Криштиану Роналду екі рекорд жаңартты

Криштиану Роналду бұл ойында екі бірдей тарихи рекорд орнатты.

Берік Жанатханұлы

  • 16.06.2021

Футболдан Еуропа чемпионатының F тобындағы ойындар өтті. Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы Венгрияны ірі есеппен жеңсе, француздар Германиядан басым түсті.

Еуропаның қазіргі чемпионы Португалия бұл турнирді жеңіспен бастады. Команда Венгрия құрамасымен кездескен. Матч Будапешттегі "Пушкаш Аренада" өтті, ойынды тамашалау үшін стадионға 68 мың жанкүйер жиналды. 

Ойын есебі матч соңына дейін ашылмады. 84-минутта Рафаэл Геррейро португалиялықтарды алға шығарды. Үш минуттан соң Роналду пенальтиден гол соқты. Көп ұзамай, Португалия капитаны тағы бір гол салып, матч нүктесін қойды - 3:0. 

Криштиану Роналду бұл ойында екі бірдей тарихи рекорд орнатты. Форвард бес бірдей Еуропа чемпионатына қатысқан алғашқы футболшы атанды. Ол 19 жасында EURO-2004 турниріне қатысқан. Содан кейін 2008, 2012 және 2016 жылдары құрлықтық жарыста бақ сынаған.

Сонымен қатар, Роналду бұл ойында екі гол соғу арқылы Еуропа чемпионаты тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. Бұған дейін француз Мишель Платини 9 голмен көш бастап тұрған. Ал Роналдудың еншісінде енді 11 гол бар.

Байланысты жаналықтар

Еуропа чемпионаты аяқталды. Доннарумма – үздік ойыншы

12.07.2021
MalimBlocks
Еуропа чемпионаты аяқталды. Доннарумма – үздік ойыншы