Бокс: Жастарымыз жарап тұр

Айбек Ережеп

  • 05.05.2021

Алматы қаласында Қазақстан бокс федерациясының президенті, белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышев жастар арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, сый-сыяпат көрсетті.

Жеңімпазға үш миллион теңге

Польшаның Кельц қаласында аяқталған жастар арасындағы әлем чемпионатында Қайрат Сатжанов баптайын жас былғары қолғап шеберлері 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алып, ел үмітін ақтады. Атап айтсақ, 49 келіде шаршы алаңға шыққан Санжар Тәшкенбай өз салмағында үздік шығып, әлем чемпионы деген атқа ие болы. Санжар финалда Еуропа чемпионы ресейлік Роберт Бадаляннан басым түсті.

Қоржынымызға екінші алтын медальді 64 келіде жұдырықтасқан Сабыржан Аққалықов салды. Сабыржан әлем чемпионатында бес жекпе-жек өткізіп, барлығын да айқын басымдықпен, әдемі шеберлігімен көзге түсіп жеңді.

Жеңімпаз атанған қос боксшыға Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев 3 миллион теңгеден сыйақы тағайындап, салтанатты жиында табыс етті.

«Өздеріңізге мәлім, былтыр жастарымыз ешқандай халықаралық жарысқа қатыспады. Жаттығу жұмыстары да өз деңгейінде өтпеді. Соған қарамастан, жастарымыз қысқа ғана мерзімде дайындық жұмыстарын жүргізіп, әлемдік жарысқа қосылып кетті. Бұл жерде бапкерлердің еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Федерация тарапынан да жастарымызға жақсы көңіл бөлдік. Өйткені, бұл жастар ертеңгі күні Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын боксшылар.

Федерацияның құрметті президенті Тимур Асқарұлы жас былғары қолғап шеберлерін жоғары бағалайды. Оларды әрқашан демеп, қолдау көрсетіп отырады», - деді Федерация президенті К.Рақышев.

Ақшалай сыйлық чемпиондардан бөлек, күміс медаль алған Елнұр Сүйінбай мен Ерболат Сабырға да берілді. Олардың әрқайсысына федерация тарапынан 1,5 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Қола жүлде алған Диас Молжігітов пен Қайрат Сатжанов, Елдос Сейдалин сияқты жаттықтырушылар да сый-сыяпатсыз қалмады. Аталған шарада Дина Дидай (күміс), Жұлдыз Шаяхметова (күміс), Елдана Тәліпова (қола), Әсел Сағатова (қола), Жасмин Қизатова (қола) сынды әлем чемпионатында жүлде алған қыздарымыз да еңбектеріне қарай ақшалай сыйлықтарын алды.

 Чемпиондарды шыңдаған чемпионатта олжамыз қандай?

Айта кетерлігі Жастар арасындағы әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін аса маңызды. Себебі, бүгінде есімі әлемге танылып, спортта үлкен жетістікке жеткен чемпиондарымыздың бәрі осы чемпионатта қанат қаққандар. Сөздің реті келгенде өткенге көз жүгіртіп, оқырмандарға тарихта қалған деректерді ұсынғанды жөн көрдік.

1994 жыл. Ыстамбұл. Түркия

Александр Цой (54 келі), Талғат Қалимов (60 келі), Асан Сексенбаев (63,5 келі), Данияр Мұңайтпасов (67 келі), Руслан Жұмаев (81келі) – қола медаль;

Жастар арасындағы әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы сонау 1994 жылдан бері қатысып келеді. Алғаш рет Түркияның Ыстамбұл қаласына барған жас боксшыларымыз қоржынымызға қола медальды толтырып келген еді. Содан бері жас былғары қолғап шеберлері әлемдік жарысқа үздіксіз он үш рет қатысты.

Елеуов – тұңғыш әлем чемпионы!

1996 жыл. Гавана. Куба

Батырхан Жақсыбаев (60 келі )- күміс медаль;

Құралбек Бұхаров (51 келі) – қола медаль

Куба астанасында өткен әлем чемпионатында Қазақстан боксшылары командалық есепте бесінші орынға табан тіреді. Бұл сында екі боксшымыз жүлде алды. 51 келіде күш сынасқан Құралбек Бұқаров жартылай финалда кубалық  Сталин Лопестен ұтылып, қола медальға ие болса, финалда тағы бір кубалық боксшыға есе жіберген 60 келідегі Батырхан Жақсыбаев күміс медальді қанағат тұтты.

1998 жыл. Буэнос-Айрес. Аргентина

Серік Елеуов (51 келі) – алтын медаль;

Бекзат Саттарханов (54 келі), Павел Сторожук (+91 келі)  – күміс медаль;

Аман Батырбаев (48 келі), Бауыржан Қайырменов (71 келі), Олжас Оразалинов (75 келі) – қола медаль;

Аргентинада өткен әлем чемпионатында Серік Елеуов жастар арасында әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ боксшысы ретінде тарихқа енді. Финалда қарағандылық боксшы ресейлік Георгий Балакшинді 7:0 есебімен тізе бүктірді. Кейіннен Балакшин дүниежүзі мойындаған боксшыға айналды. «Үш дүркін Еуропа чемпионы» деген тозбас атаққа қол жеткізді. 2001 жылы 21 жасында әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алса, 2008 жылы Олимпиада ойындарында тағы да қола медаль алып, спорттық карьерасымен қош айтысты.

Серік Елеуов те ересектер рингіне өткеннен кейін біраз жетістіктерге жетті. 1999 жылы 19 жасында Азияның үздік үштігіне кірді. 2004 жылы Афины олимпиадасынан да қола медальмен оралды.

Аргентина астанасында өткен жарыста марқұм Бекзат Саттархановтың күміс медаль алғанын біреу білсе, біреу біле бермес. Бекзат финалға дейін кіл мықтыларды ығыстырып шығарды. Алғашқы айналымда Италия боксшысынан басым түссе, одан кейін Швеция, Куба, Германия елдерінің боксшыларын да жарыстан ерте қайтарды. Тек финалда украиналық Сервин Сулеймановтан сүрінді. Сервиннің  араға екі жыл салып, яғни, Сидней олимпиадасына қатысқаны есімізде. Бірақ, украиналық боксшыдан ештеңе шықпады. Ал, біздің Бекзат Сиднейде қазақ боксшылары арасынан бірінші болып, Олимп шығын бағындырды.

Серік пен Бекзаттан бөлек, Аргентина жерінде Павел Сторожук (+91 келі, күміс), Аман Батырбаев (48 келі, қола), Бауыржан Қайырменов (71 келі, қола) және Олжас Оразалинов (75 келі, қола) сынды жігіттеріміз қола медальді қанағат тұтты. Командалық есепте Қазақстанның жастар құрамасы 4-орынға көтерілді.

Головкин сол кезден мықты

2000 жыл. Будапешт. Венгрия

Геннадий Головкин (63,5 келі) – алтын медаль;

Берік Серікбаев (48 келі), Ұлан Сауытбаев (54 келі), Рүстем Іргебаев (+91 келі) – қола медаль;

 Кәсіпқой бокстан еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген Геннадий Головкин 18 жасында жастар арасында әлем чемпионы атанды. Ол финалда кубалық Майкл Пересті 30:17 есебімен ұтты.

Будапеште қазақстандық боксшылар бір алтынның үстіне тағы 3 қола медаль қосты. 48 келідегі Берік Серікбаев  жартылай финалда болгариялық Салим Салимовтан 8:9 есебімен ұтылып қалды. 54 келі салмақтағы Ұлан Сауытбаев та жартылай финалда сүрінді. Аса ауыр салмақта шаршы алаңға шыққан Рүстем Іргебаев та әлем чемпионатын қола жүлдемен аяқтады.

Жастарымыз әлем чемпионатының қорытындысы бойынша 1 алтын, 3 қола медальмен командалық есепте алтыншы орынға ие болды.

2002 жыл. Сантьяго де Куба. Куба

Қанат Ильясов (63,5 келі) – алтын медаль;

Дмитрий Готфрид (75 келі), Ербол Бабаев (+91 келі) – күміс медаль;

Александр Нильга (91 келі) – қола медаль;

Серік Елеуов, Геннадий Головкиннің жеңісті жолын 2002 жылы Қанат Ильясов қайталады.

 Ілиясовтан бөлек, финалда тағы екі боксшымыз өнер көрсеткен еді. Олар – 75 келідегі Дмитрий Готфрид пен аса ауыр салмақтағы (+91 келі) Ербол Бабаев. Өкінішке қарай, екі боксшымыз кубалық боксшылардан жеңіліп қалды. Жалқы қола медальдің  иесі – Александр Нильга (91 келі).

         1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль алған жастарымыз командалық есепте Куба мен Ресейді алға жіберіп, үшінші орынға ие болды.

Қоламен қайтқан күндер...

2004 жыл. Чеджу. Оңтүстік Корея

Елдос Сайдалин (51 келі), Еркебұлан Жұманбаев (57 келі), Владимир Уильянов (64 келі) – қола медаль;

2002 жылы үздік үштікке кірген Қазақстанның жастар құрамасы бұл жолы үздік ондыққа да аттап баспады. Олар Армения боксшыларымен бірге 12-13-орындарды бөлісті. Еншімізде – 3 қола медаль. Жүлдегерлер – Елдос Сайдалин (51 келі), Еркебұлан Жұманбаев (57 келі) және Владимир Уильянов (64 келі).

2006 жыл. Агадыр. Марокко

Олжас Сәттібаев (48 келі), Азамат Смағұлов (60 келі), Еркебұлан Шынәлиев (81 келі) – күміс медаль;

Ересектер арасында айтарлықтай табысқа жеткен Олжас Сәттібаев, Азамат Смағұлов және Еркебұлан Шынәлиевтер осыдан он бес жыл бұрын Ағадырда өткен әлем чемпионатында күміс медаль олжалаған саңлақтар. Олжас әлем чемпионатында 48 келі салмақта, ал, Азамат 60 келіде күш сынасты. Еркебұлан болса 81 келіде додаға түсті. Үш күміс медальдан бөлек, қоржынымызға тағы бір қола медаль түсті. Оны 51 келі салмақтағы Данияр Төлегенов жеңіп алды.  Қазақстан боксшылары 3 күміс, 1 қола медальмен командалық есепте 7-орынға көтерілді.   

 

Данияр мен Дычконың дәуірі басталды

2008 жыл. Гвадалахара. Мексика

Данияр Елеусінов (60, келі), Иван Дычко (91 келі) – күміс медаль;

Мексикадағы жарыста жастарымыз 2 күміс медальға ие болды. 60 келі салмақта жұдырықтасқан Данияр Елеусінов финалда ирландиялық боксшыдан 1:3 есебімен ұтылып, әлем чемпионатының күміс жүлдесін тақты.

Данияр осы жарыстан кейін үнемі ұлттық құрамаға шақыртылып жүрді. Ересектер рингіне өте салысымен бірден жазғы Азия ойындарына барып, жеңімпаз болды. Кейіннен әлем және Олимпиада чемпионы деген атақтарға қол жеткізді.

91 келіде өнер көрсеткен Иван Дычко да Максика жерінен күміс жүлдемен келді. Ол финалда кубалық Эрисланди Савоннан 8:10 есебімен жеңілді.

Иван Дычко да осы жетістігінен кейін бірден ұлттық құраманың табалдырығын аттады. 2009 жылы Қостанайда өткен Қазақстан чемпионатында өзінен әлдеқайда тәжірибелі қарсыластарын есеңгіретіп жеңді де, аса ауыр салмақта он жылға жуық үстемдік құрды. Сол уақыттарда Дычко әлемнің үш дүркін жүлдегері, екі мәрте Олимпиада жүлдегері, Азияның және жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды.

 

Ширек финалға екі-ақ боксшы шықты

2010 жыл. Баку. Әзірбайжан

Медаль жоқ;

Әзірбайжан астанасындағы аламанда жас боксшыларымыз жартылай финалға да жете алмады. Ширек финалға жеткендері де шамалы еді. 51 келі салмақта жұдырықтасқан Нұрлан Әбжанов жартылай финалдық жолдаманы египеттік боксшымен сарапқа салып, 1:14 есебімен ұтылып қалса, 69 келіде өнер көрсеткен Жәнібек Әлімханұлы да ширек финалда сүрінді. Жәнібек өзбек боксшысына тізе бүкті.

2012 жыл. Ереван. Армения

Дәулет Байбатыров (75 келі) – қола медаль;

Еревандағы әлемдік сайыста еліміздің он боксшысы бақ сынады. Бұйырғаны – 1 қола медаль. 75 келідегі Дәулет Байғабатов жартылай финалда украиналық Александр Хижняктан ұтылды. Командалық есепте Қазақстан 15-орында қалды.

Абылайхан – әлем чемпионы

2014 жыл. София. Болгария

Шалқар Айқынбай (49 келі), Абылайхан Жүсіпов (60 келі) – алтын медаль;

Сұлтан Зауырбек (56 келі), Вадим Казаков (81 келі) – күміс медаль;

Осыдан жеті жыл бұрын Ғалым Кенжебаев бастаған Қазақстанның жастар құрамасы айды аспанға шығарды. София шаршы алаңында еліміздің жас боксшыларының төртеуі финалда өнер көрсетті. Оның екеуі әлем чемпионы атанды. Командалық есепте Қазақстан құрамасы Ресей, Куба сияқты мықтыларды артқа тастап, бірінші орынға ие болды.

Болгарияда бағы жанғандар – Шалқар Айқынбай (49 келі) мен Абылайхан Жүсіпов (60 келі). Екі боксшы да бүгінде ұлттық құраманың белді боксшыларына айналды. Бұл екеуінен бөлек, Сұлтан Зауырбек (56 келі) пен Вадим Казаковтың (81 келі) да әлем чемпионы болуға мүмкіндіктері бар еді. Өкінішке қарай, екеуі де финалда жеңілді.

2016 жыл. Санкт-Петербор. Ресей

Садриддин Ахмедов (69 келі) – алтын медаль;

Бек Нұрмағамбет (75 келі) – күміс медаль;

Саматәлі Төлтаев (56 келі) – күміс медаль;

Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) – қола медаль;

Бүгінде кәсіпқой бокста жүрген Садриддин Ахмедов осыдан бес жыл бұрын жастар арасында топ жарды. Кейіннен ересектер арасына өткеннен кейін бірді-екілі халықаралық турнирге қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бірақ, Садриддин ұлттық құрамада ұзақ жүрмеді. Мұхит асып, кәсіпқой боксты кәсіп етуге кетті.

Кәсіпқой бокстан несібесін іздеп кеткендердің қатарында Бек Нұрмғамбет те бар. Санкт-Петерборда ол күміс медаль еншіледі.

2018 жылы. Будапешт. Венгрия

Нұрбек Оралбай (75 келі) – алтын медаль;

Ермахан Жақпеков (69 келі), Сағындық Тоғамбаев (81 келі), Айбек Оралбай (91 келі), Дамир Тойбай (+91 келі) – күміс медаль;

Махмуд Сабырхан (49 келі) – қола медаль;

Венгрия астанасында бес бірдей боксшымыз финалға жолдама алған-ды. Алайда, бұлардың арасынан тек Нұрбек Оралбай ғана жеңіс тұғырына көтерілді.

Байланысты жаналықтар

Түркістан-Самарқан бағытында әуе рейсі ашылды

24.03.2024

Наурызнама: Бүгін - Тазару күні

23.03.2024

Туризм министрлігі мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы меморандумға қол қойды

22.03.2024

Наурыз-2024: Астанада бір тоннадан астам палау әзірленді

22.03.2024

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

22.03.2024

Наурызнама: 22 наурыз – жыл басы

22.03.2024
MalimBlocks
Түркістан-Самарқан бағытында әуе рейсі ашылды

Наурызнама: Бүгін - Тазару күні

Туризм министрлігі мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы меморандумға қол қойды

Наурыз-2024: Астанада бір тоннадан астам палау әзірленді

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

Наурызнама: 22 наурыз – жыл басы