Хоккей: Қазақстан құрамасы кіл мықтылармен күш сынасады

  • 17.05.2021

Қазақстан құрамасының хоккейшілері бұл күндері Латвияда өтетін әлем чемпионатына дайындалуда. Соңғы оқу-жаттығу жиындарын елордада өткізіп, өткен аптада Ригаға ұшып кеткен Юрий Михаилистің шәкірттері Беларусь командасымен жолдастық ойынға шығып, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Кеше екі команда арасында екінші ойын жоспарланған болатын. Алайда, Қазақстан делегациясының бір мүшесінен коронавирус анықталғанына байланысты жолдастық кездесу өтпейтін болды.

 

Соңғы рет Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының элиталық тобында 2016 жылы ойнады. Ресейде өткен чемпионатта топтың соңында қалып қойған хоккейшілеріміз І дивизионынан бір-ақ шықты. Сол кеткеннен екі жыл қатарынан бас көтере алмады. 2017 жылы Австрия мен Оңтүстік Кореяға шамамыз келмей, үшінші орында қалып қойсақ, 2018 жылы Ұлыбритания мен Италия алдымызды орап кетті. Ал, 2019 жылы астанада болған кіші әлем чемпионатында хоккейшілеріміз турнир жеңімпазы атанып, мықтылар тобына қайта оралды.

Латвияда жалауын көтеретін әлемдік сайыс былтыр мамыр айында өтуі  тиіс еді. Бірақ, пандемияға байланысты жарыс тура бір жылға шегерілді.

Кіл мықтыларға қарсы ойнайтын Қазақстан құрамасының хоккейшілерінен әлем чемпионатында жүлде күтпейтініміз анық. Онсыз да төменгі топқа бір түсіп, бір шығып жүрген хоккейшілеріміз А тобындағы орнын сақтап қалса да соның өзі біз үшін жүлде алғанмен бірдей. Өйткені, қарсыластарымыз да осал емес. АҚШ, Канада, Германия, Финляндия сияқты елдердің командасы бізден әлдеқайда күшті. Біздің мақсат –  сегіз команданың арасында ең соңғы орында қалып қоймау.

Юрий Михайлистің шәкірттері Ригада В тобында өнер көрсетеді. Бізден бөлек бұл топта АҚШ, Канада, Финляндия, Германия, Латвия, Италия және Норвегия құрамалары бар. Регламент бойынша осы сегіз команданың арасында үздік шыққан төртеуі плей-офф бәсекесіне жолдама алып, жүлде үшін жарысты ары қарай жалғастырады. Хоккейшілеріміз төрттіктің арасынан орын алмаса да, Италия, Норвегия құрамаларын міндетті түрде ұтулары қажет. Жігіттердің әлем чемпионатының алдындағы басты жоспарлары да осы болса керек.

Хоккей мамандары В тобындағы аутсайдер командалардың алдыңғы қатарына Италияны қойып отыр. Одан кейін Қазақстан. Айдын иелері Латвияның өзін айтпағанда, мамандар Норвегия құрамасын Қазақстаннан мықты дейді.

  Жалпы Норвегиямен Қазақстан хоккейшілерінің арасындағы текетірес 1997 жылы Нагано олимпиадасының іріктеу кезеңінен басталған. Австрияда өткен матчта екі команда 3:3 есебімен тең тарқасты. Одан кейін қос команданың жолы 1998 жылғы әлем чемпионатында түйісіп, Қазақстан құрамасы 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Бұдан кейін Қазақстан Норвегиямен үш рет ойнады. 2010 жылғы Олимпиада ойындарының іріктеу матчында норвегиялықтар 2:1 есебімен ұтса, одан кейін 2016 жылғы әлем чемпионатында тағы да басым түсті (4:2). Дәл осы жылы Олимпида ойындарының іріктеу кезеңінде Қазақстан хоккейшілері ұтты – 4:3 (ОТ).

Қазақстан әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын айдын иелері Латвиямен өткізеді. Одан кейін Финляндия, АҚШ, Германия, Канада сияқты мықтылар күтіп тұр.  

Италия және Норвегиямен өтетін соңғы екі ойын біз үшін маңызды болмақ. Элиталық топта қалу-қалмауымыз дәл осы екі ойында шешілуі мүмкін.

 

Әлем чемпионаты. В тобы.

АҚШ, Канада, Финляндия, Германия, Қазақстан, Латвия, Италия, Норвегия;

 

Ойындар кестесі

 

22.05. 2021. Қазақстан – Латвия

Латвиямен Қазақстан құрамасы осыған дейін жеті ойын өткізіп, соның алтауында жеңілді. Шайба айырмасы – 18:28.

23.05.2021. Қазақстан – Финляндия

Қазақстан Финляндиямен болған төрт ойынның барлығында жеңілді. Шайба айырмасы – 6:20.

25.05.2021. Қазақстан – АҚШ

Осыған дейін өткен бес ойынның үшеуінде негізгі уақытта ұтылдық. Екі ойында АҚШ овертаймда жеңді. Шайба айырмасы – 6:24.

26.05.2021. Қазақстан – Германия

Германиямен болған бес ойынның екеуінде жеңіске жеттік. Екі ойын немістердің жеңісімен аяқталды. Бір ойында негізгі уақытта тең есеп тіркеліп, буллит сериясында Германия басым түсті. Шайба айырмасы – 12:13.

28.05.2021. Қазақстан – Канада

Әлемнің 26 дүркін чемпиондарын әзірге ұтқан емеспіз. Екі ойын өткіздік, екеуінде де жеңілдік. Соңғы нәтиже – 0:8 (2012 жылғы әлем чемпионаты). Шайба айырмасы – 1:12.

29.05.2021. Қазақстан – Италия

Жеті ойынның төртеуінде жеңдік. Үш ойын Италияның жеңісімен аяқталды. Шайба айырмасы – 17:13.

31.05.2021. Қазақстан – Норвегия

Норвегиядан екі рет ұтылдық, екеуінде жеңдік. Бір ойында тең түстік. Шайба айырмасы – 14:14.

 

Фото. iihf.com

Байланысты жаналықтар

Бүгін – халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің туған күні

22.04.2024

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

18.04.2024

Кітап-ең үлкен қазына

12.04.2024

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

11.04.2024

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

07.04.2024

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

05.04.2024
MalimBlocks
Бүгін – халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің туған күні

Алматы қаласында актер есімімен аталатын көше бар.

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

Жазушылар «жоба – елдегі әдеби процеске серпін берген бастама» дейді.

Кітап-ең үлкен қазына

Қазіргі таңда өмірімізде ғаламтордың алатын маңызы зор екені белгілі. Дегенмен, осы уақытқа дейін бүкіл адамзат жинаған білімнің негізі кітапта екені дау тудырмайды.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді, кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

Ол – қазақ тілінде алғаш детектив жанрында қалам тербеген санаулы жазушының бірі.