Будда қалай пұтқа айналды?

Буддистер Буддаға сиынбайды, тек әулие адамның мүсіні деп құрмет тұтады.

  • 24.04.2021

Будда— б.з.д 563 жылы солтүстік Үндістанда Шакия патшалығында дүниеге келді. Оның әкесі Шутходан Каушал ұлысының патшасы еді. Қырық бес жасына дейін бала сүйе алмаған соң, әйелі Шутходанға екінші әйелдікке өзінің сіңілісі Пражепатиді алып береді. Дегенмен, қырық бес жасқа келгенде бірінші әйелі Маия құрсақ көтереді. Айы-күні жақындаған уақытта сол кезгі жоғарғы кастаның дәстүрі бойынша Маия өз әкесінің үйіне барып босану керек. Оның әкесі оңтүстік непал аймағына қарасыты, Рохини өзенінің арғы беті Коли патшалығының билеушісі еді, Маия ол аймаққа жете алмай қазіргі Ситхартһанагар аймағында қарасты Лумбини деген жерде Будда дүниеге келеді. Будда — оның есімі емес, халық таңған лақап аты.

Балаға Ситһартһа деген есім береді. Ұлын дүниеге әкелгеннен кейін бір аптадан соң оның анасы Маия дүние салады. Ситһартһа анасының сіңілісі Праджепанидің тәрбиесінде қағажу көрмей ержетеді.

Сидһартһа дүниеге келген соң оны көреміз деп Үндістанның түкпір-түкпірінен небір әулиелер Шакияның астанасы Капилауастоға ағылады. Олар баланың — дүниені билейтін патша болатынын не милиондаған жүректі билейтін әулие болады деп болжам жасаған екен. Әулие болады деген сөз — тағымның мұрагері дүниеге келді деп қуанып жүрген Шутһодана патшаның көңілін түсіріп жіберген. Патша Капилауастодағы діндарларды, оқыған-тоғындарды жинап жөн сұрайды. Сол кезде, баланың діндар болуынан қауіптенсе оған қайғы-мұң, қасірет, азап, өлім-жітім дегендерді көрсетпей өсірген дұрыс деген ақыл айтылады.

 Баласының аскеттік жолға түсіп кетуінен қатты қауіптеген Шудһодан патша патшалығынан жаңа қала салдырады. Қала біткен кезде бүкіл Шакиядағы ауыру-сырқауларды, мүгедектерді, кәрілерді сол жерге көшіруге әмір етеді. Сонымен қатар, Капилауасто қаласында жерлеу рәсімін өткізуге тиым салады. Жүрегінде қайғысы барларда жаңа қаланың тұрғыны атанады. Бұл қала “өлілер қаласы” деп аталған екен.

 Ситһартһа аста-төк дүниенің ортасында, қабағына кірбің түспей ержетеді. Оған дүниенің барлық қызығын көрсетіп, рахатының дәмін татыру үшін ештеңені аямады. Тіпті, баласы кәмілеттік жасқа толған кезде Шутһодан патша сарай маңынан баласына арнап кәнизәктар үйін салдырады. Бірақ, кәнизәктар үйіндегі еркек қолы тимеген ерке қыздар жас жігіттің көңілін таба алмайды. Ол өзінің нәпсісіне ештеңені білмесе де тежеу салады, махаббат деген сезімге адал болу бегзадалық қасиет деп есептейді. Дәулеті мен сәулеті келіскен ат шаптырым аймақты алатын зәулім сарайда шалқым өмір сүріп жатса да, оның шыншылдығы, басқаға деген мейірімі, әділдігі, мақұлықат атаулыға жанашырлығы басқадан оны ерекшелеп тұратын.

    Ол он тоғыз жасқа келгенде өзінің бөлесі, коли патшасының қызы Изотһара сұлуға үйленеді. Отасқандарына он жыл өткенде олардың тұңғышы дүниеге келеді. Есімін Рахул деп қояды. Рахул — деген қазақша “кісен” деген сөзге келеді.

    Ситһартһа өзі Үнділердің төрт катасының ішіндегі “кшатри” яғни жауынгерлер кастасынан шыққан. Бұл брахмандардан кейін тұрғанмен, үнді билеушілері осылар болған. Бұл заңдылық әлі күнге дейін сақталған, Үндістан әскерінің жоғарғы қолбасшыларының дені осы кшатри кастасының өкілдері.

    Уақыт өте келе Ситһартһаны мұндай бас айналдырарлық салтанатқа толы өмір жалықтыра бастайды. Ол жібек шапан киіп, алтынды алқалар мен гауһар тағып, басына тәж киіп тәкәпарланып жүргенімен ешкімнен артық емесін түсінді. Бұл да күн көру үшін қарапайым халықтың жегенін жеп, солар ішкен суды ішіп тірі жүр екен. Солар сияқты ұйқтап, солар сияқты шаршайды екен. Мұны басқалардан ерекшелеп тұрған тек, таққан алтыны, қымбат матадан тігілген киімі ғана екен. Ол пенденің тұмсығын көкке көтерткен жалтылдаған өмірден жеркене бастады. Мұны анық түсінді. Оны түсіну үшін бірнеше оқиғаның куәсі болу маңдайына жазылыпты.

     Ол алдымен сарайдан шығып серуендеп жүргенде, жол бойынан қартайған, әбден қалжыраған адамды көреді. “Бұл кісіге не болған, неге терісі қарағаштың қабығындай, көзі суалған, неге бойында әл жоқ” деп сұрайды. Оған мұның кәрілік екенін, барлық адам қартаятынын айтады.

    Келесі де ауыру адамды кезіктіреді. Қасындағы көмекшілері мұның ауыру екенін, кез-келген адамның ауырып қалуы мүмкін екенін, адамның әлсіздігін түсіндіріп береді.

    Үшінші рет сарайдан шыққан кезде, өлген адамның тәнін көреді. Барлық адамның ажал келгенде бұл дүниемен қоштасатынын естиді. Мұның санасында сарайдағы салтанат, қызық-думан бірден мағынасын жоғалтады. Бұл оқиғалар оның ақылын аударып, жүрегін төңкеріп жібергендей әсер етеді. Енді ол өмірдің мәні, мағынасы, қайғы-қасірет деген не, одан құтылуға бола ма, осылар туралы ойлана бастайды. Дүниені аралап осы сұрақтардың жауабын тапсам деп ниеттенеді. Осындай ой үстінде жүрген уақытында дүниеге оның ұлы келеді. Ұлының өмірге келуі оны сапарын кейінге шегеріп тастайды. Сондықтан оның есімін Рахул (кісен) қойған екен.

    Ұлы бір жарым жасқа толған кезде ол сарайдан кету туралы шешім қабылдайды. Ұйқтап жатқан ұлы мен жарын оятып алмайын деп тып-тыныш ұзақ үңіліп, көзінен жасы бұршақтап,  есік пен төсектің, жалғыздық пен жақындарының, қаңғыбастық пен шалқыған өмір ортасында,  қайыршылық пен байлықтың арасында қия алмай, әрі-сәрі болып біраз жүріп қалады. Ақыры, алға қойған мақсаттың жетегімен, сарай қабырғасынан арқанмен төмен түсіп ақихатты іздеуге аттанады. Бұл буддизм тарихындағы ең көңілге қаяю түсірелік оқиға болып еске алынады.

    Ситһаратһа өзінің қымбат киімінің орнына жолаушының киімін киеді, шашын кеседі. Бұл дүниенің жұмбағын шешкен кезде ғана қайтып келмек болады. Ол Магатха мемлекетінде дүниеден безінген кезбелер бар деп естіп соларға жол тартады. Олардың қасында біраз уақыт болып, Брахмандардың дініне қанағаттанбай да тағы да сапарға шығады. Келесі бір кезбелерге барады, олардың да айтқандары мұны сендіре алмайды. Тіпті, өз үйін еске түсіп, баласы, жары туралы сағыныш мұның ойын бөліп, мазасы кетіп жүреді.

     Ғалым деген адамдардың бәріне барып, көңіліндегі сұраққа жауап таба алмай келесі бір қалаға бет алған кезінде бес кезбені жолықтырады. Олар басқалардай қайыр сұрамайды, елдің бергенін жеп, тәндерін аштықпен сынап, күніне бір тал күріштің дәнін қанағат қылатын безінгендер екен. Бұл олардың ұстанғанын ұстанып, аштықпен тәнін қуырып медитация жасайды. Алты жылдың ішінде оның тәніне тарттырған азабы серіктерін таңқалдырады. Тіпті тақуалықта олардан асып түсіп, олар Ситһартһаға шәкірт болады. Сонда да өз сұрақтарына жауап таппайды. Оның жанары осы кезде құдықтың ішіндегі судай мөлдірейтін, қарнынан омыртқасы көрінетін, өзі әбден қалжыраған. Тізеден келетін өзенді кешіп өтіп бара жатып ағып кете жаздайды. Бірден, аштық ақихатқа жеткізбейді, тіпті ол тізеден келетін судан да өткізбейді, бұл тек тән нәпсісінің ғана сынағы екен, ақихат ішкі әлемде жасырулы деген ойға келеді.

    Бес досы мұны үлкен теректің түбінде жолықтырады. Ол, бұларға —  тамақ дайындап, ішіп алмадық па? — деп бесеуін шалқасынан түсіреді. Осыдан кейін,  Ситһартһаның иманы әлсірепті, шыдамсыздық танытты, деп бесееуі мұны тастап кетіп қалады.

    Ол өзін достары қалдырып кеткен Ниранжар өзенінің жағасында елу күн ойланып, өткен-кеткенге ой жүгіртіп өзі іздеп жүрген сұраққа өзі жауап табады. Өмірдің мәнін түсінеді. Оған көмектесіп жүрген ауылдың екі тұрғыны оның ең бірінші шәкірттері атанып, буддизім ілімін қабылдайды.

    Осы кезден бастап ол — Будда атанады. Будда сөзі — оянған, көкірек көзі ашылған, — деген мағынаны береді. Ол өзін тастап кеткен бес досын тауып, өзінің жаңалығымен бөліседі. Олар да Будданың ізбасары атанады. Көп өтпей Магатһа мемлекетінің патшасы жүз жиырма мың адаммен келіп, Будданың уағызын тыңдап олар да буддизмді қабылдайды. Осылайша буддизімді ұстанғандардың қатары көбейе береді.

   Будда — сексенге тақаған шағында өзінің туған жерінен екі күндік жерде көз жұмады. Оның денесін өртеп, күлін сегіз бөлікке бөліп, оның өмірімен байланысты сегіз қалаға алып кетеді.

    Ол ең бірінші болып “адамның бәрі — тең”  деп үнді касталық жүйесін талқандайды.

     Жан-жануарды азаптауға қарсы шығады.

     Шарап ішуге, зина жасауға тиым салады.

     Қайғы мен қасірет және қуаныш адамның бөлінбес бөлшегі, қолы, аяғы сияқты, сондықтан оларға да денеңнің бір бөлшегіне қарағандай қара,— деп үйретті.

   Қазір Үндістанда буддизімді ұстанатындардың саны бесінші орында, әлемде төртінші орында тұр.

     Будда — соғысқа қарсы. Кез-келген мәселені мәмілемен шешуге болады деп есептейді. Будда өзі жас кезінен ғибадатханадағы тас мүсіндерді жансыз,  пайдасыз деп есептеген.  Буддизмде құдай туралы түсінік адамның өз еркіне беріледі.  Буддистер Буддаға сиынбайды,  тек әулие адамның мүсіні деп құрмет тұтады.  Буддизмде жаратушы,  жаратылыс деген пайым жоқ,  олар дүниеде  ештеңе жоғалмайды,  өлесің, қайтадан тірілесің,  шеңберде жүргендейсің деп түсіндіреді.

 Айбек Ережеп

Басты беттегі фото https://pixabay.com/ алынды