Ресей Қазақстанға АЭС салғысы келеді

Malim Админ

  • 21.04.2021

Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Борадавкин Ресей Қазақстанға атом электр стансасын салып беруге дайын екенін мәлімдеді.

"Егер Қазақстанда тиісті шешім қабылданса, атом электр стансасын салып беруге дайынбыз", - деді Алексей Борадавкин "Ресей және Қазақстан: стратегиялық серіктестік және жан-жақты әріптестікке 30 жыл" атты форумда.

Алексей Борадавкин ақпан айында да Қазақстанға АЭС салу мәселесін көтерген. "Комсомольская правда в Казахстане" басылымына сұхбат берген ол Росатом елімізге АЭС салып беруге дайын екенін айтқан. Сонымен қатар оның қауіпсіз және таза екенін, ал ақпарат құралдарында жазылып жүрген Ресей атомына қатысты фобияның шындыққа қатысы жоқтығын мәлімдеген.

2019 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде әзірге атом электр стансасы салынбайтынын, ал салу мәселесі көтерілсе, ең алдымен референдумда халық пікірін сұрайтынын мәлімдеген.

АЭС салу экономикалық емес, саяси жоба. Дәлірек айтқанда, атом реакторын беру  арқылы өзге елді тәуелді ету. Өйткені АЭС салдырған ел салып берген елден технология мен мамандарды алдырту керек. Оны былай қойғанда АЭС салынған жағдайда оған техникалық қызметті Ресей көрсететіні түсінікті.

Ресей 2018 жылы Өзбекстанға АЭС салу жөніндегі келісімге қол жеткізді. АЭС құрылысы 2022 жылы басталмақ. Енді Ташкентпен келісімге келген Ресей АЭС-ты Қазақстанда лоббилап жүргендей.

 

MalimBlocks