"Болашақ" бағдарламасына биыл қандай өзгерістер енгізілді?

  • 22.04.2021

2021 жылы "Болашақ" халықаралық шәкіртақысының іріктеу конкурсына құжаттар 4 мамыр мен 28 қазан аралығында қабылданады. Биыл конкурсқа құжат тапсыру мен іріктеу кезеңдеріне бірқатар өзгеріс енгізілді.  Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте білім және ғылым министрінің орынбасары Мирас Дәуленов пен "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ның президенті Айнұр Кәрібозова осы өзгерістерге тоқталды.

Құжаттар қашан қабылданады?

Білім және ғылым министрі Мирас Дәуленовтің айтуынша, 2021 жылы "Болашақ" шәкіртақысын тағайындау үш кезеңде өтеді.

"Биыл құжаттарды қабылдау мерзімі ұзартылды. Ал шәкіртақы үш кезеңде: маусым, тамыз бен қараша айында тағайындалады", – дейді ол.

Тағы бір ерекшелігі, әр кезеңде шәкіртақы теңдей бөлінеді.  

"Болашаққа" құжаттарды қабылдау 4 мамыр мен 28 қазан аралығында жүреді. Ал конкурстық іріктеу 30 қарашаға дейін жалғасады.

Басым мамандықтар тізбесіндегі өзгеріс

Пандемия "Болашақ" бағдарламысының басым мамандықтар тізбесіне әсер етті. Пандемия кезінде кей мамандықтарға сұраныс артты. Сөйтіп, білім және ғылым министрлігі мен "Халықаралық бағдарламалар орталығы" арнайы сарапшыларды тартып, еңбек нарығын зерттеп, басым мамандықтар тізбесінің жобасын әзірлеп, шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияға ұсынды. Таяуда шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссия сол тізімді бекітті.

"Вирусология, вакционология, иммунология, реабилитология,  биотехнология, креативті экономика мен роботехника саласына көңіл бөліп, оны басым мамандықтар тізбесіне қостық. Жеті бөлімнен тұратын мамандықтар тізбесінде инновациялық мамандықтар мен жаңа технологияларға айрықша назар аударып, сол салаларды дамыту үшін өзгерістер енгіздік", - деді Мирас Дәуленов.

Жоғарғы оқу орындарының тізімі өзгерді

Былтырдан бері "Болашақ" шәкіртақысына құжат тапсырушы үміткерлер магистратура және докторантура бағдарламасына өз бетінше оқуға түсуі тиіс. Яғни үміткерлердің шетелдегі жоғары оқу орындарынан шақыртуы болуы қажет. Бұл өзгерістің тек ауылды жерден шыққан үміткерлерге қатысы жоқ. Ауылды аймақтардан келген үміткерлерге "Болашақ" бағдарламасы аясында тіл курсын оқуға мүмкіндік беріледі.

Биыл "Болашаққа" магистратура мен докторантура бойынша құжат тапсырамын деуші үміткерлер "Халықаралық бағдарламалар орталығы" жаңартқан шетелдегі жоғары оқу орындарының біріне түсуі тиіс.

"2019 жылы "Болашақ" бойынша оқуға ұсынылатын тізімде 537 жоғарғы оқу орны болса, қазір тек 27 елден 207 университет қалды. Бүгінде біз шәкіртақы иелерін тек үздік жоғары оқу орындарына жібереміз. Бұл тізім әлемдегі ең үздік университеттердің үш рейтингісі бойынша жасалды", - деді Мирас Дәуленов.

Іріктеу қалай өтеді?

"Болашақ" бағдарламасының іріктеу процесі президенттің кадрлық резервіне іріктеумен ұқсас. Пандемия басталғалы былтырдан бері құжат тапсыру мен іріктеу процесі тек онлайн түрде өтеді.

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ның президенті Айнұр Кәрібозова мұндай іріктеу жүйесі алғаш рет былтыр сыналып көрді, үміткерлер арнайы платформада тіркеліп, тест тапсырып, тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен тілдесті дейді. Бұл іріктеу жүйесі биыл да жалғасын таппақ.

"Құжат қабылдау мен конкурстық іріктеу толықтай автоматтандырылды. Үміткерлер құжатты үкіметтің электронды порталы арқылы тапсырады. Құжаттардың талаптарға сәйкестігі расталған үміткерлер конкурстық іріктеуге жолдама алады. Жолдама  алған соң, конкурстық іріктеу үшін арнайы жасақталған порталда жеке кабинетке кілт алады. Жеке кабинетте берілген жеке-дара идентификациялық кодпен үміткер барлық конкурстық іріктеу кезеңдеріне қатысады. Іріктеу кезеңдерінде оның жеке деректері көрсетілмейді", - дейді Айнұр Кәрбозова.

Сонымен қатар конкурстық іріктеудің 1-ші және 2-кезеңдері қысқартылды, бұрын іріктеу 6 кезеңнен тұрса, қазір ол 3 кезеңнен тұрады.

1-кезеңде кешенді тестілеу жаңа онлайн порталда өтеді. А.Кәрібозованың айтуынша, бұрын 1-кезеңде пәндік сұрақтардан тұрса, қазір пән сұрақтары жоқ. Себебі 2020 жылдан бастап үміткерлерге университетке өз бетімен түсіп, қабылдаушы университеттің академиялық талабына сай болуы тиіс.

"Кешенді тестілеу вербалдық, сандық, психологиялық тұрақтылықты айқындайтын үш бөлімнен тұрады. Кешенді тестілеу аудио және видеоға жазылады. Платформада өзге көздерден көшіруге мүмкіндік бермейтін бағдарлама орнатылған. Сол арқылы конкурстық іріктеу барысы толығымен автоматтандырылып,оның ашықтығы және нәтижесінде берілетін жауап әділдігіне қол жеткізіледі", - деді "Халықаралық бағдарламалар орталығының" президенті.

1-кезеңнен өткендер 2-кешендегі іріктеуге шақырылады.

Айнұр Кәрбозованың айтуынша, үміткерлермен сұхбаттасатын тәуелсіз сарапшылар комиссиясының мүшелеріне қойылатын талап күшейтілді. Бұрын тәуелсіз сарапшылар комиссиясына үш адам мүше болса, қазір бес адам мүше.

Тағы бір ерекшелігі, үміткерлер онлайн порталда жеке кабинетке кіріп, тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен сұхбат өтетін күн мен уақытты өзі таңдайды. Сұхбат кезінде мүдделер қақтығысы туындамауы үшін үміткердің аты-жөні комиссия мүшелері көрінбейді.

Тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен сұхбаттан кейін "Болашақ" шәкіртақысына ұсынылатын үміткерлер тізімі шетелде кадрларды дайындау жөніндегі республикалық комиссияға жіберіледі.  Соңғы шешімді шетелде кадрларды дайындау жөніндегі республикалық комиссия шығарады.

Биыл "Болашақ" бағдарламасы бойынша 1055 шәкіртақы бөлінбек.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

 

Байланысты жаналықтар

Бүгін – халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің туған күні

22.04.2024

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

18.04.2024

Кітап-ең үлкен қазына

12.04.2024

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

11.04.2024

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

07.04.2024

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

05.04.2024
MalimBlocks
Бүгін – халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің туған күні

Алматы қаласында актер есімімен аталатын көше бар.

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

Жазушылар «жоба – елдегі әдеби процеске серпін берген бастама» дейді.

Кітап-ең үлкен қазына

Қазіргі таңда өмірімізде ғаламтордың алатын маңызы зор екені белгілі. Дегенмен, осы уақытқа дейін бүкіл адамзат жинаған білімнің негізі кітапта екені дау тудырмайды.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді, кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

Ол – қазақ тілінде алғаш детектив жанрында қалам тербеген санаулы жазушының бірі.