Бес жылдық жоспар: ауылдықтардың өмір сүру деңгейін көтеру

Malim Админ

  • 20.04.2021

Қазіргі таңда көтеріліп жүрген негізгі мәселелердің бірі – ауылдық жерлерде тұратын қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін көтеру. Бір кездері екі қолға бір күрек табылар деп қалаға ағылған жұрт қазір қайтадан туған жерге, ауылға орала бастады. Оның негізгі себебі – соңғы жылдары үкімет тарапынан жасалып жатқан жағдай мен ауылда тіршілік етем, кәсібімді дөңгелетем, шаруашылығымды жолға қоям деген адамға берілген мүмкіндік деуге болады. Мұның ең басты артықшылықтарының бірі -  ауыл шаруашылығы өндірісін экономиканың негізгі тірегі ретінде белгілеген мемлекеттік саясатқа демеу болатыны. Әрине, жер қойнауынан шығатын шикізатқа, мұнайға баймыз деп қарап отыруға болмайтынын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Әсіресе, коронавирус пандемиясы алғаш таралғанда мұнайдың бағасы тіпті нөлден төмен түсіп кеткені көп елді ойландырып тастады. Демек, кез келген экономиканың ұстын-тірегі жолға қойылған өндіріс екені даусыз. Ал, ауыл шаруашылығы бір кездері бүкіл әлем, қала берді Совет одағы көлемінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы бойынша алдыңғы қатарда аталған Қазақстан үшін қашан да маңызды сала. Ал, ауыл шаруашылығын дамыту үшін, миллиондаған гектар жерді тиімді игеру үшін ауылда тұратын ағайынның жағдайын жасау, өмір сүру деңгейін көтеру – басты міндет.

Бұл тұрғыда осы салаға жауапты ведомство – ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы 5 жылда агроөнекһркәсіптік кешенді дамыту туралы арнайы жоспар әзірлеп қойыпты. Бұл жайында ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыру үшін жоспарлап отырған шаралар жайлы айтты.

Оның айтуынша 2021-2025 жылдар аралығында агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін жасалып жатқан ұлттық жоба әзірленіп жатыр. Және бұл жоба аясында ауыл тұрғындары үшін бірқатар әлеуметтік-экономикалық міндеттер қарастырылатынына тоқталды. Министр ұсынған тізімге көз салсақ:

  • тұрақты түрде 1 млн ауыл тұрғынының кірісін арттыру;
  • 70 мың отбасылық шаруашылық құру;
  • Ауыл шаруашылығы саласында 500 мыңға дейінгі адамды жұмыспен қамту;
  • 350 мың фермерлік және үй шаруашылығын тарта отырып, 7 экожүйе құру.

Табыс арту үшін адамға ең алдымен айналысатын шаруа қажет. Әрине, елдімекендерде, шартты түрде айтсақ, мектепте мұғалім, емханада дәрігер, әкімдікте мемлекеттік қызметкер болып жүріп алатын жалақы көлемі мемлекеттік бюджет тарапынан жыл сайын өсіп келе жатұаны өз алдына. Бірақ, ауылдық жерлердегі тұрғындардың бәрі мұндай бюджеттік жұмыс істей алмайды ғой. Демек, о бастағы негізгі мақсатқа қайта ораламыз: Шаруашылықпен, кәсіппен айналысу. Демек, бірінші пунктте айтылған 1 миллион ауыл тұрғынының кірісін арттыру – осындай шаруашылықтарға негізделгенін түсіну қиын емес. Алдымен кәсібін жолға қойып, шаруашылығын дамытқан кәсіпкер өз табысын көтереді, одан бөлек, қаншама адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Осының есебінен жұмыссыздық көрсеткіші азайып, жалақы көлемі артады деп күтуге болады. Бұл үшінші пунктте көрсетілген 500 мыңға дейінгі адамды жұмыспен қамтумен тікелей байланысты. Ал, 70 мың отбасылық шаруашылық құру, бір қарағанда бір кездері құрылып, көп ұзамай тарап кеткен кооперативтерді еске түсіреді. Дегенмен, бұған сәл басқаша қараған жөн секілді, өйткені, қазір қауымдасып тіршілік кешетін уақыт емес, нарық заманы. Демек, шаруашылық мәселесі де жұмыс беруші, жұмыс тұтынушы тұрғысынан қаралатын секілді. Бұған соңғы пунктте айтылған «350 мың фермерлік және үй шаруашылығын тарта отырып, 7 экожүйе құру» мәселесін қоса есептесеңіз, алдағы уақытта белгілі бір шаруашылыққа бағытталған ауылдар мен ұжымшарлардың пайда болатынын түсінуге болады.

Сонымен, ауыл шаруашылығы министрлігі осы аталған міндеттерді іске асыру үшін ауылдық жерлерде жаңа инвестициялық жобаларды қолға алатын болады. Бұл жерде, аталмыш инвестициялық жобалар ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашуға және онда тұратын ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік береді. Министрдің сөзіне құлақ түрсек, ол алдағы уақытта еңбек өнімділігін бірнеше есеге өсіруді жоспарлап отырғанын айтады.

«Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жылда еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, сондай-ақ қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету үшін салаға 4,5 трлн теңгеден астам қаржы тарту жоспарлануда. Атап айтқанда, 5 жылда 4,5 трлн теңгеге 845 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобалар өңір әкімдіктерімен және инвесторлармен пысықталып, тиісті жол карталарына қол қойылды. Бұл жобалар Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйені құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес іске асырылатын болады», - дейді ведомство басшысы.

Жалпы, ауылды қолдау, ауылдық дерлерді бос қалдырмау, ауыл тұрғындарын сапалы өмір сүру деңгейімен қамтамасыз ету бір бүгін айтылып жүрген мәселе емес. Бұған дейін де «Дипломмен – ауылға» сияқты бірнеше жоба іске асырылған. Қазір де «еңбек» бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Министр алдағы уақытта бұл бағдарламаның жандана түсетінін, нәтижесінде ауылды қолдауға қосымша шара ретінде алдағы 5 жыл көлемінде 250 млрд теңге бөлініп, 50 мың шағын несие беру жоспарланып отыр екен. Тағы бір бағдарлама «Сыбаға» десек, бұл жоба бойынша да 2025 жылға дейін 175 млрд теңге жеңілдетілген несие берілетін болады. Бұл өз саласы бойынша, яғни,  етті мал шаруашылығын дамытатын 2500 шаруашылыққа бағытталмақ. Одан кейін қой шаруашылығы саласына арналған «Алтын асық» бағдарламасы аясында 11 мыңнан астам шаруашылыққа 117,2 млрд теңге несие берілмек. Ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін ең бір керек көмек егін егу және жинау науқаны кезіндегі мемлекеттік қолдау екені белгілі. Тіпті, жанар май жетіспеушілігі мен техникалардың аздығы да көп шаруа қожалығына үлкен қолбайлау болып жатады. Осы мақсатта құрылған «Кең Дала» бағдарламасы десек, бұл бойынша да көктемгі дәне күзгі қызу науқанға 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлу жоспарланып отыр.

Ал енді бұл жеңілдетілген несиелер қалай, кім арқылы беріледі десек, бұл жағынан бірнеше құрылым қарастырылған. Соның негізгісі көпшілікке қолжетімді Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы. Бұл туралы министр Сапархан Омаров бұған дейін де айтқан.

«Ауыл шаруашылығын қаржыландыруға екінші деңгейдегі банктерді тарту үшін, оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешеннің басым салалары бойынша қарыздарды кепілдендірудің жаңа құралы әзірленді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры берілетін кредиттерге 50%-ға дейінгі кепілдік ұсынады. Ал басым инвестициялық жобалар үшін кепілдік 85%-ға дейінгі мөлшерді құрайды. Жоба пайдалануға берілгеннен кейін кепілдік мөлшері стандартты шарттарға дейін төмендетіледі», деген болатын былтыр ғана. Бұл бастама әлі де күшінде екенін ескеру керек.

Мұндағы баса айтатын мәселе, жоғарыда аталған қолдау шаралары, яғни, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, негізінен, ауылдық аумақтарды қолдау, ауылдағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға, аталған бағдарламалардың табысты іске асырылуы үшін жасалатыны. Бұл жағынан, ерекше бөліп қарауды талап ететін мәселе – ауылдық жерлерде тұратын немесе енді көшіп бармақ шаруалар үшін тұрғын үй құрылысын дамыту. Бұл тұрғыда да нақты шаруалар атқарылып жатыр дейді министр.

«Биыл ауылда тұрғын үй салудың жаңа механизмін енгізу жоспарланып отыр. Онда ауыл қызметкерлері үшін тұрғын үй салған жұмыс беруші шығындарының 50%-ы субсидияланады. Бұл – ауылды жерлерге жас мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Агробизнес өкілдері бұл бастаманы бірнеше рет көтерді және Үкімет оны қолдады», - дейді ол.

Демек, алдағы уақытта ауылдық жерлерге көшіп барып, жаңа жұмыс, жаңа өмір бастайтын жастар мен отбасылардың қатары арта түседі деп күтуге әбден болады.

Байланысты жаналықтар

Базалық мөлшерлеме 14,75% деңгейінде қалды – Ұлттық банк

12.04.2024

Доллар мен рубль қанша теңге тұрады?

05.04.2024

WOS техника паркі жаңа автоцистерналармен толықты

03.04.2024

Гүлмира Джумадиллаева Jusan Bank басқарма төрағасы болып тағайындалды

02.04.2024

Тұрғындар азайып кетті: Бектенов моноқалаларды дамыту қажет екенін айтты

02.04.2024

Су тасқынының алдын алуға бөлінген 7 млрд теңге қайда жұмсалды

02.04.2024
MalimBlocks
Базалық мөлшерлеме 14,75% деңгейінде қалды – Ұлттық банк

Ақпанда және наурызда жылдық инфляция төмендеу үрдісін жалғастырды.

Доллар мен рубль қанша теңге тұрады?

5-сәуір күні Астана мен Алматыдағы айырбастау пункттеріндегі доллар мен рублдің бағасы қандай?

WOS техника паркі жаңа автоцистерналармен толықты

Гүлмира Джумадиллаева Jusan Bank басқарма төрағасы болып тағайындалды

First Heartland Jusan Bank Акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің отырысында 3 сәуірден бастап Гүлмира Джумадиллаеваны Jusan Bank Басқарма төрағасы етіп сайлау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz.

Тұрғындар азайып кетті: Бектенов моноқалаларды дамыту қажет екенін айтты

Моноқалалардағы халық саны азайып барады. Жұмысссыздықтан, жалақының аздығынан, тұрмыс сапасының төмендігінен қиындық көрген жастар ірі қалаларға қарай ағылып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Су тасқынының алдын алуға бөлінген 7 млрд теңге қайда жұмсалды

ТЖМ мәліметтері бойынша, барлық бөлінген қаражат су тасқынына қарсы күреске жұмсалады, деп хабарлайды Malim.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.