Қазақстанның төрт таеквондошысы Токио олимпиадасының жолдамасына таласады

Malim Админ

  • 23.04.2021

Иорданияның Амман қаласында өтетін Азияның лицензиялық турнирінде ел намысын төрт спортшымыз қорғайды.

Осыған байланысты Қазақстан құрамасының таеквондошылары Алматыда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Бас бапкер Ю Енг Джиннің айтуынша, Иордания астанасында өтетін лиценщиялық жарысқа дейін Ташкентте жаттығу жұмыстары жоспарланған. Өзбекстан құрамасымен бірлесіп өткізетін жаттығудан соң таеквондошыларымыз Амман қаласына аттанады.

Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасының таеквондошылары әлемдік рейтинг арқылы бірде-бір жолдама ала алмады. +80 келі салмақта 2019 жылғы әлем чемпиионатында бесінші орын алған Смайыл Дүйсебай жолдамадан бірден-бір үміткер еді. Алайда, отандасымыз рейтингтік жарыстарда жолы болмай, үздіктер қатарына қосыла алмады.

Енді не істемек керек? Әлемдік рейтинг арқылы жолдамадан қағылған таеквондошыларымызда соңғы мүмкіндік қалды. Ол үшін Азияның лицензиялық турнирінде кемінде екінші орын алу қажет. Яғни, Иордания астанасында айқасқа түсетін спортшыларымыз өз салмақ дәрежелерінде финалға шығу керек. Ол мүмкін бе? Таеквондо спорты Азия құрлығында кеңінен танылған спорт түрлерінің бірі. Корея, Қытай, Жапония сынды спорты қарыштап дамыған елдерді айтпағанда, араб елдерінің өзі таеквондоны аяққа тұрғызып алған.

Жалпы Олимпиада ойындарында ерлер төрт салмақта күш сынасады. Бойжеткендер арасында да сондай. Бірақ, Халықаралық таеквондо федерациясының бекіткен ережесі бойынша белгілі бір шектеу бар. Яғни, бір ел барлық жолдаманы алу мүмкін емес. Кемі екі жолдама ғана беріледі. Толық құрамды тек  әлемдік рейтинг арқылы ғана түгендей аласың. Азия құрлығында ондай жетістікке тек Қытай қыздары ғана қол жеткізді. Олар төрт салмақтың барлығында жолдама алып, қазірдің өзінде Токиоға баруға тас-түйін дайын отыр. Ал, таеквондоны төл спортымыз деп танитын Кореяның ерлер мен әйелдерінде үш жолдамадан бар. Азияда қазір ең көп жолдама алған да осы корей спортшылары.

Қош, сонымен ұлттық құраманың бас бапкері Ю Енг Джин сенім артқан төрт таеквондошымызға келейік. Қыздар арасында Токио олимпиадасының жолдамасын Фариза Алдоңғарова мен Жансель Дениз сарапқа салады. Фариза 49 келіде күш сынасады. Бұл салмақта Фаризаның басты қарсыластарының бірі ретінде Тайпей, Таиланд, Иран, Индонезия, Өзбекстан және Вьетнам елдерінің спортшыларын айтуға болады. Корея, Қытай, Жапония бұл салмақта жолдама алғандықтан спортшы қоспайды. Дегенмен, соңғы Азия чемпионатында Иран, Индонезия, Тапей сынды елдер 49 келі салмақта жүлдегер атанғанын білеміз. Демек, Алдоңғароваға жолдама алу үшін Азияның нағыз мықтыларын тізе бүктіру қажет.

Фаризға Алдоңғарованы оқырмандарға кеңінен таныстырып өтсек. 1996 жылы Алматы қаласында дүниеге келген Алдоңғарова осыған дейін талай дүбірлі додаларда жүлде алған. Мәселен, 2012 және 2013 жылдары жастар арасында өткен Азия чемпионатында күміс және қола медальға ие болды. Нидерланд және Украина елдерінің ашық чемпионатында топ жарды. Ал, 2018 жылы Джакартада (Индонезия) өткен жазғы Азия ойындарында қола жүлдегер атанды. Бұл оның ересектер арасындағы ең жоғары жетістігі. Индонезия астанасындағы Ойындардың жартылай финалында Тапей спортшысынан ұтылды. Бір айта кетерлігі, алматылық бойжеткен ол кезде 53 келі салмақта күш сынасты.

Жансель Дениз есімі таеквондо жанкүйерлеріне жақсы таныс. 2014 жылы тарихи Отанына оралған Жансель содан бері ел намысын абыроймен қорғап келеді. Аммандағы жауапты жарыста ол +67 келі салмақта сынға түседі. 2018 жылғы жазғы Азия ойындарында осы салмақта күміс жүлдегер атанған.

Азия құрлығында Жансельдің басты қарсыластары Корея мен Қытай спортшылары. Бірақ, іріктеу жарысында бұл екі елден спортшы шықпайды.  Олар Токио олимпиадасының жолдамасын рейтинг арқылы алып қойған. Дегенмен, «корей мен қытай спортшылары жоқ екен» деп босаңсуға да  болмайды. Өзбекстан, Филиппин, Вьетнам, Иран, Иордания елдердің спортшылары кез келген уақытта жолдаманы жұлып алатындай қауқарға ие.

Енді ерлер арасындағы сайысқа келсек. Бас бапкер Ю Енг Джин жолдама алуға мүмкіндігі бар деп 68 келі салмақта Қайрат Сарымсақов пен аса ауыр салмақта, яғни, +80 келіде Руслан Жапаровты қосып отыр.

Қайрат Сарымсақов негізі 74 келідегі спортшы. Осыған дейін жеткен жетістіктерінің барлығы осы салмақпен байланысты. Соңғы екі әлем чемпионатында қола жүлдені 74 келіде алды. Бірақ, аталған салмақ дәрежесі Олимпиада бағдарламасында болмағандықтан Сарымсақовқа осы жолы салмақ тастауға тура келді.

Қайратқа Иордания, Өзбекстан және Филиппин спортшылары басты бәсекелес. Ал, Корея, Қытай, Иран, Жапония сияқты мықтылардан қорқудың тіптен қажеті жоқ. Олар жолдаманы әлемдік рейтинг арқылы алып қойған. Сондықтан, маңғыстаулық спортшы барын салып, қайрат көрсетсе дейміз. Жасы отыздан асқан спортшы үшін бұл Олимпиадаға қатысатын соңғы мүмкіндік.

2016 жылы Рио олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын көтеріп шыққан Руслан Жапаров өзінің екінші Олимпиадасына жорығын бастайды. Ол үшін Амманда өз салмағының алды болу керек. +80 келі салмақта сынға түсетін жамбылдық спортшы талай бәсекелерде тәжірибе жинаған әккі спортшы. Жауапты жарыста жерге қаратпас. Оның үстіне өзінің басты қарсыласы саналатын Корей спортшысы жолдама алып қойған. Дегенмен, аса ауыр салмақтағы алыптар Азияда жетіп артылады. Токио тізіміне кіруге таласып жүргендердің  қатарына Өзбекстан мен Иордания, Қытай, Иран спортшыларын қосамыз. Осылардың арасында Жапаровтың жұлдызы жанса, өзінің екінші Олимпиадасына жол ашылады.

Міне, Токио олимпиадасының жолдамасын сарапқа салатын төртеу осылар. Соңғы Олимпиадаға Қазақстан құрамасы үш спортшы апарды. Атап айтсақ, 49 келіде Айнұр Есбергенова қатысса, 67 келіде Жансель Дениз ел намысын қорғады. Ерлер арасында Руслан Жапаров (+80 келі) жолдама алды. Енді спортшыларымыз кем дегенде үш жолдама алса, соның өзі үлкен жетістік болар еді. Ал, төртеу түгел болса... тіптен жақсы.