Бозоқтың қайта гүлдеген бағы

Тарих өткеніміз ғана емес, болашағымыз. Тарихты ескі парақтардың беті деп қана қарауға болмайды. Тарих жаңа жазылар – ақ парақ.

Берік Жанатханұлы

  • 13.05.2021

Тарих өткеніміз ғана емес, болашағымыз. Тарихты ескі парақтардың беті деп қана қарауға болмайды. Тарих жаңа жазылар – ақ парақ. Өткеніңе қарап, болашағыңды айқындайсың. Замана керуендері көшіп кеткен болса да, сонау түпкі тарихтан болмысыңды суырып алып, бүгінгі уақытқа шегендеп қоясың. Бұл ұлт ретіндегі маңызыңды, ерекшелігіңді жоймаудың амалы. Ұлт пен құлыс, мәдениет пен әдеп, тарих пен әдебиет, музыка мен бейнелеу өнері, дизайн мен архитектура шекарасы бұзылып бара жатыр. Әлем бірдей формаға бет алды. Осы қарқынды өзгерістердің аласапыранында мазмұныңды сақтап қалу аса маңызды.  

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК халқымыздың тарихи-мәдени құндылығын зерттеу, сақтау және насихаттау мақсатында тығыз қарым-қатынас орнатып, жүйелі түрде жүздесулер өткізуге бекінген.

Осыған орай, «БОЗОҚ СӘРСЕНБІСІ» платформасы аясында 12 мамырда «Бозоқ» музей-қорығы белгілі суретші, этнограф, қару-жарақ ісінің тарихын зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты Қайролла Саматұлы Ахметжанмен кездесу өткізген.

Бұл кездесудің мәні тереңде. Өйткені байтақ астанамыздың түп негізі осы тарихи қалашықта жатыр. Кездесуде тарихшы Бозоқ қалашығының ұлт мәдениеті мен тарихындағы алар орнына ерекше тоқталған.

«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» атты кітапта Бозоқ қалашығына былай анықтама беріліпті. «Бозоқ қаласы VІІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүр­ген, бірнеше кезеңдерден тұрады. Бозоқ қа­лашығы Сарыарқаның ортасында солтүстік сібір бассейні өзендерінің (Есіл, Сілеті, Шідерті) және Орта Азиялық (Нұра, Сарысу) өзендерінің са­лалары түйіскен жерінде, яғни Есіл өзенінің сол жағалауындағы Бұзұқты көлінің шығыс жағала­уында орналасқан.

Бозоқ қалашығының Қазақстан астанасы үшін оның ертедегі дерегі ретінде маңызы өте зор. Мыңдаған жылдар бұрын қазіргі Астананың ор­нында әскери бөлімшелердің пайда болуы гео­стратегиялық фактормен байланысты, ол далалы Жібек жолының керуендерін бақылауға арналған болуы мүмкін. Бұл жер шаруашылық иеліктерге, әскери стратегиялық плацдармға, сауда жолда­рын бақылауға арналған бірегей орын». Бұл анықтама біздің тарихи санамызға қозғау салуы тиіс. Өйткені біреудің қаңсығын таңсық көріп жүрген уақытқа өз тарихымызды дұрыс насихаттау мемлекет алдында басты міндет.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз ең­бектерінде: «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмо­ланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» деп анықтап, айшықтап жазған болатын.

Бозоқ қалашығы солтүстіктен оңтүстікке созылған үш негізделген топқа бөлінген. Қалашықтың орталық бөлігінде үш төртбұрышты ор бар. Жеке-жеке қорғанменмен қоршалған кварталдар бір-біріне іркес-тіркес жатыр.Үш кварталдың түйіскен жерінде тік бұрышты алаң тұр.

X-XІ ғасырларда Бозоқ қалашығы аумақтың әкімшілік және сауда орталығы, Ұлы Жібек жолы бойындағы қыпшақ билеушілерінің әскери ордасы болған екен. XІІІ-XV ғасырларда қалашық орны қасиетті, киелі саналып, ақсүйектерді жерлейтін орынға айналған. ХІV ғасырдан бастап Бозоқ қаласы Нұра-Есіл аймағының исламданған элиталы рухани орталығына айнлаған.

Сарыарқаның төсінде жатқан осынау бағаналы орданың киелі болатындай жөні бар. Осы аймақтан әр кезеңдерде ұлт бастаған шешендер мен көсемдер туған.

Бозоқ қаласының бүгінгі біз үшін маңызы қазір сол жерде астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Бұл жәйдан-жәй емес. Бозоқ қалашығын археолог Кемел Ақышев тапқан. Есіл экспедициялық тобына басшылық еткен Марал Қалымжанқызы Хабдуллина журналист Нұргүл Қалиеваға берген сұхбатында: «Қала орнының табылуы кездейсоқтық емес еді. Ежелгі қала туралы дерек саяхатшылардың көне жолжазбаларынан белгілі болды. Патшалық Ресей дәуірінде Қазақстан жеріне бірнеше мәрте экспедиция ұйымдастырылған. 1816 жылы Арқа жерінен жүріп өткен осындай бір экспедицияның құрамында болған Иван Шангин есімді инженердің жол үстінде жазған жазбаларында ол осы маңнан қаланың орнын көргенін айтады. Кеңес Ақышев әрине, бұл дерек туралы білді. Сондықтан, осы жерге 1997 жылдан бастап сонау Алматыдан бірнеше жыл қатарынан жаз-күз айларында келіп жүріп, қаланың ізін таппақшы болады. Кемел Ақышев алғашқы барлау жұмыстарын Есіл өзенінің оң жағалауында жүргізді. Себебі, ол қала су ойпатынан биіктікте, құламада орналасуы керек деген сенімде болды. Алайда, мұнда қаланың орнынан хабар беретін ешқандай белгі таппай, әбден салы суға кеткен уақытта өзеннің сол жағалауындағы батпақ арасынан Бозоқтың ізі білінеді. Сонымен, қаланы біз кісі аяғы баса бермейтін батпақтың ішінен аршып алдық. Қала салуға неліктен мұндай қолайсыз жер таңдалып алынғаны әлі де беймәлім. Бәлкім, бұл жаугершілік замандағы қорғаныс мақсатындағы стратегия болар. Бозоқ қалашығы 1998 жылдың күзінде яғни қыркүйек айында ашылды. Кеңес Ақышев үшін бұл Президенттің тапсырмасы болды. Оны тапқаннан кейін, келесі жылы ол жерде зерттеу жұмыстарын жүргізу керек болды. Бұл ел астанасының оңтүстіктен орталыққа көшірілуімен тұспа-тұс келді. Есіңізде болса, астананы көшіру туралы пікір қоғамда талас тудырған болатын. Ақпарат құралдарында Арқалықтың жабайы шет аймақ екендігін және мұнда тың игеруге дейін ешқандай тарихи өркениет болмағандығын айтушылар болды. Бозоқтың табылуы – сол негізсіз айыптауларға тарихтың жауап беруі болды», - дейді.

Бұл шынында да Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімін қуаттай түсетін құнды жәдігер болды. Бұл мүлде басқа тақырып, басқа мәселе, әрине. Бірақ айта кетуіміз керек.

Қазіргі кезде елімізде ішкі туризмге мән беріліп отыр. Ел басшылығы, министр Ақтоты Райымқұлова да басты назарында ұстап отыр. Көптеген қорық-музейлердің жанынан туристік орталықтар ашылып жатыр. «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында» өткен Қайролла Ахметжанмен кездесу осындай тарихи деректерді қозғаған. Ал деректер сананы қозғайды.

Бозоқ қалашығының орны, музейі сөзсіз еліміздегі негізгі туристік орталыққа айналуы тиіс. Өйткені астанамыздың түп негізін жақсы білуіміз керек. Ал біз өзімізді жақсы таныған сайын, жат та қызыға түседі. Ал Нұр-Сұлтан қаласы Бозоқтың қайта гүлдеген бағы десек те болатындай.