Рестораторлар: Шектеусіз жұмыс істеуге рұқсат берсін немесе төтенше жағдай енгізсін

Елнұр Бақытқызы

  • 25.08.2021

Алматыда 4 қыркүйектен, ал басқа өңірлерде 28 тамыздан бастап карантин шектеулері азаяды. Енді демалыс күндері бизнеске жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Бірақ бұл үшін кәсіпкерлік нысандарда жұмыс істейтін қызметкерлер мен оларға келуші тұтынушылардың Ashyq қосымшасындағы статусы "жасыл" болуы тиіс. Кәсіпкерлер карантин шараларын бұлайша "жеңілдету" бизнеске көмектеспейді, "үкімет бұл шара арқылы халыққа жаппай вакцина салуды көздеп отыр, бірақ бұл бизнесті құрбан ету" дейді. 

Бүгін вице-премьер Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясы таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында карантин шараларын азайту туралы шешім қабылданды. Ashyq жобасына қатысатын бизнес нысандарына демалыс күндері түнгі сағат 24.00-ге дейін, Ashyq жобасының көшбасшыларына сағат түнгі 02.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Алайда қызметкерлер мен тұтынушылардың  Ashyq қосымшасындағы статусы "жасыл" болуы тиіс (вакцина салдырғандар мен соңғы жеті күнде коронавирусқа анықтайтын ПТР тест нәтижесі теріс азаматтар).

Рестораторлар қауымдастығының құрылтайшысы Ләззат Линник демалыс күндері тек қана "жасыл" статусы бар азаматтарды ғана тамақтану орындарына кіргізу шешімін рестораторлар қолдамайды дейді.

"Біріншіден, "жасыл" белгісі бар азаматтар да симптомсыз немесе симптомды түрде ауыруы мүмкін. Олардан ПТР тест алына бермейді. Екіншіден, Ashyq қосымшасында "жасыл" белгісі бар азаматтар – мемлекеттік мекеме қызметкерлері, педагогтар, әскери ұйым қызметкерлері. Олар аптасына бір күн ғана демалуы мүмкін, ол күні қоғамдық орындарды аралай бермейді. Ал демалыс күндері қоғамдық орындарға көбіне студенттер, жастар келеді. Олардың бәрі бірдей вакцина салдырмаған", - дейді Ләззат Линник.

Ләззат Линник шектеу шараларын әлдеқашан алып тастаған елдердің тәжірибесін негізге алу керек деп есептейді. Өйткені шағын және орта бизнестегі ахуал тұтас экономикаға әсер етеді, бизнесті қыса берсе бүкіл экономика күйрейді дейді. Ол үкімет шағын және орта бизнеске толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік беруі керек дейді.

Lanzhou ресторандар желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина халыққа жаппай вакцина салу үшін ведомствоаралық комиссия шағын және орта бизнесті, әсіресе қоғамдық тамақтану орындарын құрбан етті дейді.

"Шешім өте асығыс, ахуалды есепке алмастан, ел экономикасына қалай әсер ететінін талдамастан қабылданып жатыр. Бастысы, ең негізгі инструмент – вакцинация екені ұмыт қалып жатыр. Вакцинация – шағын және орта бизнестің ісі емес, бұл мемлекеттің міндеті, үкімет бұл міндетті салық төлеушілердің мойнына ысырып отыр. Шағын және орта кәсіп өз қызметкерлеріне вакцина салдырды, бірақ сонда да жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр. Ал вакцинация бойынша ақпараттық алаң бос кеңістік күйінде қалып отыр", - дейді Гүлбану Майғарина.

Гүлбану Майғарина кеше Lanzhou желісіне кіретін ресторандардың біріне әдейі барып, кіреберісте екі сағат тұрып, келушілердің статусын тексергенін айтты. Екі сағаттың ішінде тамақтану орнына келген 56 адамның екеуінде ғана "жасыл" статус болған.

Кәсіпкер үкімет шағын және орта бизнес арқылы халыққа вакцина салдырғысы келеді, бірақ бұл олай жұмыс істемейді, өйткені бұл жерде сенім мәселесі жатыр дейді.

"Осындай шешімдерді қабылдағанда оны іске асырудың алгоритмі туралы ойланды ма? Мұны қалай іске асырып, тексереді? Мысалы, бір отбасы келді делік. Отбасы мүшелерінің жартысында "көк" статус, оларды кіргізбей қойған соң, отбасы кетіп қалды. Бірақ оларды кіргізбеген күннің өзінде олар кіреберісте Ashyq-тағы статусын тексерді, чекиннен өтті. Демек, біз "көк" статустағы адамды кіргізбегенімізді тексеруші әрбір келген қонақты тексерсе ғана дәлелдей аламыз. Ал бұл дискриминация. Қонақтарды қудалауға құқығымыз жоқ, біз мемлекеттік орган емеспіз", - дейді Майғарина.

Қоғамдық тамақтану саласының кәсіпкерлері 24 тамыз күні үкіметке жасаған үндеуінде айрықша қауіп төніп тұрса төтенше жағдай енгізуді сұраған. Не болмаса Ashyq жүйесінің ережелері мен санитарлық нормаларды сақтай отырып жұмыс істеуге мүмкіндік берілмесе, коммуналдық төлемақы, жалақы мен міндетті салық, жалға алу ақысын төлеуден босатуды сұраған.

Гүлбану Майғарина үкіметтің мұндай шешімдері шағын және орта бизнеске соққы жасап, тұтынушыларды 90 пайызға азайтады дейді.

"Біз Ashyq-ты әрең ендірдік, әлі күнге дейін қосымша арқылы өтуден бас тартатын келушілер бар. Билікке мұның салдары қалай болары бәрібір, бізге онда" "жасыл" статуспен шектеу шараларын азайту керек емес. Бизнес өз мәселесін шешу үшін шектеусіз жұмыс істеуге рұқсат беруді немесе төтенше жағдай енгізуді сұрайды", - дейді ол.

Қазақстан қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрайымы Вероника Нурпеисова пандемия басталғалы бері қоғамдық тамақтану саласында 500 мың адам жұмыссыз қалып, 30 мың нысан жабылды дейді.  70 мың кәсіпкерлік нысанның 15 пайызы банкрот салдарынан жабылып қалған.

Ал ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов 24 тамыз күнгі баспасөз мәслихатында үкімет карантин шектеулеріне байланысты зардап шеккен кәсіпкерлерге көмектесуге дайын емес екенін айтты.

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

24.03.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024
MalimBlocks
Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды