Бізде балаға тұлға ретінде қарамайды

Gazhaiyp – төрт студенттің үй тапсырмасы ретінде жасаған жобасынан басталып, бүгінде балалар туралы контент ұсынатын, баланың тұлға екенін, жеке пікірі бар екенін айтып, олардың құқығына қатысты хабар таратуды мақсат ететін бағдарламаға айналды. Бүгінде жоба авторлары университет бітіріп үлгерді. Gazhaiyp авторлары Қуаныш Жұбандықов және Наргиза Ереспен медиадағы бала көрінісі, олардың проблемалары, педофилия және өзге де тартысты кейстерді талқылап көрдік.

Айшолпан КЕРІМ

  • 01.06.2021

«Gazhaiyp – Қуаныш, мен, Аружан және Төлепберген есімді топ студентерімен екінші курста қарапайым үй тапсырмасы ретінде жасаған жобамыз. Бастапқыда бұл журнал форматындағы жоба еді, кейін үй тапсырмасы деңгейінен асып, демеуші іздей бастадық. Таптық, бірақ неге екенін түсіндірместен, ол демеушілер хабарсыз кетті», - дейді Наргиза.

«Араға біраз уақыт салып, дипломдық жұмыс уақыты келгенде қиналмастан, Қуаныш екеуміз осы жобаны зерттеу жұмысы ретінде алып шықтық. Теориялық зерттеулер жүргізіп, Youtube-та балаларға арналған контенттің аз екенін байқадық. Кейін сол платформада балаларға арналған қазақтілді контентті өзіміз жасап көргіміз келді. Дипломымызды қорғап шықтық, онымен қалмай халықаралық қордан 6 айға грант ұтып алдық. Қазіргі таңда жобаға Америка Құрама Штаттарының Халықаралық даму агенттігі демеушілік етеді».

Gazhaiyp жобасының әзірге бірнеше шығарылымы жарияланып үлгерген. Алғашқылардың бірі – медиадағы бала репрезентациясы тақырыбы. Қуаныштың айтуынша, медиада бала туралы берілетін ақпарат көп жағдайда негативті мәнде және үнемі медиа баланы тек аудитория эмоциясын ұстап қалу үшін қолданады.

"Байқағанымыз, бала медиада үнемі бір стереотиптер аясында көрініс табады. Бала – құрбан, әлсіз, жәбірленуші, құлап қалды, зорлап кетті, ұрып кетті деген ақпарттық шу тым көп.

Құқықтық медиаорталық директоры Диана Окремова бұл үрдісті өте жақсы түсіндіріп берген еді. Бала – бәрімізге ең жақын, бәріміздің сүйіспеншілігімзді тудыратын адам. Сол себепті олар жайлы айқайлаған тақырып қойылған, баланы аянышты ететін ақпарат көп лайк, репост, пікір жинайды. Көп жағдайда медиада бала – эмоция тудыратын, аудиторияны ұстап қалатын құрал ретінде ғана қолданылып келеді».

Авторлардың айтуынша, 2017 жылдың 28 желтоқсанында жәбір көрген бала немесе қылмыс жасап, дәлендебеген, яғни күдікті күйіндегі бала фотосын БАҚ беттерінде ашық жариялауға заң жүзінде тыйым салынған.

«Әдетте бала құқығы әлеуметтік желіде де жиі бұзылып жатады. Біз көшеде жүріп, сүйсініп, суретке түсіріп, инстаграмға жүктей саламыз. Заңның «Өз бейне құқығы» бөлімі бойынша, бұл да құқықбұзушылық болып есептеледі. Әрине, қоғамдық орында көппен тұрған бала болса, мәселе емес. Бірақ жалғыз өзін шетке шығарып, ата-ана рұқсатынсыз, суретін желіге жүктеу дұрыс емес».

Түсірілім барысы, сурет авторлардың жеке архивінен

Наргиза кейде бала жайлы позитивті ақпарат бергеннің өзінде бұл бала үшін кері әсерін тигізетін жағдайлар бар екенін айтты.

«Көпбалалы аналарға көмек – бір жағынан қарасаңыз, бұл бір игі іс. Алайда осы жайлы хабар таратқанда, баланың фотосын ашықтан-ашық жариялап жібереді. Біздің ұстазымыз Есенгүл Кәпқызы айтпақшы, жағдай оңалмай ма, кейін ол балалар өспей ме? Балалардың өмір сүру жағдайы жақсарар, ал жаңағы фотосуреттер ғаламтордан өшпей қалуы мүмкін. Этикадан бөлек, мұның баланың кейінгі коммуникациясына, оның психологиясына кері әсерін ескерген жөн.

Тіпті елдегі білдей Ұлттық қауіпсіздік комитеті де осы қателікті жіберген. Комитет инстаграмдағы ресми парақшасына отбасыларға әлеуметтік көмек көрсеткені туралы фотоесеп жүктепті. Суретте ата-ананың түрін бұлдыратып, балалардың түрін ашық бере салған. Соған қарағанда, ҰҚК бірдеңені бұлдырату керек екенін естіген, бірақ нақты кімді, нені бұлдырату керек екенін білмейді-ау (күліп)»

ҚР ҰҚК инстаграмдағы ресми парақшасында жарияланған суретте балалар емес, ата-ана түрін жасырған. 

Жоба балалар туралы түрлі сарапшылармен сөйлесіп, мәселенің шешу жолдарын ұсынуға ұмтылды. Кейде тіпті кішкентай балалар да бағдарлама қонағы болуы мүмкін. Авторлар балалармен түсірілім барысында ата-ана мен бала диалогынының қандай жағдайда екенін байқаған.

«Біз кейде түсірілімдерге балаларды да шақырамыз. Шақырту жібергенде үнемі «Балаңыз қарсы болмаса, оның уақытына сәйкес келсе, түсірілімге келуге қалай қарайсыздар?» деп, баланың қалауын ескеруге тырысамыз. Алайда, байқағанымыз, ата-ана ұзақ ойланбастан, баладан сұрамай-ақ, келісе кетеді. Бізде бала – болашақ тұлға, өз ой-пікірі бар адам ретінде көрсетілмейді», - дейді Қуаныш.

«Қызығы, түсірілімдердің бірінде балалардан «Саған ең ұнамайтын сөз қандай?» деген сұрағымызға «Жұрттың баласы» деп жауап берді. Рас, медиада балаға қатысты бірнеше стереотип образ бар, балаға соған ықшамдалудан басқа амал жоқ. Вундеркинд, ақылды бала, тәртіпті бала, тәртіпсіз бала деген сияқты образдар ғана бар. Бала медиадан көргенін дұрыс деп санайды, тура сол болуым керек деп ойлайды, алайда бала сол бір стереотипті образдардың айналасында қалып қоймауы керек».

Жоба авторлары Қуаныш пен Наргиза - Malim

Авторлар бала – тұлға – қоғам деген сызбаны алға тартады. Наргиза балалар контенті де қоғамдық үлкен стереотиптердің қайта жандануына әсер етеді деп есептейді.

«Баланың құқығы бұзыла жүріп, медиада генддерлік стереотиптер де қайта өндірілуде. Байқасаңыз, ғылыми бағыттағы, спорттық бағдарламаларға ұл балалар шақырылса, ал қыздарды жанына алып, үнемі «Үйрен де, жирен», «Тоқып үйренейік» деген сынды бағдарламалар жасалып жатады. Жоғарыда аталған мәселеден бөлек, бұл да жас балалардың құқығын шектеу деуге болады».

Жоба авторлары әр шығарылымда балалар тап болуы мүмкін әртүрлі проблема жайлы сарапшы мамандармен сөйлесіп, мәселенің шешу жолын ұсынуға тырысады. Жақын күндері жарияланатын санында авторлар «Балаларға қатысты кибербуллинг» тақырыбын талқыламақ. Айтуларынша, пандемия кезінде бұл мәселенің маңызы артқан. Ата-ананың бала тыныш болсын деп, баланы ешқандай дайындықсыз өте қауіпті болып есептелетін ғаламтор кеңістігіне жібере салуының салдары қиындау болуы мүмкін екенін айтады.

Жоба түсірілімінен. Сурет авторлардың жеке архивінен алынды

Наргиза мен Қуаныш жобаларында спикер болған мамандарға сілтеме бере отырып, балаға қатысты қылмыс, суицид көп жағдайда бала бойындағы қорқыныш сезімінен болатынын байқағанын айтты.

«Бірде кішкентай қыз өгей әкесі зорлағанын анасына айтқанда, анасы қызын кінәлай жөнелген. Педофилия да көп жағдайда осы бір «айту» қорқынышы болғандықтан, шешімін таппай келеді. Ата-ана баласына «Бірдеңе болса, бізге келіп айт» деп, сенімге толы бір қарым-қатынас құруға тырысқан жөн. Әрине, бар кінәны ата-анаға жаба салуға болмайды. Бір қарағанда, ата-ана мен бала - әртүрлі кезең өкілдері, бір-бірін түсіне бермеуі қалыпты да деуге болады. Тіпті біз ата-ана мен бала арасындағы диалогтың бір стандартты әдісін ұсына алмаймыз. Сол себепті, бастысы, отбасыда үнемі ашық сөйлесіп отыру керек, өзге амалдар әр отбасының жеке жағдайына қарай қолданылуы керек. Тек баланың да тұлға екенін, пікірі бар екенін, оның да құрметке лайық жеке кеңістігі барын ескеру керек».

Байланысты жаналықтар

Балаларға ораза ұстауға бола ма?

18.03.2024

Қызылша балаларға қауіп төндіріп тұр

01.12.2023

Қазақстанда аутизммен ауыратын балалар көбейді 

27.03.2023

«Ұлттық қор – балаларға»: Қаражатты қалай алуға болады? 

14.02.2023

Қазақстанда 3 300 балаға вакцина салынды

17.11.2021

Әскери қызметтен кетпесем, үш баламен жалғыз қалуым мүмкін еді

22.06.2021
MalimBlocks
Балаларға ораза ұстауға бола ма?

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жауап берді.

Қызылша балаларға қауіп төндіріп тұр

30 бала жансақтау бөлімінде жатыр

Қазақстанда аутизммен ауыратын балалар көбейді 

Психологиялық-педагогикалық көмек көрсету жеткіліксіз

«Ұлттық қор – балаларға»: Қаражатты қалай алуға болады? 

Жыл сайын жеткіншектердің шотына қаражат аударылады

Қазақстанда 3 300 балаға вакцина салынды

Балаларға вакцина тек ата-аналардың және дәрігерлердің рұқсатымен жүргізіледі. Сонымен қатар, Pfizer вакцинасы жүкті және емізулі әйелдерге, қатерлі топтағы азаматтарға салынады.

Әскери қызметтен кетпесем, үш баламен жалғыз қалуым мүмкін еді

Нұрсұлу Уразбаева – отбасылық психолог. Бірнеше жыл әскери салада қызмет еткен ол өміріндегі қиындықтардың шешімін психологиядан тапқан. Кейіпкеріміз ата-анасының өмірін қайталаудан қорқып, жаңа салаға бет бұрған. Нұрсұлу үш жыл бұрын психологияға қызыға бастамаса, бүгінде күйеуінен ажырасып, үш баласын әкесіз тәрбиелеп отыруы да мүмкін еді. Өзі солай дейді.