"Жаңа өзгерістер диссертациялық кеңестердің жауапкершілігін арттырады"

Malim Админ

  • 28.05.2021

Білім және ғылым министрлігін Қазақстан ғылымын дамыту мақсатында бірқатар реформаны қолға алды. Атап айтқанда, ғылым әлеуетін арттыру үшін диссертациялық кеңес жұмысының жауапкершілігін күшейтетін өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ PhD дәрежесін алу үшін диссертация жазбай-ақ, ғылыми зерттеу нәтижесін Web of Science базасындағы Q1-Q2 тізілімінегі журналдарға үш мақала түрінде шығарып, осы мақалаларды диссертациялық кеңесте қорғап доктор атануға болады. Бұл өзгерістер ғылымға қалай әсер етеді? Оның нендей артықшылықтары бар? Білім және ғылым министрлігі сапаны қамтамасыз ету комитетінің кадрларды аттестациялау басқармасының басшысы Қарлығаш Сәкенова Malim.kz сұрақтарына жауап берді.

– Қарлығаш Жеңісқызы, білім және ғылым министрлігі диссертацияны қорғау талаптарына бірқатар өзгеріс енгізді. Мысалы, PhD дәрежесін алу үшін диссертация жазбай-ақ алуға болады. Ол үшін WоS-тің Q1-Q2 тізіліміндегі журналдарда бірінші автор немесе корреспонденция алатын автор ретінде докторанттың есімі көрсетілген бір шолу және екі ғылыми мақала шығуы керек. Бұл өзгерістер ғылымға және ғалымдарға қалай әсер етеді?

–  Осы және басқа өзгерістер министрдің жас ғалымдар кеңесі, сарапшылармен кездесуі нәтижесіндегі талқылаулардан кейін іске асқан болатын. Қазіргі кезде диссертацияны қорғаудың екі жолы бар. Біріншісі –  бұрынғыдай классикалық түрде ғылыми зерттеудің нәтижелерін диссертациялық жұмыс ретінде жазып, оны рәсімдеп, қорғау. Ал екінші жолы – диссертациялық зерттеу нәтижесін жоғары деңгейдегі Web of Science базасындағы Q1-Q2 квартильдеріне кіретін журналдарға үш мақала түрінде шығарып жариялау. Егер ғылыми ізденісі үш мақала түрінде шығатын болса да, міндетті түрде оның нәтижесі диссертациялық кеңес алдында қорғалады.

Жалпы, диссертация деген не? Бұл – докторанттың ғылыми зертеуінің жинақталған нәтижесі. Докторант сол нәтижені диссертациялық жазбаша жұмыс түрінде жазып қорғайды немесе екінші жолы – жоғары деңгейдегі журналдарға шыққан мақалалары негізінде қорғайды. Яғни дәрежені  қорғаусыз алу деген болмайды. Екі жағдайда да жұмыс нәтижесі диссертациялық кеңес алдында қорғалады.

Сондықтан, әрине, доктранттар бірінші курстан бастап дәрежені қандай жолмен аламын деп ойлануы керек. Егер мақалалар негізінде қорғаймын деп жоспар жасаса, ендеше, өз зерттеулерін жүргізіп, Q1-Q2 квартильдеріне кіретін журналдарды алдын ала таңдап, мақалаларды сол журналдарға жіберіп, осы бағытта жұмыс істейді. Яғни PhD-ді  мақалалар негізінде қорғап шығу  оңай жұмыс емес. Себебі Q1-Q2 квартильдеріне кіретін журналдар жоғары деңгейлі болғандықтан, оларда мақала жариялап шығару оңай емес. Ондай журналдардағы мақалалар 5-6 рецензиядан өтеді. Оның үстіне мақала 20-30 бет көлемінде болуы мүмкін дегендей талаптар қойылуы мүмкін.  Сондықтан үш мақала шығаратын болса, оның бүкіл зерттеуі қорғаудағыдай екі рецензентпен ғана шектелмейді. Бір мақаланы 5-6 рецензент қараса, үш мақала шығару үшін жұмыс 15-18 рецензенттен өтеді деген сөз. Сондықтан бұл да оңай жұмыс емес. Бірақ бұл докторантқа өзінің ғылыми зерттеу жұмысын бір жолмен реттеуге, жоспарлауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұлттық уиверситеттердегі диссертациялық кеңестер көбіне оң шешім қабылдайтынын, соңғы екі жылда тек екі теріс шешім ғана қабылдағанын келтіріпті. Осы диссертациялық кеңестің жауапкершілігін арттыру үшін олардың жұмысына қандай өзгерістер енгізілді?

– Бұл жерде министрдің айтуынша, теріс шешім беретін диссертациялық кеңестер өте аз. Мысалы, ұлттық университтердегі диссертациялық кеңестер қабылдаған 142 шешімнің екеуі ғана теріс болған.

Ұлттық университеттер 2018 бері өз бетінше дәреже мен дипломдарын береді. Ұлттық университетерде ашылған диссертациялық кеңестер жұмысын талдағанда біз диссертациялық кеңестер бірде-бір диссертация бойынша теріс шешім бермегеніне көз жеткіздік. Яғни бәрі де диссертациялық кеңестен оң шешім алып, дипломға ие болып жатқан. Ал қазіргі кезде енгізілген өзгерістерге сәйкес, диссертациялық кеңес бұрынғыдай оң немесе теріс шешім ғана емес, төрт түрлі шешім қабылдай алады. Осы күнге дейін диссертациялық кеңес "диссертация толығымен талаптарға сәйкес келеді, PhD дәрежесін беруге лайық" және "дәреже беруге лайық емес" деген екі шешім ғана қабылдай алатын. Қазіргі өзгерістер бойынша, диссертациялық кеңес алдында төрт шешім тұрады. Олар мыналар: біріншісі – "диссертация талаптарға толығымен сәйкес  және дәреже беруге болады", екіншісі – "диссертация талаптарға сәйкес емес, дәреже беруден бас тарту керек", үшіншісі – "диссертацияны пысықтаға жіберу керек", төртіншісі – "диссертацияны қайта қорғауға жіберу керек". Диссертациялық кеңестің әрбір мүшесі осы төрт нұсқаның бірін таңдап, дауыс береді.  

Енді "пысықтауға жіберу" және "қайта қорғауға жіберу" деген екі шешім неліктен қосылды? Өйткені әр диссертация әртүрлі деңгейде жазылуы мүмкін. Жалпы, әлемдік практикада, Еуропа, АҚШ, Австралия мен Сингапурда диссертациялық кеңестер осындай төрт шешім қабылдау арқылы жұмыс істейді.

Диссертацияда әртүрлі техникалық қателер, мүмкін есептеу жүргізген кезде  болмашы қателер кетіп, маңызды емес өзгерістер керек болса, онда жұмысты пысықтауға жіберуге тура келеді. Мұндай жағдайда докторантқа диссертацияны пысықтауға үш ай беріледі. Егер үш ай уақыт жетпей алса, тағы үш ай беруге болады. Яғни жұмысты пысықтауға докторанттың алты ай уақыты бар. Қателерді түзеткен соң, докторант  диссертациялық кеңеске пысықталған диссертациясын жібереді. Яғни бұл жерде қайта қорғау болмайды. Ары қарай диссертациялық кеңес пысықталған диссертацияны талдап, шешім қабылдайды.

Ал егер диссертация мазмұны бойынша маңызды өзгерістер керек болса, мысалы, ғылыми нәтижелер қойылған мақсатқа сәйкес келмесе, не болмаса диссертациялық жұмыстың тақырыбы мен қорытындылар арасында байланыс, ішкі бірлік болмаса, ондай жағдайда диссертациялық жұмыстың мәтіні бойынша ауқымды өзгерістер керек болады. Сондықтан диссертациялық кеңес жұмысты қайта қорғауға жіберуі мүмкін.

Сондықтан, біздің ойымызша, диссертациялық кеңес мүшелері қорғау кезінде жұмыс осы төрт шешімнің қайсысына лайық деген сұрақты қоюы керек. Асылы, қайта қорғауға жіберу немесе пысықтауға жіберу докторант үшін өте қолайлы. Неге десеңіз, осы күнге дейін диссертациялық кеңес немесе комитеттегі сараптау кеңестері диссертация формальді талаптарға сәйкес келмесе, теріс шешім шығаруы мүмкін еді. Ал қазір кеткен қате түріне қарай төрт шешімнің бірі қабылданады. Докторант өз жұмысында кеткен қателіктерді көріп, пысықтап, оны кеңеске қайта жолдайды.  Ауқымды өзгерістер болса, жұмысқа өзгерістер енгізіп, қайта қорғауға шығуы мүмкін.

Шын мәнінде, төрт түрлі шешім қабылдау диссертациялық кеңес жауапкершілігін арттырады. Себебі диссертация бойынша ортақ шешім қабылдау үшін кеңестің әрбір мүшесі дауыс береді. Мысалы, толығымен талаптарға сәкес келеді, дәрежеге лайық деген шешім қабылдау үшін кеңестің кемінде үштен төрт бөлігі немесе одан көбі дауыс беруі керек. Сол кезде ғана докторанттың диссертациялық жұмысы оң шешімге ие бола алады.

Айта кететіні, диссертациялық жұмысқа пікір жазатын ресми рецензенттер жұмысына да өзгерістер енгізілді. Рецензенттердің де жауапкершілігін арттырдық.  Себебі осы күнге дейін ресми рецензент пікірі қорғауда айтылғанымен, бірақ пікірі диссертациялық кеңестің шешіміне еш әсер етпейтін.  Тіпті рецензент теріс рецензия бергеннің өзінде диссертациялық кеңестің оң шешім  қабылдауға мүмкіндігі болатын. Біз жүргізген анализ, өкінішке қарай, ресми рецензенттер 99 пайыз жағдайда оң пікір жазып, ешқандай ескерту бермейтінін  көрсетті. Кей жағдайда тіпті докторант өз жұмысына өзі рецензия жазатын жағдайлар болған. Яғни рецензенттердің жауапкершілігі төмен, кейде рецензияны формальді түрде жазатын еді. Сондықтан ресми рецензенттердің жауапкершілігін жоғарылату үшін, рецензиялау институтының жауапкершілігін көтеру үшін бірқатар шара қабылдадық. Біріншіден, ресми рецензенттер енді бекітілген форманы толытырып, әр сұраққа жауап береді. Бұл формада жазылған жұмыстың жаңалығы, құндылығы, өзектілігі бойынша біраз сұрақ қойылады. Екіншіден, рецензент диссертациялық кеңес мүшелерімен бірге дауыс беруге қатысады. Яғни бұдан былай рецензенттердің даусы ескеріледі. Мұның барлығы диссертациялық кеңестер мен ресми рецензенттердің асқан жауапкершілікпен жұмыс істеуіне бағытталған шаралар.

– Былтырдан бастап халықаралық базада мақаласы жоқ ғалымдарға докторлық диссертация мен магистрлік диссертацияға жетекшілік етуге рұқсат етілмейді. Осы өзгерістерді сынаушы ғалымдар көп. Министрлік неліктен осы қадамға барды?

–  Біз докторанттарға PhD дәрежесін қорғау үшін жарияланымдар бойынша талаптар қоямыз. Докторанттың мақаласы Q1-Q2 квартильдеріне кіретін халықаралық рецензияланатын журналда шығуы керек дейміз. Олай болса, докторантты үш жыл бойы дайындайтын, оған  кеңес беретін ғалымдардың деңгейі докторанттан әлдеқайда жоғары  болуы керек қой. Докторантты дайындайтын жетекшінің ғылыми деңгейі, ғылым жарияланымдар деңгейі болуы шарт. Докторантқа ғылыми кеңесші бола алатын ғалымдардың өзі де  журналдарға мақала жариялау бойынша белсенділік көрсетуі керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

Редакциядан. Магистрлік және докторлық диссертациялар жетекшілеріне талаптар неге күшейтілді деген сұрақты білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментіне де қойдық. Malim.kz сауалына жауап берген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті мұны былай түсіндірді: "Білім және ғылым министрлігі  нормативтік құжаттарға бірқатар өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер Ұлттық біліктілік шеңберінің докторантура білім беру бағдарламаларын оқыту нәтижелерінің сәйкестік талаптарына байланысты. Сонымен, PhD докторантура деңгейінің 8-деңгейіне сәйкес докторанттың білімі, іскерлігі мен дағдылары идеяларды генерациялауға, инновациялық қызметтің нәтижелерін болжауға, кәсіби және әлеуметтік салада кең ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруға, ғылыми және практикалық салада инновациялық идеяларды талдауға, бағалауға және іске асыруға бағытталған. Бұл оқу нәтижелеріне ғылыми жетекшілердің тиісті біліктілігі болған жағдайда қол жеткізуге болады. Сондықтан министрлік докторанттың диссертация дайындауы мен жазуына жетекшілік ететін ғылыми жетекшілерге қойылатын талаптарды күшейтті".

Фото: enu.kz

Байланысты жаналықтар

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

18.04.2024

Кітап-ең үлкен қазына

12.04.2024

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

11.04.2024

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

07.04.2024

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

05.04.2024

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

05.04.2024
MalimBlocks
Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

Жазушылар «жоба – елдегі әдеби процеске серпін берген бастама» дейді.

Кітап-ең үлкен қазына

Қазіргі таңда өмірімізде ғаламтордың алатын маңызы зор екені белгілі. Дегенмен, осы уақытқа дейін бүкіл адамзат жинаған білімнің негізі кітапта екені дау тудырмайды.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді, кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

Ол – қазақ тілінде алғаш детектив жанрында қалам тербеген санаулы жазушының бірі.

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

87 жыл бұрын (1936-2020) – Қазақстанның тіл ғылымы саласындағы әйгілі академик Өмірзақ АЙТБАЕВ дүниеге келді, деп хабарлайды Malim.kz.