Көктемгі дала жұмыстары маусымның басында аяқталады

Malim Админ

  • 28.05.2021

Қазақстан басқасы басқа, егін шаруашылығы бойынша әлем елдері алдында төмен қарайтын жөні жоқ. Өйткені, бір кездері астықтың отаны саналған, жер көлемі жөнінен әлем бойынша 9 орында тұрған елде ауыл шаруашылығы, оның ішінде осы егін егу алдынғы қатарда болатыны анық. Бұл жерде біздің алқаптардың әртарапты бағытта екенін де есте ұстауымыз керек. Өйткені, кең территориясында әлемде өседі дейтін бүкіл егінді өсіруге мүмкіндік бар деуге болады. Қараңызшы, оңтүстік жақ – қауын-қарбыз бастаған тәтті дақылдар, мақта мен күріш егілетін болса, салқындау саналатын солтүстік аймақта астық шаруашылығы қашан да көш бастап тұрады. Алматы облысы мен Жамбыл облыстарындағы қант қызылшасы мен соя және картоп бірінші орында тұрады дегендей. Бірақ, бар басымдықты осы өнімдерге беріп қойып, басқасын сырттан тасып, артық шығынға ұшыраудың керегі жоқ. Сол себепті, президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырма беріп, егін шаруашылығын әртараптандыруды ұсынған. Міне содан бері әр түрлі бағытта жан-жақты жұмыс істеуге тырысып жүрген диқандар биылғы көктемгі науқан, яғни, егін егу кезеңін тәмамдап қалды.

Бір айта кетерлігі, биыл диқандар былтырғыдан көп әрі өнімді, жылдам жұмыс істеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифинг кезінде Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров хабарлады. Журналистердің сұрақтарына жауап берген вице-министрдің сөзіне қарағанда биыл ешқандай көлденең кедергі немесе оқыс жағдай орын алған жоқ. Бұрынғыдай жанар-жағар май жетіспейді, техника жоқ деп шағынған шаруа бола қоймапты. Мәселен, жыл басынан бері арнайы техника сатып алу үшін 140 миллиард теңге жұмсалған. Субсидия шарттарын жеңілдете, жетілдіре түсу мәселесі де назардан тыс қалмапты. Дизель бағасын қымбаттатпау мәселесі де бақылауда ұсталыпты. Бірінші вице-министр бұл туралы:

«Бастапқы жарна мәселесі шешілді, инвестициялық субсидия енді аванс ретінде пайдаланылуы мүмкін. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу деңгейі оң динамика көрсетіп отырғанын атап өткім келеді. 2021 жылдың 5 айында республика бойынша 140 млрд теңгеге жуық сомаға 8700  техника сатып алынды. Жыл соңына дейін бұл соманы 240 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл Мемлекет басшысының Агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға ықпал етеді. Одан бөлек, бәріңізге белгілі, бүгінгі таңда мұнай өнімдерінің бағасы өсіп келеді. Жанар-жағармай құю бекеттерінде  1 литр дизель отынының орташа бағасы 192 теңге. Дизель отынының бағасы қанша өссе де егін егу науқаны кезінде  фермерлердің қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылданды. Дизель отынының орташа бағасы литріне 165 теңгені құрады, бұл нарықтағы бағадан 14%-ға арзан», - деді.

Яғни, көктемгі дала жұмыстары бастан аяқ штаттық режимде жүргізілген, уақытты да тиімді пайдаланған. Барлық жұмыс рет ретімен атқарылып,фермерлеріміз ылғал құрғап кетпей егінін егіп, егіс алқаптарын өңдеп, жерін жыртып үлгерген.

«Көктемгі дала жұмыстары республиканың барлық өңірінде жүргізіліп жатыр. Қарқынды түрде атқарылып жатқан шаруалар биылғы межені артығымен орындаймыз деп айтуға толық мүмкінідк береді. Айта кету керек, егіс науқанының қарқыны өткен жылғымен салыстырғанда бірнеше процентке асып түсті. Бүгінгі таңда 16,7 миллион гектар егін егілді, бұл жалпы егіс алқабының 88,5 пайызы екенін айта кету керек. Ал, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 миллион гектарға артық. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 13,1 миллион гектар, яғни 87,2%; майлы дақылдар 2,7 миллион гектар, яғни, 93,6%, басқа дақылдар 1 миллион гектар 92% жерге егіліп үлгерді», - дейді Айдарбек Сапаров.

Айтпаса да түсінікті, жыл сайын көріп те жүрміз, қоңыр-салқын климатты белдеуде жатқан солтүстік өңір егін науқанын ең соңғы болып түйіндейді. Ал, Ақтөбе, Жамбыл, Маңғыстау облыстары егіс жұмыстарын толық тәмамдаған. Ал, Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстары егіс алқаптарындағы көктемгі жұмыстарды түйіндеп болып қалды. Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарында көктемгі дала жұмыстары мамырдың ортасында қызу басталып кеткен, олар да енді бір аптаның айналасында аяқтап қаламыз деп отыр.

Егін егу науқанын уақтылы аяқтау үшін фермерлер де, жауапты орындар да тыңғылықты дайындалыпты. Фермерлер тұқыммен, тыңайтқыштармен және дизель отынымен толықтай қамтамасыз етілген. Фермерлерге 500 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілетін болып келісілген, арнайы шарт та жасалған. Қазір соның 400 мың тоннасы жеткізілген. Былтыр бұл уақытта 360 тонна минералды тыңайтқыш жеткізілген, биыл одан 40 мың тоннаға артық.

«Білесіздер, мемлекет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын толық көлемде және тиімді мерзімде жүргізуге жағдай жасауды қамтамасыз ету міндетін қойған болатын. Бұл тапсырманы орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық шараларды қабылдады. Біз фермерлермен үнемі байланыста болып, қолдау көрсетіп келеміз. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқыммен, өсімдіктерді қорғау құралдарымен және минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілді», - дейді министрдің орынбасары.

Айта кету керек, биыл 22,8 миллион гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін болады. Бұдан бұрын, көктемгі жұмыстар басталар алдында тиісті ведомство жергілікті әкімдіктерге егіс алқаптарының құрылымын қалыптастыру кезінде әлеуметтік маңызы бар дақылдарды көбейтуге, олардың егіс алқаптарын кеңейте түсуге назар аудару мәселесі тапсырылған болатын. Мұның себебі, биылғы пандемия кезіндегі картоп, қарақұмық, қант қызылшасы, майлы және жем-шөп дақылдарының көп сұранысқа ие болғанына байланысты. Көпшілік халық күнде тұтынатын тауарлардың қорын молайтпай болмайды. Бұған дейін азық-түлікті қымбаттатпау туралы президент бірнеше рет ескерткен, сол тапсырманы орындау үшін де осы әлеусеттік маңызы бар дақылдардың көп болуы маңызды.

Астанада өткен брифингте жауапты ведомство атынан келген бірінші вице-министр Айдарбек Сапаровтың мәліметінше, егін егу жұмыстарының нүктесі 3 маусымда қойылмақ. Облыс әкімдерінің берген деректері солай дейді. Ал, осы жұмыстардың бәріне, яғни, көктемгі егін егу науқаны кезіндегі жұмыстарға 128 миллиард теңге жұмсалыпты. Министр орынбасарының айтуынша, биылғы маусым айы ыстық болады деп күтіліп отыр, жауын-шашын мөлгшері де нормадан төмен болады дейді. Сол себепті, арқаны кеңге салуға болмайды.   

Байланысты жаналықтар

Банктегі салымды мерзімінен бұрын алуға бола ма

22.04.2024

Базалық мөлшерлеме 14,75% деңгейінде қалды – Ұлттық банк

12.04.2024

Доллар мен рубль қанша теңге тұрады?

05.04.2024

WOS техника паркі жаңа автоцистерналармен толықты

03.04.2024

Гүлмира Джумадиллаева Jusan Bank басқарма төрағасы болып тағайындалды

02.04.2024

Тұрғындар азайып кетті: Бектенов моноқалаларды дамыту қажет екенін айтты

02.04.2024
MalimBlocks
Банктегі салымды мерзімінен бұрын алуға бола ма

Оны екі әдіспен алуға болады.

Базалық мөлшерлеме 14,75% деңгейінде қалды – Ұлттық банк

Ақпанда және наурызда жылдық инфляция төмендеу үрдісін жалғастырды.

Доллар мен рубль қанша теңге тұрады?

5-сәуір күні Астана мен Алматыдағы айырбастау пункттеріндегі доллар мен рублдің бағасы қандай?

WOS техника паркі жаңа автоцистерналармен толықты

Гүлмира Джумадиллаева Jusan Bank басқарма төрағасы болып тағайындалды

First Heartland Jusan Bank Акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің отырысында 3 сәуірден бастап Гүлмира Джумадиллаеваны Jusan Bank Басқарма төрағасы етіп сайлау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz.

Тұрғындар азайып кетті: Бектенов моноқалаларды дамыту қажет екенін айтты

Моноқалалардағы халық саны азайып барады. Жұмысссыздықтан, жалақының аздығынан, тұрмыс сапасының төмендігінен қиындық көрген жастар ірі қалаларға қарай ағылып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.