Қазақ өнерінің Серкесі

Туғанына 12 жыл толған Серке Қожамқұловтың құрметіне М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры бірігіп, «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты көрме ұйымдастырған еді.

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 07.05.2021

Қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі Серке Қожамқұлов туралы заңғар Әбіш Кекілбайұлы: «Серке – жетпіс жыл ұзақ өмірінің елу жылын сахнаға арнапты. Сахнада елу жыл. Қандай құрметті, қандай қиын өмір. Елу жылда – ел жаңа. Елу жыл бойы күнбе-күн сахнаға шығып, ентелеген халықтың көзін көп шындыққа жеткізіп, көңіліне көп ой ұялатыпты. Кейбірінің көкірегінде көптен жүргенді дөл тауып, айызын қандырса, кейбіреуін бетінен отын шығара ұялтыпты. Осы елу жыл ішінде әзінің әріптес, кәсіптес достарына да, көрші қауымға да әй көпір атанып көрмепті. Қандай құрметті өмір! Осы елу жыл ішінде күнбе-күн өзінің театрға жиналған жұрттың көкейінен шығып, көңілін марқайтатын суреткерлік соны сөзін, өз халқына азамат боп айтар соны ой, соны пікірін тауып келіпті. Актерлық өнер - жәй әншейін еріккен жұрттың көңілін көтеретін ермек емес, өзі жайлы, өмір жайлы, елі жайлы сан қилы толғақты ойлармен келген ойшыл қауымның ақылшысы, ұстазы да болуға тиіс. Елу жылда – адам да жаңа. Театр залына келген көруші де күнбе-күн жаңа. Олар жыл санап емес, күн санап ержете түседі, кемелденіп, кемеңгер тартады. Көруші залынан ең кемі жарты метр жоғары тұруға тиіс сахнадан сөйлейтін актер одан да төз кемелденуге тиісті. Қандай қиын өмір! Серке Қожамқұловтың суреткерлік еңбегінің үлкен азаматтық ерлік боп есептелетіні де сондықтан» деген еді.

Өнерді өнер етіп тұрған – талант. Таланттан қашанда өенрдің бағын да, бәсін де, бағасын да көтеріп кеткен. Туғанына 12 жыл толған Серке Қожамқұловтың құрметіне М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры бірігіп, «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты көрме ұйымдастырған еді. Дарабоз таланттың көрмесіне Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Д.Абзалиденұлы, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры директорының орынбасары Ж.Толғанбай, театр директорының кеңесшісі, режиссер Е.Обаев, режиссер Ә.Рахимов, театр музейінің жетекшісі Н.Тамабекқызы, Серке Қожамқұловтың қызы М.Қожамқұлова және С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының директоры Д.Сәкенұлы қатыстып,  көрменің  тұсауын Мәриям Қожамқұлова және  режиссер Әубәкір Рахимов  кесті.

Біреулер үлкен рөл алуға талпынса, Серке оған жүгірмейді екен. Бірақ сахнаған бес минут шықса да, бір ауыз сөз айтса да өз биігіне шығарып айтып, өз дәргейіне жеткізіп орындап, көрерменінің есіне сақталып қалыпты. Жұрт басқаны емес, театрдан Серкені біліп, Серкені айтып шығады екен. Бұндай таланттың да туғанына ғасырдан асыпты. Орнын баса алдық па? Көрмеге келген Серке Қожамқұловтың қызы Мәриям апайымыз да ерекше толқып, ойымен бөлісті. Әкенің ардақты аты абырой болғанда, заты қандай болды десеңізші. «Әкеміз өте тамаша білімдар азамат еді, саналы ғұмырын ерінбей жалықпай, керемет құлшыныспен театырға арнаған жан.Осынау келіп жеткен  125 жылдық мерей тойында, еңбек еткен театрының төрінде , тамаша көрме ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымын. Осы уақытқа дейін қаншама мерей тойы ұйымдастырылсада дәл осындай,көрме жарыққа шықпаған еді,  150 ден астап құнды дүниелердің басы жинақталып оны өскелең жас ұрпақтың тамашалап жатқанына алғысымды білдіремін», - деді Мәриям Қожамқұлова.

Таланттар күнде тумайды. Таланаттар таланттарды ұмытпағанда ғана туады екен.