Назарбаев едел-жедел Мәскеуге ұшып кетті. Не үшін?

Елнұр Бақытқызы

  • 30.06.2021

Қазақстанның экс-презденті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу үшін едел-жедел Мәскеуге ұшып кетті. Кремль баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Ресей мен Қазақстанның стратегиялық әріптестігі, Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестерді ілгерілету және кейбір өзекті халықаралық мәселелер талқыланбақ.

Кей сарапшылар Н.Назарбаевтың Мәскеуге баруын Қазақстанға бір күн бұрын келіп кеткен Ресей федерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенконың жұмыс сапарымен байланыстырады.

Н.Назарбаев неге едел-жедел Мәскеуге ұшып кетті? Путинмен қандай мәселелерді талқылауы мүмкін? Malim.kz бұл сұрақтарды сарапшыларға қойып көрді.

"Биліктің тағдыры шешіліп жатыр"

Қазбек Бейсебаев, экс-дипломат:

– Ресей Федерация кеңесінің төрайымы және өзге елдің парламент басшылары сыртқы саясатпен, шетел жұмыстарымен айналыспайды. Матвиенко Путинге жақын тұлға, бұрын елші болған. Ол құр бекер келмейді. Бұрынғы кеңестік республикаларға күрделі, нәзік мәселелер бойынша барады. Ол мәжіліс спикері, президент және бірінші президентпен кездесті. Ертесі бірінші президент Мәскеуге ұшып кетті.

Бірінші президент ресми түрде биліктен кетті, олай болса неге билікте отырған Путинмен кездеседі деген сұрақ туындайды. Меніңше, кеше Матвиенко айтқан нәрсе елбасын қанағаттандырған жоқ. Белгілі бір сұрақтар туындаған. Сондықтан тікелей Путинмен кездесуге бара жатыр. Бұл белгілі бір күрделі мәселе, бәлкім, биліктің тағдыры шешіліп жатыр.

Елде қос билік жоқ дейді. Бірақ елбасы ресми түрде президенттіктен кетсе де, биліктен кетпегені белгілі. Бізде бәрін шешетін – елбасы. Транзит басталғанымен, әлі аяқталмады. Меніңше, Мәскеуде транзит мәселесі шешіліп жатыр. Жасыратыны жоқ, Ресейдің Қазақстанға экономикалық және саяси ықпалы бар. Екі елдің арасын 7 мың шақырымға созылып жатқан  шекара бөліп тұр. Әлемде ондай ұзын шекара жоқ. Сондықтан біздің де Ресейге ықпалымыз бар. Қай тұрғыдан? Ресей үшін Қазақстанда тыныштық, бейбіт өмір болуы керек. Ал қазіргі жағдайда қос билік орнаған. Мүмкін, Ресей біздің билікке белгілі бір кеңес беретін шығар.

Меніңше, бұл жерде Қазақстан тағдырына ықпал ететін белгілі бір мәселе шешіледі. Белгілі бір тұлға саясат сахнасына шығады немесе белгілі бір кадрлық шешім қабылданады. Әліптің артын бағып, елбасының қайтып келгенін күтейік. Осы кездесуден кейін елбасы белсенділігін тоқтата ма, жоқ па? Меніңше, белсенділігін тоқтатады. Басқа тұлға белсенді бола бастайды. Былайша айтқанда, Путин Назарбаевқа "басқардың, енді болды ғой, қойсаңшы, белсенділігіңді тоқтат" деуі мүмкін.

"Беларусь санкцияларының әсерін талқылауға кетті"

Асқар Нұрша, саясаттанушы:

 – Елбасы Мәскеуге барып, Путинмен кездесу керек оңтайлы сәтті жақсы білетінін мойындау керек. Меніңше, Назарбаевтың Мәскеуге сапарының бірнеше себебі бар.

Біріншісі – Беларусь төңірегіндегі оқиға мен Еуразия экономика одағының алдағы интеграциясы. Ryanair ұшағына қатысты оқиғадан соң Батыс Беларуське қарсы санкцияларды күшейтіп жатыр. Бұл Беларуське теріс әсер етеді, Секторлық санкциялар қабылдана бастады. Бұл Беларусь өнеркәсібі мен өнімдерінің Батыс елдеріне экспорты, Беларусь арқылы тауар тасымалы, Беларусь билігімен әріптестік орнатқан Ресей олигархтарына әсер етеді. Осының бәрі айналып келгенде, Беларусь экономикасына үлкен соққы жасауы мүмкін. Ал бұл ахуал Беларусьті Ресеймен тығыз интеграцияға итермелейді. Беларусь-Батыс қарым-қатынасы нашарлап жатқан тұста, Минск Ресеймен экономикалық интеграцияны тезірек күшейту туралы мәлімдеме жасады. Сондықтан бұл екі ел қаншалықты терең интеграцияға баратынын анықтау – осы сапар мақсаттарының бірі.

Ресей және Беларусьтің одақтас мемлекет құру туралы мәлімдемелеріне қарамастан, Лукашенко үнемі Беларусь тәуелсіздігін сақтауды алдыңғы орынға қойып, Ресейге "одақтас мемлекет құру бірігу деген сөз емес", Беларусь егемендігін жоғалтпайтынын білдіріп жүретін. Бірақ Минск пен Батыс қарым-қатынасының ушығуы Ресейдің Беларуське қысымын күшейтуі мүмкін. Одақтас мемлекет құру Ресей мен Беларусьтің ішкі ісі екені түсінікті, бірақ бұл Еуразия интеграциясының геосаяси балансына әсер етіп, болашақта Қазақстан, Қырғызстан, Армения тәрізді елдердің одақ ішіндегі позициясын әлсіретуі ықтимал. Өйткені одақ ішіндегі мемлекеттердің балансында Беларусь үлкен рөл ойнады, егер бұл тетікті кетірсе, Қазақстан одақ ішінде Ресей мен Беларусьтің біріккен ұстанымымен бетпе-бет келеді.

Сонымен қатар санкцияларға ұшыраған Беларусь экономикасы Еуразия экономика одағына әсер етіп, құлдыратып жіберуі мүмкін. Қазақстан ресми түрде "Еуразия экономика одағы аясында Батыс санкцияларына бірлескен жауап бойынша келіссөздерге қатыспайтынын" мәлімдесе де, бұл мәселе бойынша стратегиясын анықтауы керек. Ресей сыртқы істер министрі орынбасарының "одақ аясында бірлескен жауап береміз" деген өрескел мәлімдемесі Қазақстанның теріс реакциясын тудырғаны түсінікті. Қазақстанға сапармен келген Матвиенко елдің аумақтық тұтастығын құрметтейміз деген мәлімдемелер арқылы Жириновский мен Никоновтардың сөздерін жуып-шайып,  Қазақстан қоғамы мен ел басшылығын тыныштандыруға тырысты. Бұған дейін бұл мәлімдемені сыртқы істер министрі Лавров айтты. Бірақ Матвиенко Ресейдегі екінші адам, сондықтан оның сөзі салмақтырақ.

Матвиенконың сапарын Қазақстан жария түрде талқылаудан бас тартқан дүниелер бойынша келіссөз жүргізуге шақыру деп бағалауға болады. Ал талқылайтын нәрселер баршылық.  Саммиттер видеоформатта өтетіндіктен, Тоқаев Қазақстан Еуразия интеграциясының форматына бармайды дегендей мәлімдемелері Ресей наразылығын тудырды. Мұндай видеоформатта кулуарлы келіссөздер, ресми емес дипломатияны жүргізе алмайсың.

Меніңше, Путин мен Назарбаев кездесуінде оңтүстік Кавказдағы мәселе де талқыланады. Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Қарабақтағы қақтығыс Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымының беделіне сызат түсірді. Армян қоғамы Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы өздерін қорғамады деп есептейді. Екінші жағынан Әзірбайжан мен Қазақстан достық қарым-қатынаста. Ресеймен де ол елдің арасы жаман емес.

Сондай-ақ кездесуде Ауғанстан мәселесі талқылануы мүмкін. Өткен аптада тәліптер үкімет әскеріне соққы жасап, үкімет әскерінің бір бөлігі Тәжікстан, енді бір бөлігі Өзбекстанға ығысуға мәжбүр болды. Бұл шабуыл емес, Дегенмен мұндай жағдай шекаралас мемлекеттерді әскери қақтығысқа итермелеуі мүмкін. АҚШ әскері Ауғанстаннан кететінін ескерсек, тәліптер билікке келеді деп күтілуде. Көптеген сарапшы олар өз аумағынан шықпайды десе де, бұл діни эксремизм, заңсыз қару-жарақ айналымы тәрізді мәселелер тудыруы мүмкін. Сондықтан Путин мен Назарбаев Өзбекстан мен Тәжікстан көмек сұраса, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы қалай әрекет етеді дегенді талқылауы мүмкін.

Қазақстан ресми түрде Еуразия одақ аясында Батыс санкцияларына бірлесіп жауап беруден бас тартса да, бұл бойынша анық стратегиясын белгілеуі тиіс. Өйткені бір одақта болғандықтан, бұдан алшақ қалып, сырттан бақылап тұруы мүмкін емес. Өйткені Беларусь экономикасы құлдырап, Ресейдің одақ ішіндегі позициясы күшейсе, бұл бізге әсер етеді.

Матвиенкодан бұрын Қазақстанға Беларусь үкіметінің жетекшісі келіп кетті. Тоқаев "Қазақстан Беларусьті қиын жағдайда тастап кетпейді, Беларусь жкономикалық әріптесіміз" дегендей мәлімдеме жасады. Соған қарағанда Беларусь бізден көмек сұраған сияқты. Бұл қаржылай көмек емес, энергетикалық ресурстарды тасымалдау, нарықты ашу, өнеркәсіп-сауда кооперациясын кеңейту тәрізді мәселелер болуы мүмкін.

Меніңше, Назарбаев Путин мен Байден кездесуінің нәтижесін білуге құлықты. Назарбаев Путин мен Байден қандай келісімге келді, бұл Ресейге, Қазақстанға қалай әсер етеді, АҚШ-Ресей қарым-қатынасы жақсара ма, соны да түсінгісі келетіндей.

Фотолар: бас беттегі фото: Михаиль Метцель, ТАСС, Қазбек Бейсебаевтың әлеуметтік желідегі парақшасы және inform.kz

Байланысты жаналықтар

Путиннің өкілетті өкілі Қазақстанды Ресей облыстарын су басқаны үшін айыптады

10.04.2024

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді

05.04.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

23.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

23.03.2024

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

20.03.2024

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

20.03.2024
MalimBlocks
Путиннің өкілетті өкілі Қазақстанды Ресей облыстарын су басқаны үшін айыптады

Оның пікірінше, ағынды сулар реттелсе, Ресей Федерациясының Қорған және Түмен облыстарындағы су тасқыны мәселесін болдырмауға болады.

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді

Екі ел басшылары өңірлік күн тәртібін талқылап, халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

Осы уақыт аралығында қандай маңызды шешім қабылданды?