Сауалнама: Алматы әкімдігіне жұрттың көңілі толмайды

«Стратегия» қоғамдық қоры әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы өз қаражатына алматылық тұрғындар арасында сауалнама жүргізіпті.

  • 26.05.2021

 Зертеу орталығының айтуынша, әлеуметтік зерттеу 1066 тұрғыннан барлық 8 ауданды қамтыған, пропорционалды іріктеме негізінде, 1-10 сәуір аралығында өтіпті.  "Стратегия" қоғамдық қоры әлеуметтік және саяси зерттеулер оталығының жоба үйлестірушісі Иманбай Жандостың материалын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. 

 

 Зерттеудің мақсаты қала тұрғындарының әлеуметтік көңіл-күйін ғана емес, алматылықтардың орталық және қалалық билік органдарына деген көзқарасын, сондай-ақ олардың Алматыдағы тұрмыс жағдайын қалай бағалайтынын анықтау болды.

Алматылықтар айтарлықтай тұрақтылығымен ерекшеленеді: 65%-ы осында дүниеге келген немесе 30 жылдан астам өмір сүреді (салыстыру үшін, Нұр-Сұлтанда 2017 жылғы сауалнама қорытындысы бойынша халықтың 70% - ы 20 жылдан аз өмір сүрген). Алматыда жаңа тұрғындар көлемі (тұру мерзімі 10 жылға дейін) 12% - ды құрады. Бұл өз кезегінде Алматы әлі де көші-қон ағындарын өңдеуге және жаңа тұрғындарға урбанизациялық тұрғыда әсер етуге қабілетті екенін байқатады. Сондай-ақ бұл жағдай тұрғындардың әлеуметтік белсенділігіне және олардың билік органдары қызметін бағалауына әсер етеді.

Тапқаны тамағы мен киіміне жетеді

Алматылықтар тек азық-түліктің өзіне орта есеппен отбасылық бюджеттің 47% жұмсайды (ел бойынша көрсеткіш 53 % ). Сауалнамаға қатысқандардың 63% тапқан табыстары тамақ пен киім алуға жететінін, бірақ теледидар, тоңазытқыш сияқты ірі заттар алу қиындық туындататынын айтады. Бұл топты қоғамның негізгі қабаты деп атауға болады. Сондықтан Алматыда бұл қабаттың мөлшері әлі де өз көлемін сақтап отырғанын атап өткен жөн, ал бүкіл республика көлемінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша айтарлықтай төмендеген (әдеттегі 57-60% - дан 31% - ға дейін).

Алматылықтар өз аудан әкімдіктерін қалай бағалайды?

Қала тұрғындары өз аудан әкімдіктерінің жұмысын бағалау кезінде нақты бір жақты пікір білдіре алмады. Сауалнамаға қатысқандардың 45% «өз аудан әкімдігі қызметін қалай бағалайсыз?» - деген сұраққа жақсы деп жауап берсе, 42% жаман да, жақсы да емес деп сенімсіздік танытқан. Тек әрбір алтыншы респондент қана (13%) өз аудан әкімдігінің қызметіне көңілдері толмайтындығын білдірді.

Диаграмма 1. – ӨЗ АУДАН ӘКІМДІГІ ҚЫЗМЕТІН ҚАЛАЙ БАҒАЛАЙСЫЗ? %

Жаңа аудандардың бірі Наурызбай ауданының тұрғындары өз аудан әкімдігінің жұмысын нашар бағалайды. Сауалнамаға қатысқандардың 42% аудан әкімдігінің жұмысын нашар деп бағалаған. Бұл алматылықтардың тарапынан ең нашар бағаланған әкімдік болды. Ал жұмысы ең жақсы деп танылған Жетісу ауданының әкімдігі болды. Жетісу ауданының 91,3% тұрғындары өз аудан әкімдігінің жұмысын жақсы деп бағалаған. Аудан әкімдерінің жұмысын бағалау кезінде бір жақты пікір білдіре алмаған (жаман да, жақсы да емес) Әуезов, Түркісіб, Медеу аудандарының тұрғындары болды.

Диаграмма 2. – ӨЗ АУДАН ӘКІМДІГІ ҚЫЗМЕТІН ҚАЛАЙ БАҒАЛАЙСЫЗ? (%; аудандар бойынша)

Сауалнамаға қатысқандардың 33% қала билігі қазір тұрып жатқан шағын аудан/квартал мәселелерін қалай шешетініне көңілдері толмайды (8% толығымен қанағаттанбайды). Әрбір екінші респондент (54%) қалалық билік шағын аудандарға толығымен көңіл бөліп, мәселелерін дер кезде шешуде деп ойлайды.

Диаграмма 3. – СІЗ ҚАЗІР ТҰРАТЫН ШАҒЫН АУДАН/КВАРТАЛ МӘСЕЛЕЛЕРІН ҚАЛАЛЫҚ БИЛІК ҚАЛАЙ ШЕШЕТІНІНЕ КӨҢІЛІҢІЗ ТОЛА МА? %

Қылмысқа қарсы күрес  нашар

Зерттеудің тағы бір мақсаты алматылықтардың қаладағы түрлі факторлар мен компоненттер негізінде әкімдіктердің жұмысын бағалау болды. Сауалнама нәтижесі бойынша, қала тұрғындарын қоғамдық көлік жұмысы, көшелер мен аумақтарды тазалау, қоқыс шығару, көшелерді безендіру және жарықтандыру сияқты бағыттар бойынша әкімдіктің жұмысы қанағаттандырады (3 баллдан жоғары).  

Келесі бағыттар тұрғындардың көңілінен (3 баллдан төмен) шықпайды: жол полициясының жұмысы; нүктелі, тығыздалған құрылыс; шағын және орта бизнесті қолдау; қылмысқа қарсы күрес; автомобиль жолдарын жөндеу; ауаның жай-күйі; нөсер кәрізінің, арық жүйесінің жай-күйі; тегін тұрақтардың болуы; мемлекеттік емханалар мен ауруханалардың қызмет көрсету сапасы; Коммуналдық қызметтерге тарифтердің мөлшері және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау.

Жол полициясының жұмысы және Шағын және орта бизнесті қолдау факторлары Түркісіб, Алмалы және Наурызбай аудандарында төмен бағаланған. Алатау, Түркісіб және Алмалы аудандары тұрғындарының пікірінше нақты, тығыз құрылыс мәселесі өршіп тұр. Алмалы, Наурызбай және Медеу аудандарында қылмысқа қарсы күрес жұмыстары нашар жүргізіледі. Бостандық, Алатау, Түркісіб және Наурызбай аудандары тұрғындарының пкірінше аталмыш аудандарда ауаның сапасы соңғы жылдары тым нашарлап кеткен. Жауын-шашын кәрізінің (канализация), арық жүйесінің жай-күйі Алмалы, Наурызбай, Медеу аудандарында реттелмеген. Тегін авто тұрақтар мәселесі тек Жетісу және Әуезов аудандарында ғана жоғары бағаланған. Коммуналдық қызметтер тарифтерінің мөлшері және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау мәселелері Түркісіб, Алмалы және Медеу аудандары тұрғындары тарапынан ең төменгі көрсеткіш тіркелген (1,4-1,8 балл аралығында).

КЕСТЕ – 1. СІЗ ҚАЛАДАҒЫ БҮГІНГІ ЖАҒДАЙДЫ КЕЛЕСІ БАҒЫТТАР БОЙЫНША ҚАЛАЙ БАҒАЛАЙСЫЗ? БАҒАЛАУ ҮШІН 1 ДЕН 5КЕ ДЕЙІНГІ ШКАЛАНЫ ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ5, 1 – ӨТЕ НАШАР, 5 – ӨТЕ ЖАҚСЫ

Факторлар мен компоненттер

Орташа бал

Коммуналдық қызметтердің жұмысы

3,71

Қоғамдық көлік жұмысы

4,07

Қоқыс шығару

3,83

ТКШ жағдайы

3,22

Білім беру нысандарының жұмысы

3,53

Мемлекеттік балабақшалардың жұмысы

3,59

Мемлекеттік мектептер жұмысы

3,47

Қаланы абаттандыру және қауіпсіздік

3,14

Көшелер мен аумақтарды тазалау

3,63

Көгалдандыру және саябақ аймағын күту

3,40

Аула аумақтарын жөндеу

3,40

Жол полициясының жұмысы

2,97

Нүктелі, тығыздалған құрылыс

2,90

Шағын және орта бизнесті қолдау

2,87

Қылмыспен күрес

2,83

Көлік инфрақұрылымының экологиясы

2,93

Көшелерді безендіру және жарықтандыру

3,78

Ақылы тұрақтар

3,09

Мүгедек адамдар үшін қаланың қолжетімділігі

3,07

Автомобиль жолдарын жөндеу

2,92

Ауа жағдайы

2,78

Жауын-шашын канализациясының, арық жүйесінің жай-күйі

2,48

Тегін тұрақтар

2,38

Негізгі қызметтер

2,45

Ойын-сауық және бос уақыт

3,43

Мемлекеттік емханалар мен ауруханалар қызметтерінің сапасы

2,83

Коммуналдық қызметтер тарифтерінің мөлшері

1,86

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау

1,68

 

Жалпы Алматы қаласы тұрғындарының қала және орталық билік өкілдеріне, сондай-ақ қала тұрмысына әсері бар түр факторлар мен компоненттерге деген көзқарасы жаман емес. Сауалнама нәтижесі бойынша тек әрбір алтыншы алматылық тұрғын (13%) өз аудан әкімдігінің қызметіне көңілі толмайды. Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі (54%) қала билігі шағын аудан/квартал мәселелеріне дұрыс көңіл бөліп, уақытында шешімін табуда деп есептейді. Дегенмен Алматы тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы өзге өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай жақсы екенін ескеру қажет. Зерттеу нәтижесі бойынша алматылықтар азық-түлікке орта есеппен отбасылық бюджеттің 47% жұмсайды (ел бойынша көрсеткіш 53% құрайды). Сұралғандардың 63% тапқан табыстары тамақ пен киім алуға жететінін, бірақ теледидар, тоңазытқыш сияқты ірі заттар алу қиындық туындататынын айтады, ал бұл көрсеткіш республика көлемінде айтарлықтай төмендеген (әдеттегі 57-60%-дан 31%- ға дейін). Алматылықтар коммуналдық қызметтер тарифтерінің және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын қымбат деп есептейді. Тұрғындар бұл факторларды ең төмен деңгейде, 5 баллдық шкала бойынша, 2 балдан төмен бағалаған. Қала билік өкілдерінің жұмысын және қала тұрмысына әсері бар факторлар мен компоненттерді көбіне Түркісіб, Наурызбай және Алмалы аудандарының тұрғындары төмен бағалаған.

 

MalimBlocks
Сауалнама: Гүл - таңдаулы сыйлық арасында тек 5-орында