Телефонын билік тыңдаған журналист пен құқық қорғаушы пікір білдірді

Елнұр Бақытқызы

  • 20.07.2021

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP)  Қазақстан билігі Израильдегі NSO Group компаниясы жасап шығарған Pegasus бағдарламасының көмегімен аңдыған журналистер мен белсенділердің тізімін жария етті. OCCRP-дің жазуынша, Қазақстан билігі осы бағдарлама арқылы ұзын саны 2 мыңға жуық телефон нөмірін аңдыған, олардың басым көпшілігі Қазақстандағы бизнес және саяси элита өкілдері. "Олардың арасында Назарбаевтың ықтимал серіктері мен қарсыластары бар", - дейді OCCRP.

Израильдегі кибербарлауға маманданған NSO Group  IT-компаниясы Pegasus тыңшылық бағдарламасын ұйымдасқан қылмыс топтарына қарсы құрал ретінде таныстырған. Алайда OCCRP (Organized crime and corruption reporting project – Босния астанасы Сараево қаласында орналасқан зерттеуші журналистер мен медиа орталықтардың халықаралық желісі) , Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы мен Forbidden Stories журналистердің коммерциялық емес ұйымы кей елдердің үкіметі бұл бағдарламаны журналистер мен белсенділерді бақылап, аңдуға қолданатынын анықтады.

Журналистер Pegasus көмегімен аңдылған 50 мыңға тарта телефон нөмірінің тізімін қолға түсірді. Pegasus телефон құралына ендірілген соң, арнайы шифрмен құпияланатын WhatsApp, Signal тәрізді қосымшалардың деректерін ала алады. Бағдарлама арқылы телефондағы фотосуреттер, видео мен қоңыраулар алынады. Pegasus телефон камерасына қосылып, видеожазба жүргізе алады.

Әзірге OCCRP Pegasus бағдарламасы арқылы Қазақстан билігі аңдыған бес адамның тізімін жариялады. Олар:

• Серікжан Мәулетбай – Informburo ақпараттық порталының тілшісі, "БЕСсимптомно" Telegram-арнасының авторы;

•  Бигелді Ғабдуллин – ПЕН-клубтың басшысы, Central Asia Monitor басылымының бұрынғы бас редакторы, 2017 жылы "бопсалау" бабымен сотталған;

•  Бақытжан Төреғожина – "Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы.

Тізімде бұдан бөлек Квентин Гиймен мен Мартин Уиллоумның аттары аталады. Квентин Гиймен Латын Америкасына көмек көрсететін "Ашаршылыққа қарсы және даму үшін католик комитеті" гуманитарлы ұйымының қызметкері. Ал Мартин Уиллоум Франциядағы Génération Ecologie саяси партиясының вице-президенті. Ол өзі құрған Cosmopolitan Project Foundation үкіметтік емес ұйымының көмегімен Мұхтар Әблязовке арналған іс-шаралар ұйымдастырған.

"Тізімдегі есімдер таргетинг үшін таңдалған қазақстандық нөмірлердің аздаған бөлігі. Бұл тізімдегі адамдардың құралдарына біржолата бұзып кірді дегенді білдірмейді, бірақ NSO тобының клиенті – Қазақстан үкіметі оларға қызығушылық білдірді деген сөз", - дейді OCCRP.

"Жасыратыным жоқ, тыңдағысы келсе – тыңдай берсін"

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Malim.kz-ке берген сұхбатында Қазақстан билігі Pegasus арқылы аңдитын тізімге енгеніне еш таңғалмағанын, телефоны тыңдалып, әлеуметтік желідегі аккаунттары бақыланатынын бұрыннан сезетінін айтты.

"Бірақ мені Pegasus пен өзге шетелдік компаниялардың қосымшалары арқылы тыңдайды деп ойламадым. Дегенмен тыңдайтынын білдім. Өйткені телефоным қызып кетеді, телефонмен сөйлесіп жатқанда, қоңырау аяқтасты үзіліп кетеді, бірде дауыс естілмей қалады. Шын мәнінде, бұл 20 жылдан бері жалғасып жатыр. Кеңседен екі рет тыңдайтын құрылғыларды таптық.Телефон арқылы ізіме түсіп аңдитынын белсенділікпен айналысқанда білдім. Өйткені телефонды алып жүргенде, бір-екі минуттың ішінде мен жүрген жерге полицейлер жетіп келетін", - дейді Төреғожина.

Бақытжан Төреғожина саяси тұтқындарға қолдау көрсетіп, бейбіт жиындар өткізу құқығын қорғаумен айналысады. Құқық қорғаушы бұл тақырыптар Қазақстан билігі үшін саяси маңызды болғандықтан, өзінің ізін аңдиды деп есептейді.

"Бәлкім, біздің не істеп жатқанымызды, қандай саяси-азаматтық істерді жүргізіп жатқанымызды білгісі келетін шығар. Бірақ оның бәрі ашық, өзім жүргізетін істердің бәрін әлеуметтік желіде ашық жариялаймын. Қайда барамын, кіммен кездесемін, қандай митингіге барамын не бармаймын, қандай істерді бақылайтынымызды түгел әлеуметтік желіде жазамын. Бұдан артық мен туралы не білгісі келетінін білмеймін, бәлкім, олар жай ғана бюджетті игеру үшін тізімге қосқан шығар", - дейді Төреғожина.

Бақытжан Төреғожина әзірге қалай әрекет ететінін шешпегенін, журналистердің құқығын қорғаушылар – Тамара Калеева мен Вячеслав Абрамов анық-қанығын анықтап, істі соңына дейін жеткіземіз десе, қарсы еместігін мәлім етті.  Егер телефонға вирус жіберілсе, одан құтылғысы келетінін жеткізген құқық қорғаушы телефонын ауыстыра ма, әлде тек телефон нөмірін өзгертіп, ұялы телефонын қайта жүктей ме, оны әзірге анықтау керектігін айтты.

"Журналистердің құқығын қорғаушылар Тамара Калеева мен Вячеслав Абрамов осы мәселе төңірегінде әрекет етпек деп оқыдым. Бізді кім тыңдады, қандай негізде тыңдады, оған рұқсат ететін сот шешімі немесе ҰҚК қаулысы бар ма, соны анықтаймыз десе, қарсы емеспін", - деп қорытты құқық қорғаушы.

"Көптеген мемлекеттік органға жақпайтынымды естідім"

Журналист Серікжан Мәулетбай да билік Pegasus арқылы аңдитын тізімге енгені күтпеген оқиға болмағанын, телефоны тыңдалатынын бұған дейін топшылағанын жеткізді. Серікжан Мәулетбай түрлі сот процестерінен репортаждар жазады, ал ол жүргізетін"БЕСсимптомно" Telegram-арнасы елдегі саяси-әлеуметтік оқиғалар, оның ішінде митинг пен наразылық акцилары жайлы хабар таратады.

"Мұндай деңгейдегі зерттеудің жарияланғаны Қазақстан билігі халықаралық келісімдер мен адам құқықтарын бұзатынын дәлелдейді. Сот процестерінен белсенді түрде мақалалар жазатындықтан, соттар мән бере бермейтін ел ішіндегі заңдар жиі бұзылатынын байқаймын. Сондықтан таңғалмаймын (Pegasus арқылы аңдитын тізімге кіргеніне – ред.). Жасыратын түгім жоқ, заңға қарсы ешқандай әрекет жасап жатқаным жоқ", - дейді Серікжан Мәулетбай.

Серікжан Мәулетбай биыл өткен парламент сайлауынан хабар таратып, орталық сайлау комиссиясының бақылаушылар жұмысын шектегенін сынап жазғанын, шенеуніктердің қолайына жақпайтын сұрақтарды жиі қоятынын жеткізді.

Сонымен қатар ол журналистердің ақпаратқа қол жеткізуі мен мемлекеттік органдардың тілшілерге барынша ашық болуы үшін әрекет етіп жүргеніне назар аударды.

"Жұмысымызды реттейтін заңдарды өзгертіп, мемлекеттік органдар ашық болуын белсенді түрде қолдап жүрмін. Әріптестер мен сот журналистері лигасымен бірге журналистердің құқығын шектейтін аккредитацияның жаңа ережелерін қабылдамауына қол жеткіздік. Сот тілшілерінің гильдиясы, сот журналистерінің лигасы және әріптестермен бірге сот процестерін БАҚ үшін ашық ете алдық. Көптеген мемлекеттік органдарға жақпайтынымды естігенмін", - дейді Серікжан Мәулетбай.

Журналист телефон нөмірін де, ұялы телефон құрылғысын да ауыстырмайтынын, өйткені жоғары жақ қаласа, жаңа смартфон мен нөмірге тыңдай алатынын айтты.

"Телефон қуаты тез бітетінін жиі байқаймын. Бірақ бұл телефоным тыңдалатындықтан деп кесіп айта алмаймын", - дейді ол.

Серікжан Мәулетбай журналистік қоғам тілшілердің ізін аңду туралы ақпаратқа реакция танытып, биліктен журналистерді не себепті аңдитыны жайлы жауапты талап етуі керек дейді. Журналистің өзі ертең үкімет пен Ақордаға ресми сауал жолдап, бұл жағдайды түсіндіруді талап ететінін жеткізді.

Ашық деректерге қарағанда, Pegasus бір мезетте 50 телефон аңди алады. Pegasus лицензиясы жылына 7-8 миллион доллар тұрады. 2016 жылы NSO Group бір клиенттен 10 құрылғыға вирус жіберу үшін 650 мың доллар, ал бағдарламаны орнату үшін 500 мың доллар сұратқан деген дерек бар.

Фотолар: Adilsoz.kz және Azattyq.org

Байланысты жаналықтар

Дәурен Абаев қызметінен кетті

25.04.2024

Байден Украинаға 61 миллиард долларлық көмек беретін заңға қол қойды

25.04.2024

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

25.04.2024

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

25.04.2024

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

25.04.2024

Тоқаев KIA корпорациясының президентін қабылдады

23.04.2024
MalimBlocks
Дәурен Абаев қызметінен кетті

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бас хатшысы Сергей Лебедев Атқару комитетінің ұжымына өзінің жаңа орынбасары – Қазақстан Республикасының өкілі Нұрлан Сейтімовті таныстырды.

Байден Украинаға 61 миллиард долларлық көмек беретін заңға қол қойды

Заңға қол қойған АҚШ президентінің сөзінше, Украинаға арналған көмек бірнеше сағатта межелі жеріне жөнелтіле бастайды. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады. 

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

Оның салдары халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді.

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

Оның айтуынша, біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз.

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды.

Тоқаев KIA корпорациясының президентін қабылдады

Хо-сунг Сонг Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қостанайдағы автомобиль шығаратын толық циклді зауыт құрылысының барысы туралы мәлімет берді.