Байден Ресейге санкция салды. Бұл Қазақстанға қалай әсер етеді?

Елнұр Бақытқызы

  • 15.04.2021

АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Ресейге қарсы санкция салды.  Джо Байден қол қойған қаулыға сәйкес, АҚШ қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау жөніндегі басқармасы АҚШ банктеріне Ресей орталық банкі, Ресей қаржы министрлігі мен ұлттық қордың мемлекеттік облигацияларын сатып алуға тыйым салды. Сондай-ақ АҚШ Ресейдің 10 дипломатын кері қайтарды.

Бұл санкциялар Ресей мен онымен бірге Еуразия экономика одағына кіретін Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Ресей рублі мен қазақ теңгесі девальвацияға ұшырай ма? Бұл сұрақтарға Ulagat Consulting group консалтингтік компаниясының директоры Марат Қайырленов жауап берді.

Марат Қайырленов. Фото: Azattyq.org

– Марат Амангелдіұлы, Джо Байденнің әкімшілігі Ресейге қарсы санкциялар пакетін кеңейтті. Бұл санкциялар Қазақстанға әсер ете ме?

–  Бұл санкциялардың кесірінен Ресей рублі девальвацияға ұшырауы мүмкін. Олай болса, Қазақстан теңгесі де девальвацияланады деген сөз. Ұлттық банк жақында біз рубль тұзағына түсіп қалғанымызды, рубль құнсызданса, бәсекеге қабілеттіліктен айырылмау үшін ізінше теңгені де құнсыздандыруымыз керек екенін мойындады.  Ал егер рубль ізінше теңгені құнсыздандырмасақ, Ресейдің Қазақстанға импорты өседі. Ресейден көп азық-түлік, құрылыс материалдары, басқа да тауарлар импорты көбейеді. Бұл, әлбетте, отандық өндірушілер үшін жақсы емес.

Бірақ таяқтың екінші ұшы бар. Егер теңге девальвация ұшыраса, инфляция өседі. Инфляция қазірдің өзінде өсіп жатыр. Біз көп нәрсені шетелден аламыз, сондықтан теңге құнсызданса, инфляция шарықтайды.

Былайша айтқанда, теңге құнсызданса да, құнсызданбаса да, салдары ауыр болмақ. Меніңше, ұлттық банк девальвация сценарийін таңдайды.

– Егер девальвация болса, рубль мен теңге шамамен қаншаға құнсызданады?

– Ресей мемлекеттік облигацияларындағы  резидент еместердің үлесі 30 пайыз. Бірақ соңғы кездері шетелдік инвесторлар ол сатып жатыр. RGBI индексі қатты төмендеді, демек, инвесторлар Ресей облигацияларынан кетіп жатыр деген сөз.

Бұл санкциялардың кесірінен Ресей рублінің долларға шаққандағы құны 80-ге жетеді деп ойлаймын. Бір ай бұрын бір доллар құны 73 рубль болған. Қазір 77 шамасында.

Өкінішке қарай, бұл соңғы санкция болмауы мүмкін. Себебі Ресей мен АҚШ арасы жақсы емес. Тіпті АҚШ өз банктеріне Ресейдің жекеменшік компаниялардың құнды қағаздарын сатып алуға тыйым салады деген сөз бар. Ал егер осы санкция енгізілсе, жағдай одан бетер ауыр болмақ.

– Мұның әсері қандай болмақ?

– Бұл технолгиялық артта қалушылыққа әкеп соқтырады. Мысалы, Ресей 2014 жылы Қырымға басып кірген соң, Мәскеуге санкция салынды, Батыстан соңғы технологияларды ала алмай қалды. Енді сол технологиялар одан сайын қолжетімді болмай қалады. Тіпті Әзірбайжан – Армения қақтығысы кезінде Армения Ұжымдық қауіпсіздік келісімшартына мүше ел ретінде Ресей қару-жарағымен соғысты. Ал Ресей қару-жарағы артта қалған. Олардың зымыранға қарсы қондырғысы аспандағы дронды көрмейтін болып шықты. Дрондар оп-оңай тас-талқанын шығарғаны содан.

Бұл бізге де әсер етеді. Бізге де сол технологиялар жетпейді.

Инвесторлар аяқ тарта бастайды. Инвестиция деген тек ақша салу емес, сондай-ақ жоғары технологиясы бар зауыт салу.

– Теңге қаншаға құнсыздануы мүмкін?

– Бұрын рубль құны 5 теңге шамасында болған. Ұлттық банкке жаңа команда келген соң оны 6-ға төмендетті. Қазір бір рубльдің құны 5,6 теңге. Рубльдің долларға шаққандағы құны 80-ге құнсызданса, теңгенің долларға шаққандағы құны 448 теңгеге жетуі мүмкін.  Бұл айтарлықтай көп емес. Дегенмен жоғарыда айтқанымдай, бұл жақтағы басты тәуекел – инфляция. Неге десеңіз, біздің былтырғы зерттеуімізге сәйкес, халық өз табысының 54 пайызын азық-түлікке жұмсайды.

2000 жылдары Қазақстанды Орталық немесе Шығыс Еуропамен салыстыратын. Шығыс және Орталық Еуропаның халқы азық-түлікке жақасының 20 пайызын жұмсайды. Ал бізде бұл 50 пайыздан жоғары. Бұл былайша айтқанда, халық кедей деген сөз.

Қазір инфляция онсыз да өсіп жатыр. Бірінші тоқсанда ұн, сұйық май, жұмыртқа қымбаттады. Теңгенің бір пайызға құнсыздануы инфляцияны 0,45 пайызға өсіреді. Сондықтан теңге девальвацияға ұшыраса, инфляция 10 пайыздан асып кетеді. Ал халықтың табысы өсіп жатқан жоқ.

Бәлкім, ұлттық банк инфляция тежеу үшін теңгені құнсыздандырмай ұстап отыратын шығар. Өйткені қалай болғанда да инфляцияны бақылауда ұстау керек.

 

Байланысты жаналықтар

Алматыдағы сайлау учаскесінде Путинге 8 пайыз ғана дауыс берілген

18.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

18.03.2024

Ресейдегі сайлау: Владимир Путин озып кетті   

18.03.2024

Ресейде президент сайлауы басталды

15.03.2024

Тасмағамбетовтің күйеу баласы АҚШ президентіне пара берген

10.08.2023

Еуропарламент Лукошенконы тұтқындауды сұрады

19.07.2023
MalimBlocks
Алматыдағы сайлау учаскесінде Путинге 8 пайыз ғана дауыс берілген

Бұл - Орталық Азиядағы ең төмен көрсеткіш әрі әлемдегі ең төмен нәтижелердің бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ресейдегі сайлау: Владимир Путин озып кетті   

Жалпы сайлауға сайлаушылардың 74,22 пайызы қатысқан.  

Ресейде президент сайлауы басталды

Сегізінші президент сайлауы наурыздың 15-і мен 17-сі аралығында өтеді.

Тасмағамбетовтің күйеу баласы АҚШ президентіне пара берген

АҚШ президентінің ТМД елдерінің шенеуніктер мен кәсіпкерлерінен пара алғаны белгілі болды.

Еуропарламент Лукошенконы тұтқындауды сұрады

Еуропарламент Гаагадағы Халықаралық сотқа Лукашенконы тұтқындауға ордер беруді сұрады