«Қатты ойланып» келе жатқан Ахметовті Тоқсейітов ауруханаға апарды

Олжас Қасым

  • 21.04.2021

Көктем туса болды, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ аудандарға сапарын алдымен Үржардан бастайтыны соңғы жылдары дәстүрге айналды десе де болады. Алғашында «Облыстағы ең ірі аудан болған соң, бірден бізге келгені жөн ғой» деп ойлайтын жергілікті жұрт оның не себепті шапқылайтынын енді түсіне бастағандай. Әсіресе, өңір басшысының келуінен іргелес қоныстанған аудан құрамындағы Мақаншы өңірінің халқы ерекше үміттенетін-ді. Алайда, есіл-дерті туризмнен түсер пайданы ғана елестетін Даниал КЕНЖЕТАЙҰЛЫ көз алдындағы мақаншылықтарды елеместен бірден Алакөлге тартып отырады. Әрине, жалғыз емес, жанында аудан әкімі Нұржан ТОҚСЕЙІТОВ бастаған «кіші дөкейлер» ұлықтың аузынан шығар әрбір сөзді бағып, берілетін тапсырмалар мен қосымша жүктелетін жапсырмаларды ұйып тыңдап бас шұлғи жүріп шығарып салады.

Хош сонымен, апта бұрын тағы да келіп қайтты. Ахметовтың бұл жолы Алакөлге барғаны жөнінде мәлімет жоқ, дегенмен, Мақаншы ауылының ішінде болып, аурухана мен провизорлық стационарлық бөлімге де ат басын бұрып, не істеу керектіктерін орыс тілінде әдемілеп түсіндіріп берді. Үржардың өз басы болса бір жөн, әкімнің сапарын әлеуметтік желіден көріп отырғандар Қытаймен шекараға жақын орналасқан, орысы емге табылмайтын Мақаншыға келіп Ахметовтың ана тілін қалайша «ұмытып қалғанын» түсіне алмай аң-таң болды. Әлде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып жақында ғана тағайындалған Ермек ОМАРБЕКОВТІҢ қазақша «қақпайтынын» біліп, соған түсінікті болсын деп сөйлеп тұрды ма екен?.. «Если действительно это нужна амбулатория, Ермек, давай, мы тогда посмотрим» дегені соның  бір айқын мысалындай көрінді.

Сәуірдің ортасында жасаған облыс әкімінің осы сапары Мақаншы өңірінде әлі де «хит» болып тұр. Мақаншы ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Әбен РАЗУЕВ malim.kz тілшісіне хабарласып, былтырғы жылдың соңында Мақаншы полиция бөлімшесінде қаратұмалық Азамат қазаға ұшырағанда шұғыл жеткен Д. Ахметовтың кейін ақсақалдармен кездесіп, көптеген мәселені өз құлағымен тыңдап, барған соң «қатты ойланатынын» екі аптадан соң арнайы келіп жүздесуге уәде бергенін айтты.

«Біз сол сол кездесуде Мақаншы ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелері Төлеген ЖИРЕНТАЕВ, қазір арамызда жоқ Сәкен ШАРАПИЕВ, Тоқтақын ҚАЛМАҚБАЕВ және мен Әбен Разуев Ахметовке бұрын аудан орталығы болған ауылымыздағы ахуалды жасырмай баяндадық. Жастардың жұмыссыздығы, ұрлық-қарлық етек алғаны, тиянақты бақылаудың жоқтығының соңы осындай қайғылы жағдайға дейін әкелгенін бүкпесіз айттық. Егер ақсақалдардың көтерген мәселесінен нәтиже болса,  бас көтерулерге жол берілмейтінін, жастарды сабырға шақырып, тәрбие жүргізе алатындығымызды жеткіздік. Даниал Ахметов сонда бізге «қатты ойланайын, рас, қатты ойланайын» деп үш рет қайталады. Сол «қатты ойланғанын» көрдік осы жолы. Даниалдың жүзін көріп, даусын естиміз бе деп күтіп едік. Өз жөнімен аурухана аралады да, өз жөніне қайтып кетті,-дейді Ә. Разуев. 

Алайда, Даниал Кенжетайұлы сол кеткеннен мол кетіп, қандай қорытындыға келгенін де жұмбақ ұстап қайтып ат ізін салмаған. «Көп ұзамай қар жауды, қыс түсті, бұл бітпеген іс болдының» керімен мақаншылықтар әупірімдеп көктемге жеткен. Жеткені сол, бұл жолы Үржарға келген Ахметов аурухана аралағанымен, «ақсақалдар қайда?» демепті. Бәлкім, білдей облыс әкімінің ұмытып кеткен уәдесін аудан басшысы Н. Тоқсейтов те есіне түсіргісі келмеген болар. Өйткені, оны тап сол сәтте өткен жылдың тамызынан бастап қолға алынған Мақаншы ауылындағы спорт модулінің құрылысы белгіленген мерзім – қараша айында да аяқталмағаны таяқ болып тиетіні «қатты ойландырып» тұрғаны анық.

Фото: dknews.kz

Байланысты жаналықтар

Мамин мектептерді ашпақшы. Қауіп жоқ па?

11.08.2021

Болат Атабаевпен екінші сұхбат

09.07.2021

Министр Райымқұлова – ойыншық

20.05.2021

Қытай геноцидіне қарсы акция тоқтамайды

13.05.2021

Шындықты айту да өнер!

01.05.2021

Түркияда өзбек сериалын түсірген қазақ

23.04.2021
MalimBlocks
Мамин мектептерді ашпақшы. Қауіп жоқ па?

Болат Атабаевпен екінші сұхбат

Министр Райымқұлова – ойыншық

Қытай геноцидіне қарсы акция тоқтамайды

Шындықты айту да өнер!

Түркияда өзбек сериалын түсірген қазақ