Токио-2021: Жолдама елуден асты

Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ресми сайты («Olympic.kz») таратқан мәліметіне сүйенсек Қазақстан спортшыларында 54 жолдама бар.

Олжас Қасым

  • 09.05.2021

Осы аптада грек-рим, еркін, әйелдер күресінен және есу спорты түрлерінен  Токио олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынды.

«Malim.kz» сайты аталған спорт түрлері бойынша спортшыларымыздың нәтижелеріне шолу жасап шықты.

Слаломда есу. Таиландтың Паттайя қаласында өткен Азияның лицензиялық турнирінде қазақстандық спортшылар 2 жолдама жеңіп алды. Алдымен ерлер арасындағы сайыста шығысқазақстандық Александр Куликов «C-1» (каноэ) бағдарламасы бойынша жеңімпаз атанып, ел қоржынына алғашқы жолдаманы салды. Бұдан кейін қыздар арасында өнер көрсеткен Екатерина Смирнова да Токио олимпиадасына баратын спортшылардың қатарына қосылды. Смирнова «К-1» (байдарка) бағдарламасы бойынша үздік шықты. Айта кетерлігі, шығысқазақстандық спортшының бұл үшінші Олимпиадасы. 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада кезінде Смирнова (Лукичева) 21 спортшының арасында 12-орын алған. Ал, 2016 жылы Рио-де-Жанейро олимпиадасында іріктеу жарысын сәтсіз өткізіп, 19-орында қалып қойды.

Жалпы слаломда есу спорты елімізде кенже дамыса да, спортшыларымыздың соңғы жылдардағы нәтижелері көңіл қуантарлықтай. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын Джакартада (Индонезия) өткен жазғы Азия ойындарында Александр Куликов Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет жүлдегер атанды. Енді, міне, 23 жастағы спортшымыз Азия құрлығы бойынша үздік шығып, Олимпиадаға қатысқалы отыр.

Тағы бір баса айтып өтерлігі, қазақстандық спортшылар осыған дейінгі Олимпиада ойындарына бір лицензиядан артық алмаған еді. 2008 және 2016 жылғы Ойындарда ел намысын Екатерина Смирнова (Лукичева) қорғаса, 2012 жылғы Олимпиадаға Рафаиль Вергоязов барды.

 

Байдарка және каноэда есу.  Құраманың ардагер спортшысы Наталья Сергеева өзінің төртінші Олимпиадасына қатысады. 45 жастағы спортшымыз бұл көрсеткіші бойынша Қайсар Нұрмағанбетовтің рекордын қайталады. Бұған дейін ескекшілер арасында төрт бірдей Олимпиада ойындарына барған Нұрмағанбетов қана болатын.

Наталья Сергеева Таиланд жерінде «К-1» бағдарламасы бойынша 500 метр қашықтықта бақ сынап, жарыстың бас жүлдесіне ие болды. Сонымен қатар, Инна Клинова да 200 метр (К-1) қашықтықта жеңімпаз атанды. Яғни, бұл бағдарлама бойынша да Қазақстанда бір лицензия бар.

Каноэда есуде ағайынды Сергей мен Тимофей Емельяновтардың алдына түсетін жан болмады. Олар 1000 метр қашықтықта жарыс жеңімпазы атанды.

Маргарита Торлопова мен Светлана Усова жұбы да каноэда есудің нағыз шеберлері екенін дәлелдеді. Қыздарымыз 500 метрлік қашықтықта бақ сынап, Азия құрлығы бойынша қара үзіп шықты.

Академиялық есу. Жапонияның Токио қаласында академиялық есуден де Азия елдері бойынша іріктеу турнирі өтті. Владимир Белоногов баптайтын Қазақстан құрамасы бұл сында кемі бір жолдама жоспарлаған еді. Бас бапкердің жоспары орындалды. Жапон жерінде бұйырған жалқы жолдама Владислав Яковлевке бұйырды. Ол турнир қорытындысы бойынша үшінші орынға ие болды.

Күрес. Өкінішке қарай, Болгария бозкілемінде белдескен балуандарымыз ескекшілер сияқты жанкүйерлерді қуанта алмады. Әлемдік іріктеу турниріне барған жеті балуанымыз да бос қайтты.

Қыздар арасында 68 келіде күрескен Жәмилә Бақбергенова жолдама алуға тым жақын болып еді. Алайда, жартылай финалда әзірбайжандық қарсыласынан жеңіліп, финалға шыға алмады.

Еркін күресте ел намысын қорғаған Азамат Дәулетбеков (86 келі) жарыстың ширек финалынан қайтты. Азаматтың да  жолын әзірбайжандық балуан кесті.

Бұған дейін екі бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан Алмат Кебісбаев (грек-рим күресі) үшінші Олимпиадасына бара алмайтын болды. 67 келідегі балуанымыз Венесуэла мен Түркия елдерінен келген қарсыластарын айқын басымдықпен жеңгенімен ширек финалда француз балуанынан ұтылып  қалды.

***

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ресми сайты («Olympic.kz») таратқан мәліметіне сүйенсек Қазақстан спортшыларында 54 жолдама бар.

Фото «Сanoesport.ru» және «Olympic.kz» сайттарынан