БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ. ҚАМАУ                                                   

Әңгіме

Malim Админ

  • 07.07.2021

Ұланбатыр қаласының көшесінде жүр едім, пұшпақ тымақ, пұшпақ жағалы шапан киіп, күміс белбеу буынған, аяғында қазақи саптама етігі бар бір қария биік-биік көп тамдардың ортасында қалай жүрерін білмей қамалып тұр екен. Жүгіріп барып:

– Ассалаумағалейкум, – деп сәлем беріп қолымды ұсынып едім, арса-арса саусақтарын ұстатып, бетіме үңіліп біраз қарап тұрды да:

– Балам, кімнің баласысың? – деді. Мен әкемнің атын айттым. Ол кісі тағы біраз ойланып барып:

– Жоқ, танымайды екем, ал сен мына қалың моңғолдың ішінен мені қайдан танисың? – деді таңданып. Мен:

– Ата, сізді емес, тымақ, шапаныңыз бен белбеу, етігіңізді танып тұрмын, – деп едім, шал өзінің қазақи киім киіп жүргенін енді ғана білгендей мырс етіп күліп жіберді де:

– Иә, иә, бұларды (киімдерді) сен тұрмақ, моңғолдар да таниды екен. Ал сенің мына мінезің мен тап-таза тілің «мен қазақпын» деп айқайлап тұр екен. Өркенің өссін, балам! – деп кәдімгідей риза болып қалды. Мен қалай жүретінін айтып, жол көрсетіп бермекке біраз жерге дейін ертіп жүрдім. Жолда әне жер, мына жерде екі-екіден құшақтасып сүйісіп отырған бірнеше жасты көрген қария:

– Япырай, мынау кімнің балалары екен, көпшіліктің көзінше бірін-бірі жалап-жұқтап жатқаннан ұялса ғой. Ата-анасы білсе екен, – деп мұңайды. Тағы біраз жүріп едік, тақ біздің алдымыздан бір үйдің адамдары сықылды бір еркек, бір әйел шығып, бір-біріне айтпағанды айтып, төбелесіп жатыр екен. Соны көрген ол кісі маған қарап:

– Сапырылысып жатқан көп адамның көзінше ерлі-зайыпты екеуінің айтпағанды айтысып, төбелесіп жатқанын көргенше жастардың сүйісіп отырғанын көру анағұрлым артық екен-ау, – деп күлді. Сөйтіп, ананы-мынаны айтып, менен айырылғысы келмей, тартыншақтап тұрып әрең кетті.

Мен де әлгі қариядан айырылғым келмей, бір-екі аттап барып артыма қарап едім, қария қаланың көшесінде жүргендей емес, сонау Алтай тауларының бөктерінде қой жайып жүргендей екі қолын артына ұстап, сәл-пәл еңкіштеу денесін еркін қойып асықпай-үсікпей аяңдап барады екен. Сол көрініс-ақ өзімді әкесінен қалып бара жатқан баладай сезіндіріп болмаған соң, тұра жүгіріп артынан бардым да:

– Ата, шай ішесіз бе? – деп едім, ақсақал жымың етіп:

– Әңгімелесіп отырып бір шәйнек шай ішсек болар еді, бірақ менің кемпірімнің шайы құсаған шай мына маңайдан табылар ма екен, ә? – деп маған қарады.

Жанымызда тұрған шайханаға кіріп, моңғол келіншектерге жөнін айтып едім, шай да келді. Атамыз белбеуін босатып, шапанының кеудесін сәл ашыңқырап қойып, шай ішті.

Сөйтіп отырып мен ол кісіні әңгімеге тарттым:

– Ата, қала қандай екен? – деп едім, шал саусақтарын санады да:

– Мен бұрын осы қалада әскерде тұрғам, содан елу жылдан кейін келіп отырмын. Ол кездегіден өркендеп, өзгеріп кетіпті. Өкініштісі, мына зәулім үйлерді неге алыс-алыс салмай, бірінің желкесіне бірін мінгізіп салады екен осылар? Алланың иен жатқан жерін аяй ма? Екі аттасаң, тасқа қамалған жылқыдай қамаласың да қалады екенсің. Сосын, тағы бір байқағаным, санасаң сан жетпейтін мына көп машина жүретін басқа жер таппағандай алақандай қара жолға сығылысады да тұрады екен. Жаздың ыстығында қой деген мал осылай бір-бірінің көлеңкесіне тығылып, үйездеп тұрушы еді. Үйлерінің арасы осындай жақын бола тұрып, адамдары машинасыз баспайды екен. Балаларын ертіп жаяу жүрмей ме, асықпай... – деді.

Далаға шығып:

– Ал, ата, қош болыңыз! – деп едім, қария менің қолымнан қысып, рақметін айтты да:

– Шайды ғой, мыналар жақсы қайнатады екен, бірақ әлгі бір шошайған тұғыры құрғыр (орындықты айтады) зықымды алды ғой. Байлаулы бүркіт сықылды тұғырда шошайып отырып шай ішкенде маңдайыңның тері де қысылып шығады екен ғой. Үйі де ыстық. Шіркін, киіз үйдің төрінде малдас құрып отырып шай ішкенге не жетсін, – деп, қойнынан үлкен ақ орамал шығарып, маңдайының терін сүртті. Сосын, тағы да екі қолын артына ұстап, асықпай ары қарай аяңдады.

«Барша болмыс, өн бойынан кең даланың дархандығы аңқыған қайран қазағым-ай, ештеңеден үркіп қорықпайтын есіл еркіндігің қаншаға барар екен деші. Бірінің желкесіне бірін мінгізіп салған мына замана – тамдардың қай бұрышына барып тағы да қамалар екенсің?!» деп ойлап едім, екі аяғым ілгері басуға келмей, әлгі қазақтың кеткен жағына әлсін-әлі айланып қарай бердім.  

Байланысты жаналықтар

«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

29.03.2024

Бишімбаев ісі: Сот отырысын кез келген адам онлайн-трансляция арқылы көре алады

27.03.2024

Грузия алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды (ВИДЕО)

27.03.2024

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

26.03.2024

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

25.03.2024

Қазақ боксшылары 6 алтын, 3 күміс, 2 қола жеңіп алды

24.03.2024
MalimBlocks
«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

Көкшетау прокуратурасының мәліметінше, «Оқжетпес» футбол клубы 160 қызметкерінің жалақысын төлемеген, деп хабарлайды Malim.kz.

Бишімбаев ісі: Сот отырысын кез келген адам онлайн-трансляция арқылы көре алады

Грузия алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды (ВИДЕО)

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензия бар.

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

Қазақ спортшылары олимпиадаға жолдаманы Тблисиде өткен әлем кубогінде жеңіп алды.

Қазақ боксшылары 6 алтын, 3 күміс, 2 қола жеңіп алды

Халықаралық жарыс Литваның Кунас қаласында өткен. Турнир боксшы әрі тренер Альгирдас Шоцикас құрметіне ұйымдастырылған.