Қазақстан сот саласы Грузиямен әріптес

  • 10.08.2021

Заман өзгерген сайын әр мемлекеттің кез келген саласы жаңарып, жасарып, заманға бейімделіп отыруға міндетті. Олай болмаған жағдайда дәл сол сала артта қалады. Ал, артта қалу дегеніңіз бұл – мемлекетті артқа тарту болып саналады. Бизнес – оның ішінде шағын және орта бизнес жасаймын деген адамдарға қолдау көрсету мәселесі жиі көтеріліп жүрген ел ретінде, Қазақстанда әсіресе адам құқығы мен оның бастамаларының заңдық тұрғыда қолдау табуы үлкен мәселе. Бұл тұрғыда, басқа – басқа сот саласының заманға бейімделіп отыруы тиіс. Қазір баяғыдай қағазбастылық пен бітпейтін бюрократиялық кедергілерден арылу керек. Демек, әлдебір заңдық тұрғыда қиындық туа қалса, оны тез арада реттеп, адамның ары қарай қалыпты тіршілік кешіп, өзінің сүйікті ісімен айналысуына жағдай жасау – мемлекеттің де, қоғамның да бір міндеті деуге болады. Демек, өскісі, биіктегісі келген сала жаңашылдықтан қорықпауы керек. Дәл осы қағиданы отандық сот мықты ұстанып отыруға тиіс. Қазақстан жағдайында сот саласы бұл үдеден қаншалықты шығып отыр деген сұрақ кімді де болса бей-жай қалдырмайтыны анық. Қазір қазақстандық қазылар алыс-жақын шетелдердегі сот тәжірибесін зерделеп, әріптестердің озық үлгілерін өз жұмысына енгізуде де батылдық танытып жүр.

Жақында қазақстандық сот делегациясы Грузия елінің ст жұмысымен танысып, әріптестік байланыс орнатып қайтты. Бұл Грузия елі аз уақыт ішінде үлкен нәтижеге жетіп, адам құқығы, сот мәселесінде үлкен реформалар жасаған ел ретінде бүкіл әлемді жалт қаратқан ел ғой. Демек, олардан сот саласы бойынша алатын үлгі, үйренер дүние көп. Бір кездері нағыз криминалды, көшеге есігін құлыптап тұрып тастап кеткен көлікті ашық қалдырса да ешкім тиіспейтін дәрежеге жеткізген елмен сот саласы бойынша байланысты нығайту кезінде КСРО құрамынан шыққан ел ретінде біздің елге де тиімді болмақ. Әрине, бұл мәселе бойынша әріптестік екі жақты жүретінін ескерсек, біздің судьялардың да оларға айтары, үйретері болмай қалмасы тағы белгілі.

Осы сапарға бірге барып қайтқан, Грузияның озық үлгілерін көзімен көріп, судьяларымен жеке әңгімелескен, ондағы заманауи өзгерістерді ой сараптамасына салып келген Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Бақытбек Бегалиевтің сол сапардан алып қайтқан әсері өзінше бөлек. Ол Грузия халқының да қонақжайлылығын айтады. Постсоветтік елдерді бірі ретінде кезінде бір одақ құрамында болған елдердің мінез-құлқында, әлеуметтік-қоғамдық ерекшеліктерінде ұқсастық болмай тұрмайды. Ол бөлек әңгіме, бірақ, қонақжайлылықтың жөні басқа. Ал, әділет институтын бұрынғы КСРО құрамынан шыққан елдердің ішінде алғашқы болып енгізген Грузияның бұл бағыттағы ұстанымдары мен жетістіктерінен үйренер нәрсе аз емес. Аталмыш институттың негізін қалаушылардың бірі, Жоғарғы Соттың судьясы Нугзар Ширтадземен болған кездесуден басталған сапардың жай-жапсары жайлы автордың өз сөзін назарларыңызға ұсынамыз.

Әкімшілік әділет институты Қазақстанда енді қалыптаса бастады. Ал жаңа заң қабылдап, жаңа әкімшілік соттар жұмысын бастаған біздің ел судьялары үшін өзге озық елдердің жұмыс нәтижесіне мән беріп, әріптестермен тәжірибе алмасудың маңызы зор. Осы мақсатта Қазақстан Судьялар одағының төрағасы С.Ж.Абдолламен бірге әкімшілік әділет жүйесі жақсы жолға қойылған Грузия мемлекетіне сапар шеккен едік.

Грузия елінен, ондағы сот жұмысынан алған әсеріміз орасан. Ең алдымен бұл ел қонақжайлылығымен көңілімізден шықты. Грузия посткеңестік мемлекеттердің ішінде алғашқы болып 1999 жылы әкімшілік әділет институтын құрғаны белгілі. Осы институттың негізін қалаушылардың бірі, Жоғарғы Соттың судьясы Нугзар Ширтадземен болған кездесу ерекше есімізде қалды. Әріптестік жүздесу барысында Ширтадзе жаңа істі бастаудағы ізденістер мен іркілістер туралы мол мағлұмат берген еді. Сұхбат барысында Грузияда істердің юрисдикциясына қатысты даулардың жиі туындайтынынан хабардар болдық. Мұндай жағдайда мәселені Жоғарғы Соттағы әкімшілік палатаның алқалы құрамы шешеді. Осыдан байқап тұрғанымыздай, біздің әкімшілік соттар практикасында да істердің соттылығы бойынша даулар туындауы мүмкін. Сондықтан әріптестер айтқан әрбір естелік, ескертпенің біз үшін құны бағалы.

Грузияда бірінші сатыдағы мамандандырылған әкімшілік соттардың болмауы да бізге таңсық көрінді. Әріптесіміздің айтуынша, бұл елдің аудандық, қалалық соттарында әкімшілік істерді қарауға мамандандырылған судьялар қалыптастырылған. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанда арнайы мамандандырылған әкімшілік соттардың құрылуы жаңа бастамаға қаншалықты мән, маңыз берілгенін көрсетсе керек.

Грузияда әкімшілік әділет институтының құқықтық базасы да үлкен қызығушылық туғызды. Бұл елде біздегідей жария-құқықтық даулар бір кодекс шеңберінде емес, екі бөлек кодекс аясында реттелетін болып шықты. Олар Әкімшілік-іс жүргізу және Жалпы әкімшілік туралы заңнама.

Грузиядағы істердің қаралуы, азаматтардың жария-құқықтық даулар бойынша шағымдарының нәтижесі де ізгі ойларға жетелейді. Әкімшілік әділет институты жанданып, сот пен заңға деген сенімнің артқанын статистикалық деректер де растайды. Айталық бұл елде 2012 жылы билік органдарына қатысты қанағаттандырылған талап-арыздардың саны 41 пайызды құраған. Заң талаптарын жиі түсіндіріп, азаматтардың өз құқығын қорғауға деген ынтасын арттырудың арқасында 2019 жылы бұл көрсеткіш 68 пайызға жетіпті. Ал 2020 жылы мемлекеттік органдармен дауласқан азаматтардың 64 пайызы жеңіске жеткен.

Сонымен қатар, Грузияның Жоғарғы Сотында палаталардың төрағалары мен Жоғарғы Соттың төрағасынан тұратын Үлкен палата жұмыс істейді. Отырыстарға нақты істі Үлкен палатаның қарауына шығаруға бастамашы болған судьялар қатысады. Үлкен палата Грузиядағы сот ісін жүргізудің бірыңғай тәжірибесіне қайшы келетін істерді қарайды.

Кездесу барысында Грузия судьялар қауымдастығының төрағасы, Тбилиси апелляциялық сотының судьясы Леван Мурусидземен тілдесудің де сәті түсті. Төраға жұмыс ретімен таныстырып, әкімшілік әділет бойынша атқарылған іс-шаралардың нәтижесінен хабардар етті.

Белгілі болғандай, Грузия судьялар қауымдастығы судьялар конференциясын шақырып, осы жиында жергілікті соттардың қызметіне қатысты маңызды мәселелерді шешеді. Қазақстан судьяларының төрт жыл сайын өткізілетін съездері сияқты бұл конференциялардың да Грузия соттары үшін маңызы зор екенін түсіндік. Өйткені осы жиындарда судьялар жоғары Әділет кеңесінің құрамына, тәртіптік және біліктілік палаталарына ұсынылып, сайланады, сонымен бірге жұмысқа қатысты ортақ мәселелер де осы конференция мінберінде айтылып, шешімін табады.

Әріптестік жолсапарымыз Батуми қаласында жалғасты. Батуми қалалық сотының төрағасы Давид Мамисашвилимен кездесу кезінде әкімшілік әділетке қатысты істерді қараудың жай-жапсарына қанықтық. Грузияда бірінші сатыдағы әкімшілік соттар болмағандықтан, Батуми сотының судьялары азаматтық және әкімшілік істерді қарауға маманданған. Бір салаға маманданған соң бұл судьялардың да бізге айтар әріптестік кеңестері аз болмады. Өз тәжірибесімен бөліскен батумилік қазылар күнделікті жұмыс барысында кездескен мәселелер туралы толыққанды мағлұмат берді. Бір ерекшелігі, мұнда әр судьяның хатшысы, көмекшісі, сот орындаушысы және екі судьяға бір хатшысы бар екен. Техникалық қызметкерлерден басқа, барлық аппарат қызметкерлерін аудандық, қалалық соттың төрағасы тағайындайды. Мұның да жаңа соттар жұмысын жандандыруда пайдасы зор екені анық.

Қазақстандық делегацияның Грузия елінің сотына жасаған әріптестік сапары өте өнімді, аса пайдалы болды. Осы шаралар барысында әкімшілік әділет институтын жандандыруда озық нәтижелерге қол жеткізген әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, көкейдегі сауалдарымызға нақты жауап алуға қол жеткіздік.  Грузиялық әріптестер кездесуді пайдаланып әкімшілік әділет институтының қалыптасуы, тарихы, сот тәжірибесінің проблемалары, жетістіктері мен одан әрі даму векторлары туралы жан-жақты әңгіме өрбітті. Грузияның әкімшілік әділет жүйесінің ұйымдастырылуы мен қызметіне сараптама жасағанда, еліміздің сот жүйесінде, құқықтық базада бірқатар артықшылықтың барын аңғармау мүмкін емес. Дегенмен, өзге елдердің тәжірибесімен танысу біліктілігімізді арттырып, қателіктердің алдын алуымызға игі ықпалын тигізері талассыз.

Сотта әділеттілік орнаса, қоғамда әділеттілік орнайды. Ал, әділетті қоғам құру – мықты экономиканың, дамыған қоғамдық қатынастарды, құрметтелетін құндылықтар мен сақталатын құқықтардың басты кепілі. Соты мықты ел ешқашан бармақ басты, көз қыстылыққа жол бермейді. Бұл мәселе – қазір жиі айтылып жүрген сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең бір нәтижелі күрестің көрінісі. Сондықтан, Қазақстан Сот саласының өзге елдермен терещесі тең тұруы үшін мұндай тәжірибе алмасулар мен игі сапарлар аз болмайды деп сенеміз.

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

22.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

22.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

22.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады