Таңбаның тарихи негізі: У мен И

«Жазу ережелері тақырыпты таластың мықтысы «у» мен «и»-да», -деп жазады ХХ ғасыр басындағы қазақ жазуының алғышқы теоретиктерінің бірі – Омарұлы Елдес .

Malim Админ

  • 29.05.2021

«Жазу ережелері тақырыпты таластың мықтысы «у» мен «и»-да», -деп жазады ХХ ғасыр басындағы қазақ жазуының алғышқы теоретиктерінің бірі – Омарұлы Елдес («Шығармалар жинағы», Алматы, 2018. 32 б.). Латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиіне көшу қарсаңында қазіргі қазақ жазуының да ең түйткілді мәселелерінің бірі – осы и мен у.  Бұл тақырыпты талас-тартыстың қазақ жазуында пайда болғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, кезең сайын күн тәртібінен түспей келеді. Бұл айтыс-тартыс, кей тілтанушылар мен «ақын-жазушылар» айтып жүргендей, қазақ жазуында 1929, 1938, 1940 немесе1957 жылдардан емес, дәл 1912 жылдан бастау алады. Қазақ жазуында бұл мәселені алғаш көтеруші – Байтұрсынұлы Ахмет. Түйткіл неден тарады, әуелі соған тоқталайық.

1912 жылы қазақ тілінің алғашқы ұлттық әліппесі дүниеге келді. Бұл әліппе арқылы қазақ балаларын тез сауаттандыру мақсатында «Дыбыс негізді әдіс» пайда болады. Бұл туралы А.Байтұрсынұлы: «Бірден дыбыстарды қосып сөз қылып оқығандықтан, бірден қаріптерді қосып сөз қылып жазғандықтан, ежік пен қадімше оқудың қасында бұл әдіс анағұрлым төте еді. Сондықтан да «төте оқу» деп аталып еді», деп жазады («Оқу құралы» (Әлифба), Орынбор, 1912 ж.). Біз бүгінде «төте жазу» деп атап жүргеніміз әуелде жазу үйренудің төте жолын үйрететін әдістің жалпы атауы еді. Ал осы әдіс бойынша қазақ тілінде дыбыс буын құрайтыны, буын сөз құрайтыны, сөз сөйлем құрайтыны, сөйлемдер құрала келіп, сөйлеуге ұласатыны айтылады. Мұнда сөйлеу мен жазудың ең басты, ең кіші бірлігі дыбыс (мағына ажырататын фонема) екені баяндалады. Осыған байланысты А.Байтұрсынұлы 1914 жылы жарық көрген «Дыбыс жүйесі мен түрлері» деген 1-кітабында қазақ тілінің дыбыстарын дауысты, дауыссыз, жарты дауысты деп үш топқа бөлді. Даулы дыбыстарға байланысты айтыс-тартыс осыдан басталады. Бұл жайлы сөзді осы арада кідірте тұрып, әуелі сөзді әріден бастайық. ХХ ғасырдан бұрын да қазақ тілі мен жазуы болды. Бұл кезеңдерде осы мәселе қалай шешілді, бұған көпшілік ғалымдар назар аудармайды. Осы орайда түйткілдің түптамырын аз кем қаузап өтейік.

Түркі халықтарының жазу мәдениеті туралы біршама толыққанды дерек X-XII ғасырға жататын М.Қашқаридың «Диуани луғат-ит-түрік» еңбегі деуге болады. М.Қашқари аталған сөздіктің кіріспесінде түркі тілдерінде 18 таңба қолданылатынын айта келіп, [и], [у] дыбыстарын дауысты дыбыс ретінде береді:

Асқар Егеубаев мұндағы таңбаларды дұрыс транскрипция жасаған. Араб тілінде үш шолақ дауысты дыбыс бар. Олардың таңбалары – (а),و  (у), ى (и). Бұл таңбалар түркі тілінде де осы дауысты дыбыстардың баламасы болады да, өзге дауыстылар фатха ( ‾ ) , зәммә ( ՚ ) кесрә ( ˍ ) сынды үш харакат арқылы таңбасыз беріледі. Яғни осы таңбалардың үстіне  фатха ( ‾ ) қойылса, а, ә, зәммә ( ՚ ) қойылса, о, ө, у, ұ астына кесрә ( ˍ ) қойылса, и, ы дыбыстарының мәнін береді (1 том, 36 б.). М.Қашқари мұны былай түсіндіреді: «Мұның жазылу қағидасы мынадай: айтқанда орны жоқтығына қарамастан, жазғанда фатха орнына « -әріб», зәммә орнына «و-у», кесрә орнына «ى-и» әрпі қолданылады... Бұл сөздерді жазғанда харакат үшін әріп (оқығанда анық аңғарыла бермейтін «و , ,ى » әріптерін) қосуға тура келеді. Қадым заманнан бері Қашқардан жоғары Шынға дейінгі күллі түрік өлкелерінде хақандары мен сұлтандарының жарлықтары мен хат-хабарлары осы жазумен жазылып келген» (1 том, 36 б.). Әліппеде «дауысты дыбыстар анық аңғарыла бермейді» деген уәж айтады да, оларға бөлек таңба арналмаған. Егер бұл дауыссыз дыбыс болса, оларды дауысты дыбыстың қатарында бермес еді және оларға арнайы таңба арнаса керек еді.

Х-ХII ғасырлардан да бұрынғы жазба мұралар болғаны баршаға аян. Бұлардың қатарында көне түркі ескерткіштерінің орны ерекше. Белгілі түрколог ғалым Ғ.Айдаров көне түркі тілінде де дауысты [и] мен [у] дыбыстары болғанын айта келіп, оның алтун, оғуз, ұлуғ, игі деген сөздерде келетінін алға тартады («Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі», Алматы, 1986).

Ал ескі қыпшақ тілінің білікті мамандарының бірі Ә.Құрышжанұлы да ескі қыпшақ тілінде [и/й], [у]  дауыстылардың барлығын айтады: «Ескі қыпшақ тілі қолжазбаларындағы дауысты дыбыстарды мынадай екі топқа бөлеміз: 1) Тіл арты дауыстылары: а, о, ы, у; 2) Тіл алды дауыстылары: е, ө, і, й» («Ескі қыпшақ тілі», Алматы, 2007 ж., 113 б.). Ғалым тағы бұл тұжырымдарын әрі қарай тарата келіп, былай дейді: «Ескі қыпшақ тілінде жартылай дауысты екі дыбыс (й, у) бар. Бұл екеуі жуан дауыстылармен де, жіңішке дауысты дыбыстармен де тіркесе береді. Қазақ тілінің әліпбиі жалаң дауысты у мен жартылай дауысты у-ды екі түрлі таңбамен ажыратып береді: ұ, у. Көне түркі тілдері туралы жазылған еңбектерде ұ таңбасы өз алдына жеке бөлінбейді. Ұ мен у-ды белгілеу үшін кейде бір-ақ таңба, кейде у әрпімен қатар диакритикалық белгісі бар таңба қолданылады. Ол жұмсалып отырған орнына қарай әрі дауысты, әрі жартылай дауысты екі дыбыстың графикалық белгісі есебінде жұмсалады» («Ескі қыпшақ тілі», 2007 ж., 115 б.). Бұдан шығатын қорытынды – түркілік кезеңде у мен и дауысты дыбыстары болған және ол бірде дауысты, бірде дауыссыз дыбыстардың да қызметін атқарған. Сондай-ақ у, ұ, ү тіпті о, ө дыбыстарының да төркіні бір екені, тіл дамуының белгілі кезеңдерінде өз алдына бөлек дауысты дыбыс болып жігі ажырап шыққаны аңғарылады. Бұл қазіргі қазақ тіліндегі өгіз/ уөгіз, орақ/ уорақ, уақыт/ ұуақыт, уыз/ ұуыз т.б. сөздерінен де байқалады.

«Ескі қыпшақ тілі» кітабында ескі қыпшақ жазбаларының графикалық ерекшелігі мен А.Байтұрсынұлы әліппесінің байланысы салыстырыла келіп, былай деп берілген: «Орынборда, 1914 жылы басылған көрнекті ағарутшы-ғалым, білімпаз А.Байтұрсынұлының «Оқу құралында» қазақ тілінің фонетикалық жүйесіне үйлестірілген араб жазуы үлгілі (жадид) әліпбиінен де ескі қыпшақ жазба ескерткіштері жазуының жалғастығын көреміз. Жазба ескерткіштердегі тілдік материалдардың графикалық өрнектелуін талдай отырып, «мәмлук» кейінгі орта ғасыр қыпшақтары мен қазақтар арасындағы араб әріптерін дыбыстауда біршама ұқсастық болғанын байқаймыз» («Ескі қыпшақ тілі», 2007 ж., 85 б.). Ғалымның сөзі шындық екенін арғы-бергі араб графикалы ескі мәтіндерді түпнұсқадан оқи алатын біз де растаймыз.

Қазіргі қазақ тілі, сондай-ақ өзге де түркі тілдерінің түпнегізі саналатын аталған тілдік кезеңдерде дауысты немесе жарты дауысты [и] мен [у] бар болса, қазіргі қазақ тілі түркілік элементтерді сақтаған таза, мұрагер тіл бола тұра дыбыстық қорында мұндай дыбыстардың болмауына хақы бар ма?! Көне түркі тілінің бұл ерекшелігі барлық сөздерде болмаса да, белгілі сөздерде сақталуы, сарқыншағы қалуы тиіс. Қосаршылар (Қ.Жұбанов) бұған жауап бермейді. Мұның тарихи өзгерісін, даму динамикасын, өзге тіл дыбыстармен қатынасын тексеріп, дәйекті тұжырым ұсынбайды. Мұны тек «дауыстыдан кейін дауыссыз, дауыссыздан кейін дауысты келеді» деген мектеп оқушысына арналған ережемен тексереді.

Тым тереңге бармсақ та, XIX-XX ғасырдағы татар, башқұрт, ноғай сынды жазу мәдениеті бізден сәл ертерек қалыптасқан түркі халықтарының  «Шора», «Уақыт» сияқты газеттерінде бұл дыбыстар жалғыз таңбамен берілген. Оларда тіпті дауысты [у] мен [и]-дің қызметі басымдау. Ал 1911 жылдан бастап шыққан өзіміздің «Айқап» журналында да дәл осылай, бір таңбамен ғана берілген:

(«Айқап» журналы, 1911 ж., №2, 10-бет)

Келтірілген бұл фактілер «[и] мен [у] дыбыстарын жалғыз таңбамен таңбалау орыс тілі әсерінен қалыптасқан, 1930 немесе 1957 жылдары қазақ орфографиясына зорлықпен енгізілген» деген пікірді толықтай терістейді. Бұл – орыс тілінің сарқыншағы емес, ондаған ғасырлар бойы түркі жазу мәдениетінен жалғасып келе жатқан графикалық дәстүр.

Шын мәнінде, [и] мен [у] дыбыстарын дауыссыз деп, қосар таңбамен беру – орыс тілінің әсері болып шықты. Қалай десеңіздер, мақаланың басында кідірткен әңгімені осы арадан қайта жалғаймыз:

А.Байтұрсынұлы 1912 шыққан «Оқу-құралы, қазақша әліппе» кітабында қазақ тіліндегі дыбыстарды еуропалық классикалық үлгісімен, одан үлгі алған орыс тілі дыбыстарын жіктеу тәсілімен гласные звуки, согласные звуки деген ұғымдарды дауысты дыбыстар, дауыссыз дыбыстар деп қазақша атады. Міне, бұл жіктеу бүгінге дейін жалғасып келген даудың басталуы болды. Бұған дейін, орыс миссионерінің зерттеулері мен Ы.Алтынсариннен басқа, қарапайым қазақтарда мұндай ұғым болмады. Мұндағы дауысты, дауыссыз деген ұғымдар, шын мәнінде – шартты нәрсе еді. Бұл жіктеуге даудың басы болған [и], [у] дыбыстарының табиғаты сыймайды. Тіл жүйесі бізге жат халықтар тілінің дыбыстарын жіктеу тәсілі қазақ тілінің дыбыстық қорын толық көрсете бермейді. Алайда А.Байтұрсынұлы оның жолын тапқан. Яғни [и] мен [у]-ды дыбыстың өзге екі тобымен тең дәрежелі үшінші тобы ретінде жарты дауысты деп берді де, мәселенің алғашқы, әрі ең ұтымды шешімін табады (біздің ойымызша). Дей тұрғанмен, А.Байтұрсынұлы да бұл дыбыстардың түйткілдерін оңайлықпен шеше алмады. 1912 жылдан кейінгі жылдары өзінің тұжырымдарын әлденеше рет өзгерткен. 

1914 жылы шыққан «Тіл-құрал» (дыбыс жүйесі мен түрлері) кітабында да қазақ тілі дыбыстарын дауысты, дауыссыз, жарты дауысты деп үш топқа бөледі де, и мен у-дың жарты дауысты екенін одан сайын нақтылай түседі («Тіл-құрал», Орынбор, 1914, 8 б). Ғалымның бұл тұжырымы «Тіл-құрал» (дыбыс жүйесі мен түрлері) кітабының 1918, 1920, 1922 жылғы басылымдарында өзгеріссіз беріледі. Ал 1923, 1924 жылғы басылымдарында и мен у бұрынғыдай төрт түрлі дыбыс ретінде берілмей, «бүтін дауысты у» мен «бүтін дауысты и» дыбыстарын қысқартып, тек  жарты дауысты екі түрі ғана қалдырылады. Бірақ қазақ тілінің дыбыс құрамы дауысты, дауыссыз, жарты дауысты болып тең дәрежелі үш топ түрінде өзгеріссіз беріледі. Он жыл бойы дыбыстардың жеке тобы ретінде берілген и мен у, шын мәнінде, табиғаты, артикулияциялық ерекшелігі, дыбыстармен тіркесімділігі жағынан өзге дауысты және дауыссыз дыбыстардан ерекшеленетінін ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы  терең түсінген.

Бұл дыбыстарға байланысты елеулі өзгеріс аталмыш кітаптың 1925 жылғы басылымында кездеседі. Бұл басылымда ғалым: «Дыбыстар дауысты, дауыссыз болады. Соған қарай таңбалары да дауысты, дауыссыз болып бөлінеді», - деп, бұдан бұрынғы пікірлеріне түзету енгізеді («Тіл-құрал», Орынбор, 1925 ж., 8 б.). Одан әрі қарай дауыссыз дыбыстарды жарты дауысты дыбыстар, қатаң дыбыстар, ұяң дыбыстар, ымыралы дыбыстар, ымырасыз дыбыстар деп бес топқа бөледі. Ал жартылай дауысты дауыссыз дыбыстардың қатарына р, л, й, у дыбыстарын жатқызады («Тіл-құрал», Орынбор, 1925 ж., 8 б.). Дыбыстардың бұлай жіктелуіне 1924 жылы болған «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінің» елеулі әсері болады. Бұл өз алдына жеке тақырып және мұны сол кітаптан («Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі» Орынбор,1924 ж.. 120 б.) оқуға да болады. Ал 1927 жылы «Жаңа мектеп» журналында жарық көрген «Дыбыстарды жіктеу туралы» деген Е.Омарұлына жауап ретінде жазған мақаласында [и], [у] дыбыстарын дауысты дыбыстардың тобында қарастырып, «жарты дауысты», «өткелді» дыбыс деп береді.

Десек те, ғалымның бұл екі дыбыс туралы «өзгермелі» тұжырымдары мұнымен бітпейді. Оқу, жазу сауаттылығы үшін жазылған «Тіл-жұмсар» кітабының 1928 жылғы 2-бөлімінде [и], [у] дыбыстарын өзге р, ң, л, м, н  дыбыстарымен қоса  үнді дауыссыз дыбыс деп береді (Тіл-жұмсар», Қызылорда, 1928 ж., 57 б.). Себебі  дауыссыз р, ң, л, м, н, у, й дыбыстарын дауысты дыбыстар сияқты дауысты ашық, қатты шығарып айтуға келмесе де,  мұрын жолы мен тіл ұшының көмегімен шыққан үнді үзбей, біразға дейін ұстап тұруға болады. Қазіргі қазақ тіл білімінде орныққан термин саналатын «үнді дыбыстар» атауы «Тіл-жұмсар» кітабында алғаш қолданылады.

Ғалым үнді дауыссыздар жайлы тұжырымын одан сайын тереңдете түсіп, р, ң, у, й төрт дыбысты талғауық үнділер деп атайды (Тіл-жұмсар», Қызылорда, 1928 ж., 59 б.). Талғауық үнділер – сөз құрамында орын талғайтын үнді дыбыстар. Бұл ғалымның [и], [у] дыбыстары туралы айтқан соңғы тұжырымдарының бірі. 1929 жылдан кейінгі он жыл ішінде ғалымның баспа бетін көрген бірде-бір еңбегі жоқ. Осы жылдар ішінде жазылған белгісіз еңбектерінде бұл дыбыстарға қатысты кезекті жаңа тұжырымдары болуы әбден мүмкін. Біз А.Байтұрсынұлының ғылыми тұжырымдарын есепке алған тұста, бір ескеретіні, ғалымның ең соңғы тұжырымы ғана шешуші, мәселенің ақиқаты деп танымай, барлық тұжырымдарындағы ғылыми негізді ескеруіміз керек.

Жоғарыдағы баяндаулардан и мен у-дың А.Байтұрсынұлын да біраз әуре-сарсаңға салғанын көруге болады. Айталық, жарты дауысты, толық дауысты, орта дыбыс, үнді дауыссыз, талғауық үнді дыбыс деп әртүрлі береді. А.Байтұрсынұлының и, у мен ый, ій, ыу, іу, ұу, үу қосар таңбаларына байланысты ғылыми тұжырымдарын бұдан бұрынғы мақалаларымызда («Қазақ жазуын жаңғырту», Алматы, 2017 ж., 255-264 б.) кеңірек баяндағанбыз. Мұнда оның бәрін қайталау қажетсіз. 

Ғалым 1927 жылы басылған «Дыбыстарды жіктеу туралы» деп аталатын мақаласында қазақ дыбыстарын бұрынғыдан басқаша топтастырады.  Бұл – А.Байтұрсынұлының дыбыстарын топтастыру туралы біз білетін ең терең классификация. Мақалада бұрын айтылмаған құнды тұжырымдар кездеседі. Ғалым осы мақаласын: «Қазақ тіліндегі дыбыстарды жаңадан жіктейтін болсақ, әрі айтылуына қарай, әрі сөз жүзінде білінетін қасиеттеріне қарай жіктеу керек. Қазақтікі сияқты заңы азбаған тілдің айтылу жүзіндегі дыбыс жіктері сөз жүзінде білінетін дыбыс қасиеттерінің жіктерімен түйісетін көрінеді», - деп бастайды да, дыбыстарды дауысты (а, р, ң, л, м, н, е, о, ұ, у, ы, и) , дауыссыз (б, п, т, ж, д, з, с, ш, ғ, қ, к, г) деп екі үлкен топқа бөледі. Әрі қарай дауысты дыбыстарды толық дауысты (а, е, о, ұ, ы), шала дауысты (р, ң, л, м, н, у, и) деп екіге бөледі. Толық дауыстыларды аңғал түрлісі (а, е, ы), қымқыру түрлісі (о, ұ)  деп екіге бөлсе, шала дауыстыларды ауыз шығысты (р, л, у, и), мұрын шығысты (ң, м, н) деп екіге бөледі. Ал ауыз шығыстыларды босаң жолдылар (р, у, и), қысаң жолдылар (л) деп екіге бөледі («Дыбыстарды жіктеу туралы», Қызылорда, 1927.,  66 б.) Әрі бұл дауыстыларды бір-бірінен ажыратудың басты бірнеше белгілерін атайды. Солардың бірі – дауыстылардан соң жіктік жалғауы -мын түрінде, дауыссыздардан соң -бын, -пын түрінде жалғануы. Ал толық дауысты мен шала дауыстыларды ажыратуда: буын ішінде дауыссыз дыбыстардың алдында да, соңында да келсе, толық дауысты болатыны, тек дауыссыздардың алдында келіп, соңында келмесе, шала дауысты болатынын айтады. 

Ендігі кезекте дыбыстарды дыбыстау мүшелерінің қатысына қарай өткелділер (а, р, ң, л, м, н, е, о, ұ, у, ы, и), өткелсіздер (б, п, т, ж, д, з, с, ш, ғ, қ, к, г) деп екі үлкен топқа бөледі. Өткелділерді мұрын арқылы (ерін бөгетті, тіл бөгетті, тамақ бөгетті), ауыз арқылы (еркіндер, қымқырындылар, именіштілер, қақтықпалылар, бөгеттілер) деп бөледі («Дыбыстарды жіктеу туралы», Қызылорда, 1927.,  69 б.). Аталған мақалада мұнан да өзге көптеген көкейге қонымды тұжырымдар жеткілікті.  Жалпы алғанда, дауысты, дауыссыз дыбыстар туралы тұжырымдарын: «Еркін өтсін, қысылып өтсін, бөгеліп өтсін, әйтеуір өтетін өткелділері дауысты дыбыстар болып шығады, өткелсіздері дауыссыз дыбыстар болып шығады», - деп қорытындылайды («Дыбыстарды жіктеу туралы», Қызылорда, 1927.,  69 б.). Бұл мақала А.Байтұрсынұлы [и], [у] дыбыстарын дауыссыз емес, түбінде дауысты немесе жарты дауысты дыбыс ретінде танығанын толық дәлелдейді. Шындығында да и мен у-ды бірде дауысты, бірде дауыссыз деп төрт дыбыс ретінде тану ақылға қонбайды. Бұлар – әрқайсысы екі-екіден төрт дыбыс емес, бір-бірден екі дыбыс және акустикалық ерекшелігі, дыбыстармен тіркесімділік қабілеті жағынан дауыстылардан да, дауыссыздан да өзгеше, универсалды, көпфункционалды дыбыстардың ерекше түрі. Н.Уәлидің мұны қазақ тіліндегі бірегей (уникальный) дыбыс деуінің терең ғылыми негізі бар.

ХХ ғасыр басында, нақтырақ айтқанда, 1923 жылдардан кейін [и], [у] дыбыстарына байланысты пікірталастар туындай бастайды да, 1924-1925 жылдары қазақ жазуындағы үлкен дауға айналады. Алаш зиялылары арасында бұл пікірталас 1937 жылға дейін толассыз жалғасады. Осы жылдар аралығында баспасөз беттерінде көптеген мақалалар жарық көреді. Алайда мұнда айтылған тұжырымдарды  бір мақала көлеміне сыйдыру мүмкін емес. Сондықтан бұл тақырыпта пікір білдіріп, арнайы еңбек жазған қазақ зиялыларын басты ұстанымдарына қарай мынадай үш топқа бөлуге болады:

1) Бұл дыбыстарды дауыссыз дыбыс дейтіндер – А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, Х.Досмұхамедұлы, А.Мамытұлы, Н.Шағиұлы, М.Тұрғанбайұлы, Е.Алдоңғарұлы, М.Наурызбайұлы, М.Жолдыбайұлы, Р.Ақбайұлы, Қ.Басымұлы, Есенғали, Шамғали Сарыбайұлы т.б.;

2) Дауысты немесе бірде дауысты, бірде дауыссыз дейтіндер – А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанұлы, Ж.Аймауытұлы, Н.Төреқұлұлы, Қ.Жұбанұлы, А.Байділдаұлы, М.Мырзаұлы, М.Тұрғанбайұлы, М.Саматұлы, С.Мұқанұлы, Ә.Ақдәулетұлы, Малабайұлы, Б.Малдыбайұлы т.б.;

3) Таратпай жазуды қолдайтындар – М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, Т.Шонанұлы, Қ.Жұбанұлы, Н.Төреқұлұлы, А.Байділдаұлы, М.Мырзаұлы, Ә.Марғұланұлы   (Әлікей Марғұлан), М.Саматұлы, Қ.Тарақұлы, С.Мұқанұлы, Ә.Ақдәулетұлы, Малабайұлы, Б.Малдыбайұлы т.б. 

Бұл топтардың ішінде дауыссыз дейтіндердің көпшілігі таратып жазуды, дауысты немесе жартылай дауысты дейтіндер таратпай жазуды қолдайтыны түсінікті. Ал үшінші топтағылар –  [и] мен [у] дыбыстары қандай дыбыс болса да, таратпай жазуды құптайтындар.

Бұдан қазақ жазуындағы и мен у мәселесі, сырткөз сыншылар айтқандай, 1940 жылдан кейін ғана туындап, одан бұрын басы ашық, жеңіл-желпі шешіле салған мәселе еместігі анық көрінеді. Сондай-ақ таратпай жазуды қолдайтындар қазақ тіліне «қастық жасайтындар» немесе білместікпен орыс тілінің ықпалына түскендер еместігі айқындалады. Керісінше таратып жазу дағдысы Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған 1924-1940 жылдар аралығында болған. Демек қазақ тіліндегі и мен у дауы – тіл мүддесін түрліше ұстанымдар, түрліше қажеттіліктер тұрғысынан күйіттеуден туған пікір қайшылығы.

 

Е.Маралбек

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Тіл мәдениеті бөлімінің қызметкері, PhD доктор

 

Байланысты жаналықтар

Қазақ әліпбиінің тілтанымдылығы

29.05.2021

Қазақ жазуының реформасы және жаңа әліпби

30.04.2021

ЖАҢА ӘЛІПБИГЕ КӨШУ КЕЗЕҢІНДЕ ҚОҒАМДЫҚ ТҰТАСТЫҚ ҚАЖЕТ

09.04.2021

ЖЕТІЛДІРІЛГЕН ӘЛІПБИДЕГІ «ҚЫСҚА Й» МЕН «ҰЗЫН И»

08.04.2021

Кирилше «Ң ң» деп белгіленіп келген дауыссыз дыбыс жайлы

07.04.2021

Латынға көшу – ұлттық қауіпсіздік мәселесі

11.03.2021
MalimBlocks
Қазақ әліпбиінің тілтанымдылығы

Қазақ жазуы әлемдегі басты әліпби түрлерінің бәрімен де – араб, латын, кирил графикаларымен – жазып көрдік.

Қазақ жазуының реформасы және жаңа әліпби

Бүгін 30 сәуір күні “ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ РЕФОРМАСЫ ЖӘНЕ ЖАҢА ӘЛІПБИ” атты республикалық ғылыми-практикалық онлайн конференция өтті.

ЖАҢА ӘЛІПБИГЕ КӨШУ КЕЗЕҢІНДЕ ҚОҒАМДЫҚ ТҰТАСТЫҚ ҚАЖЕТ

ЖЕТІЛДІРІЛГЕН ӘЛІПБИДЕГІ «ҚЫСҚА Й» МЕН «ҰЗЫН И»

Кирилше «Ң ң» деп белгіленіп келген дауыссыз дыбыс жайлы

Латынға көшу – ұлттық қауіпсіздік мәселесі