Жаңаөзенде азаптаудан қаза тапқан Базарбай Кенжебаевтың ұлы қайтыс болды

Malim Админ

  • 01.07.2021

Жаңаөзен оқиғасы кезінде уақытша қамау абақтысындағы азаптаудан қаза тапқан Базарбай Кенжебаевтың 34 жастағы ұлы Ғалымжан Кенжебаев қайтыс болды. Ғалымжан Кенжебаевтың "жұмбақ жағдайда" қайтыс болғанын белсенді Жанболат Мамай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

"Жаңаөзендегі азаптаудың құрбаны Базарбай Кенжебаевтың ұлы жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Бізге Ғалымжан Кенжебаевтың өткен жексенбі күні қаза тапқаны белгілі болды. 34 жастағы Ғалымжанды өткен аптада белгісіз біреулер Жаңаөзенде аяусыз соққыға жықты деген хабар алдық. Оны ауруханаға әкетіп, операция жасаған. Дәрігерлер Ғалымжанның туыстары мен таныстарына ол ауруханаға түсіп, операция жасалғанын хабарламаған. Жексенбі күні басына жасалған операциядан кейін әлі қалпына келмеген Ғалымжанды полицейлер жауап алу үшін учаскеге алып кетті. Мұның қандай жауап алу екенін ешкім білмейді. Операциядан кейін қалпына келмеген адамды неге полицияя бөлімшесіне алып кетті? Ауруханадан жазылып шықпаған адамды дәрігерлер қалай полицейлерге бере салды? Ғалымжан Кенжебаевты полицей учаскесіне алып келгеннен кейін біраз уақыттан кейін ол қайтыс болған. Полиция тек содан кейін ғана Жаңаөзендегі белсендіге хабарласып, Базарбай Кенжебаевтың ұлы көшеде қайтыс болғанын хабарлады", - деп жазады Жанболат Мамай.

Жанболат Мамайдың айтуынша, оның қолында Ғалымжан Кенжебаевтың мүрдесінің суреті бар, онда Кенжебаевтың қаза табардан бұрын қатты соққыға жығылғаны көрінеді. Суреттер жантүршігерлік болғандықтан, белсенді оны жарияламаған.

"Билік Ғалымжанды ауруханадан алып кеткен полицейлер мен оны операциядан кейін алып кетуге рұқсат еткен дәрігерлердің үстінен қылмыстық іс қозғау керек. Әлде бұл Жаңаөзендегі азаптаудың кезекті куәгерінің көзін жою үшін  әдейі жасалған әрекет пе? Ғалымжан Базарбаев қатты азапталған әкесі Базарбай мен полицей учаскесіндегі азаптау туралы айтқан соң кенеттен қайтыс болған әпкесі Әсемді көрді. Бірнеше ай бұрын біз Ғалымжанмен Жаңаөзенде кездестік, ол 2011 жылдың желтоқсанында Жаңаөзенде не болғанын айтып берді. Бұл шындықты халық бәрібір білетін болады", - деп жазады Жанболат Мамай.

Маңғыстау облысының полиция департаменті  Жаңаөзен оқиғасы кезінде азаптаудан қаза тапқан Базарбай Кенжебаевтың ұлы, 33 жастағы Ғалымжан Кенжебаевтың өліміне қатысты түсінік берді. Маңғыстау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, сарапшының алдын ала жауабы бойынша, Кенжебаев жүрек-қан тамыр қызметінің жеткіліксіздігінен қайтыс болған.  

" 26 маусым күні Кенжебаев өзінің танысы Б. деген азаматпен "Самал" шағын ауданындағы саябақта ішімдік ішкені анықталды. Ішімдік ішкен кезде екеуінің арасында  жанжал шығып, арты төбелеске ұласты. Соның нәтижесінде Кенжебаев  жарақат алды. Келесі күні таңертең 27 маусым күні Кенжебаев Жаңаөзен қаласындағы қалалық ауруханаға өз бетінше қаралуға барып, онда оған медициналық көмек көрсетілді.  Қабылдау бөлімінің дәрігерлері бас, бет, арқа жарақаты деген алдын ала диагноз қойып, амбулаториялық ем алуға кеңес берген. Медицина қызметкерлері бұл жайлы полицияның кезекші бөліміне хабарлаған. Бұдан кейін жанжалға қатысқан екі азамат түсінік беру үшін полиция бөлімшесіне шақыртылды", - делінген Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Полиция департаменті  денсаулыққа зиян келу фактісі бойынша әкімшілік кодекстің 73-1 бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылып, жанжалға қатысушылардан түсінік алынған соң,  ер адамдар жеке-жеке үйіне жіберіліп, полиция бөлімшесі ғимаратынан шықты дейді.

"Сол күні 21:30-да 102 пультіне "3 а" ықшамауданы тұрғыны үйлердің бірінің артында ер адамның мәйіті табылғанын хабарлады. Оқиға орнын қарау кезінде қайтыс болған адамның жеке тұлғасы анықталды.  Сонымен қатар алкоголь ішімдіктерінің бөтелкелері табылды. Бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі алдын ала тергеу басталды. Сот-медицина сараптамасы тағайындалды.  Сарапшының алдын ала жауабы бойынша, қаза себебі, жүрек-қан тамыр жүйесі қызметінің жеткіліксіздігі.  Сотқа дейінгі алдын ала тергеу жалғасып жатыр. Осылайша әлеуметтік желідегі "Кенжебаевты полицей учаскесіндегі азаптау" туралы ақпарат шындыққа жанапайды", - делінген Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Базарбай Кенжебаев Жаңаөзен оқиғасы кезінде уақытша қамау абақтысында азаптаудан алған ауыр жарақаты салдарынан 2011 жылы 21 желтоқсанда қайтыс болған.  Базарбай Кенжебаев 19 желтоқсан күні  өз үйінде ресейлік «Новая газета» тілшісі Елена Костюченкоға сұхбат берген. Базарбай Кенжебаев сол сұхбатынан кейін екі күн өткенде қаза болған.

Базарбай Кенжебаевтың отбасы үшін Жаңаөзен оқиғасы қасіретке айналды. Оның қазасына бір жыл толғанда әйелі, ал 2014 жылдың желтоқсанында Жаңаөзен оқиғасы кезінде тергеу абақтысындағы азаптауды көзімен көрген, батыл мәлімдемелерімен жұрт есінде қалған 24 жастағы қызы Әсем қайтыс болды.

 

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады