істік мұрын емес. Қара көздің өзі сан қилы, көкшілі, тіпті, жасылы болады, бірақ, шүңірек емес, томпақ емес, тым қиық та емес. Қиғаш қастар да, жирен шаштар да табиғи көрінеді. Осының бәрі әдемі, бәрі жарасымды. Өйткені, қазақ деген үлкен елге хас, жинақтап келгенде, ұлттық рең, ортақ сыпат аясынан табылатын белгілер. Бір тұқымға тән, тұрақты, қалыпты бейне; ішінара өзгешеліктер нәсілдік емес, жекелік сыпатта. Қайткенде де қазақ екені жазбай танылады.

Арыдағы қазақтың түр-тұлғасы қазіргіден мүлде басқаша болған деген теріс түсінік бар. Алтайдағы ежелгі Ғұн-Түрік заманының қаншама қазынасы сақталған Пазырық, Күдіргі, Бесшатыр қорымдарынан табылған, тобылғы түтініне ыстап қатырған мумиялардың бүгінгі қазақтан айырым белгісі байқалмайды. Әрине, ұзақ тарих кешуі – жиырма, жиырма бес ғасыр орайында халықтың түр-тұлғасы қаз-қалпында қалмайды, әйткенмен, осыншама заман, дәуірлер бойы іргелі елдігінен айырылмаған, саны мол болып, басқа бір нәсілмен жаппай қан аралас қойыртпаққа түспеген біздің жұрт өзінің ұлттық түр-тұлғасын айқын сақтады. Әрине, ақ артық емес, қара кем емес деген сияқты, бізге тән құбақан түстің де артық иә кем сыпаты жоқ, бәрімізде адам ұлымыз; десе де тәңірі еншілеген түр, сыпатымыз сақталғаны ләзім, өйткені, түрі бөлек ұрпақтың мұраты да басқа болады, бір халық жер бетінен өшіп, оның орнын бөтен бір халық басты деп біліңіз.

Советтер билігі заманында аралас некенің айрықша насихатталуы­ - орыстандыру саясатының көрнекті үлгісі болатын. Аралас неке адамзат тарихында ежелден келе жатқан құбылыс, алдағы уақытта да ұшыраса бермек, кейде мұның қан жаңартуға да пайдасы бар, XVIII ғасырдағы Бұхар жыраудың: «Қатының болсын қалмақтан!» деп насихат айтуы тегін емес, бірақ, ол кезде қалмақ қызы – асса екі әйелдің бірі ғана, шабындыдан келеді, жаппай, қаурыт өсім үшін қажет болды, соның өзінде осы Көмекей-әулиенің «Қонысың болсын қазақтан!» деп ескерткені бар, ұлттық ұйығыңды, дәстүр, тегіңді сақта деген сөз, ал, біз қоныстан тықсырылдық, тілде жартікеш жағдайға көштік, байырғы салт-дәстүрлер көмескіленді, қазақ шаңырағы ұлттық кейпінен айырыла бастады. Сондықтан, халқымыздың дамуының жаңа бір тарихи бейнесі, ұлттық мемлекеттің жаңғырып, қайта қалыптасуы кезеңінде: «Қатының болсын қазақтан!» деп ұрандауға тиіспіз.

Қазақ халқының болашағы бүгінгі қазақ әйелінің құрсағында шешіледі, бағзыдан келе жатқан айнымас шындық.

Қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне байлаған, әлемдегі ең ізгі әйел.

Қазақ әйелі – бар тілегін перзентінің жолына арнаған, әлемдегі ең мейірбан әйел.

Қазақ әйелі – бар бақытын некелі ерінің талайынан күткен, әлемдегі ең адал әйел.

Ұлттың ұйтқысы.

Ұрпақтың анасы.

Солай болған, солай бола беруге тиіс. Болмас қисыны жоқ, неге десеңіз, бұл әйелдің бойында сиқырлы, құтты, өзгеше қасиет бар, оның аты – Сұлулық: жан сұлулығы, тән сұлулығы…

Ол рас, әлемдегі ең Сұлу – Қазақ әйелі!

13.VIII.1999

Байланысты жаналықтар

ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

03.12.2022

Мұхтар Мағауин. Қазақтың қырғыз руы

20.07.2021

Мұхтар Мағауин. ӘЙТІКЕШ ТОЛҒАНБАЕВ

26.01.2021

Мұхтар Мағауин. ЖҰМАБЕК ТƏШЕНОВ

21.01.2021

Мұхтар Мағауин. Адам сенбес

01.05.2020

Мұхтар Мағауин. Көлме-көл

02.04.2020
MalimBlocks
ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүддәмалда қалмасын деп.

Мұхтар Мағауин. Қазақтың қырғыз руы

Тарихи дәйектеме

Мұхтар Мағауин. ӘЙТІКЕШ ТОЛҒАНБАЕВ

Мұхтар Мағауин. ЖҰМАБЕК ТƏШЕНОВ

Мұхтар Мағауин. Адам сенбес

Мұхтар Мағауин. Көлме-көл