Алматының алмасы

Malim Админ

  • 06.08.2021

Бес қабатты үйдің бұрышында орналасқан 246-пәтердің жарығы кеш сөніп, ерте жанады. Түн барқын көрпесін жамылып, ел тәтті ұйқы құшағына енгенде алма тазалап анасы мен Рәйлә отырады. Олар қап толы алманы алдымен тазалап жуады, жерге түсіп ұрылған, шірігенін бөлек алып, бүтінін кептіріп, ала сөмкеге салады. Бұл – ертеңге дайындық. Таң рауандап атқан шақта ата-анасының бірі алма салынған арбаны, екіншісі Рәйлә отырған арбаны сүйреп вокзалға асығады. Ата-анасы оны вокзал маңына қалдырып, өздері жұмысқа кетеді. Рәйләнің алма сатып, ата-анасының табысына қосымша пайдасын тигізіп жүргеніне де талай жылдың жүзі болды. Кейде бұл тірлік арбаға таңылған аруды мұңға батырып, жылатады, кейде қолына несібесін мол түсіріп қуантады...

- Мына алмалар менің жастығымды еске түсіреді... - Өзі сияқты алма сатып күнелтіп жүрген Сайраға тіл қатты.

- Жалғыз жүргеніме де осы алма кінәлі демеші тек... - Сайра әзілдеген болып, жанды жерінен шымшып алды. Жалт қарады. Мұндай көзқарасты күтпесе керек, Сайра жымия күліп: «Болды, болды, қалжыңдаймын» - деп, қос қолын көтерді. Іркілместен қайта сөз бастады.

- Рәйлә, отыздан ассаң да, өңің әлі сыр бермеген, сүйкімділігің сол қалпымен тұр. Түр десе түрің, бой десе бойың бар. Тек...

- Иә? Неге тоқтап қалдың? Мүгедек екенімді айтып, көңіліме қаяу түсіріп аламын деп жасқандың ба? Айтшы, арбаға таңылған мені кім жар етеді?

- Өткенде құрбымның бойдақ баласы бар деп едім, танысуға қарсы болдың. Бәлкім ойланарсың, әлі де кеш емес.

- Екі мүгедек адам өмірдің ауыртпалығына қалай иығын тосады?

- «Мүгедекпін», «мен ауырамын» деп, ызыңдай берсең, өмір бойы жалғыз қаласың...

Сайра бұған әлі де ұрысар ма еді, абырой болғанда жанына келген жолаушыларға ойы бөлініп кетті.

- Алматының тәтті алмасын алыңыз, базарлыққа таптырмас сый - деп тауарын жарнамалай жөнелді.  

«Базарлыққа таптырмас сый...» Рәйлә осы сөзді күбірлей қайталады.

 

***

- Сайра, кешірші, ренжіп қалдың ба?

- Қыз, әй, менің ашуым – «шай орамал кепкенше» ғой. Ыржия күлді.

Жасы қырықтан асқан Сайра тіршілік тауқыметін тартып келеді. Қазір жалғыз өзі пәтер жалдап, өлместің күнін көріп жүр.

- Рәйлә, жассың ғой әлі, уақытың бар, мен сияқты жалғыз қалма деймін.

- Сен неге жалғызсың?

- «Өзгеге ақыл айтқанша, өз жөніңді реттемедің бе» дейсің ғой?! - жымиғандай болды. Күлгенде бетіндегі әжім өрмекшінің торындай жайылып, көзге анық көріне түседі. – Иә, мен еркек бұрылып қарамайтындай ажарсыз емеспін, білесің. Бірақ уақытымды жіберіп алдым. Уақыт – жүйрік, ешкімді, ештеңені күтпейді. Осы күні неге бір еркектің етегінен ұстамадым, неге тар құрсағымды кеңітіп, тас емшегімді жібітпедім деп өкінемін. Соңғы сөзін буынға бөліп әзер айтты. 

- Неге уақытыңды жоғалттың?

- Ата-анам бала кезімде бақилық болды. Ізімнен ерген қос бауырыма пана болдым. Үйлендірдім, үй қылдым. Қазір екеуіне де керек емеспін. Білесің бе, Рәйлә, жалғыз қалу – өлімнен де қорқынышты. Қиналғаннан астыңғы ернін тістеледі.

Перронға пойыз тоқтады. Арлы-берлі сөмке сүйреп сапырылысқан жұрт даусына сатып отырған алмаларын «жарнамалауға» кіріскен қыздар үні қосылды.  

- Келіңіз, алма алыңыз!

- Тәте, аға, алма алыңыздар!

Абыр-сабыр басылып, ел саябырсыған шақта бұлар термостан ыстық шай құйып алып, әңгімелерін қайта жалғастырды.

- Тағдыр сені де аяусыз жылатқан екен – деп, сөз бастады Сайра.

- «Құдай азапты сүйген құлына береді» дейді ғой...

- Иә, бейнеті көп күндер артта қалып, енді зейнетін де көрерміз...

Рәйлә өзінен үлкендеу болса да сырласы, мұңдасындай көріп Сайраға өткен өмірі туралы сыр шертті.

 

***

Мектепте оқып жүргенде Нәби есімді өзінен бір жас үлкен жігітпен дос болды. Жақсы көрді. Ол қалаға оқуға кететін кезде қалай жылағанын ешқашан ұмытпайтын шығар... Соңғы рет екеуі тау баурайында кездесті. Рәйлә жігітті  көргеннен-ақ екі көзіне ерік берді.  

- Алматыға қашан кетесің?

- Ертең.

- Сосын ауылға қашан келесің?

- Қысқы каникулда...

Екеуі де үнсіз қалды. Жігіт көк шөпті жұлуға кірісті. «Көкті жұлма көктей соласың» деген киелі сөз есіне түсті ме екен әйтеуір әрекетін дереу тоқтатып, жерді тоқпақтай жөнелді.

- Келесі жылы сен де қалаға оқуға келесің...

Қыз иығын көтеріп, басын шайқады.

- Не болды? 

- Мен оқуға түсе алмайтын сияқтымын...

Жігіт сұқ саусағын көтеріп тұрып: «Ана-ааау алыста кетіп бара жатқан жамандыққа қолыңды бұлғап, әй, бері кел, мен мындамын» - деп, шақырып алмасаңшы...  

Қыз күліп жіберді.

- Айтпақшы, Алматыдан саған базарлыққа не ала келейін?

Қыз жымиып: «Сен әлі қалаға кеткен жоқсың ғой...» - деді.  

- Сенің нені жақсы көретініңді білгім келеді?

Қыз қос қолын иегіне қойып, ойлана кетті.

- Базарлыққа не алдырсам екен а саған... Та-ап-тым, Алматының алмасы.

Жігіт қызға таң қала қарады. 

- Кәдімгі алма ма? Одан басқа сыйлық таппадың ба?

- Жо-о-қ, кәдімгі алма емес, Алматының апорты. Мынадай үлкен. Қыз қос қолымен алманың пішінін көрсетті. 

- Не айырмашылығы бар?

- Айырмашылық жер мен көктей. Сен апорттың Отаны Алматы екенін білмеуші ме едің?

- Білемін ғой.

- Алматының бұрын Алмалы атануы бекер емес екен. Біз қазір әлемге апорт алмамызбен мақтана аламыз. 

- Алматының алмасына байланысты әндер де бар емес пе?

- Иә, «Алматының алмасы» деген әдемі ән бар.

- Сол әнді айтшы.

Рәйлә нәзік даусымен әндете жөнелді.

- Алматының алмасы,

Күннің қызыл түсіндей.

Ұсынғанда алмайсың,

Жүрмін сәулем түсінбей...

Әннің қайырмасын екеуі қосыла шырқады.

- Керемет ән е?

- Тамаша!

Нәби басын сәл ғана қисайтып, екі көзі жәудірей қарап, жымиып тұрған қызды құшақтай алды.

- Болды, саған Алматының апортын алып келемін, күтесің ғой.

- Күтемін, тек ұмытып кетпесең болғаны.  

Бала махаббат... Екеуі осылай уәделесті. 

 

***

- Түуф, неткен махаббат, неткен романтика! Қазір Нәби қайда?

Сайра әңгіменің ақырын күтпей сұрақтың астына алды. Рәйлә иығын көтеріп: «Білмеймін. Сол кеткеннен көрмедім» - деді.

- Қалайша көрмедің? Сонда саған базарлық әкелмеді ме? Қысқы демалыста ауылға келмеді ме дегенім ғой...

Рәйлә Сайраның баладай аңғал мінезіне күліп алды да, әңгімесін қайта жалғады.

- Бірде мал қорада әкеме көмектесіп жүргенмін. Боран гуілімен бірге әндете ысқырған дауыс естілді. Нәби келген екен деп қуанып, жүгіре шықсам, інісі Әли екен.

- «Алматыдағы көкемнен сәлемдеме келді. Апам мынаны сізге беріп жіберді» - деп, қолындағы қорабын ұсынды.  

Үйге кіріп, қорапты ашсам – хат пен пакет толы қып-қызыл алма...

- Хатында не депті? Өзі ауылға неге келмеген? Сайра әңгімені тағы да үзді...  

«Амансың ба, Рәйләтай, жаным! Жағдайың, сабағың жақсы ма? Ата-анаң, бауырларың аман ба? Мынау өзің күткен сәлемдемең Алматының алмасы. Рәйлә, мен әскерге баратын болдым. Екі жыл... Оқуымды келген соң жалғастыратын боламын. Сен оқуға түсетін бол, мені күт! Сені жақсы көремін. Нәбиің».

- Е-е, Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен екен ғой. Кейін іздеп келді ме?

- Одан кейін мен мына арбаға таңылдым... Айттым ғой, мектеп бітіретін жылы қалаға барып, қайтып келе жатқанда жол апатына ұшырадық деп... Менің болашағым үшін дәрігерлерге жақын болайық деп ата-анам Алматыға қоныс аударды.

- Қыз, әй, аман қалғаныңа шүкір де... Шетелге барып емделсең, құлындай шауып кетер ме едің?

- Шетелдік емес, отандық дәрігерлерге қаралдым. «Үміт бар» - дейді.

- Киноларда қатты қуанғанда не қобалжығанда осындай арбада отырған адамдар жүріп кетеді ғой. Бәлкім, сен де сөйтерсің...

Рәйлә Сайраның сөзіне тырқылдай күлді.

- Әй, Рәйлә-ай, ішегімді қатырдың, көптен бұлай күлмеген едім. Ол кино ғой.

- Қыз, әй, кино өмірден алынатынын ұмытпа! Айтпақшы, Нәби іздеп келмеді ме?

- Келмеді...

- Тасжүрек, оңбаған бала болды ғой.

- Бәлкім, ол бұл жайдан бейхабар болар.

- Алматыға қоныс аударғаннан кейін оқу орнына іздеп бармадың ба? Әскерден келген соң оқуын жалғастырған болар...

- Жоқ, Нәби әскерге бармапты...

- Не дейді? Сонда қалай...

- Оқуға түскен жылы бұзақы топқа қосылып, оқудан шығып кеткен. Жазықсыздан жазықсыз оның мойнына кінә артып, қылмыскер атандырған. Ол бас сауғалап, басқа жаққа кетуге мәжбүр болыпты. Мұны кейіннен сыныптастарынан естіп білдім.  

- Өй, байғұс, бала-ай!

- «Аққа құдай жақ», шын мәнінде жазықсыз болса, аман жүрсе, әлі де көрермін-ау, жүздесермін-ау деген үмітім алға жетелейді. Алма сатып отырып, оны бір көрсем ғой деп армандаймын.

 

***

Апталап айлар өте берді. Қыздар алмаларын сатып жүр. Ару Алматының ауа райы жайдары болғанымен, күздің қара суығы өңменіңнен өтеді. Осындай суық күндердің бірінде қалың көрпеге оранып отырған Рәйлә жұрт назарын өзіне аудару үшін әдемі даусымен: «Алманың астанасы – Алматы. Апорттан жеген де арманда, жемеген де арманда. Кәне, бері келіңіздер!» - деген-ді. Үстіне қара күрте киген, қызыл галстугі сыртына көрініп тұрған жігіт ағасы жанына келді.    

- Жарнамаңыз жақсы әсер етті, замандас. Мына алманың бәрін маған салып бересіз бе?

 «Әрине, қазір, қазір...» деп, қуанып кеткен Рәйлә пакетін алмаға толтыра бастады.  

Айналасын әңгімеге тартып тұратын Сайра бұл жолы да үнсіз қалмады.

- Осынша көп алманы қайтесіз? Әлде той жасайсыздар ма?

Жігіт Сайраға бұрылып: «Бір қызға базарлыққа апарамын», - деді...

- Базарлыққа?! Рәйлә мен Сайра қосарлана саңқ етті.

- Иә, базарлыққа. Ол қыз ...

Жігіттің сөзін шырылдаған ұялы телефонының музыкасы бұзып жіберді.

-Кеткенің бе сәулем-ай,

Айдай жүзің алаулап.

Менің дағы қалды-ғой,

Жүрегімде ән ойнап...

Жігіт телефон тұтқасын көтермеді. Абдырап тұрған қызға қарап: «Алматының алмасын саған базарлыққа бергім келген еді, Рәйлә. Кешір мені!», - деді.

Рәйләнің қолындағы пакет толы алма жерге шашылды. Ал өзі арбадан қалай тұрып кеткенін де байқамады. Қыздың оқыс қимылы айналасын таң қалдырды.

«Қыз, әй, айттым ғой саған қатты қуанған кезде орныңнан тұрып кетесің» - деп. Тура кинодағыдай болды. Ал кино өмірден алынады!» - деді Сайра қуанып.

Айгүл ЖҰБАНЫШ

Байланысты жаналықтар

Ислам Сәтбаев – Олимпиадаға қатысатын қазақстандық тұңғыш мерген

24.04.2024

Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

08.04.2024

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

03.04.2024

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

02.04.2024

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

31.03.2024

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

29.03.2024
MalimBlocks
Ислам Сәтбаев – Олимпиадаға қатысатын қазақстандық тұңғыш мерген

Ол Қазақстан рекордын да орнатты.

Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

Ол кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 38-де жеңіске жеткен. ҚР спорт шебері.

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте агенттік төрағасы А. Жұмағалидің басшылығымен өткен ведомствоаралық мәжілісте айтылды, деп хабарлайды Malim.kz.

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

Футболдан Қарағандының «Шахтер» командасының бас бапкері Игорь Солошенко өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Malim.kz команданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

Әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Майамидегі WTA турнирдің финалында Даниэль Коллинзді (53 WTA) жеңе алмады. Кездесу 7:5, 6:3 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

Сәуірдің 8-і мен 10-ы аралығында Астанада өтетін спаррингтік кездесулерге шақырту алған боксшылардың құрамы бекітілді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады, деп мәлімдейді Malim.kz.