Әкім Сақтағановтың салғырттығы

Malim Админ

  • 01.06.2021

Семей қаласының әкімі қызметіне тағайындалғанына үш айды артта қалдырған Нұрымбет Сақтағановтың әлі күнге дейін мұрнына су жетпей жүр. Обалы қане, қаланың «свежи» басшысы Семейдің барлық аймақ-аудандарында болып, жұртпен кездесіп жатса да не «қиратып», не ширатып жатқан ісі көзге шалынатын емес. Оның бір жағы нақты командасын дұрыс қалыптастыра алмаудан шықса, екіншісі өзінің қалада бар екендігін таныта алатын, айтуға тұратын істерін әлеуметтік желіде болсын, дұрыс көрсете алмауынан шығады.

Шындығы керек, 2018 жылдың күзінде Семей төрінде Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші қойылып, соған облыс әкімінің сол кездегі идеология жөніндегі орынбасары ретінде келген Нұрымбет Аманұлы шешендігімен, қағазға қарап кібіртіктеп тұрмайтындығымен көзге түскен болатын. Уақыт өтті, бірнеше жыл Ұлан ауданының әкімі қызметін атқарды. Бірақ, семейліктер көңілінде Сақтағановтың сол бейнесі бүгінге дейін сүйкімін жоғалтқан жоқ еді.

Ал жыл басынан ауғанда қала басшылығына тағайындалған Н. Сақтағанов сол кездегі идеологиялық қырғылығына сызат түсіріп алған жайы бар. Апта ішінде күн сайын қаланың қай түкпірінен табылғандығын әлеуметтік желіде әйгілеп жүретін «әйдік» әкім кейбір көше атауларының ерсі көрінетініне салғырт қарап жүрген сыңайлы.

Соның бір ғана нақты көрінісін қала орталығындағы Алаштың ардақты жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың атына берілген көшенің қарсы бетіндегі тақтайшадан Шмидттаның, енді бірде Достоевский, тіпті бірде «көше Аймауытованың» кездесетіні... Демек, қала көшелерінің нақты атаулары тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдың жүзі болса да әлі күнге өз жөнін дұрыс қалыптастыра алмағаны көрініп тұр. Шын мәнінде бұл қала әкімі Нұрымбет Сақтағановтың емес, оның әлеуметтік және идеологиялық жөніндегі орынбасары Айдар Садырбаевтың салғырттығы, қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожинаның дәрменсіздігі деген жөн шығар.

Ал, жақында облыстық тілдерді дамыту басқармасы таратқан мәліметке сүйенсек,  2021 жылы облыс бойынша 90 көше атауы өзгертіліпті. Оның ішінде: идеологиялық тұрғыдан ескірген - 39 көше, тарихи және географиялық атаулар қайтарылғаны - 16, жалпы атаулар берілгені - 35, танымал тұлғалардың есімдері берілгені - 41 көше бар.

«Елді мекендердің, нысандардың, көшелердің және құрамдас бөліктерді қайта атау және оларға атау беру кезінде халықтың этникалық құрамы, жұртшылықтың пікірі ескеріледі және барлық рәсімдер қатаң түрде заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Облыста тіл саясатын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасын табатын болады», - деп нығаралаған болатын аталған басқарма өкілі Толқын Берікбекова.

Сонымен қатар, былтыр облыс бойынша 157 көше, 2 елді мекен және 21 нысанның атауы бұрынғы «тарихи атауымен» қоштасқан. Оның ішінде: идеологиялық тұрғыдан ескірген - 65 көше, тарихи және географиялық атаулар қайтарылғаны - 35, жалпы атаулар берілгені - 57, танымал тұлғалардың есімдері берілгені - 63 көше екен.

Енді, Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді дамыту секторының бас маманы Айгерім Байжұманованың мәлімдемесіне зер салайық.

«Жалпы,  Семей қаласы бойынша, 1000-нан астам  көше бар. Ономастика мәселесі бүгінгі күнгі өзекті екені рас. Сондықтан бұл саладағы жұмыстарды халықтың пікірін ескере  отырып жүргізу жолға қойылған.

2017-2020 жылдар аралығына қалалық жұмыс тобында қаралған, идеологиялық тұрғыдан ескірген: 1 елді мекен (Знаменка ауылы – Көкентау ауылы) және 13 көше республикалық ономастикалық комиссиясының қорытындысы негізінде қайта аталды:

2017 жыл

Дальняя көшесі 

Закария Белібаев көшесі 

Интернациональная көшесі 

Қайым Мұхамедханов көшесі 

2018 жыл

Ленин  көшесі 

Мәңгілік ел көшесі 

Остров Полковничий

Бейбітшілік аралы

Крупская көшесі

Әзілхан Нұршайықов көшесі 

Строительная көшесі 

Тұрсынғазы Рахимов көшесі 

Комсомольская көшесі 

Жібек жолы көшесі 

Кутузов көшесі

Ардагерлер көшесі 

Колхозная көшесі 

Берел көшесі

Социалистическая  көшесі 

Самал көшесі 

Декабристов көшесі 

Нұрсая көшесі 

Краснознаменная көшесі 

Баян Байғожина көшесі 

2020 жыл

Цементная көшесі

Мұратхан Бейсенбаев көшесі

 

         

Көріп отырғанымыздай, өткен жылы Семейде бір ғана көшенің аты жаңартылған. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыруы» қалай жүзеге асып жатқанын осыдан көруге болады. Ал, төмендегі дерекке сүйенсек, "Семей халықаралық әуежайы" ЖШС-іне- Абайдың, № 47 мектепке Ахмет Байтұрсынұлының, № 37 гимназияға Ы. Алтынсариннің, № 39 мектепке Әлихан Бөкейханның, № 34 мектепке Б. Момышұлының, № 2 мектепке Қ. Сәтбаевтың, «Пригород жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне – Жүсіпбек Аймауытовтың есімі берілген екен.

Мақаламыздың басында айтқан жай көше атауларынан туындағандықтан, осы Жүсіпбек Аймауытовтың есіміне қайта оралайық. Семейдің басты көшесінің біріне жататын жазушы есімі оның атындағы көшенің етек жағын қайдам, бас жағынан «шіріп жатқандығын» мынадай атаулардан көруге болады: көшенің сол жағы «Ж. Аймауытова,2» болса, оң жағы «Шмидта көшесі, 23» болып айғайлап тұр. Бұл не мазақ сонда?!

 Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді дамыту секторының бас маманы Айгерім Байжұманованың айтуынша, бұл осы бөлімнің емес, Семей қалалық ТҮКШ бөлімінің салғырттығынан туған жағдай.

Шын мәнінде көше атауларының тақтаташасын жасап ілумен осы бөлім айналысады. Аймауытов көшесіндегі қателіктер жөнінде қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына екі рет хат жолдағанбыз. Алайда, шыққан нәтиже жоққа тән. Негізі тәртіп бойынша орысша нұсқаны қоса көрсету жоқ. «Жүсіпбек Аймауытов көшесі» ғана болуы тиіс. Бұл мәселеден жаңадан тағайындалған Серғазиннің хабары бар,- дей келіп қазір бұл мәселеге қатысты кім жауап беретінен хабарсыз екендігін айтты.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады