Жазушылары да жаулағысы келеді

Олжас Қасым

  • 06.05.2021

Мәскеуде Совет Одағын қайта орнату туралы меморандумға қол қойылды. Еуразиялық идея арқылы жаңа геосаяси формада жүзеге асырмақшы.

Ұлы орыс әдебиеті қазақ оқырмандарына бек риза болуы тиіс. Пушкин бастаған қаламгерлерді миллиондаған қазақ оқыды десек, артық айтқандық емес. Мәшһүр ақынымыз Абай бастаған жазушыларымыз да оларды төбесіне көтерді. Бірақ олардың арасында империалистік һәм шовинистік идеяны көтергендері барын да ұмытпаған абзал. Абай аударып сахараға танытқан сол Александр Пушкиннің түркілерге қатысты айтқанын естен шығармау керек. Ресей мемлекетінің негізін қалаған түркілерді басқыншы, орыс даласына жауыздықты алып келіп, диктатураның дәнін екті. Түркілер арабтар емес, алгебра ілімін алып келген. Біз солардан еуропаны аман алып қалдық деп мақтанған да еді. Ресей патшалығы Кавказды жаулағанда Пушкин аз халыққа араша түсіп, либералдық көзқарас білдірмеді. Империя саясатын қолдады.

Әлем әдебиетінің классигіне айналған Федор Достоевскийдің алғашқы романы «Бедные людидан» бастап соңғы романы «Братья Карамазовыға» дейін сүйсініп оқып шықтық. Жазушыға деген іңкәрліктен ол жайлы қолға түскен қаншама әдебиетке көзіміздің майы кетті. Бірақ жазушының Константинопольді жоқтап жазған дүниелерін оқығанда ұлы таланттың әсіре ұлтшылдығана налыдық. Семейде каторга азабынан құтылып, махаббатқа бөленіп, Шоқанмен дос бола тұра қазақтар туралы бір ауыз сөз жазбағанына жының келеді. Айтпақшы, осы сүйікті жазушымыздың сақалынан Александр СОЛЖЕНИЦЫН, Эдуард ЛИМОНОВ, Александр ДУГИНДЕР шықты. Бұл үшеудің қазаққа қатысты ауыздарынан шыққан сөздерді есіңе де алғың келмейді. Тіпті Лимонов Қазақстанда қарулы көтеріліс ұйымдастырмақшы болғаны кеше ғана еді ғой. Ізгілік пен махаббатты жырлауы тиіс жазушылардың қалай ғана жаулаушы, басқыншы ниетті болғанына таңқаласың. Бұл өзі орыс жазушыларына тән сияқты ма? Тумысында талантты жандардың Достоевскийдің қауға сақалынан емес, неге Гогольдің шинелінен шықпады екен деп жаның да ашиды.

Өткен айда Ресей астанасында орыстың бүгінгі әдебиетінің талантты өкілі Захар ПРИЛЕПИН «Жаңа Еуразия» атты қоғамдық ұйым құратынын мәлімдеді. Және соның құрылтай жиынын өткізді. Замандасымыздың «Санька» романын 2010 жылдардың басында оқығанда қарым-қабілетіне сүйсіндік. Алайда, лимоновшылдығын да бірден байқадық.  Бауырлас укриан жеріне барып Донбасста батальон басқарып соғысқанын естігенде оның шығармаларына қарапайым оқырман ретінде байкот жарияладық. Прилепиннің пайымдауынша, жаңа ұйым еуразия кеңістігіндегі халықтардың басын қосуды көздейді. Яғни Ресей президенті Путин екеуінің диагнозі бір деген сөз. Шалдыққан аурулары реваншизм. Қысқасы, коммунистік, фашистік идеяны еуразиялық идеяның қолтығы мен қонышына жасырып жаңа бір біріктіретін дүние ойлап тапқандай.

Енді Захар Прилепин бастаған шовинист жазушылар «Жаңа Еуразияның» интернет журналы мен институт ашпақшы. Еуразиялық экономикалық одаққа кіріп  экономикалық, қаржылық қиындықтарға тап болғанымызды сала мамандары айтып келе жатыр. Енді білім, мәдениет, ғылым саласына жорық басталғалы тұр.

Алматы қаласында «Книжный город» атты кітап дүкендер желісі бар. Әл-Фараби мен Розыбакиев көшесіндегі дүкеніне барғанымда Прилепиннің кітабын көргенім бар. Бірінші Шешен соғысы мен Украинадағы соғысқа қатысқан оккупант жазушының «Письма с Донбасса все, что должно разрешиться»  атты кітабы сатылып жатыр. Ондағы бас кейіпкер славяншыл Достоевскийдің Мышкин-Ғайсасы сияқты емес екені анық.

Фото: literaturno.com