Өлеңге сүйеніп өстім, өлеңге сүйеніп өлемін

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 22.04.2021

Екі-үш жыл бұрын барғанмын. «Құлагер» ықшамауданындағы көк түсті үйлердің қайсысы ақын үйі деп арлы-берлі жүрдім. Ақынға телефон шалсам, тұтқаның ар жағында ғыр-ғыр еткен дауыстан ештеңе естілмейді. Байланыс нашар сияқты. Алты деп жатқанын әрең түсіндім. Алтыншы үй. Ары қарай, өзі айтпақшы, мидай жазық. Өзі балконға шығып тұр.

Үйге кірдім. Бір бөлмеде өзі оқып болған кітаптар ретсіз жатыр. Жалғыз екен. Екі-үш күн бұрын ғана бір арнаның журналистері сұхбат алғанға ұқсайды.Көңіл күйі жақсы. Әңгімеміз бірден басталып кетеді деп ойлаған жоқпын.

***

— Арғы бетте мені танитын, мен танитын ешкім қалған жоқ. Бірінің артынан бірі бауырларым кетті. Қазір мынау Жәркен деп айтпаса, мені біреу танымайды. Қазір маған баруға да болмайды. Шулатып келген адаммын ғой.

— Соңғы рет қашан бардыңыз?

— Сексенінші жылдары бір топ қаламгер бардық. Осындағы ақын-жазушылардың шығармалары сол жақта басылды. Сол кезде бардық.

— Бері қай жылы өтіп едіңіз?

— Жетпісінші жылдың басында келдім.

— Әке-шешеңіз сонда қалды ма?

— Иә, мен осы жақта жүргенде қайтыс болды.

— Неге өзіңіз ғана өттіңіз?

— Әкемнің тілін алдым. Ол кезде Қытайда мәдениет төңкерісі деген болды. Ақын-жазушылардың бәрі айдалды. Менің әдебиетке жақындығымды білетін әкем: «Менің тілімді ал. Атажұртты тап. Кетіп қалмасаң, сенің көзіңді жойып жібереді», – деді. Содан мені Жабақ дейтін кісіге тапсырды. Сонымен, бері қарай өтіп кеттік.

Жабақ осы жақта туып-өскен кісі. Семіз атына төрт-бес кісі мінгестік. Әлімғазы Дәулетхан бар. Жолда тағы адамдар қосылды. Шекараға келгенде төбемізден қалықтап ұшақтар келді. Алдымыздан қарсы алғандар: «Қорықпаңыздар, біз сіздерді ешқандай қылмыскер деп есептемейміз. Өз елдеріңізге келдіңіздер. Туысы барлардың туысы алып кетеді. Туысы жоқтар Көкшетау деген керемет жер бар. Сол жаққа жібереміз», – деді.

— Сіз Көкшетауға кеттіңіз ғой? Ол жақта қанша уақыт болдыңыз?

— Иә. Онда екі жыл болдым.

— Қой бақтыңыз ба?

— «Қой бағып жүр дегенше,

Ой бағып жүр дегейсің.

Қойны-қонышын өлеңге,

Қойма ғып жүр дегейсің.

Қойға кетті дегенше,

Ойға кетті дегейсің.

Өлең дейтін бір елге,

Тойға кетті дегейсің», деп Қабдешке хат жазған кезім сол ғой. Сонда ол кісі Алматыда комитетте істейдіекен. Жұмекен екеуі. Ең алдымен Жұмекенмен таныстырды, содан кейін Жұмекен меніТахауиға алып барды. Өлеңдерімді оқып бердім. Жұмекен маған жұмыс сұрады. Тахаңөлеңімді тыңдап болып, азырақ мақтап: «Ертең Қоғалыға картошка теруге бір топқыз жіберуші едім. Соның бастығы болып бар», – деп қойды. Маған бәрібір емесме?! Бойдақ адаммын. Соған кеттім. Жақсылап істеп, олардан мақтау қағаз алып,Тахауиға әкеп бердім. Ары қарай бәрі қолдап кетті. Мұзафар Әлімбаев алғаш болыпөлеңдеріме пікір жазды. Марқұм Оразақын Асқар бастығым болды. Үлкен кітап дүкені. Барлық дүние сонда бар. Жатып оқыдым, жұмыс істедім.

— Көкшетауда қой бағып жүргенде елді сағынасыз. Жерді аңсайсыз. «Ұқсайсың меніменен бір туғанға» деп басталатын өлеңіңіз сол кезде жазылыпты ғой...

— Иә, елді сағынып жүргендежазылған өлең. Көкшетауда жүргенде арғы беттен бір жігіт келді деп естідім.Көрші қыстақ. Бір-екі күн барып, көре алмай кеттім. Содан бір күні осындайжерде, осындай кісінің үйінде отыр дегенді естіп барсам, тура менімен біртуғандай, бауырымдай бір жігіт отыр. Өзі елден шалғайға кетсең, ұзақ уақыткөрмеген, бір ауылда бірге жүрсең қадірі болмайтын адамның өзі асқақтап кетедіемес пе?! Тура солай әлгі жігіт өз бауырымдай көрінді. Сол кезде жазған өлеңғой.

Ұқсайсың меніменен бір туғанға,

Ұқсайды мінез-құлқың,түр-тұлғаң да.

Анамның саусағының табы түскен,

Ағатай, жан қалтаңда құртың барма?

Кейін соған Қайрат Сейітқазиндеген жігіт ән жазыпты. Менімен бір ауылда туған. Сол жақта басылған өлеңдерімнің ішінен көрсе керек.

— Қазақстанға келгеннен кейінқанша жылдан соң елге бардыңыз?

— Он шақты жылдан кейін бардым.Ол кезде әлі Кеңес өкіметі бар. Заң қатал. Паспортың болса, баратын жерің шақыртса кез келген елге шыға бересің. Мені інім шақыртты. Сол шақыру бойынша бардым.

Шекарадан кезек бойынша шақыртып өткізеді. Оның алдында паспортты алып, тексеретін болуы керек. Меналғашқы болып өткізгем, бірақ мені шақырмады. Әлі күтіп отырмын. Жоқ. Жұрттың бәрі өтіп кетті. Ең соңында мен қалдым. Бітті, мені өткізбейді деп ойладым.Сонша жыл сарғайып күтіп, зарығып тосып жүргенде тура туған елімніңтабалдырығына келіп тұрып қайтып кетсем, маңдайымды тасқа ұрғандай болар едім. Жаным ауырып кетті. Бір кезде мені шақырды. Бәрі жақсы деп өткізіп жіберді.Сөйтсем, менің паспортым бір қуысқа түсіп кеткен бе, әлде ең астында қалыпқойған ба, сондай бірдеңе. Содан ары өткен соң, машинаға салды да, алып кетті.

«Дертіңнен кеттім жауыр боп,Жәйірдан басқа жауым жоқ» деп жаздым ғой. Сол «жауыма» барып бас ұрдым.Тізерледім. Жеңілдім. Мен өмірден бір нәрседен жеңілген болсам, ол сағыныштанжеңілдім. Адам сағынғанда сол аңсаған дүниесіне жетіп, мауқын, сағынышын басады. Мен олай істей алмадым. Қазір де жете алмай отырмын. Сол сағынышымнанжеңіліп, Жәйір жауым болды. Дертім жауыр болды. Дүниеде кіндік қаның тамғанжерді аңсағанда соған жете алмай боздаудан ауыр қасіретті мен білмеймін.

Тіпті менің Жәйір туралы өлеңдерім туған жер шекарасынан асып, туған ел, Отан туралы реңдерге ие болды. Жәйір арқылы күллі қазақ даласын жырладым десем де болады. Бірақ соның бәріменің сағынышыма дәру бола алған жоқ. Жүрегімнің бір түкпірінде қатқан шемен сол.

— Шекарадан өткенде кім күтіпалды сол кезде? Қайда апарды?

— Елдің бір жігіті күтіп алды.Үрімжіге апарды. Бұрын оқыған жерім. Шыңжаң университетінің тіл-әдебиетфакультетін бітіргем. Ол жерде жолдас-жора бар, соларды көріп, содан кейінауылға тарттық.

Ауылдың әр нәрсесінсағынғанмын. Иісін, түтінін, суын, тамағын. Әңгімесін. Дастархан басындағысөйлеп отырған әр адамның аузынан шыққан сөзді желге қақтырмай қағып алғым кепотырды. Ондай сағынышпен барған адам көсіліп сөйлеуі мүмкін емес екен. Ықылас керемет болды. Мен тек сол ыстық ықыласқа майдай еріп қана отырдым.

Серік Қапшықбай деген ағамызболды. Сол кісі менің орта мектептегі оқытушым еді. Бөлек Иманбатыр деген ұстазболды. Сондай көп кісінің ортасында өлеңге құмартып отырдым. Жалпы, менің балакезімдегі өлеңге құштарлығымды осы кісілер оятқан шығар. Омарғазы Айтан деген үлкен ақын өткен. Маған нағашы болып келеді.

— Омарғазыны көрдіңіз бе?

— Көрдім. Менің әкем әдебиетші екенімді біледі. Бір күні қос атпен, төте жолмен Қарамайды басып, Үрімжіге барған. Омарғазы сонда «Шұғыла» журналының бас редакторы. Шет жақта бір кіші үйбар екен, соған аттарды байлатып қойып, Омарғазының үйіне барып, неше күнәңгімелескен. Сонда мен үшін Омарғазыдан ақыл-кеңес сұраған. Көрдің бе, әкедегеннің қандай екенін?! «Осы өнерді тастама. Бастық боларсың, болмассың. Бірақ атажұртқа бар, қаламнан айырылма» деді. Мен соны орындадым.

— Кейін елге барғаныңыздабасына бардыңыз ғой...

— Иә, әке-шешемніңбасына барып, дұға оқыдым. Топырағын құшақтап жыладам, бетіме бастым. Бәлкім,менің сағынышымның «жауыма» айналғаны, Жәйірдің «дұшпаным» болғаны осы ата-анаөлімінен кейін шығар. Әкем мектеп директоры болған адам еді. Сауатты,зиялы-тұғын. Көп газет-журналды оқып беретін, оқытатын. Тек қана әке емес,өмірлік бағытымды, тағдырымды айқындап берген тұлғам, ұстазым болды. Солқайтқанда топырақ сала алмаған басым етегіне жас толып, еңіреп, тасын құшақтапжатты.

Сол жолы Дәм деген өзенді, өзікүркіреп ағып жатады, қиып өттім. Өркештеніп тасып жатқан еді. Жайшылықта олөзенді жүзу мүмкін емес. Мен сондай алып сағынышыммен асау өзеннің өзінбауырымдап бас салсам керек.

— Одан бері неше жыл өтті, ә?

— Көп өтті ғой. Анаукүні жақсы көретін жігіттер шекараға апарды. «Біз көмектесейік, сіз барыпкеліңіз» деді. Бардық. Шекарада да адам құсаған жігіттер бар екен. Маған «Сізді білеміз. Сізге арғы бетке болмайды. Ұстап кетеді» деді. Алматыны бетке алып,кейін қайттық қой, баяғы.

— Қазір де сағынып, елегізіп отырасыз ба?

— Маған қазір Алматы ыстық. Жәйірді сағынамын, әрине. Бірақ қазір ол ойымда ғана қалды. Жүректегі барлық сезімді Алматы басты. Өйткені осы жерде үйлендім, бала көрдім, немере сүйдім. Тұңғыш балам үйленбекші болып, сөйткен кезде тойға өңшең жойыттарды шақырыпты. Бала үйленді, енді той жасау керек. Амалсыз «Тастақтағы» үйімді сатып,соның ақшасына той жасадық. Оған менің арманым жоқ. Әрине,қарызданып-қауғаландық. Бірақ сол үй құтты болған. «Сол үйден кетпеуің керекеді» деп менің біраз ағаларым ренжіді. Сенің ең керемет үйің сол еді деген.

«Тастақтағы» сол үй шынымен керемет болатын. Мына жағында дүкен, мына жағы базар. Балаларымның өсіп-өнген жері ғой. Қазір солардың баяғыда ойнап жүрген кезі көз алдыңа елестегенде не айтарыңды білмей қаласың…

***

Сол кезде ақынның телефоны шырылдады. Ар жақта халын сұрап, жағдайын біліп жатқан әйел адамның даусы. Сірә, апамыз болса керек. «Кешке келесің ғой. Сонда сөйлесеміз» деді.

Қарт адамдарға әлдекімдер хабарласып халын сұраса, көңілденіп, жақсы болып қалатын әдет бар. Жәркен де сөйтті. Адамға біреу сен үшін алаңдап тұрса, ол да ­­қуаныш қой.

***

— Алаңдайды. Кешеаяғым тартылып қалды. Отырған жерімнен не телефонға қолым жетпейді. Тіземен жүре алмаймын. Е, келіп қалған екен деп ойладым. Сөйтсем, уақытша жағдай екен.Кейін жақсы болды. Бір жігіттер екі таяқ әкеп береміз, екі жағыңызға сүйеніп,аяққа салмақ салмаңыз дейді. «Өлеңге сүйеніп өстім, өлеңге сүйеніп өлемін»дедім. Сенен жасыратын түк те жоқ.

— Қанша балаңыз бар?

— Екі балам болды.Айбын, Айдар дейтін. Айдар деген ұлым қайтыс болып кетті. Айбын ғана қалды.Одан екі немере сүйдім. Абылай, Альбина дейтін. Біреуі он бесте, біреуі он үште. Олар көрші тұратын. Қазір ажырасып кетті, бөлек тұрады. Құдай бұйыртса, бір күні барамын. Туған күндерін білемін. Жақсылап отырамыз. Келін жақсы, гәп жоқ. Балалар менің атымда.

Одаққа барсам, бәрі жамырапкөмектеседі. Қалтамды алмаға толтырып барамын. Балаларды көргенде жылағыңкеледі.

— Балаңыз үйленейін деп жүр ме?

— Үйленгелі жүр,қырықтан асты.

— Қайтқан балаңыз шаңырақ көтеріпүлгермеді ме?

— Үйленемін деп,қызын әкеліп таныстырған. Үлгермеді. Сөйтсем, ауырады екен. Оны бізге айтпайды. Жазылып кетем деп жүреді екен. Таза өзінің ауруымен кетті. Ешқандай сөз жоқ. Керемет сұлу, жақсы бала болатын. Қыздар бірінен кейін бірі ғашық боп жүретін(күліп). Кітап палатасына өзім ертіп барып жұмысқа тұрғызғанмын. Менімен біргежұмыс істеді.

Кезінде «Простор» журналында Иван Шухов деген кісі жұмыс істеді. Соғысқа қатысқан, шетте жүрген. Қартайғанында ешкімге көрсетпей кішкене ғана бөтелкеге құйып алып, қалтасына салып қояды екен. Ешкім жоқ кезде теріс бұрылып, бір ұрттап қояды. Ешкім білмейді. Бір күні оны Ғафу жарықтық көріп қойған ғой.

«Иван Шухов дегенің мына кісі,

Қалтада сылдырлайды флягісі.

Жасырып ішкен кезде сол арақты

Адамның келеді екен жылағысы», – деп әзіл өлең айтыпты. Сондай «адам жылататын әдет» бізде де бар.

… Бір күні мұнда балкон ашықтұр. Сырттан дауыс ап-анық естіліп тұр. бір-екі адам, өзім жақын дейтін, «президентшілақын жоқ боп кетті ғой» деп өсек айтып тұр. Сондай сөздерді естіп отырған соң,сыртқа да шыққың келмейді. Мен бәлендей президентшіл ақын емеспін. Бірақ құрметтеймін. Бір емес, бірнеше мәрте президент стипендиясын алдым. Жақында Махамбет атындағы сыйлықты алдым.

— Құтты болсын! Ақшасы бар ма екен? Біздің көп сыйлықтардың ақшасы жоқ не аз ғой.

— Бес мыңға жуық ақшасы бар.

— Жақсы екен. Енді тағы Мемлекеттіксыйлыққа түсесіз бе?

- Жоқ, түспеймін.Менен жас жігіттер алып жатыр. Соларға даусымды бердім осы жерде. Енді мағаноның атағының түк қажеті жоқ. Бізге сол ақшасы керек. Дәрі-дәрмектің өзіқымбат. Қазір жастарға орын беріп жатырмыз. Бірақ кей ағаларымды менің өзімтүсінбеймін. Бәріміз де қартайдық. Қабдеш аға президенттің қабылдауында болды ғой. Онда не сөйлегенін тыңдадың ғой. Жә, жарайды. Жаман емес. Ол кісінің еңбегін бағалады деп іштей риза болдым. Кейін: «Қабеке, ана кісі кетіп қалды ғой. Енді қалай болады?» – десем, «Қашанғы отырады?! Отыз жыл отырыпты. Енді бала-шағасы бар, солармен отырсын», – дейді. Дұрыс, Қабдеш ақылды адам ғой.

***

«Темекі тартып алайын» депбалконға шықты. Кітаптарының тұсынан өтіп бара жатырмыз. «Қалағаныңды ал» дейді. Байрон, Пушкин, Тұманбай… Тағы біраз ақын. Қайсысын алсам екен деп ойлап тұрмын. Бірақ айнып қалдым...

***

— Бұл барлық кітабыңыз емес қой?

— Бұл оқыған кітаптарым. Гүлшаттың апасының үйі бар. Үлкен. Сонда бір залы тұтас менің кітабым.

Мынау суретте – әкем. (Сақал-мұрты келіскен, қоңыр кісі). Абылай хан деген мына кісі. Мынау оның ақордасы (күліп). (Немересінің суреті тұр. Жанында ойыншық киіз үй).

— Сағынған шығарсыз бұ кісілерді?

— Әкемді де сағына-сағына суалдым. Немерелерімді сағынғанда қандай?! Дүниенің ендігі қызығы соларда, соларға қалып барады.

***

Балконға шығып, шылымын асықпай сорғыштап отырды. Бүр жара бастаған ағаштарды айтсам, олардың көк түтіннен ауыра бастағанын айтады. Кештеу көгеретін көрінеді.

Есік алдындағы сауда үйінайтсам, оның балалардың ойнауына кедергі келтіріп тұрғанын айтады.

Жасының енді 74-ке келгенін, Әбдіжәміл ақсақалдың жасына дейін әлі біраз жыл барын айтсам, жүрегін, тұрмысын айтады.

Мен әр ненің сыртын ғана айтады екем. Ақын дүниенің тек ішіне үңіледі. Бұрыннан солай ма, қарттықпен пайда болған қасиет пе, мен білмеймін.

Енді не сұрасам да, орынсыз болардай көрінді. Біткен темекінің желмен ұшып жатқан күлі мен тұқылын езе өшіріп жатқан ақын жүзіне қадалып қалыппын.

2019 жыл

Байланысты жаналықтар

Бейбіт Сарыбай. Жәркен ағаны танитындарға ғана арналған пәндәуи хикая

22.04.2021

Бір жыл өтті. «Олар өздеріне ор қазып жатыр»

22.04.2020

Мұхтар Мағауиннің жастарға хаты

03.02.2020
MalimBlocks
Бейбіт Сарыбай. Жәркен ағаны танитындарға ғана арналған пәндәуи хикая

Бір жыл өтті. «Олар өздеріне ор қазып жатыр»

Мұхтар Мағауиннің жастарға хаты