Түгел Түркінің төрі – Түркістан

Елбасы түгел Түркінің төрі болған Түркістанға арнайы барды.

Абай Нұржанұлы

  • 16.05.2021

Осыдан үш жыл бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке бастамасымен Түркістан облысы құрылған болатын. Сол құрылған облыстың тыныс-тіршілігімен, ахуалын білу үшін Елбасы түгел Түркінің төрі болған Түркістанға арнайы барды. Жеті нысанды аралып, жаңа жобаларды тексерді. Жаңа құрылан облыста жұмыс қарқынды жүріп жатыр. атқарылған шаруа аз емес, атқырылмағы шаш етектен. Соның бәрін өз бақылауында ұстап, қадағалап отырған

Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен ашық аспан астындағы «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағын құру жобасымен танысқан болатын. Бұл жобаны Еуразиялық топтың қаржылай қолдауымен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жүзеге асырмақ екен.

Бір айтарлығы, Түркістан қаласына арналған зәкірлік нысандардың тізімін бекіте отырып, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлан-ғайыр Еуразия халықтары мәдениеттерінің ықпалдастық және өзара әсер ету процестерін зерттеудегі басты ескерткіш ретінде Күлтөбе қалашығының маңыз айырықша екенін қадап айтқан болатын. Түркістан қаласындағы 2019 жылдан бері «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын реставрациялау» атты мәдени мұраны сақтау жөніндегі ғылыми жоба – ERG-дің Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтымен ынтымақтаса жүзеге асырып отырған ауқымды және әлеуметтік басымдық беріп отырған ірі жобаларының бірі. Бұл жоба Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа бірнеше рет арнайы таныстырылған еді. Сонымен қатар, жоба Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Ұзақбайұлы Маминнің де ерекше назарында екенін айта кеткен дұрыс.

Түркістан қаласына барған арнайы сапары аясында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Күлтөбедегі екі жылда атқарылған жұмыс нәтижелері мен алдағы уақытқа арналған жоспарлар да ұсынылды. Ерекше тоқталып, айта кететін жайт, Қазақстан ғалымдары іргелі зерттеулер жүргізіп, түгел Түркі әлемінің рухани астанасына айналған Түркістанның Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі екенін дәлелдеген еді. «Қазіргі уақытта ежелгі Түркістан қаласының түп негізі Күлтөбе қалашығынан басталғанына, ал крест тәріздес формадағы алғашқы монументалды ғимарат I–II ғасырларға тиесілі екеніне тікелей дәлелдер бар. Бірте-бірте осы ғимараттың айналасында қаланың қамалы, шахристаны және рабаты салынды. Бұл кейіннен Ұлы Жібек жолындағы маңызды саяси, экономикалық және мәдени орталықтардың біріне, ал XVI ғасырдың аяғынан XVII ғасырдың 30-жылдарына дейін Қазақ хандығының астанасына айналды», - деді «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС Бас директоры, философия докторы (PhD) Андрей Хазбулатов.

Түркістан жеке облыс болып құрылған соңғы екі жыл бойы 30 гектар аумақта жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында шын мәнінде теңдесі жоқ ғимарат орындары табылған еді. Олардың арасында X-XII ғасырлардағы құрбандық шалу орындары кешені, Яссауи ордені ізбасарларының мекені, XVII-XIX ғасырлардағы ханның зікір ету орны және сопылардың басқа да діни ғимараттары бар. Сонымен қатар, археологтар ерте орта ғасырлардан бастап ХХ ғасырдың басына дейін пайдаланылған тұрғын және қолөнер орамдарын, мешітті, XVIII-XIX ғасырлардағы орамдық мешітті және басқа да тарихи нысандарды тапты. Қазіргі уақытта тоғыз зәкірлік нысан қалпына келтірілген. Жыл соңына дейін тағы он алты нысанды қалпына келтіріп, тиісті жұмыстарды аяқтау жоспарланған.

«Күлтөбе зерттеулері дәуірлер тоғысындағы Түркістанның үздіксіз даму көрінісін көз алдыға елестетуге мүмкіндік береді. Ол түркі әлемінің рухани орталығының асыл мұраға бай тарихын көрсетеді. Осының өзі – құрылып жатқан «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағының ерекшелігін көрсетеді. Ең көне әрі өңделмеген сәулеті бар мұндай саябақ аналогтарына Өзбекстандағы ескі Термез ескерткіштері, Түркиядағы Ани, Италиядағы Помпей, АҚШ-тағы Сан-Агустин және басқаларын жатқызуға болады. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра ескерткіштерінің буферлік аймақтарында археологиялық саябақтар салу – қазіргі уақытта мәдени мұраны сақтаудың ең озық тәжірибесі» - деді аталған жобаларға жетекші болып отырған Андрей Хазбулатов.

Түркістан облысында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Күлтөбе қалашығынан мың жарымнан нан астам қыш сынықтары, мыңнан астам көне монеталар, соның ішінде Ясы-Түркістан қаласындағы ақша сарайының монеталары, алтын, күміс, мыс зергерлік бұйымдары және басқа да көптеген қызықты жәдігерлер табылды. «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын реставрациялау» атты үш жылдық ғылыми жоба биыл аяқталады. Содан кейін мұнда келген әрбір адам ежелгі қаланың көшелерімен серуендеп, бірнеше ғасыр бұрын мұнда халықтың қалай өмір сүргенін елестете алады. Туристер де жергілікті қолөнершілердің қаншалықты талантты және шебер екенін көрсететін жәдігерлермен танысады. Қалашықта археологиялық ізденістер мен реставрациялау жұмыстары аяқталғаннан кейін аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынып, ерекше түрленіп шықпақ. Бұл кезде негізгі жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Абаттандыру аясында негізгі тарихи нысандарды көлегейлейтін, оларды жойылудан сақтап, қорғайтын арнайы күмбездер орнату қажет. Сонымен қатар, салынып жатқан саябақтың аумағына жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, ағаштар отырғызылады, көгалдандыру жұмыстары атқарылады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Жетпісбаевтың айтуынша, археологиялық саябақ аумағында абаттандыру жұмыстары келесі жылы аяқталуы тиіс.

Елбасыдан бастап, Президент қостап, Премьер-министр жүгіріп назарында ұстап отырған Түркістанның түрленіп келе жатқаны осы жұмыстардан-ақ байқалады. Ал оған ерекше басымдық беріп отырған Мемлекет саясатының да көздегені бар. ең алдымен Түркі жұртының орталығы Қазақстан екені белгілі. Екіншіден әлемдік бәсекеде осындай артықшылықтарымызды көзге көрсетіп, жол тауып кетпесек, жеңілеріміз анық. Бұны жеке облыс құрған Нұрсұлтан Назарбаев өз уақытында түсінді.

Түркістанға барған сапарында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығы аумағында орналасқан этноауылға да арнайы ат басын бұрған. Жаңа нысан 18 ғасырдан көрініс беретін кешен Ахмет Ясауи кесенесінің жанында орналасқан. Этноауыл қазақ даласының XVIII-XIX ғасырдағы өмірін, тіршілігін бейнелейтін жоба. Өз тарихымызды тек оқымай, көзге елестейтіндей де көрсетіп, ұрпақ санасында сіңдіру осындай жұмыстар арқылы көрінеді. «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағы мен Ахмет Ясауи кесенесінің бекініс қабырғасы, этнографиялық мұражайдың ортасында орналасқан. Интерактивті этно-ауылдың ауданы 16 мың шаршы метр. Кесенеге келушілер қазақ халқының бай мәдениетімен танысып, тіпті көне заттарды қолдарымен ұстай алады. Көшпенділер өркениетінен көрініс беретін этноауылдың аймағында қазақ даласындағы тұтас бір дәуір бейнеленген.Қазақтың өткен өмірін ғана емес, тұрмысын, экономикалық, әлеуметтік, әскери қуатын да осы этноауыл арқылы байқауға болады.

«Этноауыл арқылы XVIII-XIX ғасырдың атомосферасын көрсеттік. Гастрономиялық аймақта Орта Азия елдеріне тиесілі аспаздық өнерді көруге болады. 7,8, 12 қанатты сынды барлығы 9 түрлі өлшемдегі киіз үйлер мен «хан сарайы» тігілген. Ауыл маңында жылқылардың «Табын» мүсіндік композициясы бейнеленген. Ежелгі құдық, садақшыларға арналған атыс тирі де қойылған. Бірнеше аймаққа бөлінген ауылдың жалпы көлемі 3 гектар . Жоба этнографтардың, тарихшылардың ақыл, кеңесі бойынша жасалған. Бұл жерде бабалардың заманын тек көріп қана қоймай, тамақты аспаздармен бірге пісіріп, шеберлермен бірге түйін түюге мүмкіндік бар. Түрлі көріністер түсіруге болады», - дейді жобаның ұйымдастырушысы Айко Төкен. Интерактивті режимде ежелгі әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді қалпына келтіруді көздейтін этномәдени орталық жұмыс істейді. Келушілер сауда базарын, ежелгі құдық, қолөнер шеберханалары сынды көне кезеңнің көріністерін көзбен көре алады. Бағзы заманның әдісімен ағаш өңдеу, тоқыма тоқу және киіз басу, қыш, зергерлік шеберхана, тас қалаудың қалай жасалатынын да үйренуге мүмкіндік бар.

Тамырсыз тасқа тарих қалдырған бабаларымыздың осынау мұрасы – байтақ даламыздың тамырында бұлкілдеп жатқан өмірді осылай туристердің көңіліне қондырамыз. Қазақстан дейтін алып елдің тарихы тек өткені емес, байлығы тек жері емес. Салты, психологиясы, фольклоры бәрі – байлық. Осының бәрі осы этноауылда көрініс тапқан. Елбасы бұл нысанға ерекше көңіл аударып, одан ары жетілдіре түсу жолдарын да көрсеткен. Өйткені әр нысан Елбасының ой ағысынан пайда болған.

Ал Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан облысына жасаған сапары туралы ойын айтты. Бұл сапардың маңызыд екенін көпшілік те білді. Бірақ Елбасының баспасөз хатшысының аузынан мүлде басқа реңде шығары сөзсіз.

«Елбасының жақында Түркістанға жасаған сапарының бағдарламасы өте мазмұнды болды. Үш жарым сағат ішінде Нұрсұлтан Назарбаев жеті нысанға бас сұғып, қала мен облыстың даму жоспарларымен танысты, «Керуен-сарай» кешенін аралады. 2018 жылдан бастап Қазақстанның рухани астанасын кезең-кезеңмен салу жоспарын іске асыру бойынша орасан зор жұмыс жүргізілді. Бүкіл түркі әлемінің киелі орталығы саналатын Түркістан өз тарихының жаңа әрі жарқын кезеңіне қадам басты. Ата-бабаларымыздың ерлік істері туралы естелікер тұнған рухани шаһар ұлтымыздың болашаққа ұмтылысының тағы бір символына айналды», - дейді Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай.

Түркістанның жаңғыруы Түркістан қаласына ғана емес, өңірдің тамырына қан жүгірткен. Халықтың әлеуметтік жағдайына назар аударылып, экономикалық қуатты нысандар салына бастаған. Бұрын соңды болмаған құрылыстар мен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, халықтың тіршілігі жандана бастаған. Халық қозғалса, қала да бір орында тұрмайды. Дамиды. Түркістанның облыс болып құрылып, Түркістан қаласының облыс орталығы болғаны Оңтүстігіміздің айбынын асырғандай. Түркінің рухани астанасы жаңаша гүлдеп келеді.

«Үш жыл ішінде өңірдің өнеркәсіп көлемі 18 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімі 34 пайызға, шағын және орта бизнестің үлесі 21 пайызға өсті. Осы уақыт ішінде әкімшілік-іскерлік және әлеуметтік-мәдени нысандармен қоса өнеркәсіптік аймақ құрылды. Қала жүз пайыз газбен қамтылды. Түркістанның айналасында ауданы 13 мың гектар болатын жасыл белдеу бой көтеріп, сол белдеуге 3,5 миллион түпағаш отырғызды. Өзінің сан ғасырлық бай тарихында Түркістан мұндай құрылыс ауқымын ешқашан көрген емес. Мұнда инвестициялар тартылуда, мұнда жұмыс орындары құрылуда. Мәселен, облысқа салынған инвестициялар көлемі үш жылда 2,4 еседен астам ұлғайды. Түркістан қаласына 367 миллиард теңгеден астам қаржы инвестицияланды», - деп қуанышымен бөлісті Айдос Үкібай.

Осылайша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз тапсырмасының қалай іске асып жатқанын қадағмлап қайтты. Түркістан да, тапсырма берген Елбасы да бір орында тұрған жоқ. Үнемі қозғалыста. Өз бастаған ісін аяғына дейін қадағалйтын қасиет басшылардың бәріне үлгі боларлықтай.